Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2116 0 пікір 20 Мамыр, 2011 сағат 05:53

Қазақ құрылтайы қазақ мәселесiн шешсе екен

ҚР ПРЕЗИДЕНТI НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!

Қазақ тарихындағы аса iрi оқиғалардың бiрi - елiмiздiң тәуелсiздiк алып, дербес мемлекет болуы, екiншiсi, тағдырдың тәлкегiмен әлемнiң 45 елiне тарыдай шашылған қазақтың өз Отаны - Қазақстан­ға көптеп оралуы едi. Осы тұрғыдан қарағанда, 20 жылда қол жеткен жетiс­тiктерiмiз бен елiне оралған 800 мың қандасымыздың қатарға қосылып, егемен­дi елдiң iргесiн бекемдегенiн жоққа шығармаймыз.

 

Құрметтi Нұреке!

ҚР ПРЕЗИДЕНТI НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!

Қазақ тарихындағы аса iрi оқиғалардың бiрi - елiмiздiң тәуелсiздiк алып, дербес мемлекет болуы, екiншiсi, тағдырдың тәлкегiмен әлемнiң 45 елiне тарыдай шашылған қазақтың өз Отаны - Қазақстан­ға көптеп оралуы едi. Осы тұрғыдан қарағанда, 20 жылда қол жеткен жетiс­тiктерiмiз бен елiне оралған 800 мың қандасымыздың қатарға қосылып, егемен­дi елдiң iргесiн бекемдегенiн жоққа шығармаймыз.

 

Құрметтi Нұреке!

1992 жылы өткен дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайында "Бұл дүниеде бiздiң бiр ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсiз Қазақстан" деп айдай әлемге жар салғаныңыз есiмiзде. Әрi ағыңыздан ақтарылып алыстағы аға­йынға: "Қазақстанның кең құшағы сiздерге әрқашан ашық, бауырлар", - деп едiңiз. Сөйтiп, сiздiң ұйғарымыңызбен 1992 жылы 26 мау­сымда қабылданған "Көшi-қон туралы" Заң республикамыздың тәуелсiздiк алуына байланысты тарихи Отанына қайтып оралғысы келетiн таяу және шетелдегi қазақтарды қабылдауға дайын екенiн жария еткен болатын. Көп кешiкпей-ақ осы мәселеге байланысты ресми құжаттар дайындалып, оларға сәйкес iс-шаралар да жүрдi. Әуелi Үкiметаралық еңбек ке­лiсiмшарты негiзiнде Моңғолиядағы бауыр­лары­мыздан 65 мыңға жуық адам туған елге атбасын бұрды. Сөйтiп, қоныс аударуға байланысты мәселелердi қарау мақсатында комиссиялар құрылып, тиiстi уәзiрлiктерге, басқа да құзырлы мекемелерге iс-шараларды шұғыл жүзеге асыру үшiн мiндеттер қойылған едi.

Осылайша, салиқалы көш керуенге айналды. Осы үрдiс 2005-06 жылдарға дейiн сәттi жалғасын тапты. 2005-08 жылдары жылына 15 мың отбасына квота бөлiнсе, Сiздiң тапсырмаңызға орай, 2009 жылдан бастап ол 20 мың отбасына ұлғайтылды. Шын мәнiнде көшi-қон квотасына бөлiнетiн қаржының көбеюi және де осы салада жұмыс атқарушылардың қолының таза болмауы көшi-қон саласындағы сыбайлас жемқорлықтың қалыптасуына негiз болды. Ретсiздiк, тәртiпсiздiк қалыптасып, қандастар тағдыры ойыншыққа айналды. Сол себептi де 2006-07 жылдардан бастап сырттан келетiн ағайынның саны күрт төмендедi немесе керi көшушiлер пайда болды. Бiр ауыз сөзбен айтқанда, қазақ көшi барынша саябыр тартты. Мiне, осындай қиын жағдайда көш төңiрегiндегi құзырлы органдардың құлағын ұстап отырған азаматтар өзiнiң бас пайдасы мен орынтағын ойлап, Сiздi және Сiз басқарып отырған мекемелердi алдауға кiрiстi. Айран iшкен "акулалар" құтылып, бiрлi-жарым "майшабақ" - оралмандар торға түстi. Осыдан барып ағайындарды кiнәлайтын адасулар да пайда болды. Мұндағы ағайын-туыс­қандарының алакөздiгi тағдыр тәлкегiмен аты арып, тоны тозып келген қандастардың керi кеткен көшiн кеудесiнен онан ары итердi. Тарихи көшке сызат түстi.

Көшi-қон саласында 2005 жылдан берi жыл сайын миллиардтаған теңге оралмандардың атынан жалған құжат жасаушылардың қалтасында кеттi. Көкшетаудың Қызылжар, Семейдiң Курчатов елдi­мекендерiндегi «Нұрлы көшпен» салын­ған үйлердiң жарамсыздығы жайында жайсыз ақпар тарады.

Көшi-қон полициясы комитетiнiң төрағасы, милиция генерал-майоры Хибратулла Досқалиев Бас прокуратурада өткен бiр жиналыста 67 мың адамның Қазақстанның жәрдемақысын алып, жеке куәлiгiн алмай қашып жүргендiгiн айт­қан. Сарапшылар олардың көбiнiң өмiрде жоқ, "өлi жандар" екенiне болжам жасайды.

Бұдан сырт көшi-қонға арнайы бөлiнген қаржының игерiлмей қалуы жыл сайын жүз бердi. Мәселен, әр жылғы квота мөлшерiн 20 мың отба­сы­ға дейiн жеткiзу көзделгенiмен, ол 2009 жылы       15 534 отбасы, немесе 78 пайыз, 2010 жы­лы 10 мың отбасы болып, 50 пайыз мөлшерде ғана орындалған.

Осыншама күрделi мәселелердi шешуге жауапты болған арнайы мекемелер мұндай былық-шылыққа қалай жол бередi? Немесе осыншама қаржының талапайға түсуiн, игерiлмей қалуын немесе өрлi-қырлы көшiп, қашқын-пысқынның көбеюiн қадағалайтын бiрде-бiр заңды органның болмағаны ма? Мемлекеттiк мекеме есебiндегi Көшi-қон комитетi, қоғамдық ұйым ретiндегi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы не бiтiрiп отыр?

Тiптi Көшi-қон комитетiнiң бұрынғы төрағасы өзiнiң мемлекеттiк құзырлы органның өкiлеттi адамы екенiн есiнен шығарып, ауыл үйдiң әйелдерiнiң қасие­тiмен оралмандармен ұрсыса жөнелiп (оларды сауатсыз деп), мазаққа қалғаны бар.

Ал Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы алғашқы құрылтайдағы елбасының осы ұйымның төрағасы болған атын жамылып, талай заңсыздыққа жол бердi. Немесе елбасы тапсырған тапсырманы адалдықпен атқаруға құлықсыздық танытты.

Дәл қазiр iргеде отырған Қытай халық республикасында қазақ мәдениет орталығының болмауы - соның бiр ғана мысалы. Ал Моңғолияда отырған ағайынның мұң-зарын жазған Асқар Шаймарданұлы деген тiлшi Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында шығатын "Жiбек жолы" газетiнде жақында "Дүниежүзi қазақтары қауымдастығынан шығарылатын журнал, ақпараттық материалдар Баян-Өлгийге келмегелi де жылдар өттi. Қауымдастық бұл аймақтан неге аулақ кеттi?!" деп жазды. Ал аталған ұйым жағынан шығатын шетел қазақтары кiтабының "2000 таралым" деп 500 данамен ғана жарық көретiнi де аз айтылған жоқ.

Бұл ұйымның иелiгiндегi "Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының үйi" аталатын ғимарат қазiрге дейiн кафе, сауна, тырнақ-шаш салоны секiлдi сауда-саттық орталығына айналған. Оның есеп-қисабы немесе оралмандардың игiлiгiне жарауы жайында ешқандай ашық мәлiмет жоқ.

Осындай келеңсiздiктерге байланысты соңғы кездерi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төрағасының бiрiншi орынбасары Талғат Мамашев мырзаның үстiнен көптеген шағым айтылды. Сондай арыз-хаттың бiрi жақында ғана (06.05.2011) «Жас Алашта» ҚХР-дағы бiр топ зиялы қауымның ашық хаты ретiнде жарық көрдi.

Көшi-қон төңiрегiнде қордаланған мәселелер және сыбайлас жемқорлық пен Iшкi көшi-қонның ретсiздiгi ел iшiндегi бiраз дауға мұрындық болды. Мемле­кеттiк үйлестiру жұмыстарының жетiм­сiздiгiнен және әлеуметтiк қолдаудың төмендiгiнен iшкi көшi-қон әлеуметтiк мәселенi ушықтыратын топтардың өсуiне жол ашты. Оған Алматы түбiндегi Шаңырақ, Бақай, бүгiнгi Думан, Астана маңындағы Қоянды елдiмекендерiндегi келеңсiз жағдайлар дәлел бола алады.

Ал сыртқы көшi-қонда дәл қазiр көш барынша баяулаған кезеңге дүп келдi. Кемiнде 300-400 отбасы керi көшiп кеттi. Қытай елiндегi қазақ мектептерiнiң жаппай жабылуы ондағы қандастарды қытай ұлтының телегейiне шөгiп кету қатерiн қалыптастырды. Қазiрге дейiн онда тұратын қандастарымыздан 4 мыңның айналасындағы қазақ қызы қытай ұлтына күйеуге шығып үлгерген. Қытайдағы елшiлiктiң қазақтарға жұмыс iстеуi, виза ашуы талай дауға мұрындық болса да нақ­тылы шешiмiн таппай келедi.

Шетелде әлi де болса 5 миллион қандасымыздың отырғанын ескерсек, қазақ көшi - қазақ тағдырының сын сағаттардан өтiп болмағанынан сыр бередi. Сiздiң сөзiңiзбен айтқанда, "үш қазақтың бiреуi жат жұртта отыр". Көштiң тоқырауы, өзiңiздiң ортаға қойған "Нұрлы көштiң" баянды жалғасын таба алмауы - қазақ елiнiң беделi мен тәуелсiздiгiне сын болып тұр. Осы мәселелердiң бетiн оңға қаратады деген адал ниетпен шеттегi қазақ бiр өзiңiзге сенiм артып отыр. Уақыт сыны көшi-қон саласына Сiздiң сарабдал саясатыңызды - рухани бастамаңызды адалдығымен, iскерлiгiмен, қазаққа деген iзгi көңiлмен iске асыратын жас, қуатты басшының қажеттiлiгiн ұқтырады.

Құрметтi Нұреке!

Ел iшi ғана емес әлемдiк саясатқа да ықпал етiп отырғаныңызды ойласақ, өзiңiз бастаған көштiң баянды жалғасын тағы да өзiңiздiң мейiрiм-шапағатыңыздан тап­қымыз келедi. Көшi-қон саясатын алғаш­қы кезеңдердегiдей мемлекеттiк деңгейге қайта көтермесеңiз кетiгiмiз толып, кемтiгiмiз жамалмайды. Отанымыздың рухани бостығы мен демографиялық жыртығы алыстағы ағайынның ортамызға оралуына зәру.

Сол үшiн де төмендегiдей бiрнеше түрлi ұсыныс-тiлектерiмiздi бiлдiремiз:

Бiрiншiден, Iшкi iстер министрлiгiндегi Көшi-қон комитетi Сiздiң тiкелей қара­уыңыздағы арнайы агенттiк немесе министрлiк деңгейiндегi мемлекеттiк мекеме ретiнде қайта жасақталса және де бұл салаға қандастарымыздың арнайы маманданған өкiлi көптеп араласса, бiраз мәселелердiң шешiлуiне мұрындық болар едi.

Екiншiден, қоғамдық топтар мен диаспора өкiлдерiнен көшi-қонның аяқ алысын бақылайтын арнайы комиссия жасақталғаны жөн. Ол халықтың көшi-қоны туралы заңның нақты атқарылған-атқарылмағандығын қадағалайтын құқыққа ие болуы керек.

Үшiншiден, аты бар, заты жоқ бейiм­делу орталықтарының жұмыстары барынша жанданып, шекарадан кiрiп-шыққан қандастарды қадағалау, олардың бiлiм, жұмыс жағдайына жөн сiлтеудi жолға қою керек. Оларды Қазақстанда өмiр сүру ортасына бейiмдеп, жер телiмдерiн пайдалануына, жеке шаруашылықпен айналысуына жағдай жасауға мiндеттеген жөн.

Төртiншiден, көшi-қон саласына жа­у­апты органдар мен жергiлiктi әкiмшiлiк­тер арасында оралмандар мәселесiне оңтайлылық тудыратын қызметтiк байланысы болғаны жөн.

Бесiншiден, ұлты қазақ адамдарға виза, кедендiк бақылау, азаматтық алу, тiркеуге тұру жағдайындағы барлық құжаттарын ресiмдеу ерекше жеңiл­дiктерге ие болуы қажет.

Алтыншыдан, ең бастысы, қандастарымыз тұратын елдермен солардың тағдырына тиiмдi мемлекетаралық әртүрлi келiсiм-шарттар жасауға қол жеткiзу керек.

Құрметтi Нұреке!

Осы мәселелерге алда өткелi отырған Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы оң ықпал етсе екен деген iзгi тiлегiмiз бар.

"Садағаң кетейiн, айналайын халқым! Сенiң мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдiң бәрiн сарып етуге бейiлмiн" деген өзiңiздiң рухты сөзiңiз тұрғанда қазақ көшiнiң қаңтарылып қалмайтынына, жер бетiнде жетiм қандасымыздың болмайтынына сенiм бiлдiремiз.

Қол қойғандар:

Серiкжан Мәмбетәлин, Руханият Жасылдар партиясының төрағасы,

Бәшiр Жаналтай, Руханият Жасылдар партиясы төрағасының орынбасары, Еуропа қазақтарының өкiлi, Хайролла Ғабжәлелов, Халықаралық "Алаштану" ғылыми орталығының президентi, Жанұзақ Әкiм, саясаткер, Құдияр Бiләл, жазушы, ҚР мәдениет қайраткерi, Ғаббас Қабышұлы, жазушы, Құл-Керiм Елемес, ақын, Жәди Шәкенұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесi, Серiк Нұғыман, жазушы, "Балдырған" журналының редакторы, Рахым Айыпұлы, "Жебеу" республикалық қоғамдық қорының атқарушы директоры, Ауыт Мұқибек, ақын, "Балдырған" журналында әдеби қызметкер, Бекқожа Жылқыбек, Еуразия ұлттық университетiнiң оқытушысы, ф.ғ.к., ақын, Оразбек Сапархан, "Жас қазақ үнi" газетiнiң тiлшiсi, Бектұрған Лақадыл, "Ана тiлi" газетiнiң тiлшiсi, Ұларбек Дәлей, ақын. Және басқа да жанашыр азаматтар.

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498