1,4 млн азамат салық амнистиясына іліге алады
Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов шағын және орта бизнес субъектілеріне салық амнистиясын жүргізу барысы туралы айтып берді.
Салық амнистиясы аясында 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша берешегі төленген жағдайда салық төлеушілердің дербес шоттарында есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар жойылады. Жалпы, салық амнистиясына 210 млрд теңге қарызы бар шамамен 90 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің салық төлеушісі ілігеді. Бұл берешектер төленген жағдайда Қаржы министрлігі 130 млрд теңге өсімпұл мен айыппұлды алып тастайды.
Бүгінгі таңда, 28мыңға жуық салық төлеуші 5,9 млрд теңгеден астам берешегін өтеген. Тиісінше, 1,1 млрд теңге өсімпұл және 0,1 млрд теңге айыппұл есептен шығаруға жатады.
«Біз бизнеске айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлеместен, негізгі қарызды төлеуге мүмкіндік береміз. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша берешектің негізгі бөлігін өтеген азаматтар үшін барлық есептелген өсімпұл есептен шығарылады. Мемлекет салық түсімдерін алуда. Мәселен, 1 қазандағы жағдай бойынша қарызы бар шағын және орта бизнес шсубъектілерінің амнистиясы бойынша, бұл — шамамен 90 мың, мемлекет барлық салық төлеушілер қарызының негізгі бөлігін төлеген жағдайда 200 млрд тг астам қосымша салық түсімдерін алуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, аталған шара жалпы экономика жағдайын жақсартады. Яғни, егер мерзімі өтіп кеткен қарыздар болмаса, онда компания әрі қарай қалыпты жағдайда жұмыс істеп, несие алып, мемлекетпен қарым-қатынас жасауды жалғастыра алады.
«Мұндай іс-шаралар бұған дейін де жүргізілген болатын: 2011, 2015 жылдары оң нәтиже берді. Соңғы амнистияға сәйкес, амнистиядан өткен кәсіпорындардың 70% жуығы қазіргі таңда қарызсыз қызмет көрсетуде. Сондықтан да, бұл іс бизнеске де, мемлекетке де пайдалы деп есептеймін», — деді министр.
Оның айтуынша, жеке тұлғаларға қатысты салық амнистиясын жүргізу мақсатында Салық кодексіне тиісті өзгертулер енгізілетін болады. Бүгінгі таңда 1,4 млн азаматтың 21 млрд теңге көлемінде салықтық берешегі бар, оның 6,6 млрд теңгесі — өсімпұл.
ШОБ одан әрі дамытудың тағы бір мысалы — тексерістер санын азайту. Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2016 жылы 77 мың тексеру жүргізілсе, 2017 жылы – 42 мың, 2018 жылы – 38 мыңға азайды. Яғни, тексеру шаралары 2 еседен астам төмендегенін байқауға болады. Тексерулердің сапасын арттыру қоса есептелген сомаларды өндіріп алудың өсімін 35%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде тексеру есебінен бюджетке қосымша 45 млрд теңге түсті.
Дереккөз: primeminister.kz
Abai.kz