Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2977 0 пікір 16 Мамыр, 2011 сағат 10:52

“Тәуелсіздік және ақпараттық дәуір”

Маңғыстау облысының әкімі,

саясаттану ғылымдарының докторы

Қ.Көшербаевтың

Ш.Есенов атындағы

Каспий Технологиялар және Инжиниринг

университетінде оқыған лекциясы

3 наурыз, 2011 жыл

 

Біз биыл тәу етер жалғыз киеміз - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын атап өту үстіндеміз. Ондағы ойымыз әсте той тойлау емес. Өткен 20 жылдың елімізге не бергендігін ой елегінен өткізу, келешекті кемел етудің амалдарын қарау болса керек.

Не істелді дегенде, ойға оралатын жетістіктер көп-ақ. Тәуелсіз мемлекетке тән барлық нышандарды түгендеп, азат елдер арасындағы байрақты бәсекеге қосылдық. Бірақ,  бәске тігілгені - көпшілік ойлайтындай, біріншілік байрағы емес, азаттықтың өзі екендігін жастарымыз біле ме екен?!

Маңғыстау облысының әкімі,

саясаттану ғылымдарының докторы

Қ.Көшербаевтың

Ш.Есенов атындағы

Каспий Технологиялар және Инжиниринг

университетінде оқыған лекциясы

3 наурыз, 2011 жыл

 

Біз биыл тәу етер жалғыз киеміз - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын атап өту үстіндеміз. Ондағы ойымыз әсте той тойлау емес. Өткен 20 жылдың елімізге не бергендігін ой елегінен өткізу, келешекті кемел етудің амалдарын қарау болса керек.

Не істелді дегенде, ойға оралатын жетістіктер көп-ақ. Тәуелсіз мемлекетке тән барлық нышандарды түгендеп, азат елдер арасындағы байрақты бәсекеге қосылдық. Бірақ,  бәске тігілгені - көпшілік ойлайтындай, біріншілік байрағы емес, азаттықтың өзі екендігін жастарымыз біле ме екен?!

Тәуелсіздіктің болашағы жастарға байланысты деген жалаң ұран емес, олардың нақ осы шақтағы күнделікті қам-қарекетін, дүниеге деген көзқарасын сомдайтын ұстанымға айналуы шарт. Ашық болу, бірақ айналаға сын көзбен қарап үйрену, барлығын да саналы ұлтжандық, сезімтал отаншылдық сүзгісінен өткізе білу - жастарға парыз. Әр сәтте «оқыған-білгенімді Елімнің кәдесіне қалай жаратам» деген ой көкейде тұрса, жасампаздық өзі ақ бойға үйір болмайды ма?!

Елбасы бастаған аға ұрпақ өз заманының тетіктерін түгел қосып, әлемдік бәсекеде ешкімге дес бермей, алдыңғы елу елдің қатарына кіруге күш салып келеді. Соңғы бір жылдың ішіндегі табыстардың өзі-ақ бізді алға қарай айтарлықтай ілгерлеткеніне ешкім дау айта алмас. Европадағы Қауіпсіздік пен Ықпалдастық Ұйымындағы төрағалық пен Астанда өткен саммит қорытындылары, VII-қысқы Азия ойындары мен ондағы жеңісіміз, биылғы Ислам Конференциясы Ұйымындағы жетекшілік - осының барлығы да даңққұмарлықтан емес, Тәуелсіздікті нығайту мүддесінен шыққан кәдуілгі халықаралық саясат технологияларын (тәсілдерін) іске қосудың жетістіктері.

Алайда, заман тез өзгеріп келеді, уақыт өткен сайын мұндай тәсілдердің орнын инновациялар, өзіміздің ғана емес, өзге елдің халқына тартымды болар техникалық бұйымдар шығару және технологиялық жаңалықтар жасау мүмкіндігі басып келеді. Ақпараттық салада қалыс қалып, инновацияларда кенже жүретін халықтар келешекте технологиялық бодандыққа түсіп, жаппай біркелкіліктің тасқынымен шайылып кете бермек. Ол үрдіс қару немесе ақшаның күшімен емес, сананы бағындыру, ерікті сындыруға діттелген ақпарат тасқыны арқылы іске асады. Ғаламдық ақпарат құралдары арқылы таратылатын, соның ішінде интернет арқылы алынатын мәтін мен ойын, музыка мен видео, образдары (тұлғалары) насихатталатын сахна және кино жұлдыздары да кейде тікелей, кейде жанама түрде осы мақсатқа жұмыс істейтіндігі жаңалық емес. Әрине, мұның барлығына тыйым салу қажет деуден аулақпын. Керісінше, тілін үйрену, тәсілін игеру арқылы артықшылықтарын өз пайдамызға асыра білу қажет.

Мамандардың пікірінше, қазір дүние жүзі жаңа экономикалық серпіліс табалдырығының алдында тұр. Инвестициялық белсенділік артып келеді, экономика қызған сайын қуат көздерінің бағасы көтерілуде. Бір баррель мұнайдың бағасы 120 долларға қайта жақындады. Осылайша, бұған дейінгі кезеңдерде әлдеқайда ұзақ уақытқа созылып, экономиканың одан айығып шығуына да көп уақыт талап еткен қаржылық дағдарыс қысқа мерзімде еңсерілді.

Экономикамен бірге әлемдік саясаттағы ахуалдың өзгеру жылдамдығы да әлдеқайда шапшаңдады. Жаһанданудың жүрісі бұрынғыдан да жылдамдай түсті. Адам өмірінің барлық саласындағы біртектіліктің күшейюі саяси және қоғамдық үрдістердің де негізгі сипатына айналды. Жаңа замандағы ақпараттық революцияның жемісі болып келген интернет - бірізді саяси және мәдени құндылықтарды жаһанға таратудың негізгі арнасы болып шықты. "Facebook" және "Twitter" секілді дін мен діл талғамайтын әлеуметтік қауымдастықтар қанатының астына жүз миллиондаған адам жинаған, дүние жүзілік саяси және қоғамдық процессті бағыттаудан дәмелі жаңа күштер пайда болды. Осы күндері Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы саяси режимдерді бірінен кейін бірін төңкеріп келе жатқан революциялар қатары осының айғағы.

Өте қысқа уақытта адамның өмір салтын танымастай етіп түрлендіріп, күрделі әлеуметтік процесстердің жылдамдығын үдеткен ақпараттық технологиялар - бүгінгі күннің ең көп айтылатын, аса тартысты, сөйте тұра анық-қанығы аз тақырыптардың бірі. Біз интернетті дамыту, оны әр үйге жеткізу мәселелеріне соңғы жылдары ғана тиісті көңіл бөле бастадық. Бірақ, оның табиғаты мен даму проблемалары, жеке адам мен қоғам келешегіне тигізер әсері туралы әлі ойлана қойған жоқпыз. Алайда, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар ең әуелі әлеуметтік феномен ретінде қарастырылғаны және сол тұрғыдан зерттелгені абзал деп білемін.

Қауіп-қатерлеріне жас ұрпақ жауап іздейтін тәуекелі толағай жаңа заманның сұлбасы енді ғана кескінделіп келеді. Интернеттің таралу ауқымы кеңейген сайын оның қоғам мен мемлекетті қайта құру қауқары да артуда. Орта есеппен қазіргі таңда адамзаттың үштен бірі online-дамыз деп кесіп айта алады. Географиялық аймақтарға бөліп қараса, алдыңғы шептегі Европаның қамтылуы 65 пайыз төңірегінде, 100 пайыз қамтылған елдер бірен-саран. Түрлі есеп бойынша, Қазақстанның қамтылуы 30-35 пайыз аралығында. Қазіргі қарқынмен өсетін болса, алдағы 10 жылдың ішінде жер беті интернетпен толық қамтылмақшы. Бірақ ақпараттық тордың қазіргі тарау дәрежесінің өзі жер шарын жұдырықтай етіп, қоғам мен адам өміріндегі қауырт өзгерістерге себепші болды.

90-шы жылдардың ортасында интернет өмірімізге енді ғана келіп, қоғамға икемделе бастаған шақта оның келешегіне күмән айтқандар көп еді. Алайда, айналдырған 10 шақты жылдың ішінде интернет тек байланыс құралы ғана емес, өмір салтының ажырамас нышанына айналды. Оның медианың дамуындағы, бизнес, ғылым мен саясаттағы, тағысын тағыдағы құдіретіне енді ешкімнің дауы жоқ. Қайта, "біз осыған тым тәуелді болып бара жатқан жоқпыз ба?" - деп алаңдаушылар қатары көбейіп келеді. Бүгінгі интернет - іскерлік алыс-берістің қуатты үдеткіші, ақпараттың негізгі аспабы, білім мен ғылымның басты құралы және билік үшін күрес пен саяси теке-тірестің алдыңғы шеп майданы.

Интернет тану жаңа ғылым, осы тақырыпта қисынды сөз айтып, қалам тартқандар әлем жұрты ауызына қараған жаңа сәуегейлер. Оларға қойылатын негізгі сұрақ - интернет жеке адам, қоғам және мемлекеттің келешегін қалай түрлендіреді?

Олардың айтуынша, интернеттің дүниені шын мәнінде өзгертетін шарықтау шегі әлі алда. Ол өзінің баспа, радио, телефон, кино мен телевидение секілді революциялық технолгиялар лигасына кіруге лайықты екендігін енді ғана дәлелдеді. Интернеттің арқасында бұқараға сөз жеткізу адамзат тарихында қазіргідей оңай болып көрген емес, сонымен бірге адамды сөзге сендіру, санасына саңлау табу мұндай қиын болып көрген жоқ.

Телефон коммуникация құралы ретінде жекелеген адамдарды бір-бірімен байланыстырды. Баспа, радио, кино мен телевидение ақпаратты бір орталықтан көпшілікке таратуға мүмкіндік берді. Интернет болса, жеке мен жекені, жеке мен көпшілікті және ең бастысы, көпшілік пен көпшілікті байланыстыратын әмбебап коммуникациялық құралға айналды.

Бұдан былай адам көрген-білгенімен бөлісу үшін, "жариялану" үшін ешкімге жалынышты емес. Енді ең беделді ақпарат көзі - оқиға орнында болған қарапайым адам. Технология әр адамға оқиға орнынан жаңалық таратуға мүмкіндік берді.  Көрген-білгенін ортаға салғысы келетін адам мен ақпаратты тұтынушы арасында автор, редактор, корректор, продюссер, баспагер, цензор секілді делдалдар жоқ. Бұдан былай қоғам тыңдарман, көрермен және тұтынушылардың тобы емес. Әрқайсысымыз жаңалық жасап, оны қас-қағым сәтте миллиондаған адамға тегін жеткізуге мүмкіндік алдық. Бұл өзгеріс кәсіби журналистика, дәстүрлі баспасөз бен телевидениенің жағдайын әсіресе қатты шайқалтты. Аты дүние жүзіне әйгілі газет-журналдардың таралымы күрт төмендеп, бірінен кейін бірі жабылуда. Бір жағынан бұқаралық ақпарат құралдарының монополиясы әлсіреп, кез-келген адам оларға бәсекелес болатын жағдай туды. Екінші жағынан ақпарат пен жазба сөздің сапасы, жалпы мәдениеттің деңгейі қатты төмендеп, кәсіби журналистика мен әдебитеттің ауқымы тарылды.

Сонымен бірге интернет адамдарға пікірлестерін тауып, олармен жақындасуға оңай жол ашты. Ортақ мүдде төңірегенде  бірігу, мұраттастар одақтарын құру, топ болып әрекет ету идеялары мұндай тартымды, ал оны іске асыру мұндай оңай болған емес. «Ұйымсыз ұйымдастыру» қағидасына негізделген оnline әлеуметтік қауымдастықта бірінші мен екінші, үлкен мен кіші, бастық пен бағыныштылар жоқ. Ықпал мен үлес тең. Осылайша біріккен қауымдастықтар экономикалық, саяси және мәдени қозғалыстың бағытын өзбетінше анықтаудан дәмелі.

Адамзат ондай қоғам құруға дайын ба?!

Осы технологияны шығарған Құрама Штаттардың өзінде «дайынбыз» деп кесіп айтатындар көп емес. Интернеттің пәрменімен президенттікке жеткен Барак Обама да, қызметке кірісе салысымен online белсенділікті күрт азайтып, "жаңа тәсілдерден" бойын алшақтатты, уәде еткен online саласын либерализациялау бағдарламасын кейінге қалдырды. Оған не себеп? Oбама сайлауды жеңісімен «Сhange.Gov» атты транзиттік интернет жоба жасады. Мақсат - өзін Ақ үйге алып кірген, online-да отырған көпшіліктің пікірін біліп, мемлекеттік биліктің күн тәртібін солармен бірлесіп пішу еді. Алайда, мұндай жолмен пішілген күн тәртібіндегі күтпеген жерден бірінші мәселе болып - нышақорлықты заңдастыру болып шықты ғой?!

Дегенмен де, американдықтардың әлеуметтік медианы саясатқа әкелуі мүлде сәтсіз болды деудің де реті жоқ. Денсаулық сақтау, салық салу саясаты секілді мәселелерде online қауымдастық бірталай құнды ұсыныстарын өткізе алды. Мұның сыртында Google және Facebook секілді американдық интернет алпауыттар АҚШ-тың Мемлекеттік Департаменті, Орталық Барлау Агенттігі, ФБР секілді мекемелерімен қоян-қолтық жұмыс істейтін маңызды саяси институттарға айналды. Ал әлеуметтік торлармен жұмыс істеу енді американдық сыртқы саяси стратегияның құрамдас бөлігі.

Енді біреулердің пікірінше, интернеттің бүгінгі кемеліне келуі - ашық қоғам құндылықтарының жеңісі-міс. Олар "жабық" деп айдар таққан Солтүстік Корея, Қытай, Иран, бірсыпыра Араб мемлекеттері ғаламдық online компаниялардың қызметіне шек қойып, online байланысын таратушы операторларды мемлекет қарамағынан шығармауға бекінді. Оған да негіз бар. Google, Fаcebook, Yahoo, Amazon, Apple сияқты компаниялардың интернетті пайдаланушылар туралы жинақтаған ақпарат қоры - ең даулы тақырыптардың бірі.

Бұл компаниялар миллиондаған тұтынушылары туралы олардың қайда және кіммен тұрады, қанша ақшасы бар, немен шұғылданады, не нәрсеге қызығады, кеше не сатып алды, ертең не сатып алуы мүмкін, кіммен дос және кіммен қас деген сұрақтарға егжей-тегжей жауап беретін мәліметтер жинайды. Соған негізделіп, ол адамдарға нені оқыған, қараған және білген жөн, не сатып алу керек, кіммен жақындасқан орынды, қандай саяси көзқарас дұрыс, қайсысы бұрыс, ақыр аяғында сайлауда кімге дауыс беріп, кіммен некелесу керектігі туралы кеңестер береді. Бұл жағдай жеке адам мен қоғамның «кибер қауіпсіздігі» проблемасын тудырды.

Кибер шекарада бекініс жасап, Солтүстік Корея секілді интернетті «интранетке» айналдыру, яғни оны мемлекет ішінен жауып алу мардымсыз шара екені рас. Басқаша қалай күресеміз? Күресу қажет пе? Ұлт пен мемлекеттің кибер қауіпсіздігін қамтамасыз ету амалдары қандай?

Аталған сұрақтарға бойлау үшін әуелі қазіргі интернеттің қалай жұмыс істейтіндігін және адамдар оны не үшін пайдаланатындығын анықтап алу керек.

-         1995 жылы интернетті 45 миллион адам пайдаланса, 2010 жылы олардың саны 2 миллиардтан асып жығылды. Болжам бойынша, 2015 жылы пайдаланушылардың саны 4 миллиардқа жақындайды;

-         Интернетте шамамен 250 миллион web-site бар, әлемдегі кез-келген адам оның потенциалды оқырманы, көремені немесе тыңдарманы;

-         1984 жылы интернеттеке шығу мүмкіндігі бар құралдардың саны бір мыңнан аспаған, 1992 жылы олардаң саны 1 миллионға, ал 2009 жылы 1 миллиардқа жетті;

-         Радиоға 50 миллион аудитория жинау үшін 38 жыл қажет болды, телевидение сол ауқымдағы аудиторияға жету үшін 13 жыл жұмыс істеген, интернет ол аудиторияға 4 жылдың ішінде жетті. Facebook 50 миллион адамды 2-ақ жылда жинады;

-         Ақпараттық технологиялар туралы білім әрбір 2 жылда толық жаңарады. Осы мамандық бойынша білім алатын студент 3-курсқа жеткенше, алған білімінің жартысы пайдалануға жарамайтын болып ескіреді;

-         Өткен бір жылдың ішінде интернетте жаңадан пайда болған ақпараттың көлемі - адамзаттың осыған дейінгі 5 мың жылда жасап шығарған ақпарат көлемінен артық;

-         18 және 29 жас аралығындағы адамдардың 93 пайызы, 30 және 49 жас аралығындағы адамдардың 81 пайызы, 50 және 64 жас аралығындағы адамдардың 70 пайызы интернетте. Бұл дүние жүзі бойынша алынған орташа шамалар.

-         Күн сайын адамдар 250 миллиардқа тарта e-mail, 240 миллиард SPAM (жарнамалық электрондық хаттар) жібереді;

-         2010-шы жылы интернеттегі коммерциялық айналымның құны 8 триллион АҚШ долларынан асты;

-         Аталған мәліметтердегі Қазақстанның үлесі де күн санап өсіп келеді. Түрлі мәліметтер бойынша, интернетке күнделікті кіретін қазақтандықтардың саны бүгін 5 миллион шамасында, 2011 жылдың аяғына дейін 6 миллионға жетеді деген болжам бар;

Пайдаланушылар интернетке не үшін кіретіндігін түсіну үшін әлемдік рейтингтегі алғашқы 10 web-site-тың қызметіне зер салайық.

#

Аты

Қызметі

Иесі

Елі

1

Google.com

Ақпарат іздеу платформасы,

электронды почта қызметі

Google

АҚШ

2

Facebook.com

Әлеуметтік қауымдастық құру платформасы

Facebook

АҚШ

3

YouTube.com

Видео қарау, видео бөлісу платформаксы

Google

АҚШ

4

Yahoo.com

Ақпарат іздеу платформасы,

электронды почта қызметі

Yahoo

АҚШ

5

Live.com

Электронды ақпарат сақтау платформасы, электронды байланыс және почта қызметі

Microsoft

АҚШ

6

Blogger.com

Блогтар ашу және жүргізу қызметі

Google

АҚШ

7

Baidu.com

Қытай тіліндегі әлеуметтк қауымдастық

Baidu

Қытай

8

Wikipedia.org

Әлемнің екі жүз тіліндегі тегін онлайн энциклопедия қызметі

Қоғамдық

АҚШ

9

Twitter.com

Микроблогтар (интернет SMS) қызметі

Twitter

АҚШ

10

Qq.com

Қытайдың микроблог қызметі

QQ

Қытай

 

Ақпараттың көлемі келешекте бұдан да жоғары жылдамдықпен арта бермек. Соның арасынан керек мәліметті тауып алып, оны пайдалануға ыңғайлы жағдай жасайтын платформалар қазіргі интернеттегі ең жоғары сұранысқа ие қызмет түрі. Келесі кезекте пайдаланушылардың өзара байланыс орнатуына, ақпаратты бір-біріне жіберуге жағдай жасайтын платформалар келеді. Соңғы жылдары әсіресе кең тарап, аса тез өсіп келе жатқан қызмет түрі - "social network", яғни әлеуметтік қауымдастықтар. Пайдаланушыларды көп қызықтыратын келесі қызмет түрі - "blogging", яғни жеке адамдардың өз сайттарын ашып, ақпарат тарату мүмкіндігі. Бұдан басқа фото және видео бөлісу, микроблог, яғни интернеттегі SMS қызметтері тез дамып келеді. Нәтижесінде пайдаланушылардың қолымен жасалған ақпарат интернеттің негізгі мазмұнына айналды. Мұның барлығы тегін көрсетілетін қызмет түрлері. Интернет компаниялардың негізі табыс көзі - жарнама.

Алғашқы ондықта газет немесе телевидение секілді ақпарат құралдарының және online-дүкендердің жоқтығына назар аудару қажет. Ең жоғары сұранысқа ие қызмет түрлері - шексіз ақпараттық кеңестікте керекті мәлімет пен қажет адамды тауып, олармен әрекеттесуге мүмкіндік беретін,  ақпараттық және әлеуметтік орта қалыптастыру платформалары. Интернеттің өзін де жаһандық платформа деп атау айналымға кіріп келеді.

Платформа - адамның сұраныстарын толық қамту және мейлінше көп адам жеке басының пайдасы үшін қолдана алатын бизнес-орта қалыптастыруды білдіреді. Қазіргі ақпараттық платформалар тек мәлімет тауып қана қоймай, ақпарат іздеп келген миллиондаған адамдар арасында жарнама жасау арқылы табыс табуға, кез-келген адамға өзін өзі және идеяларын насихаттауға жағдай жасайды. Ол платформалардың тартымдылығы да сонда.

Жалпы XXI ғасыр - жаппай біркелкілікке бастайтын платформалардың заманы деген түсінік те бар. Оған сәйкес либералды демократия - жаһандық саяси платформа, нарық жүйесі мен кәсіпкерлік - дүние жүзілік экономикалық платформа, ағылшын тілі мен латын алфавиті - әлемдік лингвистикалық платформа, ал "поп" мәдениет ғаламдық мәдени платформа болмақшы. Ал интернет осы платформаларды насихаттаудың басты құралы.

Осындай платформалардың қуаты туралы түсінік беру үшін әлемдік рейтингте топ жаратын бірнеше интернет-компанияға кеңірек тоқталсақ. 

GOOGLE (ГУГЛ)

Негізі Стэнфорд (АҚШ) университетінің қабырғасында 1998 жылы қаланған Google компаниясының қазіргі капитализациясы - 198 миллирад АҚШ доллары. Google-дың ақпарат іздеу жүйесі әрбір сұранысқа жауап берер алдында жер бетіндегі барлық web-site-тарды шолып шығады. Оған дүние жүзін қамтитын бір миллионнан аса сервер қатысады. Жауап 1 секундқа жетпейтен аралықта келеді. Дүние жүзінің басым бөлігі, соның ішінде қазақстандықтар көп пайдаланатын "Gmail", "Youtube" қызметтерінің иесі де Google. Бүгінгі таңда компания жер шарының әр бұрышын көрсете алатын ғаламдық видео карта жасау үстінде. «GoogleBook» жобасы адам баласы осы уақытқа дейін жазған кез-келген кітаптың электронды нұсқасын оқырманға кез-келген жерден ашып қарауға мүмкіндік бермекші. Адамзат осы уақытқа дейін 134 миллион атау кітап шығарған екен, қазір Google соның 10 миллионын жүйесіне салып үлгерген. Бұл Google-дің іске асырып жатқан ондаған ғаламдық жобаларының біреуі ғана.

 

FACEBOOK (ФЕЙСБУК)

Былтыр шығып, биыл Оскар сыйлығын жеңіп алған "Social Network" фильмінің арқасында бұл компанияның тарихымен көпшілік жақсы таныс. Қызметін 2005 жылы ғана бастаған "Facebook" қазір 600 миллион адамды біріктіретін ең пәрменді әлеуметтік қауымдастық. Оның үштен бірі ғана американдықтар. Резиденттерінің саны бойынша компанияны Қытай мен Үндістаннан кейінгі үшінші ірі мемлекет деп таныстыруы үйреншікті болып келеді. 70 тілде жұмыс істейтін бұл әлеуметтік платформаның нарықтағы қазіргі құны 50 миллиард АҚШ доллары. Мақсаттары - 1 триллион доллар капитализацияға қол жеткізу.

Wikipedia (Википедия)

Алғашқы ондықтың құрамында жеке емес, қоғамдық меншіктегі және ақшалай пайда көздемейтін бір ғана сайт бар. Ол - Wikipedia. Адамзат туралы барлық білім қорын ғаламдық энциклопедия ретінде бір жерге жинақтау бастамасы 2000-шы жылы көтерілген. Идея (ұсыныс) мыңдаған адамдардың қолдауын тауып, солардың қажыры мен тегін еңбегінің арқасында іске асуда. Бүгінгі таңда әлемнің 271 тілінде жұмыс істейтін энциклопедиядағы мақалалар саны 18 миллионнан асты. Қарапайым пайдаланушылардың біріккен әрекетінің негізінде пайда болған бұл жоба - интернеттің әлеуметтік феномен ретіндегі күшін айқындайтын жаңалық болды.

Мамандар адамдардың интернеттегі әрекеттесуін 4 сатыға бөледі. Бірінші саты - ақпарат бөлісу, екіншісі - топтасу, үшіншісі - талқылау, және төртіншісі - біріккен әрекет. Wikipedia - бейбіт мақсатта және ортақ мүдде төңірегінде топтасқан адамдардың әлемдік деңгейдегі алғашқы біріккен әрекетінің мысалы. "Біріккен әрекет" қағидасы үлкен топтардың, соның ішінде ұлттар мен мемлекеттердің интернетті өз мүддесі үшін тиімді пайдалануға болатындығын растады. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы революциялар да интернет туғызған біріккен әрекеттің жемісі деуге де негіз бар.

Технология ретінде интернет қырғи-қабақ соғыстың нәтижесінде пайда болған. Кеңес Одағы ғарышқа бірінші болып шыққаннан кейін Құрама Штаттар технологиялық зерттеулерге қыруар қаражат салып, әскери-өндірістік кешеннің тиімділігін арттыру жолдарын іздеді. Осы жұмыстың аясында ойлап табылған жетістіктердің бірі - Пентагонның түрлі қызметтерін өзара байланыстыратын компьютерлік жүйе еді. Кейін соның негізінде интернет пайда болды. Кейбір мамандардың айтуынша «қырғи-қабақ соғысының» лебі интернеттен әлі сезіледі, бір елдің басқа елге деген ықпалын күшейту бұл технологияның философиясы деген тұжырым да бар.

Интернеттің жаһандану жылдамдығын күшейтетін негізгі тетік екендігі де рас. Бірақ, қалай дегенмен де, ол ең әуелі ақпарат жеткізу мен адамдарды байланыстырудың құралы. Ол құралды дұрыс пайдалана білу, ұлт пен мемлекет мүддесіне жарату өзімізге байланысты. Ниет болып, сауат жетсе, бұл заманның ақпараттық технологияларын ана тіліміз бен төл мәдениетімізді дамытудың кемел құралына, халқымызды ұлттық нышандар мен құндылықтар төңірегінде топтастырудың платформасына айналдыруға әбден болады. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі қазақстандық интернеттің ахуалы, соның ішінде қазақ тіліндегі веб-сайттардың жағдайы көңіл көншітпейді.

Қазақстандық интернет пайдаланушылардың ең жиі кіріп, қарайтын web-site-тардың алғашқы ондығында қазақстандық site-тар мүлде жоқ.  

АТАУЫ

ҚЫЗМЕТІ

ТІЛІ

ЕЛІ

1

Mail.ru

Электронды почта, әлеуметтік қауымдастық

Орыс

Ресей

2

Google.com

Ақпарат іздеу, электронды почта

Ағылшын

АҚШ

3

yandex.ru

Ақпарат іздеу, электронды почта

Орыс

Ресей

4

yandex.kz

Ақпарат іздеу, электронды почта

Орыс

Ресей

5

YouTube.com

Видео бөлісу

Ағылшын

АҚШ

6

Facebook.com

Әлеуметтік қауымдастық

Ағылшын

АҚШ

7

V Kontakte.ru

Әлеуметтік қауымдастық

Орыс

Ресей

8

Google.ru

Ақпарат іздеу, электронды почта

Орыс

АҚШ

9

Wikipedia.org

Энциклопедия

Ағылшын/

Орыс/

Қазақ

АҚШ

10

Одноклассники.ru

Әлеуметтік қауымдастық

Орыс

Ресей

11

Nur.KZ

Жаңалықтар, ақпарат

Орыс

Қазақстан

12

www.kiwi.kz

Видео бөлісу

Орыс

Қазақстан

13

yvision.kz

Блог жүргізу

Орыс

Қазақстан

 

Еліміздегі интернетті дамыту үшін алдымен оның инфрақұрылымын дамыту қажет. Кең жолақты кабельдік интернет, WiMAX технологиясы арқылы келген 3G және 4G байланысы бұл мәселені біртіндеп шешеді. Жалпы интернеттің таралуы мен оның жылдамдығын арттыру алдағы уақытта мемлекет те, бизнес те ерекше көңіл бөлетін мәселелердің бірі болмақ. XIX-ғасырдың инфрақұрылымы темір жол еді, XX-ғасыр автомобиль жолдарының ғасыры болды, XXI-ғасырдың негізгі инфрақұрылымы жоғары жылдамдықты интернет екені даусыз. Инфрақұрылымды жетілдіруге Елбасының тапсырмасына сәйкес қажетті барлық жағдай жасалып жатыр, әрі біздің еліміз үшін оңтайлы техникалық шешімдер де бар, сондықтан бұл мәселенің тездетіп шешілетініне күмән жоқ.

Ең қиыны қазақстандық интернеттің мазмұнын дамыту болмақ деп ойлаймын. Бұл бағытта да бастамашыларға мемлекет тарапынан айтарлықтай жеңілдіктер жасалып, тіпті тегін «хостинг» берілуде. Алайда, мазмұндық мәселені шешуде техникалық көмектің берері шамалы. Алдымен бұл шаруаның мемлекеттік маңызын айқындап, ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты екендігін ашық айтуымыз қажет. 5 миллионнан астам қазақстандық интернет пайдаланушылардың негізінен ресейлік және американдық сайттарда отыруы қоғамның азаматтық бет-бағдарын айқындайтын қатерлі жағдай екендігі көп елене бермейді. Қазақстандық интернет сегментінің Ресей және Құрама Штаттарда орналасқан компаниялардың арасында бөлініске түсіп, барған сайын өз еліміздің экономикалық жүйесінен тыс қалып бара жатқандығы да ақиқат. Қазақстанда шығарылған өнімді Қазақстандық интернет кеңістігінде жарнамалау үшін шет елдік компанияларға жалынышты жағдай қалыптасты.

Қазіргі отандық web-site-тардың басым көпшілігі мекемелер мен кәсіпорындардың аты-жөні және мекен-жайы жазылған хабарландырулар деңгейінде. Дәстүрлі баспасөз құралдары интернетті әлі де газет немесе журналдың электронды көшірмесі деп біледі. Online ақпарат құралы - мақалалар оқылып қоятын жер емес, оқиғалар мен идеялар талқыланатын аренаға, пікірлестердің басын қосатын форумға айналғандығын біздің ақпарат құралдары байқамайтын секілді.

Интернет технологиялардың қазақстандық білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі орны заман талабына сай деу де қиын. Мектептегі және жоғары оқу орындарындағы мұғалімдеріміздің компьютерден қорқатындығы, ақпараттық технологиялар тақырыбын айналып өтуге тырысатындығы жаңалық емес. Қазіргі замандағы, мысалы, сырқаттанған адам ең әуелі интернетке кіріп, ауырған жері туралы жан-жақты мәлімет жинайды, медициналық энциклопедияларды ақтарып, емделу жолдарымен танысады. Өзі секілді басқа науқастар және медицина мамандарымен кеңеседі. Осындай дайындықтан өтіп қана, ауруханаға келеді. Бұл - дәрігер мамандардың жұмысы мен білігін жетілдіру жүйесін қайта қарауды талап ететіні сөзсіз.

Тағы бір ерекше назар аударғым келетін мәселе -адамның айналадағы өз орнын анықтау процесіндегі интернеттің орны. Көп адамның, әсіресе жастардың «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеуде мамандардың пікірінше, интернетке жүгінетіні дәлелденген. Сондықтан да оны "Identity Industry", яғни адамның рухани болмысы мен азаматтық келбетін сомдайтын орта деп атайды. Бұл тұрғыдан, ғаламдық торға кіріп, өзіне жақын ештеңе таппай, кездейсоқ құндылықтар мен жат образдардың қосағында кетіп жатқан ұрпақтың тағдыры алаңдатпай қоймайды. Бұл да терең ойлануды, жағдайды өзгерте алатын жедел шаралар қолдануды талап ететін мәселе.

Коммуникация құралы ретінде интернеттің өз тілімізді дамытудың және басқа тілдерді меңгерудің де өте тиімді аспабы бола алатындығы белгілі. Біз мемлекеттік тілдің маңыздылығы туралы көп айтамыз, десек те, оның Тәуелсіздікті күшейтуге, қоғамның бәсекелік қауқарын арттыру үшін қаншалықты маңызды екендігін тиісті дәрежеде түсіне бермейміз. Қазіргі қазақстандық интернеттің, әсіресе қазақ тіліндегі контенттің әлсіздігі қоғамдағы тіл проблемасының айна көшірмесі іспетті. Бүгінгі қазақ қоғамы келбетінің өмірдегі бұлыңғырлығы - online кеңістікте де Қазақстанға анық сұлба табуға кедергі болып отыр. Жартымыз ресейлік, енді бір бөлігіміз американдық қызметтердің жетегінде жүруіміз соның салдары.

Жағдайды мысалмен сипаттау үшін жоғарыда аты аталған Wikipedia жобасына қайта оралайық. 10 жыл ішінде 271 тілді әлемдік энциклопедияға 18 миллион мақала салынған, соның 3 жарым миллионы ағылшын тілінде, одан басқа миллиондық межеден аса алған тек неміс және француз тілдері. Орыс тіліндегі мақала саны 700 мың, қазақ тілінде жазылғаны - 20 мыңнан енді асты. Wikipedia-ға салынған ұлт тілдеріндегі мақалалардың саны - сол тілдің беделі, елдің намысы болып саналады. Энциклопедияның логотипіне қарасаңыз, кішкентай бөліктерден құралған жер шарын танисыз. Ертеңінен үміті бар халықтар өзінің ел екендігін, жаһандық бірізділікке қарсы тұра алатын жұрт екендігін дәлелдеу мақсатында осы іспеттес интеллектуалдық және технологиялық додаға түсіп, бір-бірімен жағаласуда. Қазақ тілі жалпы тізімде тұрғаны болмаса, мақалаларының саны мен сапасы мардымсыз, кенже қалған 202 тілдің санатында.  Өкінішке орай, бұл мысал біздің ақпараттық технологиялар саласындағы жалпы ахуалымызды сипаттайды. Мәселе қазақ тіліндегі білім мен ғылымның, энциклопедиялық мақалалардың жоқтығында емес, оған ие халықтың әлі де қонса шетте, көшсе артта жүретін енжарлығында болса керек. Тіл деп тағат таппайтын кейбір ұлтжандыларымыз мемлекеттен талап еткенде көрсететін табандылықты осындайда көрсетсе, жағдай мүмкін басқаша болар ма еді?! Біреуді айыптаудан аулақпыз, бірақ мұндай шаруаға мемлекет емес, қоғам мұрындық болу керектігін айтпасқа болмайды. Елбасы да бұл мәселенің мемлекеттік әрі қоғамдық сипатта шешу қажеттігін жие айтатынын білеміз.

Ұлтжандыға сауат, сауаттыға ұлтжандық жетіп, жағдайды басқа арнаға түсіру үшін не істеуіміз қажет?!

Халықта «шамаң жетсе, уақыттан оза жүр, жетпесе қатар жүр, бірақ еш уақытта заманнан қалма» деген сөз бар. Ол рас, сипатталғандай санымен жеңдірмейтін молды, қайратымен күш бермейтін зорды тек уақытпен одақтас болып қана жеңу мүмкін. Суреттелген ақпараттық аласапыран - адамзаттың индустриалдық дәуірден ақпараттық дәуірге өткендігінің айшықты белгісі. Ол дәуірдің шапшаң өмір ырғағы мен уақыт және кеңістік туралы жаңа түсініктері басқа жерде емес, өз Елімізде, Қазақстанның қалалары мен ауылдарында тұратын адамдардың өмірін тез өзгетіп жатыр. Мәселен, алдағы үш жылдың ішінде кең жолақты интернет Маңғыстаудағы барлық елді-мекендерге жетеді. Қазір компьютер арқылы алуға болатын ақпаратты ұялы телефон арқылы ала бастаймыз. Мұғалімнің сабағын, дәрігердің кеңесін, әкімнің жауабын үйде тұрған компьютер арқылы алатын уақыт та алыс емес. Бұл жаңа заманның тек біз елестете алатын мүмкіндіктері ғана. Шын мәнінде оның қалай дамитыны жастарымыздың қиялына байланысты.

Жаңа заманда табысты болу үшін не істеп, не қою қажеттігін қадам-қадам айтып беру ешкімнің де қолынан келмес. Бірақ өскелең ұрпаққа ой салу, күнде кіріп жүрген интернетке жаңаша қарауға, жай пайдаланушы емес, өз көзқарасы мен ұстанымы бар ақпараттық қауымдастықтың белсенді мүшесі болу керектігін айту бізге міндет деп білемін.

Еліміздің тұңғыш Президенті, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ маңайына жастарды топтастырып, келер буынды жаңа келешектің талабына дайындау ісін бір сәтке назардан тыс қалдырмай келеді. Орта білім беруді дамыту, жоғары білімді әлемдік деңгейге көтеру, «Болашақ» бағдарламасын құру, заман талабына сай университеттер ашу, жүйелі түрде жастарды мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлікке тарту, осының барлығы да Мемлекет басшысының жеке араласуы, шынайы ықыласының арқасында жасалған игіліктер. Бүгінгі Қазақстанда білім алуға ниетті, жұмыс істеуге ықыласты, табысты болуға талапты, еңбекті серік еткен  жас адамның «жерде қалуы» мүмкін емес. Ал көрші мемлекеттерден біздің елге келіп құрылыс пен базар жағалап, босып жүрген замандастарының ол жағдайға кінәлі еместігін біздің жастар түсінуі керек. Бұл сөздің астарын өскелең ұрпақ жақсы ұғады деп ойлаймын.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев референдумға тоқтау салып, еркін сайлау туралы шешім қабылдағанда да жас саясаткерлерге үлгі көрсеткісі келетінін басып айтты. Сол сайлаудың алдында жариялаған тұғырнамалық үндеу де ең әуелі жастарға арнағанын ішіміз сезді. Елбасының ауызынан шыққан «Сендер бізді таңғалдырыңдар!» деген өзі тапсырма, өзі ұраны сол үндеудің тобықтай түйіні сияқты. Бұл мақаланы қорытындылау үшін де Президентіміздің аталған тапсырмасы және ұранынан артық сөз табу қиын болар. Бұйырса, біздерді өскелең ұрпақ таңғалдырсын, ұлттық құндылықтарымызды жалғастыра білсін, жаңа ғасырдың интернет сияқты жаңа технологияларына ұлтжанды ұстаныммен жауап бере білсін деп тілейміз.

 

Қырымбек Көшербаев

Маңғыстау облысының әкімі,

саясаттану ғылымдарының докторы

 



;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">


;hl=ru_RU" />;hl=ru_RU" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="390" width="480">

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566