Жұма, 22 Қараша 2024
Байқау! 4850 2 пікір 1 Ақпан, 2019 сағат 16:40

"Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған "Ұлы дала" байқауы жалғасын табады

"Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған "Ұлы дала" байқауы өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат тілшісі. Жас қаламгерлер мен  әдебиетсүйер қауымның қызығушылығын тудырған аламан бәйгенің публицистика номинациясы бойынша "Мұздауан Мергенбай атты ғұмырбаяндық эссемен Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Қанат Әбілқайыр жүлделі екінші орынды жеңіп алды. ҚР Тұңғыш президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің "Рухани жаңғыру" мақаласында айтылған мәселелерді негізге алып «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған бәйгеде оза шауып, жүлдеге іліккен азаматтар бүгін Астана қаласында марапатталды.

"Ұлы дала" байқауы жеңімпаздарын марапаттауға "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бастаған бірқатар мемлекет қайраткерлері қатысты. Солармен бірге Қазақстанға белгілі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері шараға атсалысып, жүлдегерлерді марапаттауға атсалысты.

Бұл байқау ҚР Президентің Нұрсұлтан Назарбаевтің "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына өзек болған құндылықтарды насихаттауға тың серпін әкелгені байқалды. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевтің "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласын қоғамға кең көлемде насихаттау мақсатында іргелі іс-шаралар қолға алынып, нақты жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. "Нұр Отанның" "Ұлы дала" шығармашылық байқауы да соның бір мысалы іспетті.

Мыңнан оза шауып, жүлдегер атанған жеңімпаздарды құттықтаған Партия басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев келген қонақтарды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің "Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңызына назар аударуға шақырды.

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің "Ұлы даланың жеті қыры" және "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақалалары мемлекетіміздегі идеология саласын жаңа бір кезеңге шығуына жол ашты. Аталмыш екі мақаланың басты құндылығы - ұлттық кодты сақтау, тарихи жадымызды қалыптастыру деп білемін. Осы ұлттық кодты сақтау және тарихи жадымызды қалыптастыру арқылы біз рухани кемелденген қоғамға айналамыз. Қазіргіндей алмағайып заманда, қазақ қазақ ретінде сақталып, мәңгілік тәуелсіз ел болып қалу үшін не істемек керек? Осы сұрақ тәуелсіздігімізді мәңгілік етудің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Сол себепті де, біз "Ұлы дала" байқауын ұйымдастырып, Нұрсұлтан Әбішұлы көтерген құндылықтар мен идеяларды насихаттап, еліміздің рухани жаңғыруына үлес қосқымыз келді. Бұл біздің партияның басты міндеті деп білеміз. 

Қош! Енді байқау қорытындысына келсек. Талай жас талаптың шабытына қанат бітірген "Ұлы дала" байқауында 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер бақ сынады. Жас қаламгерлердің шығармалары әр номинация бойынша қабылданды. Шығарма қабылдау мерзімі аз уақытта өткенімен, байқауға  400-ден астам туынды келіп түскен. Осы туындыларды қоғамға белгілі жазушы-қаламгер, публицист-сыншылар оқып, әділқазылық етті. Осылай бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.

Бірінші номинация «Проза» аталымында белгілі жазушы Мақсат Мәліков «Құдық басындағы екеу» шығармасымен үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді.. Екінші орын әдеби қауымға "Қараштың әңгімелері" жинағымен белгілі Қанат Тілеухан «Медаль» атты туындысымен жеңіп алды. Ал үшінші орынға Татьяна Кретова «Казахстанец» атты шығармасымен лайық деп танылды.

Екінші номинация «Поэзия» аталымында бірінші орын – қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлы, екінші орын – Нұргүл Маулина, үшінші орын Батырхан Сәрсенханға бұйырды.

Үшінші номинация «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценариі» аталымында «Кейкі мерген» телесериалының сценариін жазған Сержан Зәкерұлы бірінші орынды иеленді. Екінші, үшінші орындар тиісінше «Айсұлу» фильмінің сценариімен Айдос Ділдебай және «Әбдіғаппар» драмалық туындысының авторы Абылай Мауданов жеңімпаз деп танылды.

Төртінші номинация «Балаларға арналған шығармалар» аталымында белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы «Ұлы даланың жеті қыры» өлеңдер топтамасымен бас жүлдегер атанды. Екінші орын Аслан Тілегеннің «Ұлттық музейге экскурсия» шығармасы лайық деп танылды. Үшінші орын Серікбол Хасанның «Жылқы деген жануар» өлеңдер топтамасына бұйырды.

Бесінші номинация «Публицистика» аталымында 1-орын "Көк бөрі тотемі" мақаласын Мақпал Жұмашеваға бұйырды.  Екінші орынды "Мұздауан Мергенбай" атты эссесімен біздің Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Қанат Әбілқайыр жеңіп алды.  Ал Гүлбану Тебегеновағаның "Рухани жаңғыру – үштілділік" атты материалына үшінші орын бұйырды.

Осы жүлдегерлердің бәрі "Нұр Отан" партиясы тағайындаған қомақты қаржылай сыйақылар алды. 1-орын жеңімпаздарына – 1,5 млн, 2-орын жеңімпаздарына – 750 мың, ал 3-орын жеңімпаздарына 500 мың теңгеден берілді.

Шығармаларға Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Көпен Әмірбек және Әлия Бөпежанова сияқты белгілі ақын-жазушылар төрағалық етті.

"Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев марапаттау салтанатында қаламгерлердің қоғамды рухани жаңғыртудағы  рөлінің ерекше екеніне назар аударып, бұл байқау алдағы жылдарда да жалғасатынын айтты.

Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

- Нұрсұлтан Назарбаевтің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақала аясында жастармен үздіксіз, жүйелі жұмыс жүргізуге тиіспіз. Бұл мақсатқа жету үшін жастарға қызықты, заманауи, дұрыс құндылықтарды дәріптейтін туындылар ауадай қажет. Сондықтан да "Ұлы дала" атты байқау жариялауды жөн санадық. Біз осы ісіміз арқылы жас қаламгерлеріміздің туындыларының насихатталуына, олардың шығармашылық әлемнен өзіндік орнын алатын талантты қаламгер болып танылуына сеп болуды мақсат етіп отырмыз. Алдағы уақытта "Нұр Отан" партиясы тек осы "Ұлы дала" байқаумен шектеліп қалмайды. Алда Жазушылар одағымен бірлесіп, тағы бірқатар жобаларды жүзеге асырамыз. Сондықтан бүгін жеңімпаз атана алмай қалған жастарды сол жобаларға белсене қатысуға шақырамын.

Сондай-ақ, "Нұр-Отан" партиясы "Ұлы дала" байқауын Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырғанын еске сала кеткіміз келеді. Өткен жылдың қазан айында «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлесіп жұмыс жасауға келіскен болатын. "Ұлы дала" байқауы сол меморандумның - нақты жемісі. Сонымен қатар, шығармаларды қарау, бағалау, әділ қазылық жасау секілді шығармашылық жұмыстарды Жазушылар одағы, ал марапаттау рәсімі мен қаржылық шығындарды "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырғанын тағы да ескерте кеткен жөн.

Қ.Ақанұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302