Сенатта ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ұйымдастыруымен «Ветеринарлық қауіпсіздік жағдайы және оны заңнамалық қамтамасыз ету» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті.
Комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиев еліміздегі ветеринария жүйесі нақты өзгертулерді қажет ететінін атап өтті. Сенатордың айтуынша, саладағы негізгі мәселелердің бірі – мал ауруы деңгейінің өсуі. Сондай-ақ, шетелден жұқтырылған Шмалленберг және терінің нодулярлы қабынуы сияқты вирустар малдың қырылуына себеп болып отыр. Өткен жаз маусымында Батыс Қазақстан облысында аталған ауру тіркеліп, малдың жаппай қырылуына әкеліп соқты. Бұл шекарада монитринг жасауды күшейту және қатаң бақылауды талап етеді.
«Ұлттың денсаулығы 60-80 пайызға тамақтану мен салауатты өмір салтына байланысты екені мәлім. Ветеринарлық қызмет мамандары халық тұтынатын азық-түлікке бақылауды үнемі жетілдіріп отыруды қажет. Себебі соңғы кездері сауда айналымында сапасыз тауарлардың саны артып келе жатқанын байқап жүрміз», - деді Ж.Нұрғалиев. Оның айтуынша, азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылауға кететін шығындар өнім құнының АҚШ-та – 25%, Еуропа елдерінде – 12,5 пайызға жуығын құрайды, ал біздің елімізде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Бұл жағдай шикізат пен дайын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау тиімділігінің төмендеуіне алып келеді.
Сенатор Аңсар Мұсаханов өз баяндамасында осы саладағы ветеринарлық-санитарлық, профилактикалық және диагностикалық шаралардың жағдайына кері әсер ететін мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, сенатор білікті мамандардың тапшылығын, жоғары оқу орындарында ветеринарлық мамандықтар бойынша оқытуда білім гранттары мен квоталар санының жетіспеушілігін, ветеринарлар жалақысының аздығын, ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың жоқтығын атап көрсетті.
Одан басқа, А.Мұсаханов ветеринарлық қызметті басқарудағы сатылы жүйенің жоқтығын, ветеринарлық қызмет көрсетуге арналған арнайы ғимараттардың (пункт, бекет) жетіспеушілігін атап өтті. Осы мәселелердің барлығы малды сәйкестендіру жағдайына, екпе егу шараларын өткізуге, мал ауруының алдын алуға кері әсер етіп, аймақтарда эпизоотикалық жағдайдың ушығуына алып келеді. Депутат аталған мәселелерді шешу үшін саланы қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және тиісті нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов ветеринарлық қауіпсіздік және оның заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Ол еліміздегі эпизоотикалық жағдайды сипаттап, оны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев ветеринарлық сала мамандарын даярлау мәселелеріне тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық, фитосанитарлық және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Бибігүл Бекенова, Астанадағы Халықаралық эпизоотикалық бюросы субаймақтық кеңсесінің директоры Мереке Тайтубаев, Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу интитутының директоры Ахметжан Сұлтанов, мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталықтың директоры Болат Сейсенов сөз сөйледі. Талқылауға сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев шараны қорытындылай келіп, дөңгелек үстел аясында айтылған ұсынымдар мен ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдарға жолданатынын жеткізді.
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының баспасөз қызметі
Abai.kz