Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 1890 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 20:00

Ғалым СҮЛЕЙМЕН. Енді сізге қалай сенеміз, Шторк мырза!

Қазақта «Арық сөйлеп, семіз шық» деген аталы сөз бар. Бұл мәтелді Бернд Шторк мырза естіді ме, әлде естімеді ме, ол жағы бізге беймәлім. Алайда жанында жаны ашитын біреу болса, «қазақта осындай қанатты сөз бар» деп оған ескертуі керек еді. Бірақ неміс маманы үнемі «семіз сөйлеп, арық шығып» жүр. Англиядан екі мәрте және Беларусьтан бір мәрте ойсырай ұтылғаны ойында жоқ, кешегі ойын қарсаңында ол: «Біз Украинаға «тосын сыйлық» әзірлеп жатырмыз» деп тағы да көпіре сөйледі. Ал нәтижесі қалай болды дейсіз ғой?...
Украина – Қазақстан 2:1
Голдар: Нөсербаев 17, Назаренко 33, 47
Украина: Богуш, Мандзюк, Тимощук, Чигринский, Русол, Гай, Ротань (Калиниченко 82), Воронин (Селезнев 68), Шевчук, Милевский, Назаренко
Қазақстан: Мокин, Киров (Ирисметов 70), Абдулин, Кислицын, Карпович, Нөсербаев (Травин 63), Скорых, Хижниченко, Көкеев, Логвиненко, Эрбес (Аверченко 73)
Ескерту: Нөсербаев 32
Төреші: Бруну Пайшау, Жозе Рамалью, Серафим Ногейра (Португалия)

Қазақта «Арық сөйлеп, семіз шық» деген аталы сөз бар. Бұл мәтелді Бернд Шторк мырза естіді ме, әлде естімеді ме, ол жағы бізге беймәлім. Алайда жанында жаны ашитын біреу болса, «қазақта осындай қанатты сөз бар» деп оған ескертуі керек еді. Бірақ неміс маманы үнемі «семіз сөйлеп, арық шығып» жүр. Англиядан екі мәрте және Беларусьтан бір мәрте ойсырай ұтылғаны ойында жоқ, кешегі ойын қарсаңында ол: «Біз Украинаға «тосын сыйлық» әзірлеп жатырмыз» деп тағы да көпіре сөйледі. Ал нәтижесі қалай болды дейсіз ғой?...
Украина – Қазақстан 2:1
Голдар: Нөсербаев 17, Назаренко 33, 47
Украина: Богуш, Мандзюк, Тимощук, Чигринский, Русол, Гай, Ротань (Калиниченко 82), Воронин (Селезнев 68), Шевчук, Милевский, Назаренко
Қазақстан: Мокин, Киров (Ирисметов 70), Абдулин, Кислицын, Карпович, Нөсербаев (Травин 63), Скорых, Хижниченко, Көкеев, Логвиненко, Эрбес (Аверченко 73)
Ескерту: Нөсербаев 32
Төреші: Бруну Пайшау, Жозе Рамалью, Серафим Ногейра (Португалия)
Шүу дегеннен Украина құрамасы үш бірдей шабуыл ұйымдастырды. Алексей Гай шірене тепкен допқа біздің қорғаушылар тосқауыл қойып үлгерді. Артем Милевскийдің екі рет есеп ашуға мүмкіндігі болды. Алғашқы соққысы бағанадан сәл биік кетсе, одан кейінгісінде доп қорғаушыға тиіп, алаңның сыртына шығып кетті. Алексей Михайличенконың шәкірттері «қазақтарды оңай-ақ қалпақпен ұрып аламыз» деп ойласа керек, алғашқы минуттарда үнемі шабуыл өтінде жүрді. Сол үшін көп ұзамай сыбағаларын алды. 17-минутта Вячеслав Шевчуктан қашып құтылған Жамбыл Көкеев допты айып алаңына әуелетіп берді. Оны кері қайтармақ болған Андрей Русол қателікке бой алдырды. Сол мезетте Таңат Нөсербаев допты торға сылқ еткізді – 1:0.
Матч осындай сценарий бойынша өрбиді деп Украина футболшылары еш ойламаса керек. Енді олар барлық күшпен алға ұмтылды. Үзіліске дейінгі уақытта қазақстандықтар бір мәрте ғана қауіпті соққы жасаса, алаң иелері қақпашы Александр Мокин мен қорғаушылардың кемінде 10 мәрте зәре-құтын ұшырды. Сергей Назаренко, Руслан Ротань, Артем Милевский, Андрей Воронин, Виталий Мадзюк бағыттаған допты кері қайтару біздің ойыншылар үшін оңай болған жоқ.
33-минутта есеп теңесті. Мокин қорғаған қақпадан 25 метр қашықтықтан Сергей Назаренко айып добын мінсіз орындады – 1:1. 44-минутта қонақтардың алға шығатындай жөні болды. Айып добын орындау барысында украиналық қорғаушы қателесіп, доп тура Вячеслав Эрбестің алдына келді. Жас футболшы сасқалақтап қалып, бос қақпаны дәл көздей алмады.
Екінші кезеңнің екінші минутында Артем Милевскийдің әдемі пасынан кейін Сергей Назаренко Украина құрамасын алға шығарды – 2:1. Содан кейін де алма-кезек шабуыл жалғасты. Көбіне-көп үстемдік Украина жағында еді. Олар біздің ойыншыларға қарағанда әлдеқайда ширақ қимылдап, үнемі алдымызды орап отырды. Алайда абырой болғанда, қорғаушыларымыз дер кезінде қауіптің бетін қайтарып отырды. Десек те қазақстандықтар да қарап қалған жоқ. Қонақтардың да таразы басын теңелтуге бірнеше мүмкіндігі болды. Әсіресе, Жамбыл Көкеев белсенділігімен танылды. Ал 85-минутта Евгений Аверченко 10 метрдей жерден дәл алдындағы қақпаны көздей алмай, допты аспанға атты. Сөйтіп, бұл матч 2:1 есебімен Украина құрамасының пайдасына шешілді.
Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Украина құрамасының бас бапкері Алексей Михайличенко Хорватиямен болған аса тартысты кездесуден кейін ойыншылардың өз-өздеріне келе алмағанын, соның салдарынан қателікке көп бой алдырғанын айтты. Ал Шторк мырза былай деді: «Мен команданың бүгінгі ойынына ризамын. Украинадан сәл ғана есеп айырмашылығымен жеңілу – біз үшін жақсы нәтиже. Біз алға қадам жасадық, біздің ұстанған бағытымыз дұрыс. Біздер өз командамызды мақтан тұтуымыз керек».
Ал енді жарыс кестесіндегі жағдайға тоқталайық. Осы күнге дейін әлем чемпионатының іріктеу ойындарында жеті кездесу өткізіп үлгерген Қазақстанның еншісінде бір ғана жеңіс бар. Соның өзінде картадан лупамен әзер көрінетін Андорраға ғана әліміз жетті. Қалған алты ойында жеңілдік. Англиядан екі мәрте ойсырай ұтылдық (1:5, 0:4). Алматыда өз жанкүйерлеріміздің көз алдында Беларусь қүл-талқанымызды шығарды (1:5), екі рет Украинаға есе жібердік (1:3, 1:2). Бір мәрте Хорватияға тізе бүктік (0:3). Жеті кездесуде жеті гол соғып, 22 рет ойынды алаң ортасынан бастауға мәжбүр болдық. Еншімізде небары 3 ұпай. Жарыс кестесінде бесінші орында келеміз. Әлем чемпионатына жолдама алмақ тұрмақ, оны ойлауға да мүмкіндік болмады. Қарт құрлықтың командалары алдында тым дәрменсізбіз. Сонда біз несіне жетісіп мақтануымыз керек, Шторк мырза?!

 

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
«Айқын» газеті, 12 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5656