Қаракиік есімізде жүрсін
31 желтоқсан күні яғни Жаңа жыл қарсаңында Доңыз жылының бір аты - қаракиік деген мазмұнда мақала жазып едік, ФБ жұртшылығы ұлардай шулап коя берді. Кəдімгідей "бəлеге" қалдық. Бірі - "дұрыс" десе, екіншілері - "бұрыс" десіп жатты. Десек те өмірімізде бірінші рет естіп тұрмыз деген ағайынның қарасы молырақ болды жəне қаракиік сөзіне күмәнмен қарайтындықтарын жасырмады. Басым көпшілік - доңыздың қаракиік атануы мүмкін емес деген жақта.
Ендеше айтайын, қазақ аша тұяқты жабайы жануарларды жалпы атаумен киік дейді. Мəселен елік, құдыр, қарақұйрық, тау ешкі т.б адал тағыларды халқымыз бейнелеп айтқанда киік тұқымдастары отрядына жатқызады. Қазақ арқарды, тау ешкіні, бұғыны, елікті т.б аша тұяқтыларды жалпы атаумен "Қоңыр аң" деп те атайды. "Қоңыр аңның киесі жаман болады" деп жататыны да осы жануарлар. Əсіресе арқар мен тау ешкіні "қоңыр аң" деп баса ерекшелейді.
"Көкшетаудың биігі-ай!
Бауырында ойнар киігі-ай.
Ғашық болған қаракөз,
Басылар ма екен күйігі", деп күңіренеді атақты Ақан сері əйгілі "Көкшетаудың биігі" əнінде.
Ақан жырлаған сол Көкшетауда киік аңы мүлде жоқ, киік орман-тоғайлы жерге өлсе де жоламайды, биік таудың бауырында ойнамақ түгілі нулы жерге қарай қусаң да баспайды. Киік - жазықтың тағысы. Орман тоғайлы Көкшетауда керісінше елік пен марал мол.
Сол сияқты доңыз да қалың жыныстың, көлді қопалы жердің аша тұяқтысы. Қазақ доңыздың етін жемейді. Бірақ өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, большевиктер қазаққа шошқа бақтырып қойған кездерді бастан кешті. Тіпті өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін баспасөзде шошқаның "бесінші түлік" атанып келгеніне талай куə болдық. Осы талпақ танауды қазақ жалпы шошқа деп атайды. Еркегін - қабан, ұрғашысын - мегежін, төлін -- торай дейді. Ал жабайысын доңыз дейді, қабан-шошқа деп те жатады. "Шошқалы" деген көл аттары осыдан қойылса керек. Қабанды көл, қабанды деген жер аттары жоқ. Батыр бабамыз Қабанбайдың əуелгі аты - Ізбасар. Жас күнінде доңыздың айғыры - қабанды жарып өлтіріп, Қабанбай атаныпты деседі.
Сонымен қазақ доңызды да киікке жатқызады. Жай киік емес - қаракиік. Қара дегені жез түсті киік атаулы: бөкен, елік, қарақұйрық т.б бөліп алғандағысы болса керек.
Барлық халықтар ұғымында шошқа семіздіктің "символы". Əйтсе де жабайы доңыз үйдің шошқасындай семіз болмайды. Аса семіз болмағандықтан шығар, доңыз өзі сияқты аша тұяқтылар: елік пен киіктен кем жүгірмейді. Олардай тым жүйрік болмаса да жазықтан қашқанда қопалы нуға жеткенше қашып құтылар ұшқырлығы бар. Қопалы жынысқа бір іліккен доңыз қасқырға да шалдырмай кетеді. Осы жүйріктігіне қарап қазақ доңызды киікке қосқан тəрізді жəне қаракиік деп өңге киіктен даралап қойған. Шын мəнінде зоология ғылымы да доңызды ашатұяқтылар отрядына жатқызады. Арғы атасын кəдімгі сусиыр - бегамотпен туыстырады. Осыдан 33 миллион жыл бұрын доңыз кəдімгі жыртқыш аң болған, эволюциялық процестердің нəтижесінде шөпқоректі жануарға айналған дейді зоология ғылымы.
Доңыздың қаракиік атануына тағы бір болжамым бар. Ол іслəм дініне байланысты. Қазақтың жыл санау ілімі іслəм дінінен бұрын пайда болғаны айдан анық дүние. Кейін Ұлы далаға жолындағысының бəрін қырып-жойып, қиратып іслəм діні келді. Балбал тастарға қашап жазылған бағзы көшпелілер ілімін, көне түркі тарихын арабтың арнайы жасақталған əскери қосындары асқан жауыздықпен қиратып, тып-типыл етіп, жермен жексен қылып, жойып жіберді. Сөйтіп жазу-сызусыз, жазба тарихсыз қалдық. Бұл жойқын қиратудан араб əскерінің аяғы жетпеген Моңғолиядағы Орхон жазулары ғана ғайыптан тайып аман қалды.
Іслəммен бірге жаңа дін келді. Жаңа дін -- жаңа құндылықтар əкелді, жаңа мəдениет қалыптастырды. Көшпелілердің салт-санасына ревизия жасалды. Түркінің Тəңірісі мен арабтың Алласы "будандастырылды".
Айта берсе ұзақ əңгіме, осы тұста доңыз жылының атауы да араб мисионерлерінің қырына іліккен тəрізді. Себебі іслəм дінінде доңыздан өткен харам хайуан жоқ. Сол себепті іслəм діні күшейіп, тіпті радикалданған кездерде жыл санаудың 12 -інші жылы -- харам доңыз, адал аң -- қаракиікке "ауыстырылған" сияқты. Кім білсін? Əйтеуір халықтың ескі санасындағы доңыздың бір атауы -- қаракиік. Маған қаракиік жайында айтып берген əжем хат танымайтын ескі сананың адамы еді. Қаракиік əңгімесі ол кісінің санасының бір түкпірінде сақталып келді, реті келгенде оны кішкентай немересі маған айтты. Мен оны ұзақ жылдар жадымда сақтап келіп, кешегі жылдың соңында əлеуметтік желіге жарияладым. Алдыңғы жылы да ФБ-дағы бір жазбамда "доңызды қазақ қаракиік дейді" деп сөз арасына қыстыра кеткен болатынмын. Бірақ ол жолы ешкім назар аудара қоймап еді, биыл доңыз жылында арнайы жазып жариялаған соң ба, бірден үлкен резонанс туғызды.
Былай болады деп еш ойлаған жоқ едім. Көпшілігі сенбей жатыр. Сенбегендердің еркі өзінде. Мен көнекөз əжемнен естігенімді жаздым. Кез келген ескі əңгіменің, көне деректің өмір сүруге хақысы бар. Мен айтты екен деп доңыз жылы қаракиік жылы боп кетпейді. Доңыз -- бүгінгі заманның тілімен айтсақ жылдың ресми аты. Қаракиік -- халық жадынан өшіп кеткен доңыздың ежелгі атауы. Ескіде бұл жылды қабан жылы яки шошқа жылы деп ешқашан айтпаған. Өкінішке қарай қазір қабан жылы деп орысша айта бастапты, тіпті шошқа жылы деп те айтатындарын қайтерсің.
Сонымен бұл дауды доғарайық. Доңыз жылы болып қалсын. Бірақ қаракиік санамыздан өшпесін. Бəлкім болашақта доңыз жылынның қаракиік аталғаны жайлы көне кітаптардан қария сөздер табылар.
Ерлан Төлеутайдың facebook парақшасынан
Abai.kz