Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 4861 6 пікір 4 Наурыз, 2019 сағат 10:45

Алманың Отаны бола тұра нарықты алмамен қамтамасыз ете алмай отырмыз

Алматы дегенде ең алдымен аузымызға «Алматы апорты» елестейді. Алайда, алманың Отаны болғанымызбен әлі күнге дейін нарықты алмамен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз көңілге кірбің ұялатады. Одан қалса, Қазақ елінен бүкіл әлемге тараған алманы сырттан келген келімсектердің атымен атап, өзімізді екінші планға шығарғанды, өзгенің алдында кішірейгенді қашан қояр екенбіз. Айталық, «Сиверс», «Александра» алмасы деп төл өніміміздің атауын бере салдық.

Алматының алмасы қай заманда болмасын, мыңдаған алма сорттары ішіндегі бірегей исі, балдай тәттілігі және көлемімен өзгешеленіп тұрады. Көне көз қариялардың сөзіне сенсек, Алматының кез-келген көшелерінде алма ағаштары жайқалып тұрған. Көзге елестетіп көрейікші XIX ғасырмен XX ғасырдағы көріністі.

«Бізге бүгінде бұл ертегі сияқты көрінеді… Тіпті бар ғой, әсіресе, алма ағашы гүлдейтін және пісетін кездері көшелерден алманың исі аңқып тұрады екен. Әсіресе, кешкісін қаладағы азғантай ғана көлік қозғалысы тоқтаған шақта үйдің терезесін ашса, сырттан келген қоңыр салқын жел алманың әсерлі исін алып келетін көрінеді. Таңғы уақытта терезе ашық тұрса, ұйқыдан да оятатын сол алмалардың исі болыпты. Сол қарттар бұрындары алманы сатып алып жеу дегенді мүлде білмегендерін айтады. Алма қажет болса, есік алдына шықсаңыз болды, аулалар мен көшелерде алма ағаштары самсап, иіліп тұрады екен. Бойын бір жазуға шамасы келмегендей, алма ағаштары үнемі майысып тұратын көрінеді. Ал, айнала төңіректе үзіліп түскен алмалар шашылып жататын болған. Бала болсын, қарт болсын, жегісі келсе, қолын созса, жетіп жатыр. Апа-әжелеріміз теріп алып, қысқа арнап алманың қайнатпасын дайындайды екен. Жерге түсіп ұрылған, шіріген, әбден пісіп,  жарылған жерлерін кесіп алып тастап, әйтеуір бір пайдасына жаратқан. Алыстан туыстары келсе де, қайтарында сөмкесіне «Ауылға Алматының алмасынан ала бар» деп, сый ретінде салып беретін болған. Ал, бүгінде сол алма ағаштары мен исі мұрын жаратын, дәмі тіл үйіретін алмалар қайда кетті? Алматының көшесін кезіп жүретін алманың исі қайда?

Сезімді селт еткізетін көрініс. Қандай ғажап. Бұл XVIII-XIX ғасырлардағы көріністер болса керек. Бұдан ертерек замандарда қалай болды? Алматы қаласының арғы және бергі замандардағы табиғатын көзге елестетудің өзі бір ғанибет.

Менің пайымдауымша, жер планетамызда тіршілік пайда бола бастаған да Адам ата мен Хауа анамыз Алматыда бірлескен өмірін бастаған деген болжам жасадым. Әрине, не айтып отырсың деп біраз жерге апарып тастайтындар да табылады. Бұл аңыз. Аңыз болған соң, оны дәлелдеп шығудың өзі артық. Демек, Эдем бауы қазіргі Алматы қаласы. Олай айтуға толық негіз бар. Алматы қаласының сан-мыңдаған жылдар бұрынға табиғи ландшафты қазіргіден әлде қайда сұлу, керемет болғанын ойша елестетіп көрудің өзі бір ғанибет. Ертеректе «Алматы» атауы «Алмалы» болғаныда бекер емес. Әлемде «Алма» деген атаудың шығуының өзінде қаншама мағына жатыр. Бірде бір мемлекетте «Алма» атауымен жер аталмаған. Содан болар,  мұрныңды жаратын қош иісі, тіл үйірер дәмінің алдында жеме деген жемісті жеп қойып Хауа анамыз, күнә жасайды.

Қазірдің өзінде алматының апорт алмасын көргенде бірден танисын, тәбетің ашылып жегің келеді. Алматыға барған, шет елге баратын адамдар ең алдымен «алманы» сыйлық ретінде бірге алып жүреді. Ресей патшаларының сілекейін шұбыртып таңдай қаққызған тарихи оқиғалар, деректер жетерлік. Қаншама патша, хандарды, жалпы қарапайым азаматтарды таңдай қаққызып, тамсандырған алмамыздың қадірін алғашқы қалпына келтіру маңызды. Әрине, алма бақтары қалпына келтіріліп, мемлекет тарапынан қолдау жүргізіп жатқаны белгілі. Дегенменде, алматы апортына деген сағынышты, хош иісті қалпына келтіргенмен арғы замандағы, бергі замандардағы алманы қазақ елінің бренд ретінде қалыптастыру арқылы бүкіл әлемді қамтамасыз етуді қолға алған жөн.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында  «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды» деп атап өтеді.

Дегенменде, XV ғасырларда өмір сүрген қазақтың жыршы, ойшыл Асан қайғы өз заманында қазіргі қазақ елінің барлық жерін аралап, өз сипаттамасын бергенін білеміз. Сонда қазіргі Алматы қаласына барып, табиғатына тамсанып, алманы көріп, дәм татса керек. Біраз уақыт демалып, табиғатына бас иген. Кетер кезде Алматы туралы, ондағы Алма туралы айтқан екен:

«Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей, сол жерді қимадым».

Ғажап. Алманың қандай болғанын сипаттап, бағасын беріп тұр. Бұдан артық, пікір қосудың өзі орынсыз. Бұдан шығатын қорытынды, XV ғасырдың өзінде Алматы алмасының абыройының асқақ болғанын көреміз. Бұдан артық қандай дәлел керек.

Дана халқымыз «Ақылсызда қайғы жоқ» деген. Ақылды, ойшыл  адам бір күндігімен өмір сүрмейді. Болашағын ойлап, тал егіп, артынан жақсы сөз қалуын қалаған. Асан қайғы бабамызда ел қамын ойлап Асан қайғы атанған. Ертеде Асан қайғы іздеген жер жаннаты «Жерұйық» және Адам Ата мен Хауан Ананың Эдем бағы қазіргі Алматы қаласы деуге толық құқығымыз бар. Басқалардың алдында кішірейіп, өзіміздің төл құндылықтарымызды насихаттаудың еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын.

Рауан Кемербай

Abai.kz

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371