Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2475 0 пікір 14 Мамыр, 2011 сағат 17:12

Көлбай Адырбекұлы. Үш мысал, бір түйін

Бiздiң сүйегiмiзге бiткен алабөтен бiр мiнезiмiз бар. Өзiмiзден гөрi өзгенiң мүддесiн жоғары қоюға пейiлмiз. Ал өзiмiзге келгенде кежегемiз ұстап, тартынып қаламыз. "Ауру қалса да, әдет қалмайдының" керi. Баяғы Ресейге бодандықтан берi бойымызға әбден сiңiп қалған әдет. Өзгенi сыйлаған жақсы-ақ шығар. Бiрақ соның жөнi осы екен деп, жөн-жосықсыз төрiмiзге шығарып, елпiлдеп, желпiлдей берген жалпақшешейлiктен тапқан пайдамыз қайсы?
Алматы - оңтүстiк астана. Үлкен саяси, мәдени, ғылыми орталық. Абай мен Жамбыл көшелерiнiң қиылысында саябақ бар. Аумағы ат шаптырым. Соның қақ ортасындағы шаршы алаңқайда Үндiстан халқының көсемi Махатма Гандидiң қоладан құйған еңселi ескерткiшi тұр. Жалаңаш денесiне ұзын матаны орай жапқан, қолында сүйенiш таяғы бар шалдың адымдап бара жатқаны бейнеленген. Скульптордың сәттi шығарғаны көрiнiп-ақ тұр. Ал мұнда серуендеп жүрген қала тұрғындары қаншама.
Гандидiң өз халқына сiңiрген еңбегi зор. 1948 жылы елiне ағылшындардан тәуелсiздiк алып бердi. Үндiлер мен пәкiстандықтар арасындағы қанды қырғынды тоқтатты, өзара бейбiт келiсiмге келтiрдi. Қысқасы, әлемдегi айтулы тұлғалардың бiрi. Дегенмен бiздiң елге еш қатысы жоқ. Солай болса да бiз оның адамгершiлiк iстерiн қадiр тұтамыз. Ескерткiштiң қойылғаны да сондықтан болар. Алайда осы ескерткiштi қаланың Ганди көшесiнiң бойынан да қоюға болар едi ғой.

Бiздiң сүйегiмiзге бiткен алабөтен бiр мiнезiмiз бар. Өзiмiзден гөрi өзгенiң мүддесiн жоғары қоюға пейiлмiз. Ал өзiмiзге келгенде кежегемiз ұстап, тартынып қаламыз. "Ауру қалса да, әдет қалмайдының" керi. Баяғы Ресейге бодандықтан берi бойымызға әбден сiңiп қалған әдет. Өзгенi сыйлаған жақсы-ақ шығар. Бiрақ соның жөнi осы екен деп, жөн-жосықсыз төрiмiзге шығарып, елпiлдеп, желпiлдей берген жалпақшешейлiктен тапқан пайдамыз қайсы?
Алматы - оңтүстiк астана. Үлкен саяси, мәдени, ғылыми орталық. Абай мен Жамбыл көшелерiнiң қиылысында саябақ бар. Аумағы ат шаптырым. Соның қақ ортасындағы шаршы алаңқайда Үндiстан халқының көсемi Махатма Гандидiң қоладан құйған еңселi ескерткiшi тұр. Жалаңаш денесiне ұзын матаны орай жапқан, қолында сүйенiш таяғы бар шалдың адымдап бара жатқаны бейнеленген. Скульптордың сәттi шығарғаны көрiнiп-ақ тұр. Ал мұнда серуендеп жүрген қала тұрғындары қаншама.
Гандидiң өз халқына сiңiрген еңбегi зор. 1948 жылы елiне ағылшындардан тәуелсiздiк алып бердi. Үндiлер мен пәкiстандықтар арасындағы қанды қырғынды тоқтатты, өзара бейбiт келiсiмге келтiрдi. Қысқасы, әлемдегi айтулы тұлғалардың бiрi. Дегенмен бiздiң елге еш қатысы жоқ. Солай болса да бiз оның адамгершiлiк iстерiн қадiр тұтамыз. Ескерткiштiң қойылғаны да сондықтан болар. Алайда осы ескерткiштi қаланың Ганди көшесiнiң бойынан да қоюға болар едi ғой.
Қазақта ықылым заманнан келе жатқан бiр нақыл сөз бар. "Өзiңдi-өзiң жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн". Неге сол гүлзар баққа, қаланың әсем демалыс орнына халқымыздың тәуелсiздiгi үшiн құрбан болған қайран арыстарымызға ескерткiштер орнатып, "Арыстар аллеясы" атамасқа. Сонда қыдырып, серуендеп жүрген өзге ұлт өкiлдерi кiтаптан оқымаса да сол ескерткiштерге қарап, халықтық тұлғаларымыздың бар екенiн бiлер едi ғой. Өйткенi ескерткiштер - тарихымыздың жаршысы, елдiгiмiздiң ұстыны, ұлтымыздың айбыны. Бiр өкiнiштiсi, Алматыда оларға арналған осындай саябақ жоқ. Ал қала тұрғындары мұны "Ганди саябағы" дейдi. "Сыйға сый, сыраға бал" демекшi Үндiстанда Абайға қойылған ескерткiш бар ма екен, сiрә? Бар болса Делидiң осындай үлкен әрi әсем саябағына қойылып па? Үстiне шықсаң, күллi Алматы алақандағыдай көрiнетiн қасиеттi Көктөбеге қайдағы бiр "Битлз" ескерткiшiнiң қойылғаны анау. Былтыр көктемде "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусiзов жанын салып жүрiп, сол ансамбльдiң аллеясын ашты. Оларға осындай жөнсiз iстi iстей салу тiптен оңай-ақ. Сонда "Ау, қазақтың үш биi тұрғанда Көктөбеге мұны қойдырғанымыз жөн болмас" деп дауыс көтерген қаланың бiр басшысы болсайшы. "Абыройды қолдан бердiк" дегеннiң керi осы емес пе?!

* * *

"Қалың елiм - қазағым, қайран жұртым!..". Кемеңгер Абайдың өз халқының мүшкiл қалын осылай жырлағаны қай заман. Сонан берi де жүз жылдан астам уақыт өтпедi ме. Ресейге бодандықтан құтылып, Тәуелсiздiкке қолымыз жеттi. Ерiктi елмiз деп әлемге жар салғанымызға жиырма жыл өттi. Аз уақыт емес. Сол жылы туылған бала қазiр азамат санатында. Ал ұлтымыз ұйысқан ауыл жағдайы қандай күйде?
Күнi кеше ғана "КТК" телеарнасы Алматы облысындағы Жаңалық ауылының жай-күйiн көрсеттi. Қара жолы жаңбырдан езiлiп жатыр, электр жарығы жоқ, түнде ауылды тас қараңғылық басады. Бәрiнен де ауыз судың жоғын айтсайшы. Құрбақалары құжынаған арық суын шәй қылып отырған тұрғындар көгiлдiр экраннан ұлардай шулағанда төбе шашың тiк тұрады екен. Сол күнi де балалары жолдың жайсыздығынан мектепке бара алмай қалыпты.
Ауылдың мұндай келеңсiз көрiнiстерi тек сол Жаңалықта ғана емес. Елiмiздiң көптеген ауылдарынан кездесiп отырғанын жасырып қайтемiз. Бұдан Үкiмет ауылға көңiл бөлмей отыр деуге келмес, сiрә. "Ауыз су" бағдарламасының да қабылданғанына бiраз жылдың жүзi болды. Жыл сайын осынша ауылды ауыз сумен қамтамасыз етемiз деп мiндеттеме қабылдап, қажеттi қаржысын бөлiп келедi. Алайда солардың өз уақытында орындалуы екiталай. Бөлiнген қаржы да құмға сiңген судай жоғалып кетедi. Iштерiнде жемқор деген жегi құрты бар аудан, ауыл басшылары мың бiр сылтау айтып, су аяғын құрдымға жiберiп қарап отырғаны. Осыдан екi жыл бұрын ауылдан келген ағайындармен кешкiсiн "Хабар" телеарнасынан жаңалық көрiп отырғанбыз. Хабарды жүргiзушi спорт бөлiмiнде "Астана" велокомандасының белдi мүшесi Контодордың кезектi жарыс жолында озып келгенiн хабарлағанда, отырған ағайындар еш қуанған жоқ. Қайта "Ал Контодор озды. Оның озғанынан бiзге не пайда? Ауыз суымызды алыстан тасып, арқа етiмiз арша, борбай етiмiз борша болып жүргенiмiз. Қайта Үкiметтiң сол Контодорға берген қыруар ақшасына бiз секiлдi ауыз судан ауыздары құрғап отырған ауылдарға ауыз су жеткiзiп берiп, жыртығын жамаса иегi едi", - деген болатын. Мұндайда не айта аласың. Командада Контодор секiлдi шетел велошабандоздары жетерлiк. Солардың бәрiнiң қомақты ақша алатыны анық. Сол ақшаға бiрнеше ауылға ауыз су жеткiзiп беруге де болады. Команда өз жiгiттерiмiзден құрылса мақұл-ау. Озбаса да, өзiмiздiкi деп көңiл шiркiн тоқ жүредi. Сондай велошабандоздарды Жапонияның, Қытайдың, Оңтүстiк Корей елдерi неге сатып алмайды? Бiрақ олар шетелдiктер алып беретiн жеңiстi өздерiне ар санайтындықтан ондай команда құрмай отыр. Қашанда ұлттық намыстарын жоғары қояды. Ал бiз жалған намысқа малданып, қыруар қаржыны басқаларға берiп отырмыз. Ұзын сөздiң қысқасы, ауыл өмiрi түзелмей, жоғары оқу орнын бiтiрген жастарды "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен тұрақтандырудың ыңғайы бола қояр ма екен.

* * *

Өткен аптада бүкiләлемдiк бокс сериясымен "Астана арландары" кәсiпқой бокс клубы Қытайдың Гуиянг қаласында Францияның "Париж Юнайтед" клубымен финалдық жекпе-жектерiн өткiздi. Алғашқы күнгi бес кездесуде жерлестерiмiз 3х2 есебiмен жеңiске жетiп, үлкен кубоктан үмiттендiрiп тастаған едi. Сол жекпе-жекте Қ. Әбутәлiпов, Қ.Сiләм, Р.Ахмедов шеберлiктерiн танытып, жанкүйерлерiн қуанышқа бөледi. Ауыр салмақтағы Р.Мырсатаев қарсыласы Тони Иокуды алғашқы раундта есеңгiретiп тастаған болатын. Бiрақ төрешiлер тарапынан бұрмалаушылық болып, француздың бойшаң жiгiтiнiң қолы көтерiлдi. Өкiнiшке орай, екiншi күнгi жарыста бiздiң арландар азулы екенiн таныта алмады. Атақтарына сендi ме, жекпе-жектерiн жұрт күткендей дәрежеде өткiзген жоқ. Есесiне француздар өте сақ қимылдап, 4х1 есебiмен жеңiске жеттi. Е.Мұзафировтың жеңiсiн Б.Сәрсекбаевтың жалғастырар жөнi бар едi. Оның Мишель Таварестi менсiнбеген сыңаймен ойнағаны экраннан ап-анық көрiнiп тұрды. Алайда бокстағы дәрежесi өзiнен әлдеқайда төмен жас Мишель қорғана жүрiп-ақ дәл соққыларымен ұпай санын арттырып кеттi. Ал аса ауыр салмақтағы С.Абдуллаев алғашқы раундта жеңiске жеткенiмен, екiншi раундта-ақ шаршай бастағаны шабан қимылынан-ақ байқалып қалды. Соңғы раундтарда мүлдем шаршап, қарсыласына жеңiстi қолдан бердi. Екi күндiк кездесудiң қорытындысында француздар жеңiске жетiп, 500000 долларлық сыйақысы бар кубокты жеңiп алды. Осы жекпе-жекте бiздiң жiгiттердiң жеңiске жетуiне толық мүмкiндiктерi бар едi. Бiрiншi күнгi жекпе-жекке Б.Сәрсекбаев пен С.Абдуллаевты, ал екiншi күнгi жекпе-жекке Қ.Сiләм мен Р.Мырсатаевты шығарғанда, бәлкiм нәтиже басқаша болар ма едi. Дегенмен бiздiң жiгiттерге финалға жетудiң өзi оңайға түскен жоқ. Елiмiзде бокс өнерiнiң жоғары деңгейде екенiн көрсете бiлдi.

P.S. * Ұлттық идеология болмаған жерде, ұлттық мүдде кейiнге ысырыла беретiнi бесенеден белгiлi. Бұл ескерткiштерге де қатысты. Ұлттық беделдi көтеруде ескерткiштердiң алатын орны зор.
* Ауылға ауыз су бармай, "Ауылға дипломмен" бағдарламасының жуық арада жүзеге асуы екiталай.
* Жанкүйерлер "Астана арландарынан" жеңiс күтiп едi. Өкiнiшке қарай, күткендерi болмай қалды. Дегенмен олар финалға дейiн талай клуб боксшыларын тiзе бүктiрiп, әлемдiк бокста елiмiздiң даңқын асырды.

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543