Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Қауіп еткеннен айтамын 7109 38 пікір 7 Желтоқсан, 2018 сағат 13:13

Қоңыровтың құбыласы Мәскеу ме?

Петербордағы президенттердің кездесуі туралы аз-кем айтайық. Барлығын қамтып жатпаймыз, ол ұзақ. Оның үстіне одақтың бұған дейінгі жиындары қалай өтсе, бұл жолғысы да сол ауаннан асып, әріге бармады. Ал енді контент мәселесіне келсек, түртіп алар ақпарат бар, әрине. Енді сол жайлы жазайық.

Бастапқыда тек экономикалық одақ болады деп құрылған, бүгінде бірте-бірте саяси коалицияға айналып келе жатқан Еуразиялық одақтың бұл жолғы бас қосуы Петерборда өтті. (Сөз арасында айтайық, ЕАЭО – саяси коалиция болмаса – Қазақстан өткенде Азов теңізінде болған текетіреске қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шақырып, «Украина шекараны бұзды» деп ақталған Ресейді қолдар ма еді...) Оған одақтас бестіктің басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко, Сооронбай Жээнбеков, Никол Пашинян және есік егесі Владимир Путин, бақылаушы болып Молдованың Президенті Игорь Додон қатысты.

Жээнбековтің сөзі

Атамбаевтан кейін Қырғыз тағына жайғасқасын, алғашқы жұмыс сапарын Ресейден бастаған Сооронбай Жээнбеков «Россия 24» арнасына сұхбат беріп, ЕАЭО-ның болашағы, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ахуал туралы айтыпты.

Дәлірек айтсақ, енді 40 жылдан кейін ЕАЭО қандай болмақ деген сауалға Сооронбай байке былай деп жауап берген:

«ЕО секілді шекара жоқ, шекарашылар жоқ. Біздің азаматтарымыз одақ территориясында емін-еркін қатынап-тұруы, мейлі ол медициналық, мейлі ол білім беру саласында болсын қызмет түрлерін алуы керек. Кез келген мемлекеттің кез келген азаматы Белоруссияда немесе Ресей мен Қырғызстанда секілді барлық қызмет түрлерін еркін алуы керек».

Ал Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ахуал жайлы:

«Біз қырғыз бен қазақ өте жақын халықпыз. Біз секілді жақын халықтар әлемде сирек. Біз орыс пен белорус секілдіміз.  Әрине, әр мемлекеттің өз мүддесі бар. Бір проблемаға келгенде өз ұстанымы, көзқарасы бар. Әсіресе, бізге, Қырғызстанға ЕАЭО көшіне ілесу қиындау. Біз Ресей, Белоруссия мен Қазақстан нарығына жету үшін пәленбай шақырым жолды жүріп өтеміз. Сондықтан, Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болу бізге өте маңызды. Мұны біздің қазақ достарымыз, туыстарымыз да жақсы түсінеді. Біз Нұрсұлтан Әбішұлымен ресми, бейресми, әртүрлі жерлерде кездесіп, осы мәселелерді талқылап жүрміз. Ол кісі барлығын ашық айтады, мен де. Сөйтіп біз мәселені шешеміз. Біздің премьер-министрлеріміз де, вице-премьерлеріміз де, әр түрлі деңгейде кездесулер өткізіп, тұрады. Біздің қарым-қатынысымыз барлық деңгейде жолға қойылған», дейді.

Қырғыз Лидері ЕАЭО-тағы тартыстар туралы айта келіп:

«Ресеймен де, Белоруссиямен де, Армениямен де жағдай солай. Біз кейде ресми, кейде бейресми кездесулер өткіземіз. Жасыратыны жоқ, кейде дауласып қаламыз. Әркім өз еліне тартады. Бірақ, әрқашан ортақ шешім табамыз. Бірақ, әрдайым арбитр Владимир Владимирович Путин», дегенді айтады.

ЕАЭО ортақ ақша енгізе ме?

Осы жиын боларда Қазақстанның ақпарат құралдарында «ортақ валюта мәселесі қозғалады екен» деген сөз тарады. Қызық болғанда бұл әңгімені Қырғыздың бесінші президенті Сооронбай Жээнбеков айтты.

«Мен ЕАЭО болашағына сенемін. Біздің мүмкіндігіміз жоғары. Еуроодақта ортақ валюта бар.  Әрине, біз де соған келеміз, бірақ уақыт керек», дейді Жээнбеков.

Бұл сөзі үшін Жээнбековті жағасынан алып, жер-жебіріне жеткелі отырған жоқпыз. Ортақ валюта мәселесі алғашқы рет айтылып отырған жоқ. Еске түсірейікші:

2014 жылы Ресей президентінің кеңесшісі Сергей Глазьев деген ЕАЭО елдері аумағында ортақ төлем жүйесін енгізу қажеттілігі туралы айтты.

2015 жылы Ресейдің ТМД елдерінің істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс бойынша Дума комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий де ЕАЭО үшін ортақ валюта енгізу жұмыстары баяу болса да жүріп жатқанын айтқан еді.

2016 жылы Владимир Путин Орталық банк пен Ресей үкіметіне ЕАЭО-ға мүше елдердің орталық банктерімен 1 қыркүйекке дейін ЕАЭО-да ортақ ақша шығару мәселесін пысықтауды тапсырған.

2017 жылы Ресейдің Экономикалық даму министрі Максим Орешкин «Россия 24» арнасына сұхбат беріп, Ресей еуроның аналогын енгізу идеясынан бас тартпайтынын мәлімдеген.

2018 жылы Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов та ЕАЭО аясында ортақ валюта болғаны тиімді деген пікірді айтты.

2018 жылы Ресей экономисі Олег Буклемишев деген ЕАЭО ортақ ақшасы рубль болуы мүмкін дегенді айтты.

«Ортақ ақша керек» деген Қоңыровтың қойыртпағы туралы

Сорақы сол, бұл әңгімені биыл Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, коммунист Айқын Қоңыров та айтты. Енді сол Қоңыровтың сөзіне көз жүгіртейікші:

«В рамках ЕАЭС назревает необходимость к формированию единой, независимой денежно-кредитной политики и ужесточению трансграничного движения капитала. Сегодня мы наблюдаем ситуацию, когда ФРС буквально „высушивает“ денежные рынки развивающихся государств, что не обошло и страны ЕАЭС. При таком раскладе старшая валюта — доллар США будет перманентно дорожать, что мы сегодня наблюдаем на примере казахстанского тенге, российского рубля, турецкой лиры, индийской рупии. Это негативно отражается на развитии экономик. Считаю, что защититься от таких шоков и поддержать реальный сектор экономики наших стан можно. Механизм есть, и он был „обкатан“ после второй мировой войны. Многие страны стали выпускать фиатные деньги под планы по расширению производств, что позволило поднять разрушенные войной экономики. Поэтому независимая эмиссия своих денег в ЕАЭС — это необходимость. Другое дело, что надо серьезно подготовиться, ведь для введения абсолютно новой валюты требуются законодательная база, технические ресурсы».

Қысқа қотарсақ, Қоңыров «біздің депутаттар да ортақ валюта енгізуді қолдайды» деп сөйледі. Астана арнасы хабарлады, бұл туралы: https://astanatv.kz/kz/news/21128/

«Бұл мәселені Еуразиялық экономикалық одақ аясында, өңірлік деңгейде шешу керек.  Бір кездері мемлекет басшысы Еуразиялық одақ шеңберінде өзара есептесетін "Алтын" деген  дербес валюта ензізуді айтқан. Бізге тәуелсіз ақша-қаржы саясаты қажет», дейді Қоңыров.

Иә, Ленинннің қаңқасын Қазақстанға әкелуді ұсынған коммунистердің депутаты Қоңыров енді қазақтың ақшасына қарсы шықты. Айтпақшы, Айқын Қоңыров ортақ ақша туралы ойын осыдан үш жыл бұрын, 2015 жылы да айтқан еді.

Лениннің қызыл жалауын жамылып жатып, кеңестің идеологиясын жастанып оқитын Айқын Ойратұлы 2015 жылы Дума депутаты Леонид Слуцкийдің «ортақ ақша енгіземіз» дегеніне есі кете қуанып, қос қолдап қосыла кеткен.

«Экономикалық одақта болған соң ортақ валютаның болуы да жаман емес», - деп, беті бүлк етпестен, Тәуелсіз теңгені тәрк еткені есімізде. Президент Назарбаевтың өзі 2015 жылы «ешқандай ортақ валюта болмайды» дегенді қадап айтқан еді. Енді осыдан сұрақ туады. Ресей президенті Путин: «ортақ ақша керек» дегенді ашып айтпаса да, айтқыштарының аузына сап берді. Қазақстан президенті Назарбаев: «ешқандай ортақ ақша болмайды» дегенді өзі де айтты, өзгелерге де айтқызды. Оны айтқалы да, бақандай үш жыл уақыт өтті. Ойратовичтің ойы әлі өзгермепті. Сонда Қоңыров қай елдің депутаты?

Енді бұл Айқын Қоңыров кім дегенге аз ғана тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Айқын Қоңыров 46 жаста. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты. Коммунистік партия өкілі.

2011 жылға дейін «Московский комсомолец в Казахстане» дейтін гәзетті шығаратын «News Print» дейтін ЖШС-ны басқарған.

2004 жылы Қазақстан коммунистерінің Оргкомитетіне кірген. Партия тіркелген күннен бері Бюро мүшесі, аппарат жетекшісі болған.

2006 жылы Компартияның Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы болды.

2004-2007 жылдары Мәжіліске бармақ болып, компартия атынан үміткерлікке түскен.

2012 жылы Мәжілістің V-шақырылымына өтіп, депутат атанды.

2016 жылы Мәжілістің VI-шақырылымна да өтті. Қазір депутаттық қызметін жалғастырып келеді.

Бір сөзбен айтқанда Мәжілісте біраз уақыт отырса да елдің есінде «нан бағасын 300 теңгеге көтерейік» деген екі ауыз сөзімен қалған Қоңыров қой. Енді міне, Мәскеудің гәзетін басып шығарған коммунист Мәскеуге мойын созып, ортақ ақшаны қолдап отыр.

Түйін. Ұлттық валюта – Ұлт Тәуелсіздігінің айғағы. Қазақстанның ұлттық ақшасы – теңге. Биыл теңгенің айналымға енгеніне бақандай 25 жыл уақыт болды. 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашада теңге айналымға енгізілді.

ҚР «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы №57 Заңының 1-тарау, 1-бабының 14-тармағында: «Ұлттық валюта – Қазақстан Республикасының валютасы», деп жазылған.

Ал «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық Заңы бар. Сол Заңның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану тәртібі» деп аталатын 6-бабының 2-3 тарауында «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында» міндетті түрде пайланылады деп жазылған.

Ол аз десеңіз, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Конституциялық Заңы бар.

Аталған Заңның 1-тарау, 1-бабында: «Қазақстан Республикасы - тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi», деп тайға таңба басқандай жазылған.

Ал дәл сол Заңның 4-тарау, 12-бабында: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк ұлттық банкiсi бар, ол өзiнiң қаржы кредит, ақша жүйелерiн жасауға қақылы, республикалық салық және кеден жүйесiн ұйымдастырады», деп жазылған.

Бүгін Қазақстан өз Монета сарайы бар ТМД-дағы төрт мемлекеттің бірі. Осы жылдар ішінде теңге банкноталары үш рет әлемдегі үздік банкнота болып танылды. Теңге – қолдан жасаудан әлемдегі ең қорғалған валюта.

Ұлттық валюта – теңге. Ал төл теңге – Тәуелсіздіктің атрибуты. Одан саналы түрде бас тарту – Тәуелсіздікті тәрк етумен пара-пар. Сондықтан, Тәуелсіз мемлекеттің негізгі заң шығарушы органында отырған Ойратович орнын босатуы керек!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

38 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972