Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 4524 6 пікір 24 Қаңтар, 2019 сағат 13:30

Көп балалы Жазираның үйі жоқ...

Кеше Елордадағы Нұр-әлемпавильонында Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған әр салада жетістікке жетіп, еңбек пен талантты ұштастыра білген үздіктер қатысты. Солардың ішінде 7 баланы өмірге әкелген батыр ана Жазира Тұрғынова да бар.

Ол кісі мінберге шыққаннан президентке алғыс айтып, тіпті, жаңадан құрылған Түркістан облысындағы құрылыстың қарқынды жүріп жатқанынан хабардар етті. Алайда, көп балалы ананың осы күнге дейін пәтер жалдап, күйеуінің осы уақытқа дейін жұмыссыз екені ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Мәселен, Жазира осыдан бір апта бұрын КТК арнасына берген сұхбатында:

- Тұрмысқа шыққан соң, Ұзынарық ауылына келін болып түстім. Сол ауылда 11 жыл бойы тұрдық. Ауылды жер болғанымен, күйеуіме ол жақта жұмыс болмады. Күйеуіме жұмыс табылар деген ниетпен Шымкенттің маңындағы Жұлдыз елдімекеніне көшіп келдік. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. 

Өзім болсам жеті баланы қарап, үйде отырмын. Себебі, олардың тамағы, мектепке баратыны бар. Қазірдің өзінде 4-еуі мектепке барады. Оларды апарып, алып келу керек. Үш перзентім әлі кішкентай. Күнделікті тамақ пен киім-кешектеріне қаражатымыз жетпей қалып жатады. Кейде қарыз болып қаламыз.  Күйеуімнің күнделікті тапқан азын-аулақ ақшасын жеткізуге тырысамын. Ара-арасында туыстарымыз бен көршілеріміз қарасып тұрады. Балаларым тамақты тойып ішпесе де амалдауға мәжбүрміз. Енді кішкентайым бір жасқа толса, ондай жағдайымыз қалай болатынын білмедім. Себебі оған төленетін жәрдемақы қазір жанұямыздың негізгі қаражаты, - деген болатын.

Шын мәнінде, аналарға берілетін жәрдемақы көңіл көншітпейтіні ақиқат. Мәселен, өткен жылдың соңында Алматы облысында көп балалы аналар алтын алқаларынан бас тартты. Себебі, 15 жылдан бері үй кезегі жылжымайды, тұрмыс жағдайлары төмен. Ал, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде, көмек сұрап, ауырған балаларының еміне қаржы таба алмай шарқ ұрған шарасыз аналардан көз сүрінеді. Алайда, оны Әбілқасымова ханым көрмейтін сияқты. Себебі, жуырда ғана ол аналарға төленетін 16 мың теңге жәрдемақының тым көп екенін айтқан еді. Әбілқасымованың сөзіне сенсек, мұндай жұмақ жағдай әлемнің ешбір елінде жоқ екен. Ал, күн сайын қымбатшылық қысқан қоғамда 16 мың теңгеге баланың бір сөмкесі ғана келетінін министр ханым неге білмейді?

Ал, ауылдағы аналардың хал-жағдайы нешік? Оны көрген Әбілқасымова бар ма? Әрине жоқ. Керісінше, ауылдарды болашағы жоқ деп танып, “бюджеттік шығындарды үнемдеу үшін”  Солтүстіктегі 40 -қа жуық ауылдың жойылатынын мәлімдеген де осы министр еді.

Түйін.

Халықтың арасынан шыққан қарапайым адамның биік мінберлерде ел жайын айта алмайтыны өкінішті. Егер, кешегі жиында Жазираға жаттанды сөздерді оқытпай, өзінің басындағы қиындықты һәм жалпы аналардың мәселелерін айтуға мүмкіндік бергенде, Президент те біршама мәселеден хабардар болған болар еді. Бірақ, ортадағы “сүзгінің” мықтылығынан әлі де халықтың жайы жоғарыға жетпей жатыр...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371