Қоғам өкілдерінен бірнеше адам, қаза болған жігіттің туыстары әуелі ішкі істер басқармасында басшылармен кездескен. Бұдан соң жұрт облыстық білім басқармасы ғимаратының алдына жиналған.
Facebook әлеуметтік желіcін қолданушы Гүлден Жандильдинованың оқиға орнынан жүргізген тікелей трансляциясындағы видеода жиналғандар арасынан кейбіреулердің "қылмыс жасағандар амалын тауып құтылып кетпесін" деген сөздері естіледі.
Жиналған халық алдына облыс әкімі Ерлан Қошанов келіп, қылмыстық оқиғаны құқық органдары тексеріп жатқанын хабарлады.
1 қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында клиенттер арасында кикілжің шығып, соңы төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде пышақталған бір адам жан тапсырған. Денесіне пышақ тиіп жараланған екі жігіт ауруханадан шықты деп хабарлады 3 қаңтарда облыстық денсаулық сақтау департаменті.
Көкірек қуысына пышақ кірген үшінші адам қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын "тұрақты" деп бағалап отыр.
Полиция "кісі өлімі" және бұзақылық" баптарымен қылмыстық іс қозғалғаны, қылмысқа күдікті үш адам ұсталып, біреуіне іздеу жарияланғаны туралы хабарлаған.
Abai.kz