Жұма, 22 Қараша 2024
Пікір 4353 9 пікір 25 Ақпан, 2019 сағат 16:38

Ұлттық мәдениетіміз асқан асулар

Қазақтың таңғажайып әні әлемдік сахнаны дүр сілкіндіруде. Қазақ операларының жауһарлары сан мыңдаған көрермеге таңдай қақтырып, көптеген шет елдерді аралап қайтуда.  Қазақ киносының тынысы ашылып, көкжиегі кеңейіп, әлемдік өркениетке батыл бет алуда. Ғасырлар бойы тоналып келген қасиетті қабірлеріміз бен қорғандарымыз заң жүзінде нақты қорғауға алынуда. Жердің жаннатындай алуан сұлулыққа толы қазақ жеріне қызығушылық артып, шетел туристері елімізге жүздеп-мыңдап ағылуда. Сайыпқыран спортшыларымыз топ-тобымен әлемдік ареналарда қазақтың көк байрағын желбіретіп, жасындай жарқырап көрінуде. Қай заманда қазақтың мәдениеті мен өнері алыс шетелдерде дәл осындай қызығушылық пен сұранысқа ие болып еді?

Мінеки, ағайын, тәу етер Тәуелсіздігіміздің  тәтті жемісін біз енді ғана тата бастағандаймыз. Оған ағымдағы ақпанның 19-да өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде бәріміздің көзіміз жеткендей болған.

Қаламгер ретінде мен осы  мәжілістен алған, өзіме ерекше көрінген әсеріммен бөліспекпін... Қызмет бабында түрлі министрліктердің алқа мәжілістеріне талай қатысып жүрміз ғой. Содан білетініміз –  жалпы министрлік мәжілістерінің бірінен бірінің айырмашылығы оншалықты бола бермейді. Ежелден қалыптасқан дәстүрлі бір формат, бұлжымас протокол. Тек қаралатын мәселелер ғана ауық-ауық өзгеріп отырады.

Ал жуықтағы Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісі мемлекеттік қызметтің майын ішкен бізді де қайран қалдырғаны рас. Алдымен, мәжілістің өткен жеріне қараңызшы! Астана төріндегі бес мың адам сиятын «Қазақстан» концерт залы! Ойпырмай, деп ойладық, мұндай әйдік ғимаратқа адамдарды қалай толтырады екен?

Күдігіміз бекер бопты, ең жоғарыдағы балкондар болмаса, партер мен белқабаттар, төменгі балкондар  жиналғандарға лықа толды.

Толатын да жөні бар, өйткені  бұл министрліктің бүгін қамтып отырған аумағы орасан, екінің бірінің құшағы жете бермес кең. Баяғыдағы бірнеше министрліктің шаш-етек шаруасы қазір осы жалғыз ведомствоның мойнында. Соған байланысты да болар, Астана мен Алматыдан көрнекті ақын-жазушылар, Президент Әкімшілігі мен Үкімет аппаратының қызметкерлері, Парламент депутаттары, шығармашыл одақтардың басшылары, зиялы қауым өкілдірі, республикалық, облыстық мәдениет басқармаларының басшылары, музейлер, архив пен қорық-мұражайлардың директорлары шақырылыпты. Оларға қосымша республикалық, өңірлік спорт саласының жетекшілері,  олимпиада жүлдегерлері, алуан деңгейдегі туризм жүйесінде қызмет жасайтындар, қысқасы,  ел азаматтарының сүттің бетіне шыққан қаймағының баршасы осы залда бас қосқандай әсерде қалдық. Бұл мәжіліс шын мәніндегі мәдениет, спорт, туризм, сондай-ақ шығармашыл одақтардың біріккен құрылтайына ұқсап кеткен.

Осындай айрықша ұйымдастырылған сән-салтанатына орай алқа мәжілісінің мазмұны да соған лайық болды. Тартымды, қызықты әрі мағыналы  өткенін ерекше атап айтуға тиіспіз!

Елбасымыз ұлттық мәдени, рухани кодты сақтай білуіміз керектігін, сондай-ақ төл тарихымыз бен мәдениетімізді барша әлемге дәріптеуге тиіс екенімізді ұдайы ескертіп отыр. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігінің қолға алған істері қомақты, атқарған шаруалары ауқымды екеніне жиналған көпшілік куә болдық... Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының алқа мәжілісінде мәдениет пен өнер, руханият саласында атқарылып жатқан іс-шаралары төңірегіндегі көңіл марқайтқан, нақты аргументтермен шегеленген баяндамасы бәрімізді сергітіп те, серпілтіп те тастаған. Баяндама барысында министрлік атқарған қыруар жұмыстардың нәтижесімен танысып, экранда айшықталған көрнекі мысалдарды қызықтаймыз деп, екі сағат уақыттың зымырап қалай өтіп кеткенін де аңғармаппыз. Расында да,  министрлік іске асыра бастаған «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасы аясындағы «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобалары – мемлекетіміздің өткенімізді дәріптеп, жаңа қадамдарға ерекше құлшыныспен кірісіп жатқандығының айқын көрінісіндей еді. Мәжілісте сөз алған белгілі режиссер Ермек Тұрсынов атап өткендей, мәдениет көпшілік тарапынан үнемі сынға ұшырап отыратын сала болып келіп еді. Енді мінеки, шүкір дейік, 2018 жылдың қорытындысына қарап отырсақ, бұл салада көңіл көркейтер жетістіктер, жүрек жылытар жақсы жаңалықтар, тың өзгерістер жетіп артылады екен. Ендігі кезекте біз сол жетістіктеріміздің қадау қадау бірнешеуін атап өтсек дейміз.

2017 жылдан бастап министрлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елдің тарихи-мәдени мұрасын бір жүйеге келтіруді көздейтін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты аса ауқымды жобаны нәтижелі іске асырған. Осы мақсатта Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылыпты. Орталыққа ғылыми қауымдастықтың үздік ғалымдары, дарынды мамандар шақырылып, олар қазір кәсіби тұрғыда біршама игілікті шаруаларға бел шешіп кірісіп кетіпті.

Мемлекет басшысының Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы шешімін қалың бұқара зор қуанышпен қабылдағаны белгілі. Осы шешімнің аясында 2018 жылғы қыркүйекте «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығын ЮНЕСКО-ның бірегей ескерткіші ретінде қалпына келтіру жоспары бекітіліпті. «Жоба ежелгі римдік Помпей қаласының музейі, Осман империясының «Топкапы» сарайы, Иерусалим қаласы сияқты әлем ескерткіштерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әзірленді... 2023 жылға қарай Түркістанға келетін туристердің саны 5 миллионнан аса адамды құрайтын болады, олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғаяды» – деді министр.

Тарихи-мәдени мұраларымызды қорғау ғана емес, оларды сақтауды да міндеттейтін «Тарихи-мәдени мұралар туралы» заң жобасы дайындалып, ол Парламент Мәжілісінде алғашқы оқылымнан өтіпті. Бұл заң келешекте  осы саланың мамандары үшін, жалпы елжанды азаматтар үшін  шын мәнінде зор жеңіс болмақ. Өйткені, сонау Петр патшаның көрқазушы жендеттерінен бастап, күні бүгінге дейінгі алтын іздеуші қарақшылар сақтың қорғандарын тонаумен келеді. Мінеки, аталмыш заң келешекте археологиялық және реставрациялық жұмыстарды көлденең көк аттының қанжығасына байлап бермей,  оларды қатаң лицензиялауды қарастыратын болады. Оған қосымша, іздеу мен қалпына келтіру жұмыстарына  жоспарлау механизмдерін енгізу, аталмыш обьектілерге міндетті түрде тарихи-мәдени сараптама жүргізу ісі де осы заңда көрініс таппақ.

Баяндамада халқымыздың ұлттық құндылығына айналған «Абай» операсы әлемдегі ең ғажайып өнер ордасының бірі – Генуя қаласындағы «Карло Филиче» театрында қазақ тілінде қойылғаны атап өтілді. Алдағы екі жылда «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» және басқа да үздік опера туындылары АҚШ-тың, Канаданың, Жапония мен Грекияның театрларында, Түркия мен Корей елдерінде қойылмақшы. Бұл арада атап өтер тың жаңалық –  өнерімізді дәріптеу үшін бұрынғы жылдардағыдай жалынып-жалпайып,  жол қаражаты, жатын орын, залдың арендасы сияқты зор шығындарды өзіміз төлемейміз, шақырушы жақ бәрін өздері көтеріп алатын болады. Бұл дегенің біз үшін – айтулы жеңіс, шет елдердің қазақ өнерін жоғары бағалауының жарқын мысалы!

Сонымен қатар, өткен жылы еуропалық турнир аясында «Астана Опера» балет труппасы Италия мен Испанияда  18 рет спектакль қойып қайтыпты, оған 20 мыңнан астам шетелдік көрермен тәнті болған. Таңғажайып дауысымен дүниені дүр сілкіндірген Димаш Құдайбергеннің де әлемдік сахнаға жол тартуы – Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырған жемісті жұмыстардың бірі. Жалпы эстрада өнеріне қатысты кез келген ақпарат әрқашан алда жүреді. Сондықтан  бұл жағдайда музей мен архив, кітапхана, театр, туризм мен спорт саласындағы соны жаңалықтар, қол жеткен тың табыстар туралы ақпарат көпшілікке Димаштың әніндей тез жете қоймайтынын да ескеру керек. Әйтпесе, аталған бағыттардағы қол жеткізген жетістіктер ұшан-теңіз, көкжиегі кең. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдаулары мен стратегиялық мақалаларында көрсетіп берген нақты басымдықтар мен міндеттерді ескере отырып, министрлік бұл саланы қарыштап ілгерілеткеніне жиналғандар тәнті болды. Түсіріліп жатқан фильмдер, ашылып жатқан музейлер, шығып жатқан кітаптар, қалпына келтіріліп, реставрациядан өтіп жатқан тарихи-мәдени қорықтар мен ескерткіштер – бұл сөзімізге айқын дәлел.

Ведомство әсіресе ұлттық киноның дамуына айрықша көңіл бөлуде.  Биылғы 3 қаңтар – барлық киноқауымдастық пен қалың көрермен үшін  тарихи мәнге ие күн болыпты. Осы күні мемлекет басшысы Қазақстан тарихындағы алғашқы «Кинематография туралы» Заңға қол қойған. Әлемде кино өнері – қоғамның дамуына және қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал ететін, әрі орасан зор әлеуметтік және идеологиялық әсері бар дүние саналады. Сондықтан, дамыған 30 елдің қатарына енуге талпынған біздің мемлекет үшін бұл – маңызды оқиға болғаны түсінікті. Екіншіден, қазақстандық киноны жаппай прокатта ілгерілетуге жәрдемдесетін және оның шетелдік фильмдер алдында басымдығын қамтамасыз ететін және, үшіншіден, ұлттық киноға әлемдік кино нарығына шығуға мүмкіндік беретін тамаша Заң қабылданып отыр. Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндамасында көптен күткен осы жағымды жаңалыққа баса назар аудартты. «Қазіргі кезде кино – тек идеология құралы ғана емес, сонымен қатар, үлкен бизнес көзі» екенін ескертіп өтті. Аталған Заңға сүйенсек, қазақ тіліндегі фильмдер кинотеатрларда қойылғанда салықтан босатылады. Демек, кино прокатымен айналысатын ұйымдар үшін бұдан былай қазақ фильмдерін көрсету өздері үшін экономикалық жағынан тиімді болмақ.

Мына бір дерекке назар салайықшы, соңғы он жыл ішінде ұлттық киноның прокаттағы үлес салмағы 10 есе өсіпті!  «National Geographic», «BBC World news», «Discovery», «Viasat History» сияқты әлемдік  жетекші арналармен бірлесіп, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау және көпшілікке тарату мақсатында Қазақстанның киелі объектілері туралы толық метражды тарихи деректі фильмдер циклі эфирге шығарылған. Солардың бір парасы мыналар: «Күлтегін. Жаңа көзқарас», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі мавзолейлері», «Көшпенділер жері».  Ал 2019 жылы «Ботай», «Тәңірлік күнтізбе», «Ұлы Даланың ежелгі металлургиясы» секілді сериялар іске қосылмақ. Көңіл көншітер осы ақпаратты ведомство басшысы ерекше мақтаныш сезімімен баян етті.

Өткен жылы Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық «Анаға апарар жол» фильмін жасаушы ұжымға бперілгенін білеміз.  Бұл картина жуықтағы «Welink» халықаралық кинофестивалінде «үздік фильм» атаныпты. Қуанышты хабар! Ал, Режиссер Сатыбалды  Нарымбетовтың еліміздің бір туар тұлғасы Ермұқан Бекмахановтың талайлы тағдырын әңгіме еткен «Аманат» фильмі көпшіліктің көкейінен шыққанына өзіміз де куәміз. Одан бөлек, ел назарына ұсынылған Досқан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі, Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі зиялы көрерменнің шынайы ықыласына бөленгені тағы рас. Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылышы» да қазақстандық кинопрокатта ерекше жетістікке ие болды. Министрдің айтуынша, ақпанның соңына қарай  Рүстемнің «Алтын тақ» картинасы көпшілікке жол тартпақшы. Тарихи тақырыпты арқау еткен Ақан Сатаевтың  «Томирис» фильмі түсіріліп болыпты, қазір оны монтаждау жұмыстары жүріп жатқанынан хабардар болдық. «Абылай хан», «Қасым хан» атты тарихи фильмдер мен «Ботай – арғымақтар мекені» атты анимациялық фильмдерін түсіру қолға алынған екен.

Сөз жоқ, төл тарихымызды келер ұрпаққа өнеге ету – тағлымы мол тәлімді шаруа, алайда тек тарихты ғана талғажау ете бермеу керектігін  баяндамашы тағы құлаққағыс еткен. Яғни, бүгінгі күн тақырыбын да назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды да есте ұстаған ләзім болмақ. Бұл орайда жақында ғана көрсетілімі өткен Азизжан Заиров пен Мухамад Мамырбековтың «Қыз бен теңіз»  атты картинасын, министрліктің тапсырысымен түсірілген Эмир Байғазиннің «Өзен» атты туындысын мысал етуге лайық. Алғашқысы мүмкіндігі шектеулі, кәсіби емес актерлар ойнаған картина болса, екіншісі мейірім мен ізгілік сынды адами қасиеттерді жоғары құндылық ретінде бағалауға шақыратын көркем туынды. Және осы «Өзен» картинасы үшін  қазақстандық режиссер Венецияның кинофествалінде «Үздік режиссер» атағына ие болыпты. Бұл да зор қуаныш екені сөзсіз! Кино саласында бұдан да өзге жетістіктер жетіп артылатынын естідік. Кешегі Канн кинофестивалінде жұлдыздай жарқ еткен Самал Еслямова қарындасымыздың да келешегінен үлкен үміт күтеміз. Тек осындай талантты тұлғаларымыздың қадіріне жетіп, олардың дарындарының жарқырап ашылуына жағдай жасау біздің абыройлы міндетіміз, дейді министр. Кинематография туралы заңымыздың арқасында саланың қарыштап өркендейтініне мамандардың сенімі бүгінде молая түскен.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы жетістіктердің баршасы Мәдениет  және спорт министрлігі еңбегінің жемісі екенін бізге айту міндет, және оны мойындау парыз!

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру кезеңі, сөз жоқ,  ұлт тарихында алтын әріппен жазылатын маңызды оқиға болмақ. Алғашында әліпбиімізді диграфпен жазамыз дедік, артынша апострофпен жазбақшы болдық. Алайда оның екеуі де халық арасында талқыға түсіп, өтпей қалды. Әуел баста Білім және ғылым министрлігіне жүктелген  бұл күрделі де қиын шаруа – кейін  Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырылған екен. Министрлік шын мәніндегі бұл тарихи жауапкершілікті мойындарына алған бойда, ең алдымен  жетекші тіл мамандарынан жасақталған «Тіл-қазына» атты ұлттық ғылыми-практикалық орталық құрады. Орталық халықтың ұсыныс-пікірлерін сараптап, дереу әліпбидің үшінші нұсқасын әзірлейді. Көпшілік арасында осы үшінші нұсқа қолдау тауып, қуатталады. Осыдан кейін ғана бұл бағыттағы жұмыс  жандана түсіп, ерекше  қарқын алады. Сөйтіп, Үкімет жанындағы Ұлттық комиссия отырысында, 2018 жылғы 6 желтоқсанда «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» бірауыздан мақұлданады.

Жалпы өмірде төрт құбыласы түгел әліпбиді кездестіру қиын екен. Көп мысал келтірмей-ақ, министр Германия, Франция, Британия сияқты  мемлекеттерде үш және одан да көп әріптердің бірігіп, бір ғана дыбыс беретін жазу нұсқалары барын, ал біздің әліпби халықтың меңгеруіне өте ыңғайлы әрі жеңіл етіп жасалғанын атап өтті.

Өткен жылы 14 қарашада министрліктің бастамасымен Ұлттық академиялық кітапханада алғаш рет жалпыхалықтық диктант өткізіліпті. Диктантқа опера әншісі Майра Мұхамедқызы, балет әртісі Бахтияр Адамжан, жазушы Роза Мұқанова, дзюдодан әлем чемпионы Максим Раков сияқты танымал тұлғалар қатысқан екен. Диктанттың мәтіні тікелей эфирде «Қазақ радиосы» мен «Шалқардан» беріліп, оған  2 миллионнан астам азамат қатысыпты.  «Бүгінгі таңда жұртшылықтың жаңа әліпбиді тез әрі тиімді меңгеруіне жол ашатын «Qazlatyn.kz» (Қазлатын.кз), «Tilqural.kz» (Тілқұрал.кз), «Sozdikqor.kz» (Сөздікқор.кз) сияқты ұлттық порталдар жұмыс істеуде. Сондай-ақ 3D форматта әзірленген «IQdos» (Айкюдос), «Селтең сері» анимациялық фильмдері балаларға жаңа әліпбиді жылдам игеруге мүмкіндік беретін болады» – деді министр.

Туризм мен спорт саласындағы жетістіктер мен жаңалықтарымыз да алқа мәжілісіне қатысушылардың көңіліне қуаныш сыйлағандай болды. Баяндамашы 2018 жылдың 1-қыркүйегінде Парламент сессиясының кезекті ашылуында Мемлекет басшысы туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді және туризм мәселелері бойынша ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырғанын еске салды. Қазіргі кезде туризм – экономиканың ерекше басымдық берілген  6 саласының қатарына жатады екен. Өткен жылы халықаралық туристерді көптеп тарту үшін біздің мемлекетте теңдессіз қадамдар жасалыпты. Ең алдымен, еліміздің аумағына визасыз кіруге құқығы бар шет мемлекеттердің тізімі кеңейтілген.  Ол тізімге сапалы, төлем қабілеті жоғары саналатын әлемнің саяси дамыған 64 мемлекеті кіріпті. Екіншіден, Үндістан мен Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит енгізілген. Үшіншіден, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық режимде әлемнің 128 елі үшін Е-VISA электрондық визаларының тетігі іске қосылыпты. Сондай-ақ, «Жібек жолы» визасы шетелдік қонақтар үшін виза алу мерзімін 30 күннен 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік бермекші. Осы жеңілдіктер еліміздегі туризм саласын дамыта отырып, экономикамызға да елеулі үлес қосары даусыз, деп тұжырым жасады министр.

Қазіргі кезде әлемде көптеген операциялар онлайн-режимде жүзеге асырылып жатқаны аян. Әлемдік түрлі сайттар арқылы дүниенің кез келген түкпіріндегі елге тур брондай аласың. Сол сияқты біздің елімізде де нарыққа кең көлемде, әлемдік дәрежеде шығу мақсатында  «Kazakhstan.travel» атты ұлттық туристік портал іске қосылыпты. Осы портал арқылы елімізге келетін туристер  турларды өздері брондап, сатып алу сияқты түрлі операцияларды өздері жүзеге асыра алады.  Бұл да қазақ жеріне туристерді тартуды жеңілдететін тиімді әрі жемісті қадам болмақ!

Бурабай, Алакөл, Каспий жағалауы сияқты толып жатқан көрікті жер, сұлу мекен, курортты аймақтарды өркендету де туризмді дамыту ісімен  қатар атқарылып жатқан шаруалар екен. Алакөл тек маусымдық қызмет көрсететін курорттар қатарына жатса, Бурабайда жылдың төрт мезгілі бойына үздіксіз қызмет көрсету қарастырылыпты. Ол жерде бүгінде  «Бурабай» шаңғы кешені іске қосылған, жастарға арналған түрлі қысқы фестивалдар сол арада өткізіледі. Өнер мен туризмнің ғажап үндестігінің жарқын үлгісі  ретінде министрліктің бастамасымен Біржан салдың туған жерінде, ашық аспан астында «Біржан – Сара» ұлттық операсын қойылыпты. Бұл жаңалықты біз тән мен жанды қатар сауықтырудың тамаша мысалы деп қабылдадық! Министрдің айтуынша, өткен 2018 жылы ғана Бурабай курортты аймағына 1 миллионнан астам турист келіп дем алған. Бұл аймаққа сұраныс жыл сайын өсіп келе жатқан сияқты. Соны ескеріп,  сұранысты қанағаттандыру мақсатында алдағы жылдары 233 гектар алқапты алып жатқан алып «Ақ бура» отбасылық демалыс орталығы салынбақ көрінеді.

Ал Алакөл шипалы суы ежелден аңызға айналған айдынымыздың бірі ғана емес, бірегейі ғой. Атақты көлдің былтырғы «Жыл маусымын» Ресей мен Қазақстанның Талғат Мұсабаев,  Юрий Маленченко,   Анатолий Арцебарский сынды аттарынан ат үркетін ұшқыш-ғарышкерлері ашыпты. Кеңес заманындағыдай, денсаулықтарын  түзеуге қазіргі ғарышкерлердің барып жатқандары – көл суының емдік  қасиетінің айрықша екенін дәлелдесе керек. Дерек бойынша, осы Алакөлге өткен  жылы бір миллионнан астам турист келіп, демалыпты.

Каспий жағалауларындағы курорттар, Имантау-Шалқар демалыс мекендері де қызу жұмыс істеп жатқан аймақтар екен. Әсіресе шетелдік туристер Ақтау аумағындағы «Tree of life» демалыс базасына көп қызығушылық тудырып жүрген сияқты. Бұл жерде бүгінгі таңда  Елбасының тікелей тапсырмасымен  әлемдік дәрежедегі жағажайлық демалыс орны жасақталып жатқанынан да хабардар болдық.

Осындай тың ақпараттардың барлығын арнайы слайд түріндегі көрнекі суреттермен, схемалармен, цифрлармен безендіре отырып, әңгіме еткен  министрдің баяндамасынан өзіміз әншейінде көңіл бөле бермейтін жағдайларға молынан қанықтық, сан тараулы саланың ауыз толтырып айтуға лайық  жетістіктермен таныстық. Бұдан бөлек Байқоңырдағы ғарыштық туризм, Алматы тау кластері мен олардың жұмыстары туралы да ақпарат алдық.

Спорт саласына келетін болсақ, еліміз бүгінгі күні ТМД арасында Пхенчанда өтетін ХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға ең көп лицензия алған мемлекеттер қатарына қосылыпты.

«Спорттың фристайл түрі ойындары тарихында Қазақстан үшін алғашқы олимпиадалық қола жүлдені тамаша спортшы Юлия Галышева жеңіп алды. Сондай-ақ, шаңғы жарысы бойынша бірінші алтын медальді паралимпиадалық спортшы Александр Колядин иеленді. Одан да жоғары нәтижелер күткен едік, алайда жас спортшыларға басымдық бергендіктен, бұл жетістікті де жаман деп есептемейміз» –  деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Расында да ұлттық құраманың мүшелері өрімдей жастар екен, көбісі 16-18 жастағы жеткіншектер көрінеді. Яғни, бұл – болашағымыз әлі алда деген сөз. Осы жастар есейе келе  тәжірибе жинақтап, құрыштай шыныға түсіп, елімізге  әлі талай жеңістерді сыйлайды деген сөз! Қалың көпшіліктің сүйікті спорты бокс десек, мұнда да биік белестерді бағындырып жатқан өрендеріміз жеткілікті екен. Мысалы, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Әли Ахметов, Феруза Шәріпова, Садриддин Ахметовтер әлемдік аренада жасындай ойнап жүрген дарынды жастарымыз, деді министр.

Министрдің сөзінен шахмат, шайбалы хоккей, парапауэрлифтинг, күрес, триатлон сияқты спорттың түрлі салаларында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер барынан хабардар болдық. Қарапайым халық айналысатын спорт түрлерін дамыту үшін жасалып жатқан қадамдар да жетіп жатыр екен. Әсіресе қоғамда жиі айтылып жүрген – ел ішінде, ауыл-аймақтарда спортпен айналысуға мүмкіндіктер жасауда да министрлік тындырымды шараларды қолға алыпты.

***

Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің баяндамасында  еліміздің мәдениеті мен руханияты, спорты мен туризмі саласында өткен жылы атқарылған ұшан-теңіз жұмыстарды саралап қана қоймай, министрліктің алдағы кезеңдегі атқарылар істерін де алдымызға жайып салған.  Олардың ауқымдылығы сонша, бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Мәжіліс барысында біздің бір байқағанымыз, министрдің баяндама жасаған кездегі залды баурап алған энергетикасының ерекшелігі болды.  Алқа мәжілісінің аурасының да жанға жайлылығын сезіндік. Өйткені мыңдаған адам басқосқан бұл алқалы жиын – сала басшысының қоғаммен, зиялы қауыммен, әріптестерімен  ашық әңгіме сипатында, еркін атмосфера жағдайында өткен еді.

Атқарылған істердің нәтижесін көріп-біле отырып, зиялы жұртшылық министр Арыстанбек Мұхамедиұлының тындырымды қызметіне, игілікті істеріне  рахметтерін айтысып, лайықты бағасын берісіп жатты.

Біз де өзгелер секілді қулығы жоқ, ақырын жүріп, аңдап басуды білмейтін аңғал, қашанда ойындағысын жасырмай айтып салатын ақкөңіл, тас талауы  сыртында, басшы құтаймайтын қиын да күрделі саланы ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан Арыстанбек інімізге ризашылығымызды білдіріп, ақ жүректен осы мақаланы жаздық.

Әлібек Асқаров

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303