Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы Қырғызстан елшісі Жээнбек Кулубаевпен кездесу өткізді
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасындағы Қырғызстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туристік саладағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ ақылды қалаларды дамыту және цифрландыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, металлургия, азық-түлік саласы, машина жасау, құрылыс материалдары және химия өнімдері секілді салаларда Қырғызстанға экспорт номенклатурасын кеңейту келешегі қаралды. Бұдан өзге, өңіраралық және шекара маңы өзара іс-қимылына қатысты мәселелер қаралды.
Ж. Кулубаев Қазақстандағы Қырғызстан Республикасының елшісі лауазымына өткен жылдың соңында тағайындалды. ҚР Президенті Н. Назарбаев 2018 жылғы 12 желтоқсанда сенім грамоталарын қабылдады.
2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы $757,7 млн құрады, бұл 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,2% ($687,6 млн) артық. 2018 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстаннан экспорт 18,7% өсіп, $548,9 млн құрады.
Abai.kz