Екі сағаттық Үкімет отырысының екі минуты ғана қазақша...
Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент, министрлер мен әкімдер былтырғы жылдың атқарылған істерін қорытындылап, биылға жоспар жасады. Алайда, екі сағат болған осы жиынның тек екі минуты ғана қазақ тілінде болды. Неге?
Алдымен мінберге шыққан ҚР Премьер министрінің орынбасары Ерболат Досаев алғашқы екі сөйлемін Мемлекеттік тілде бастағанымен, әрі қарай жалғастыруға сауаты жетпей қалды. Одан кейін сөз алған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев кейбір қазақша әріптерді жатырқаса да, кіріспе сөзін қазақша айтуға тырысты. Бірақ, атқарған істері Президенттің көңілінен шықпады.
Жалпы, байқағанымыз министрлер мен әкімдердің барлығы тек алғашқы сөйлемдерін әупірімдеп қазақша айтып, ары қарай өзіне ыңғайлы тілде жалғастырады. Бұл бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан “сценарий”. Алайда, қоғамда қазақ тілінің қолдану аясы кеңейгенін, сәйкесінше, халықтың да Мемлекеттік тілге сұранысының артқанын біздің Үкімет неге ескермейді? Мәселен, 1991 жылы қазақ тілін меңгергендердің саны 34 % болса, 2016 жылы 82,3 % болған. Халықтың өсімі артып келе жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш алдағы уақытта 95 % жететіні сөзсіз.
Былтыр осы уақытта Президент Үкіметке қазақша сөйлеу туралы тапсырма бергені есімізде. Президенттің сол тапсырмасынан кейін Үкімет отырысының басым көпшілігі қазақ тілінде өтіп, көңіліміз марқайып қалған. Алайда, сол жиында Президенттің тіл туралы тапсырмасына ІІМ Қ.Қасымов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, білім және ғылым министрі Е.Сағадиев сынды министрлер пысқырып та қарамады. Баяндаманы енді қазақ тілінде жасаймын деп сол кезде ант берген министрлер биыл да қазақ тіліне сауаттары жетпеді. Ал, Мәскеуде 5 жыл тұрып қазақ тілін ұмытып қалған экономика министрі Тимур Сүлейменов тіл үйренемін деген уәдесін де ұмытып қалған сияқты. Әзірге оң нәтиже байқалмайды.
Постсоветтік кеңістіктен шыққан Украина 2014 жылғы Президент сайлауында орыс тілінен бас тартты. Ел президенті П.Порошенко “Елдің жалғыз мемлекеттік тілі – Украин тілі. Бұл – Украинаның өз таңдауы” деді. Ал, 2012 жылы Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің депутаты Урмат Аманбаева “Ел Конституциясында жазылған «орыс тiлi – ресми тiл» деген жолдарды алып тастап, мемлекеттiк тiлге басымдық беру керек”, – деген мәлімдеме жасады. Ал, Өзбекстандағы қазақтардың өзіне “Өзбекстанның болашағы - өзбек тілінде” деген сенімді қалыптастырған Мирзиеев билігінің не құдіреті бар?
Біз әзірге жоғары билік жағынан мұндай батыл қадам жасаған ешкімді білмейміз.
Түйін.
Үкімет қазақша сөйлегенде ғана тіл мәселесі тез шешімін табады. Айтпақшы, осы отырыста Президент Үкімет мүшелеріне “қорқақсыңдар” деп ашуланды. Шынымен, олар неден қорқады? Қазақ тілінің салмағының артуынан ба, әлде, қазақ тілділердің ұлт мүддесі үшін бірігуінен бе?
Егер билікте шынымен осындай қорқыныш болса, Президент айтқандай олардың отставкаға кетуден басқа амалы жоқ...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz