Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ да "Көшбасшылық жол" атты мерекелік шара өтті
30 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің магистранттары телевидение және шоу-бизнес саласында үлкен жұмыстар атқарып келе жатқан Маржан Садвакасовамен "Көшбасшылық жол" атты кездесу, шеберлік сабағын өткізді.
Кездесу барысында Маржан Садвакасова өзінің мансап жолы мен журналистік шеберлігіне байланысты біраз әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, студенттер мен ұстаздар қауымына ақпараттық қоғам мен шоу бизнестегі түйіткілді мәселер жайында айтып, сырлы сұхбат құрды.
Адамның дүниелік тіршілігінде тек бақ келіп қонып, істің алға басунан бөлек талмай еңбек етіп, шынығып, бапталудың да маңызды екендігін алға тартып, өмірлік ұстанымына айналдырған еңбекқор, үнемі ізденіспен жүретін, тәуекелшіл, өжет, өз ісінің маманы – Маржан Садуақасова бүгінгі таңда бір емес бірнеше істің басында жүріп, еңбегінің нәтижесін халыққа ұсынып келеді. Студент кезінен жұмысқа бел шеше кірісетін ерекшелігімен көзге түсіп, «Жігіттер» квартетінің, сосын продюссерлік орталығының PR менеджері болып қызмет атқарып келе жатқан Маржан ханым, қазір «БАЙ продакшн» атты телевизиялық үздік жобалар «Ел аузында», «Гу-гулет», «Той жыры» және тағыда басқа бағдарламалардың негізін қалаған орталықтың авторы, жетекшісі. Осындай өз ісінде жетістікке қалай жеткені мен негізгі жолдарын бөлісу мақсатында КазНУ журналистика факультетінің студенттерімен еркін түрдегі кездесуге келісім беріп, өзі түлеп ұшқан ордаға қуана келді.
Маржан өзінің жетістіктерінің бірден бір себебі – «Құдайға сеніп, тәуекел жасау және артқа шегінбеу»,- деп түсіндірді. «Себебі небір қасқыр мінез адамдар жұмыс атқаратын қазаны қайнаған телеарналар мен шоу-бизнесте өміршең болу, ұтылмау үлкен жігерді талап етеді»,- дейді.
Іскер азаматша өзінің жұмыс істеудегі негізгі құрылыс көзі немесе «фундаменті» - КазНУ қабырғасында шаршамай-талмай, ыждахаттылықпен алған білімі екендігін жасырмады. Студент кезінде түрлі сұрақтар мен қызығушылықтарын айтып барлық оқытушылармен тығыз байланыста болған екен. Сондықтан студенттерге барлық іске бастама – білім екендігін жете түсіндіріп кетті. «Кітап, тәжірбие, ізденіс, нәтиже» деген сөздерді барлық жағдайда маңызды кілт сөздер ретінде пайдалануды құлақтарға құя жүру артықтық етпейді деп өзінің продакш құрудағы жұмыс баспалдақтарын толықтай түсіндірді. Қызметкер болғанда қандай болу керек, бастық болғанда қандай болу керек, соны біле жүру де абзал деп, өзінің «Жігіттер» продюссерлік орталығындағы жетістіктерімен де бөлісті.
Жақында іссапармен АҚШ-та болып қайтқан Маржан ханым мұхиттың арғы жағындағы журналистиканың жай күйімен танысып, үйренгендерімен бөлісті. Кездесу барысында көп тақырыптар талқыланып, студенттер Маржан
Садуақасованың жылы шырайлылығына қарай еркін, жайдары байланыс орнатып, тағылымды әңгімелерді алдарындағы дәптерлеріне түртіп жаза отырды. Маржан ханым өзінің жетістігін ғана айтумен шектелмей, кездесуге келген студенттердің пікірлерін де тыңдап, ойларын біліп, қызыға пікір алмасты.
Кездесу қимастықпен тамамдалуға тура келді. 2 сағатқа созылған тұшымды әңгіме алаңынан студенттер де қонаққа келген Маржан ханым да кеткісі келмей кездесуге берілген уақытты барынша соза түсуге тырысты. Алдағы уақытта байланыс үзбей, жұмыс бабымен, тәжірбие алмасу мақсатында кездесіп, байланысып тұруға уәделесті.
Қорыта айтқанда, журналистика мамндығы тек кітап пен ғаламтор арқылы білім алумен қатар сол уақытта тұрақты түрде мамандығы бойынша іс жүргізіп жатқан азаматтар мен азаматшалармен кездесіп, пікір алмасып, тәжірбие жинауды қажет етеді. Сол себепті факультет қабырғасында осындай тағылымды кездесулердің көбірек болуы студенттердің өз мамандығына деген сүйіспеншілігін арттырып, ынталарын күшейтеді. Із ісінің хас шеберлері жас білім алушыларды өткен жолдары мен жетістіктерін айта отырып мотивация береді. Сондықтан алдағы уақытта магистратурада оқып жатқан магистранттар бакалавр студенттері мен журналисттер арасында барынша көпір болып, байланыс орнатуға мүмкіндіктер тудыруға тырысатынын айтып, ойларымен бөлісті.
Жұлдыз Абдунасыр
журналистика факультетінің 2-курс магистранты
Abai.kz