Қара халықты ашындырма, айналайын Үкімет!
Өз басым билік пен Үкіметтің қалай жұмыс істеп жатқанына Астанада жүрген өзімнің емес, еліміздің сонау түкпірінде, облыс орталығы Түркістан қаласынан 500 шақырым қашықта қалып қойған, жарты миллион халқы бар Мырзашөл өңірінде, қазіргі заманауи өркениеттен алыста тұрып жатқан жерлестерім мен ағайын-туыстарымның күнделікті күйбең тіршіліктеріне қарап баға беремін.
Елордамыздан Шымкентке бару оңай, ал Шымкенттен Мақтааралға жету - қиынның қиыны. Шымқаладан Сарыағашқа дейін ғана дұрыстау болғанымен, ары қарай сол баяғы тап-тар, жамау-жасқау жол.
Түркістан облысындағы Жетісай мен Атакенттен Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіне апаратын, кеңес заманынан бері күрделі жөндеу көрмеген жолдар бұрынғы шұрқ тесік қалпында.
Мырзакенттен Шардара арқылы Түркістан облысының қазіргі орталығына қарай жүретін жолдардың да жай-күйі сондай.
Атакенттен өзіміз өсіп-өнген, кіндік қанымыз тамған біздің "Тегістік" ауылына баратын жолдың жай-күйі де сол. Ауылдың ішіндегі көктем мен жазда топырақ пен шаң-тозаңға көміліп, күз бен қыста балшық-батпаққа батып жататын көшелер туралы айтпай-ақ қояйын.
Мырзашөл өңіріндегі алыс ауылдардың бүгінгі ахуалы жөнінде кейінгі екі-үш жылдың өзінде Елбасымыз бен Үкіметке жүздеген хат жолдаған шығармын.
Елбасымыздың өзі арнайы тапсырма беріп отырса да, Үкімет басшылары Түркістан облысының әкіміне сілтеп, "сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар" дегеннің кейпін келтіріп отыр.
Біздің осы "Тегістік" ауылының тұрғындары өз ауылдарының әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары кім екенін білмейді де.
Ал облыс, аудан әкімдерінің төңірегіне жағымпаздарды жинап алып өткізетін жыл сайынғы есеп беру жиналыстарындағы "қырық өтіріктеріне" қарапайым халық сенуден қалған.
Іні-бауырларым ауылда жұмыс жоқ болғандықтан келіншектері мен бала-шағасын әке-шешелерінің қолдарына тастап, өздері отбасын асырайтын нандары мен нәпақаларын басқа жақтан іздеп, елден жырақта, жан-жақта жүр.
Жоғары білімі мен дипломы бар қарындастарымыз бен келіндеріміз амалсыз үйлерінде отыр.
Біздің ауыл жақтағы мектептерге мұғалім болып жұмысқа тұрудың ақысы (парасы) бір миллион теңгеге жетіпті. Онда да өз кезегіңді күтуің керек екен.
Яғни қарызданып, банктен несие алып, мектеп директорына бір миллион теңгесін алдын-ала апарып беріп қойғандардың өзі қызметке алатын "бақытты сәтті" күтіп, жұмыс істеп жүрген мұғалім қыз-келіншектер қашан тұрмысқа шығып, декреттік демалысқа қашан кетеді екен, қашан орындарын босатады екен деп екі көздері төрт болып кезекте тұрған көрінеді.
Мемлекет бюджетінен "бос жүрген жастарды оқытамыз, кәсіптік білім береміз, жұмыс орындарын ашып, соған орналастырамыз" деп миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр.
Өзім өсіп-өнген "Тегістік" ауылының жастары сонау есепсіз қаражаттың бір тиын да көмегін көрген емес!
Сонау Мырзашөлдегі алыс ауылдар ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық елді мекендердің қазіргі жағдайы осындай деуге болады!
"Дүниенің тетігін заманға сай білімділер ұстайды" деп өзімізді өзіміз алдап қоямыз.
Алайда, ауылда жұмыссыз жүрген ағайындарым мен келін-қарындастарыма көмектесе қояйын десем, жан-жағымызды жемқорлық жайлаған мына дүниеде менің де қолымда тұрған ешқандай тетік жоқ.
Өкінішке қарай, ол тетіктер негізінен арам ақшамен байығандар мен киіз қазықтың өзін жерге кіргізіп жіберетін "тоқпағы мықтылардың" қолында тұр бүгінде!
Күні кеше құрамы жаңарған мына Үкіметтен аңғал да, ақкөңіл қазақ үлкен үміт күтіп отыр!
Айналайын, Үкімет!
Шыдамның да шегі бар! Қарапайым қара халықты ашындырмай, өз міндетіңді адал атқар!
Құрметпен, Мырзантай Қожабайұлы Жақып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры
Abai.kz