Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6516 16 пікір 5 Наурыз, 2019 сағат 15:25

Лукашенко: "Ортақ валюта рубль болады"

Жақында Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресеймен арада ортақ валюта енгізуді және ортақ эмиссиялық (құнды қағаздар) орталық құруды қолдайтынын мәлім етті. 

«Қазір бізге ортақ валюта енгізу туралы ұсыныс түсіп жатыр. Біз мұны қолдаймыз! Және бұл валюта – рубль болады», – деді Беларусь президенті. Сонымен қатар, Лукашенко бұл валютаның Ресей рубліне де, Беларусь рубліне де қатысы болмайтынын, бірақ валютаның аты – рубль деп аталуы керек екенін айтты.

Біз бұл жерде өз елімізден кемшілік таба алмай, Беларусь билігін сынағалы отырған жоқпыз. Бізді мазалайтыны, бүгін Беларусь Ресеймен ортақ ақша енгізсе, ертең қазақ билігі де осы қадамды қолдап шыға ма деген қауіп. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген мәтел бұл жерге еш жараспаса да айтпағымыз осы. Кеңес одағының көне жұртында берекесі жарасып Беларусь, Ресей және Қазақстанның отырғаны бәрімізге белгілі. Ошақтың үш бұтындай болған осы үш елдің алғашқы екеуі ортақ валютаға өтіп кетсе, Қазақстанның да қарап қалмайтыны сөзсіз. Үш сирағының бірінен айырылса ортақ қазанның қайнамасын білетін ана екеуі де Астананы жайына қалдырмас.

相关图片

А. Лукашенко, В. Путин

Ортақ ақша жайлы әңгіменің айтылып жүргені бүгін ғана емес. Тіпті Ресей мен Беларусь арасында ғана емес, ЕАЭО-қа мүше елдерге ортақ валюта енгізсек дейтіндер де бар. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «ешқандай ортақ ақша болмайды» деп ашық айтқанымен, бұл ұсыныстың тамырына толық балта шабылған жоқ. ЕАЭО елдерімен бірдей ақша пайдалансақ шекеміз шылқып өмір сүрер едік деген түсінік біздің елде де қалыптасып үлгерген. Тіпті кейбір депутаттарымыз ашық айтып та жүрді.

Ресейдің жер бетіндегі жанашыр жақындары Қазақстан мен Беларусь екені жасырын емес. Батыс жұртының бас дұшпанына айналған Мәскеудің күйі мәз емес. Сансыз санкциялардың салмағы белін қайыстырып барады. Ресей соған қарамастан маңындағылардың мазасын алуды жалғастырып жатыр. Осы қатарда Минск пен Астанаға Мәскеудің әсері мол екенін айта кеткен жөн. Тіпті соңғы уақытта кейбір сарапшылар Ресейдің Беларусь еліне қысымы күшейгенін айтады. Сондағы басты мақсаты Беларусьті өз қатарына қосып алу болса керек.

Қазіргі таңда Беларусь Ресеймен ортақ ақша енгізгені былай тұрсын, бірігіп кетуі мүмкін екені жайлы сөз осыдан шығып отыр. Елді 25 жыл билеп келе жатқан Лукашенконың тым Ресейшілдігі осындай күдікке жетелейді. Бірақ бұны Беларусь президентінің өзі жоққа шығарады. 15 ақпанда Сочиде өткен журналистермен кездесуінде:

«Бүгінде екі мемлекет бар. Егемендік деген ұғым - қасиетті, ал тәуелсіздік деген - салыстырмалы ұғым. Егер екі елдің азаматтары қаласа ғана Ресеймен бірге бір жолды таңдауға болады», - деді Лукашенко.

Енді Ресейге ілтипаты ерекше Александр Григорьевичтің ұстанып отырған саясаты жайлы бір ауыз сөз айтайық.

Александр Лукашенко «Кеңес одағының адал қорғаушысы» болған адам. КСРО-ны сақтап қалу үшін барын салды. 1991 ж. 8 желтоқсанында Беларусь жоғарғы кеңесінің төрағасы С. Шушкевич, Ресей басшысы Б. Ельцин, Украина басшысы Л. Кравчук қатарлы кісілер «Беловеж келісіміне» қол қойып, КСРО-ны таратуға шешім шығарғанда Беларусь тарапынан қарсы пікір білдірген жалғыз адам дәл осы Лукашенко (Беларусь жоғарғы кеңесінің өкілі) болатын. Осыдан кейін көп адам Лукашенконың Кеңес одағына деген «терең сүйіспеншілігіне» көз жеткізген.

Л. Кравчук, С. Шушкевич, Б. Ельцин

Қанша қарсы болғанымен, ол кезде аты-жөні беймәлім Лукашенко тарих доңғалағын тоқтата алған жоқ. Бірақ КСРО-ның тарауы оның Беларусь билігіне келуіне мүмкіндік туғызды. Шушкевич Беларусь елін бақытты ете алған жоқ. Ол билікте тұрған жылдары ел экономикасы қатты құлдырап кетті. Осы орайды мықты ұстаған Лукашенко ел назарын өзіне аударып, билікке келді. 1994 жылы президент болып сайланғаннан бері 25 жыл бойы ел тізгінін ешкімге берген жоқ. 2013 жылы шетел ақпарат құралдары оның жеке байлығы 9 млд. долларға жетіп, Беларусьтің ең бай адамы атанғанын жазған. Алайда Лукашенко бұны мойындамады. «Егер ондай ақшаны таба алсаңдар, 99%-ын сендер алыңдар» деп әзілге бұрған.

Лукашенко билікке келген соң ел экономикасын жақсартып, тура жолға сала алды. Жекешелендіруді барынша тежеп, кез-келген нысанда мемлекеттің үлесі 51%-дан кем болмауын талап етті. Қоғам орнықтылығын қорғау үшін президенттің пәрменін барынша күшейтті. Алғашқы жылдары оппозицияның жиі қарсылығына ұшырап отырды. Осыған орай ол қатаң шаралар қолданып, саяси қарсыластарын жеңді. Сөйтіп елде «Президент ең күшті, парламент әлсіз, үкімет қораш» жағдай қалыптастырды. 2004 жылы елдегі бірнеше оппозициялық ұйым Литва астанасы Вильнюс қаласына амалсыз қоныс аударды.

Кеңес одағына деген сүйіспеншілігін Лукашенко тәуелсіз ел басшысы кезінде де еш жасырған жоқ. Елде КСРО кезіне тән сипат жалғасып жатты. Ресеймен бірге NATO ықпалының шығысқа қарай кеңеюіне қарсы тұрды. АҚШ пен Еуроодақ назарында Лукашенко жағымсыз образ саналады. Тіпті кейбір батыс елдері Украина мен Грузиядағы жағдайды Беларусь елінде де іске асырмақшы болған көрінеді. Алайда Ресейге шексіз адал Лукашенко тарапынан мұндай қадам күту мүлде орынсыз еді.

Уақыт өткен сайын Беларусь Ресейдің қолтығына кіріп бара жатқаны байқалды. Елдің энергия көзі Ресейге тәуелді деуге болады. 80% өнім Ресейден алынады. Осындай жіпше шырмалған саяси-экономикалық байланыстар Беларусь елін Ресейден айырыла алмайтын күйге келтірген. Осыны анық білетін Мәскеу тарапы Минск басшыларына әркез қабақ түйіп тұрады. Кейде тіпті мұнай мен табиғи газын халықаралық бағадан әлдеқайда қымбатқа сатып алуға мәжбүрлейді. Осындай кезде Лукашенко Путинға «өкпелеп» қалатыны бар. Мәселен былтыр 10 тамыз «Гомсельмаш» ауылшаруашылығы компаниясын тексеру барысында Ресейдің позициясын сынап, «Беларусьті бейне Ресейдің отары секілді көреді» деп бұлқан-талқан болған. Негізі Лукашенконың арғы аталары украиналық. Осыған байланысты 2014 жылы Украина-Ресей қақтығысында кім жағына шығарын білмей, екі ойлы болған деседі. «Украин бірлігін» қолдайтынын да бірнеше мәрте білдірген. Александр Лукашенко өткен айда шетелдік держава тарапынан агрессия күшейгенін айтқан. Бірақ нақты қай ел екенін атаған жоқ.

Тағы бір айта кетерлігі, 2018 жылы 18 тамызда Лукашенко ел Премьер министрі, Вице-премьер және министрлері арасында ауыс-түйістер жасады. Беларусь президенті бұл қадам ел экономикасын оңау үшін жасалғанын айтты. Беларусь басшысы мұндай шешімге Віцебская облысы Ворша районын тексеру барысында келген. Аталған өңірдің экономикалық ахуалы өте нашар болғандықтан, министрлердің қызметін ауыстыру керек деп шешкен.

Лукашенко Ресейге шексіз жақындығын сақтай отырып, өзге одақтас іздеуді де ұмыт қалдырған емес. Әсіресе Қытайға құшақ аша жақындап бара жатқанын байқауға болады. Лукашенко Қытайды экономикалық қолдау көрсететін әрі ірі елдер арасындағы байланыста тепе-теңдікті сақтайтын кілт деп санайды. Былтыр 6 сәуір Қытай қорғаныс министрімен кезесуде Лукашенко Қытай тарапының экономикалық көмегіне алғыс білдірді. Сонымен қатар Қытайды Беларуьтің ең жақын досы деп атады.

相关图片

Николай Лукашенко, Александр Лукашенко

Александр Лукашенконың үш баласы бар. Үлкен ұлдары саясат саласында тәп-тәуір өсіп келеді. Ең үлкені Виктор Лукашенко қауіпсіздік кеңесінің мүшесі. Екінші ұлы Дмитрий Лукашенко шекара қорғаныс қызметінде. Ал ең кішісі Николай Лукашенко. Беларусь басшысы осы ұлын қасынан тастамайды. Басқалардан артық көретін секілді. Лукашенко кіші ұлының анасы кім екенін барынша жасырады. Алайда Англия ақпарат құралдары Николайдың анасы президенттің жеке дәрігері Ирина Абельская деп біледі.

Лукашенко 14 жастағы Николайды өзінің ізбасары санайтынын ашық айтқан. Алайда оның тақ мұрагері екенін жоққа шығарады. Елді 25 жыл билесе де, өзін әлі жас (64 жаста) сезінетін Александр Григорьевич тағы бірнеше мәрте президент болудан үмітті. Англиялық «Гардиан» газетіне берген сұхбатында Лукашенко «Еліме көп көп еңбек сіңірдім» деп мәлімдеген болатын. Сарапшылар қазірше денсаулығынан алаңдамайтын Лукашенко кем дегенде екі мәрте қайта сайлана алады дейді. Егер бұлай болса оның кіші ұлы болмаса да, үлкен балаларының бірі тақ мұрагері атануға мүмкіндік алады.

Баста айтқанымыздай, Беларусь пен Қазақстан Ресейдің ең сенімді серігі саналады. Кезіндегі одақстан он бес елдің ішінде Мәскеуге шексіз адалдық танытып отырған осы екі ел ғана. Ресей мен Беларусь бұрыннан бауырлас ел. Ал қазаққа не жоқ?!  Мәскеуді қолдаудан алдымызға жан салмаймыз. Халықарада Ресейдің сөзін сөйлейміз. Билік өкілдері мемлекеттік тілге қарағанда Ресей елінің тіліне бейім. Байқоңыр мен Сарышағаннан Ресейдің ракетасы ұшып, әскери сынақтары өтіп жатыр. Ресейдің ықпалынан шыға алмаған ақорыстардың қандай күйге тап болғанын жоғарыда жаздық. Ендеше біздің де қауіп ойламасқа қақымыз жоқ...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364