"Қараш-Қараш оқиғасындағы" Бақтығұлдың прототипі – Уса қырғыз...
Жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қара-Қараш оқиғасы» хикаятын білмейтін қазақ жоқ десе де болады. Осы шығарма желісімен «Асуда атылған оқ» деген кино да түсіріліп, қырғыз актері Сүйменқұл Шоқмаров бас кейіпкер - қайсар да, кекшіл жігіт Бақтығұлдың бейнесін тамаша етіп сомдап шыққаны да ел есінде. Сондағы Бақтығұл деген өр мінезді, қайратты, бір басына жетерлік ақылы мен тәуекелі де бар, намысты жігіт кім? Өмірде шынымен болған адам ба?
Көркем шығарма көп жағдайда болған оқиғалардың негізгі желісін шығармаға өзек еткенімен нақты деректерге құрылмайтыны, кейіпкердің жекелеген бір адамның емес заман тудырған тұлғаның жиынтық образы болып келетіні тағы бар. Қазіргі кезде «Қараш-қараш оқиғасы» Тұрар Рысқұловтың әкесі - Рысқұлдың басынан кешкен оқиғалары бойынша жазылған деп айтылып жүр. Елдің жүгінетін жері - уикипедияны қарасаңыз да осыны көресіз.
Алайда, жазушы Кәмен Оразалин «Абай ауылына саяхат» кітабындағы естелігінде «Қараш-Қараш оқиғасының» бас кейіпкері Уса деген атпен белгілі болған Бақтыбай есімді қырғыз азаматы екендігі «тайға таңба басқандай» анық баяндалған. Кәмен ағаның сол кітабынан үзінді:
«Мұқаң (Мұхтар Әуезов. – Авт) жерленетіннен бір күн бұрын сырттан «Ой бауырымдаған» аса бір зор дауыс естілді. Жиналғандардың сай-сүйегін сырқыратқан бұл дауыс:
- Панам-ау! Сүйеніш-тірегім едің-ау! Өлімнен де арашалап, арманыма жеткізген арыстаным! ... Тірі Манас сен едің-ау! Қарымым, қадірім! Шоңым!..- деп өксік атып, зар төгеді.
Бұл кезде Мұқаңның ауласына тігілген сегіз қанат киіз үйде Кенен Әзірбаев бастаған көптеген халық ақындары мен қарттар, көптеген ғалымдар отырған. Әр түрлі әңгімелер қозғалып, өткен-кеткен тарих еске алынып, Абайдан басталған әңгіме Мұқаң романындағы ақындар мен әншілерді термелеуге көшкен-ді. Абай төңірегіндегі әңгімелерді жамап-жасқаулар, қате түсінік пен екі ұшты болжамдар да айтылып қап жатты.
Абай төңірегінің әңгімелерін бұл үйде отырғандардың ішінде Әрхам Ысқақовтан артық білетін кісі жоқ деп айтуға болушы еді. Оның себебі, Абай өлгенде Әрхам 19 жастағы орысша-қазақша бірдей сауатты жігіт еді. «Зағипа» атты поэма да жазған (1963 жылы жарық көрген). Абай өлеңдерінің текстологиясын дұрыстауға да, Абай музейінің қалыптасуына да, музейдің ғылыми қызметкері ретінде Абай шығармаларының академиялық жинақтарын шығарысуға да Әрхам қажымай еңбек сіңірген кісі. Ол кісі Абай мен Мұқаң туралы да келсін-келмесін сөйлей беруді жақтырмайтын-ды. Жаңағы жерде, артық-кемді айтылып жатқандарды естіп отырғанымен, Әрхам аға ұстамдылық көрсетіп, әңгімені жай тыңдап қана, үй иесі ретінде кіре беріс оң жақ босағаға таяу отырған-ды.
Осындай отырыс күйде жігіттердің бір-екеуінің сүйемелдеуімен қатты жылап үйге кірген адам зор денелі, жасы ұлғайғанмен, жүрісі ширақ, сұйық мұртты, кішірек шоқша сақалды қоңырқай өңді кісі екен. Басында қара елтірі жеңіл бөрік, үстінде өзінің мол денесіне жарасымда тік жағалы бешпенті, шалбары мен етігі бар.
Төрде отырғандар қолынан орамалын тастамаған адамға ығысып орын бере қоймады да, ол сол жақ босағаға тақау төмендеу отырғандардың қатарында бөгеліп қалды. Оны мұндағылардың бірде бірі танымады. Қарт отырып алғаннан кейін жоқтау сөздерін қайта жалғастыра бастады.
- Дүниеден кетер орай сенікі емес, менікі емес пе еді? Басқаны емес, Мұхтар жанымды алдың-ау, қайырымсыз, қаныпезер сұм ажал! Сенде бір көз жасқа қарау деген болмады. Кімнен зауал, кімнен тоқтау табасың?!
Қарттың балаша солқылдап жылағанын көрген үй ішіндегілер тегіс төмен қарасып: «бар пәле, тойымсыз қара жер, сенсің-ау» дескендей еді.
Көпке дейін өксігін баса алмай, әлсін-әлсін бетін жасы жуып отырған қартқа: «Сабыр етіңіз, ақсақал, тоқтам жасаңыз! – деген сөздер айтыла бастады. Бірақ оған нар түйедей балуан денелі қарт тоқтай қойған жоқ. Оның бұл мінезін орынсыз көрген кейбіреулердің: «Бала болып кеткен бе, есі дұрыс па екен өзінің?» - деген күңкілдері шықты.
Бағана сырттағы жоқтау сөздерінен-ақ келген адамды жақын туыстарының бірі болар дескенбіз. Жанымда отырған адамардың бірде бірі танымаған соң, Мұқаңның сыйлас жақындарының біріне жорысқанбыз. Үй ішіндегі кейбіреулерден естіліп жатқан күңкіл маған бұл адамды ондайлық баға беруіне қиғызған жоқ. Бітімі бөлек, жоқтау сөздері де өзінің жасы мен келбетіне орай сияқтанды.
Мұқаңды «сен» деп жасы үлкендердің өздері де сирек айтатын. Бұл адамның Мұқаңды «сен» деп айтуына қарағанда, туған ағасындай болған адам екені түсінікті. Оның үстіне «шоң» деген сөзімен қырғыз халқының Манас батырын еске алуы тегін емес-ау деп болжалдаймын. Тотығыңқыраған бет ажары дөңгелене келіп, маңдайындағы қалың-қалың қатпарлар үлкен-үлкен өмір асуларының соқпағындай. Жас сорып қызғылтым тартқан өткір көздері ұшқын атып, үй ішіндегі отырғандарды қалт еткізбей бағып қалғанын байқау қиын емес. Әлі еті қашпаған мол денесінде еменге қарсы біткен бұтақтай шымыр беріктік бар.
- Дәуде болса, сіздер мына шал Мұхтарға біз қайғырмай отырғандай әбден мазамызды алды-ау деп отырған шығарсыздар, - деді де, еңсесін көтере түсіп, жан жағын бір шолып, содан кейін ойын жалғастырды.
- Менің затым – Қырғыз, Абай ауылында бала болып өскен адаммын. Әрхам аға келді деп еді ғой, - деп жан-жағына қарай бастаған кезде, Әрхам орнынан тұрды. Орнынан атып тұрған қарт ұмтылып кеп Әрхамды құшақтап көрісті де, балаша оның бауырына кірді. Бірін-бірі бауырына кезек басқан бұл екі кісі қазақ пен қырғыздың бауырластығын біртұтас дене етіп көрсетіп тұрды.
- Қарағым Уса, үй-ішің аман ба? – деді Әрхам.
- Аманбыз, Әрхам аға, өз денсаулығыңыз жақсы ма? Ташкенттің жанында тұрамыз. Мұхтар айналайынның қайғылы хабары тиген соң, не болғанымды білмей, бері жүріп кетппін. Үйге де соға алғам жоқ, қаладан кеттім.
Осы кезде төрде отырған Кенен Әзірбаев:
- Әрхам аға, жоғары шықсаңызшы, - деп ортадан орын босата берді. Кененге ілес өзгелер де жамыраса төрге шақырысып жатыр.
- Жоғары шығыңыз, Әрхам аға!
- Жол сіздікі, біз білмедік қой, біз ... төрлетіңіз.
- Үй өзіміздікі ғой, рақмет, - деген Әрхамның сөзіне төрдегілер сәл іркіле түсіп:
- Усеке былай шығыңыз.
Уса да:
- Рақмет, ағайын, бөтендерің емеспін... – деп жатыр. Мұқаңның ағайын-туыстарымен бірге оның жетісін күтіп қалған Усаның басынан кешкен оқиғалары бізді екі күн бойына маңынан шығармады.
Бақтыбай мен Тектібай Іле Алатауын мекендеген Орман деген кедей қырғыздың балалары екен. Жасынан қазақ арасында Қалден деген байдың малшылары болады. Ақысы жоқ, ауыр тұрмыстың зардабынан Тектібай дертке шалдығып өледі де, інісі Бақтыбай Жанаш болысқа мұңын шағады. Қалденмен болыстыққа таласып кектесетін Жанаш Бақтыбайды қолына ұстап, байдың жылқыларын ұрлатып ала береді де, ақыры, ұрлық жасап жүрген мынау деп, қуғыншыларды соңынан салып ұстатпақшы болады. Байдан да, болыстан да қайырымын көрмей қашқын болған Бақтыбай тауды мекендейді. Болыстан кек алуды ойлаған Бақтыбай орман ішін паналап, аң аулап жататын жаңғыз үй орыспен бұрыннан аралас екен. Ал Бақтыбайдың орманшы орыспен араласының барын білетін болыс әлгі орыс адамын тұтқындатады.
Орыс досын тұтқындап әкеткеннен кейін, қашуды жөн көрмеген Бақтыбай өзі келіп қолға түседі. Осы кезде жеңгесі өліп, інісі Жұмашты орыс достарының көмегімен абақты ішіне бірге алады. Көп ұзамай түрмеден қашқан Бақтыбай інісін нағашыларына тастап тауға кетеді. Мұнда ол аңдып жүріп Жанаш болысты өлтіреді де, Абай еліне қашады.
Бақтыбай Сергиополь қаласына жетіп, мұнда сарымсақ сатқандармен танысып, ақыры, Шыңғыстың Бөрлі өңіріне келеді.
Бұл оқиға 1913 жылдың жазында болады. Қалалық училищеден демалысқа келген Мұхтарды Қасымбек, Жағыпарлармен бірге ақын Боранбай Отынбайұлы жайлауға қонаққа шақырады. Осы жерде көп адамдармен саяхатқа шыққан Мұхтар Бақтыбаймен кездеседі. Мұхтарлармен бірге палуан Нұрмұхамбет те болыпты. Ол екеуі жекпе-жек белдесіп те қалса керек, ақыры, танысып, достасып кетеді.
Ел арасының жағдайсыздығын ойластырған Мұхтар Бақтыбайдың жасырын атымен Уса деп атауларын жөн көріп, Ызғұттының туысы екен деп елге таныстырмақ болады. Кейіннен Уса Алдан баласы деген атпен Верныйде тұратын Әпсәметтің туыстары бұған документ алып беріп жібереді.
Мұхтарға аға болған Усаны Әуез ауылы қалың беріп үйлендіреді. Алғашқы әйелінен Усаның екі баласы бар екен. Олар оқыған. Совет өкіметі Семейде орнағаннан кейін Уса Мұхтардың маңын сағалап, қаланың жанына келеді. Енді Мұқаң Москвадан Ташкентке келген кезде Уса да сонда көшіп келеді де, қаланың сыртындағы бір жайлы орынға мекендеген. Балалары үйленіп, ағасынан қалған інілерін де кейіннен тауып алған Уса Ташкенттің маңында біржола тұрып қалады. Оның жасы біз көрген кезде жетпіс жетіде екен. Бізбен бірге болған күндерде «Елді сағындым, Шыңғысты көрсем-ау» деп армандай отырып, «Мұқаң, айналайын, «Қараш-Қарашты» жазамын деп Семейде жүргенде-ақ жиі айтушы еді. Кейіннен жазғанын оқығаны әлі есімде», - деді.
- Сіз «Қараш-Қараш оқиғасын» тыңдағаннан кейін не айттыңыз? – деп сұраймын.
Уса ақсақал сәл күлімсірейді де, менің тіземді қағып:
- Абай атамды жазған Мұқаң мендей елінен безген қашқынды жаза алмай ма екен? – дейді». [1].
Осы қырғыз Усаның (кейде Мұса деп айтылады) аты басқа да деректерде кездеседі. Шәкәрім қажының шығармаларын жарыққа шығару туралы жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың атына бір арыз келіп түседі. «Аты-жөнімізді аша алмай отырмыз» деп көлгірсіген домалақ арыз иелері Шәкәрімді барынша қаралап, оның барлық антисоветтік «қылмыстарын» тізбелей отырып жеткізген. Соның ішінде сөз етіп отырған тақырыпқа байланысты мынадай жолдар көңіл аудартады: «Большевиктерге қарсы соғыста қанішерлік жасаған ел ішінде жүрген қашқын қырғыз Мұса дегенге Алаш әскерінің юнкері, батыр деген атақ бергізгенін, Мұсаны елге апарып той жасап, тобықтыдан қыз әпергенін, Алаш батыры юнкер Мұсаға коммунистерді қырған ерлігі үшін – Абай баласы деген фамилия беріп, асықты жілік ұстатып, Шәкәрім азан шақырып атын қайта қойғанын көзімізбен көргеміз». [2,631].
1918 жылығы «Свободная речь» газетінде мынадай ақпарат берілген: «Алашорда басқармасы Омбы қаласында жүрген Әлихан Бөкейхановтың атына салынған Архаттан мынадай телеграмма алды: «Мұса Сергиополь қаласын алуға қатысты, келді де тоғыз «қызылдың» басын өз қолымен шауып тастады. Большевиктер Үржарға қарай қашты. Олардың соңынан Ғабдихановтың отряды қуып кетті. Алаш-Орданың іс басқарушысы С.Ақаев[3].
Алаш үкіметін де, оның әскер құру туралы бастамасын да халықтың барлығы қолдады деуге келмейді. Біраз уақыт билікте болып жуырда ғана құлатылған большевиктердің әрекеті мен насихатының әсері мол болатын. Оның үстіне аумалы-төкпелі заманда халықтың көпшілігі саяси ахуалды саралай алмады, партияларға да, олардың құрған үкіметтеріне де сенімсіздікпен қарады. Алаш әскеріне адам жинау жұмысына да көптеген кедергілер болды. Кейбіреулер халық арасында іріткі салып алашқа әскер бермеуге үгіттейді. Мұндай жағдайлар Белағашта, Уақ болысында орын алды. Алаш милициясын Мұса Темірбаев деген бастап барып, қарсылық ұйымдастырушыларды тұтқындап, уезд басшылығына тапсырды[4.52].
Міне, осы деректерден Алаш әскерінің белсенген батыл жауынгері Мұсаның жоғарыда айтылған Уса-Бақтыбай екенін аңғару қиын емес. Кешегі Алаш сарбазының ел ішінде қалуының қауіпті екенін білген сезімтал Мұхтардың оған құжат әперіп, Ташкент асырып жібергендігі анық байқалады. Сондықтан Бақтыбайдың «Панам-ау! Сүйеніш-тірегім едің-ау! Өлімнен де арашалап, арманыма жеткізген арыстаным! ... Тірі Манас сен едің-ау! Қарымым, қадірім! Шоңым!» деп егіле жоқтайтын жөні де бар еді.
Ал, Бақтыбайдың Орманның баласы бола тұра біресе Алданов, біресе Темірбаев боып жазылып жүргенін оның қашқын болған қым-қиғаш тағдырынан, ізін жасырудан туған әрекеті деп түсінген жөн болар. Бақтыбай Кәмен Оразалинмен жата жастанып ұзақ әңгімелескенде Алаш әскері кезіндегі тіршілігі туралы да айтқан болар. Бірақ ол заманда Кәмен аға алаш туралы да, «Большевиктерді қырған Мұса» туралы да жаза алмайтыны белгілі.
Әдебиетер:
- Оразалин.К. Абай ауылына саяхат. - 1976. –Алматы. 97-102 б.
- Сапаралы Б. «Қас қайсы, қаза қайсы, таза қайсы» ||Шәкрімтану мәселелері. Таңдамалы. – Новосибирск, 2008. 1024 б. 631б
- ШҚО ҚЗТҚО «Свободная речь» газеті, 31 маусым, қыркүйек, 1918 ж., №3
- Каримов М. Асылбеков М. Алаш туы тігілген өңір. –Семей. -2015. 52 б.
Мұхаметбек Асылбеков
Abai.kz