Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2093 0 пікір 16 Мамыр, 2011 сағат 04:26

Сәбит Байдалы. Құрылтайда қаріптік мәселе қаралса...

Қазақ құрылтайына қатысушылардың назарына

Қолыма 25-27 мамырда Астана қаласында өтетін Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайының бағдарламасы тиді. Осы аса мәртебелі жиында қазақтың қандай маңызды мәселелері күн тәртібіне енгізілді екен деген ынтамен бір сәтте оқып шықтым. Үш күнге жоспарланған іс-шаралар тізілген екен. Соның үшінші күнінің бағдарламасының орта шенінен  Құрылтайдың салтанатты ашылуы мен жабылуы дегеннен басқа көзге ілігерлік ештеңе таппай отырып қалдым. Қалғанының бәрі ойын-той, дискотека, экскурсия, көрме, футбол, әкімдіктегі, министрліктердегі қабылдау-кездесулер, берілетін ас-су, дәм. Әлде қазақтың өзекті мәселелерінің бәрін құрылтайдың ашылып-жабылуына бөлінген 4 сағаттың ішіне енгізіп жіберген бе? Егер солай болған күннің өзінде қазақтың күрмеуі көп күрделі мәселелерінің аттары аталып, түстері түстеліп неге көрсетілмеген? Дүниежүзіндегі қазақтардың өкілдері Қазақстан деген бір ғана Отанына жиналып отырған форумды бар қазақты бір қазаққа балап өткізген жөн десек, онда ұлт тағдырына қатысты қадау-қадау мәселелерді талқылауға байланысты бағыт-бағдарлар күні бұрын берілуі тиісті еді ғой. Сонда жиындағы пікірталас мазмұнды, ой-ұсыныстар жүйелі түрде айтылар еді.

Меніңше, шет елдердегі отандастарымыздың туған Отанына оралуы, қазақтардың демографиялық өсуі, толғауы тоқсан - тіл, өркениет өзегі - дін, жаһандану заманына сай бейімделіп, ұлттық болмысымызды сақтап қалу, әлем қазақтарының рухани бірлігі тағы басқа маңызды мәселелер күн тәртібіне шығуы керек. Сондай-ақ, кезінде «кирилге» жарлықпен бір-ақ түнде көшкен қазақ әлеми ақпарат кеңістігінің төте жолы латын жазуына өту мәселесі де құрылтайда сөз болуы керек. Қоғамымызда әліпби ауыстыру мәселесін талқылау тым ұзаққа созылып кетті. Және ол талқылау кешенді түрде жүргізіліп жатқан жоқ. Оның себебі бұл мәселемен айналысудың бір орталықтан үйлестіріліп отырылмағандығы. Мәселенің астарында саяси-әлеуметтік мән барын пайымдап отырған ғалымдар латын әліпбиіне көшуді тіл ғылымының зерттеу нысанына толықтай айналдырмай отыр. Іштей  дайындықтары бар. Жобалар да жеткілікті. Осы мәселемен тереңдеп шұғылдануға тиіс Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының да өз жобасы бар. Тіпті латынға ерте ме, кеш пе бір көшетінімізге ешкім шүбә келтіріп отырған жоқ. Егер елімізде осы мәселеге байланысты саяси шешім қабылданса, онда тілші-ғалымдар мұны тек әліпби ауыстыру деп қана қарамай, жалпы қазақ тілінің жазуына: әліпбиіне, таңбасына, емле-ережесіне қатысты мәселелерді тұтастай қарастырып, латынға қазақтың төл дыбыстарын тілдің ішкі заңдылықтарын сақтай отырып енгізетіне, серпінді терең реформа жасай алатынына күмән келтірмеймін. Әліпби ауыстыруды кирилше таңбаны латын таңбасына алмастыра салу деп қана түсінетін қарабайыр түсініктен тереңірек ойланған абзал.

Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы осы қордаланған мәселенің түйінін шешуге мұрындық болып, әлемдегі барлық қазақтардың жазуын латын қарпіне ауыстыру туралы үкіметке ұсыныс енгізсе нұр үстіне нұр  болар еді. Мемлекетіміз ешкімге жалтақтамай өзінің шешімін жариялау керек. Әліпби ауыстыруды орыс алфавитіне қарсылық деп түсінбеген жөн. Қазақ тілі өзінің табиғатына сай емес әліпбимен қашанғы жүреді? Бес миллион қазақты айтпағанның өзінде сол шетелден осы құрылтайға келген қазақтардың өкілдері Қазақстаннан кирилицамен таралатын ақпараттарды оқи ала ма екен? Ендеше, шетелдердегі отандастарымызбен қарым-қатынасты күшейте түсу үшін, Қазақ елінің ғана емес, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ әлемінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету үшін латын әліпбиіне көшу керек. Латын   қарпіне өту түркі әлемінің ішкі рухани, мәдени тұтастығын қамтамасыз ету үшін де қажет. Айта кетейік, түркі тектес елдердің барлығы дерлігі латын әліпбиіне өтіп болды. Алматы қаласында Азиада ойындары қарсаңында көшенің бәрінде латынша және қазақша жазу ілінді. Содан шатасып, адасып жүрген ешкімді көрмедік, Латын қарпін пайдалансақ сорлап қаламыз дегендерге айтып жатқанымыз ғой. Компьютеріміз балалардың ойыншығына айналып кеткенін көріп отырғанда латын әліпбиін меңгеруге соншама бір көп мерзім кетеді дегенге де сене қою қиын. Ендігі жерде латын алфавитіне өтуге кешігіп жатқанымызды да тиімді пайдаланып, латын әліпбиіне бізден бұрын өтіп кеткендердің барлығының да тәжірибелерін зерттеп, осы үдерістің барысында олар жіберген қателіктерді қайталамауымыз керек.

Сондай-ақ латын алфавитіне көшу қазақ санасын отарсыздандыру үшін қажет. Қазір біз орыс тілінің қазақ қоғамына қалай және қандай мақсаттармен ендірілгені жөнінде бұрын жазылып жүрген толып жатқан деректер мен дәйектерді келтірмей-ақ қояйық. Одан көзіқарақты оқырманның хабардар екені анық. Менің айтпағым: ұлттық сананы жерлеп тастауды мақсат еткен кеңес билігінің бейне бір жалғыз  мұрагері біз сияқты кирилицаға желімше жабысып айырылмауға тырысуымыз Ресейге де ерсі болуы мүмкін. Себебі тіпті сол Ресейдің өзінде латынға көшудің қажеттілігін айтып жүрген орыс тілінің маман-ғалымдары жеткілікті. Жазуын сақтаған қытай мен жапондар сияқты жекелеген елдердің өзінде ғылыми-өндірістік үдеріс латын харпі негізінде дамуда. Ақпарат пен білімнің басты көзі - интернет пен ұялы телефон болып отырған заманда, қағаздың емес, электронды оқу-құралдар мен оқулықтардың, газет-журналдардың, ғылыми еңбектердің заманында латын әліпбиіне көшу жалпы өркениет көшінен қалып қоймау үшін де қажет.

Қазақ алфавитін латын қарпіне негіздеуді түбегейлі шешу мәселесін қазақ құрылтайына қатысушылар да құптап, оны өздерінің жиындарының күн тәртібіне енгізеді деп сенеміз.

Сәбит Байдалы, мәдениет қайраткері, журналист

«Абай-ақпарат»

0 пікір