Шығыстағы 24 кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілген
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты Қазақстан Халқына үндеуі - халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастама. Оның екінші бастамасы - «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» деп аталады.
Яғни, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету көзделген. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.
Мәселен, осы жылдың басынан бастап Жамбыл облысында 100 мыңнан астам азаматтың айлығы бір жарым есеге өскен. Сондай-ақ, бюджеттік мекемелердегі жұмысшылардың жалақысы 35 пайызға көтерілді. Ал, атаулы әлеуметтік жәрдемақылар 2 есеге дейін ұлғаймақ. Бұл өңір тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатының артуына сеп болары сөзсіз.
Сондай-ақ, осы жылдың басында Шығыс аймақтағы 24 кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілген.
Мысалы, «Азия Авто» АҚ кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 20%-ға көбейді. Өскеменнің арматура, май зауыттарындағы, «СемАз», «Семей инжиниринг» компанияларындағы ең төменгі жалақы 37 мыңнан 55 мыңға көтеріліпті.
«Казцинк» ЖШС-де қазіргі уақытта қажетті есептеулер жүргізіліп жатыр. Өз жұмысшыларының айлығын бұл кәсіпорын 3% -дан 20%-ға дейін өсірмекші. Ал Сәтпаев тау байыту кәсіпорны – 5-тен 12%-ға дейін.
Сондай-ақ, бұлардан бөлек Өскемен конденсаторлық зауытында, ШҚ ұн-құрама жем комбинатында, Бұқтырма цемент зауытында, Риддер ЖЭО, «Семей Водоканал», «Силумин-Восток» ЖШС, DAEWOO Bus Kazakhstan» ЖШС, «Роза валяльно-войлочный комбинат», «Роза» киіз басу комбинаты, «Технология комфорта» ЖШС, «Силикат» ЖШС, «КОНДИЗ» ЖШС кәсіпорындарында еңбекақы көтеріледі.
Ал, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12 мыңнан астам Өскемен тұрғынының еңбекақысы 1,5 есеге көтерілген болатын. Өскемен әкімі Жақсылық Омар қала активінің отырысында ҚР Президентінің тапсырмасын орындау үшін нақты шаралар іске асырылып жатқанын айтқан болатын. Әкімнің айтуынша, биыл облыс орталығының 12 мыңнан астам тұрғынының айлығы көтеріледі.
Abai.kz