Жұма, 22 Қараша 2024
4157 2 пікір 27 Ақпан, 2019 сағат 10:38

Жұмыс сұраған жаңаөзендіктер биліктен қысым болып жатқанын хабарлайды

Маңғыстау облыстық полиция департаменті Жаңаөзен қаласында биліктен жұмыс беруді талап етіп, наразылық білдірген тұрғындардың кейбірін "полиция қудалағаны" туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Департаменттің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева Азаттық тілшісінің Жаңаөзендегі жағдай туралы сұрағына:

- Учаскелік полиция өкілдері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтер алдында үйлерді аралап, соған шақырту хабарламасын таратқан. Қалада жағдай қалыпты, тыныш. Ешкім қамалған жоқ, айыппұл да салынбаған, - деп жауап берді.

Бұған дейін Жаңаөзен қаласында биліктен жұмыс беруді талап еткен кей тұрғындар құқық органдарының өкілдері жұмыспен қамту орталығына келуді сұрап үйлеріне жиі барғыштап кеткенін айтып шағымданған болатын. Қала тұрғыны Серік Бақтыбайұлы бірнеше тұрғынның "көшеде темекі тұқылын тастағаны" үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны және өзі де полиция басқармасына шақырту алғанын хабарлаған.

2011 жылы бірнеше айға созылған жұмысшылар наразылығы полицияның халыққа оқ атуына ұласып, бейбіт адамдар қаза тапқан Жаңаөзен қаласында соңғы екі аптадан бері әлеуметтік наразылық күшейгені байқалған.

Тұрғындар биліктен кемінде 150-200 мың теңге еңбекақы төлейтін, үкіметке қарасты кәсіпорын ашуды талап еткен. Билік әлеуметтік наразылықты басу үшін 23 ақпанда еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырып, бос жұмыс орындарына 3 мыңнан астам өтініш қабылданғанын хабарлаған болатын.

Кей тұрғындар еңбек жәрмеңкесінде Ақтау қаласынан айлығы 70-80 мың теңге болатын жұмыс ұсынылғанын, ондай ақша отбасын асырауға жетпейтінін айтып наразылық білдірген.

Жаңаөзендегі негізгі жұмыс көзі - "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы мен "Қазақ газ өңдеу" зауыты. Ресми статистика бойынша, қалада 130 мыңнан астам адам тұрады. 2018 жылдың алғашқы төрт айында Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302