1967 жылы жарық көрген роман бірінші рет экранизацияланады. 2014 жылы өмірден өткен жазушының отбасы оның шығармасын кинематографияда пайдалануға қарсы болып келген.
Енді белгілі болғандай, жазушының ұлдары Родриго мен Гонсало кинокартинаның бас продюсерлері болмақ. Сериалды негізінде Колумбияда түсірмек, тілі - испанша болады.
"Әкеміз ондаған жыл бойы "Жүз жылдық жалғыздық" шығармасына кино түсіруге қарсы болып келген еді, ол фильм шығарманы баяндау үшін өте қысқа жанр деп есептеген. Мұнан бөлек фильмді испан тілінен өзге тілде түсіру мүмкін емес деп келген", – дейді жазушының ұлы Родриго Гарсиа Variety басылымына.
Жазушының ұлы қазір сериалдардың "алтын ғасыры" екенін атап өтіп, әкесінің шығармасын осы кезеңде түсіру керектігін айтқан.
Габриель Гарсиа Маркес "Жүз жылдық жалғыздық" шығармасы үшін Нобель сыйлығының иегері атанды. Бүгінгі күнге дейін бұл романы әлемнің 46 тіліне аударылып, 50 млн данасы сатылған деп жазады The New York Times.
Abai.kz