Айыппұл салуға шебер Үкімет кептелісті неге шеше алмай отыр?
Өткенде бір Мәжіліс депутаты: «Тәуелсіздік алғаннан бері 28 жылда жол үстіндегі апаттардан 82 мың азаматты жоғалттық. Сондықтан, елімізде жүргізуші куәлігін алуды қиындату керек!» депті. Яғни, депутаттың айтуынша, азаматтарымызға жүргізу куәлін алуды қиындатсақ, жол үсінде жол апаттары азаяды екен.
Қазіргі қарбалас өмірде, барлық адамзат баласы өзінің жекеменшік автакөлігінде отырып шаруасын жүргізуді дұрыс көреді, жұмысы мен шаруасында мобилді болуға тырысады. Сондықтан еліміздің барлық азаматтары автокөлік иесі болуға тырысады. Мемлекетіміздің жолдарына жүрген автокөлік иелеріне үкіметіміз тиісті жағдайлар жасамайды деп айтуға болады. Еліміздің барлық жерлерінде төселген тас жолдарымыздың сапасы сын көтермейді, бір маусым өте сала қирап жатады.
Жарайды, еліміздің барлық жерлерінде тас жолдарын төсейтін өндірістерді бүтіндей жемқорлар иемденіп алған деп қояйық. Ал, мемлекетіміздегі барлық автокөлік иелері жылда салық төлесе де, жол үстінде жүрген қалың автокөлік иелеріне үкіметіміз ақша табу көзі ретінде қарайтындары маған түсініксіз. Әйтпесе, еліміздің барлық қалалар ішіндегі жолдарына видео-камераларды неге қаптатты? Жол үстінде келе жатып қит етсең болды, фотаға түсіріп қомақты айыппұл салады. Ол аздай-ақ, жол тәртібін бұзған автокөліктерді фото немесе видеоға түсіріп алсаңыздар «ақша табасындар» деп еліміздің азаматтарын бірін-бірі андуға итермелеп отыр.
Конституциямыздың бірінші бабында мемлекетіміздің басты құныдылығы – адам, оның өмірі, құқығы мен еркіндігі екені айтылған. Адам өмірі қауіпсіздігін бірінші қатарға қоятын мемлекет алдымен, қалалар ішіне сапалы және қауіпсіз жолдар салады. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ойлап, жол астымен немесе жол үстімен өтетін жаяу жүргінші жолдарын көбейтеді. Қала аралық жолдарды жөндеп тас жолдар төсейді. Елімізде болатын басым көпшілік жол апаттары қалалар ішінде емес, қала аралық жолдар үстінде болатынын ұмытпайық.
Баяғыда (қала ішінде жүретін автакөліктер аз болса да) қала ішіндегі жолдарды Кеңес өкіметі анағұрлым кең қылып салатын еді. Әр үйдің аумағына балалар ойнайтын және авткөлік қоятын орындарды қалдыратын нормалар болды. Бүгінгі заманда бізде барлығы керісінше болып жатқан сияқты. Әйтпесе, кез-келген қаланың ішіне көп қабатты бір үйді салмас бұрын, балалар ойнайтын аула және сол үйдің жанына автакөліктерге тұрақ бола алатындай тиісті мөлшерде неге орын қалдырмайды? Қала ішіндегі тұрған көп қабатты тұрғын үйлердің арасына апарып қыстырылыстырып жаңа көп қабатты тұрғын үйді саламыз, нәтижесінде машина қоятын жерді айтпағанда, балалар ойнайтын аулаларға орын қалмай қалады.
Кеңес өкіметі заманында қала тұрғындарына кең және ыңғайлы қылып салынған қала ішіндегі жолдар бүгінгі күні жабылып жатыр. Мәселен, Сәтбаев қаласындағы Сәтбаев даңғылын ортасынан жауып, жаңа алаң салды. Нәтижесінде, жақын жерде тұрған баратын жерімізге автокөлігімізбен қаланы сыртынан айналып жүруімізге немесе тұрғын үйлердің ішімен жүруге тура келеді. Алысықа бармай-ақ, Астана қаласында да баратын жеріңе кептелістермен уақыт жоғалтып жеткеніңмен, автокөлігінді қоятын жер таппайсың.
Бір қызығы, Орта ғасырларда салынған Еуропа қалаларында біздікіндей кептелістер болмайды екен. Ал біз болсақ, соңғы он-он бес жыл ішінде салған көп қабатты тұрғын үйлерімізбен қала іші көшелерін тап-тар қылып тастап, кептелісті қолдан жасап жатырмыз.
Жанат Асанқали, Жезқазған қаласы.
Abai.kz