Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 4627 10 пікір 20 Наурыз, 2019 сағат 09:14

Тәуелсіз қазақ ұлты туған тілін жат тілдік ықпалдан босатуы керек

«Ана тілі» газетінде жарияланған   белгілі жазушы, тіл жанашыры Б.Нұржекеұлының жанайқай  мақалалары (18.10.2018 ж, 10.01.2019 ж, 21.02.2019 ж) және оған жауап ретінде жарияланған Е.Қажыбек (24.01.2019 ж) пен Ә.Жүнісбек мақалалары (31.01.2019 ж)  қазақ жазуы реформасындағы түйткілді мәселелерді ашық көрсетті және туған тіл тағдырына алаңдаған қауымды бұл мақалаларда көтерілген мәселелер бейжай қалдырмайтыны да анық. Бұл мәселелерді шешпейінше, қазақ тілінің бәсекеге қабілетті ұлттық тіл ретіндегі келешегін қамтамасыз ету де мүмкін емес. Сондықтан да әліпби құрамы мен емле ережелеріне ұлттық тіл мүддесі тұрғысынан сараптама жасап, өзгерістер енгізу қажет деген пікірді қостаймыз. Әлі де кеш емес, «ұлт үшін деген ұлы істі» (А.Байтұрсынұлы) түзу де даңғыл жолға түсірейік, ағайын!

Қазақ жазуына реформаның  қажеттігін, латын жазуына өтудің маңыздылығын бүгінде қазақ қоғамы түгел түсінді деуге болады. Ал әліпби құрамына, дыбыстардың таңбалануына, жаңа емле ережелеріне  көзқарас бірдей емес. БАҚ пен әлеуметтік желілерде мәселеге қатысты  кереғар, қарама - қарсы пікірлер айтылуда. Бір жағы бұл емле ұлт үшін үлкен жаңалық, тіліміз жаңарды, дамудың даңғыл жолына түсті, өзге тілдің тіл бұзар ықпалынан құтылды, ұлттық жазуға көшеміз деп сүйінші сұрап жатыр. Ал екінші жақ жаңа әліпби бұған дейінгі тіл бодандығын жалғастыра бере ме, қосамжар емле мен тиянақсыз тұжырымдар тағы да  тілді тұсайды, ештен кеш жақсы, әліпби мен емлені тағы да сүзгіден өткізейік, талдайық, талқылайық, жетілдіре түсейік деген ойларды айтуда. Бір-екі пікірді келтірсек:

«Біріншіден, бұл емле қабылданған соң біздің жазу, оқу санамыз қандай да бір тілге байланбайды, толық тәуелсіз болады».(Г.Мамырбек  «Жаңа емленің жаңашылдығы неде?», Abai.kz, 29.01.2019).Конец формы

«Бұл кирилл жазуының емлесін қайталағанымыз болып отыр. Ендеше латын әліпбиіне қазіргі кирил орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз».(Ә. Жүнісбек«Әліпби де, емле-ереже де сараптаудан өте түсуі керек», «Ег.Қаз», 17.01.19).

2019 жылдың 17 қаңтарында «Егемен Қазақстанда» жарияланған жаңа емле ережелері - қоғамға ұсынылған үшінші нұсқа. 2018 жылдың қыркүйек, желтоқсан айларында көпшілік талқысына ұсынылған жобалармен салыстырғанда азды-көпті өзгерістер болғанымен, негізі - сол ұстаным.

Туған тілдің тынысын аштырмай тұқыртып келген бір ғана мәселеге, жат тілдік ықпалға тоқталсақ.

Қазір ұлт үшін де, тіл үшін де шешуші тұстағы негізгі міндет пен мақсат - жазу реформасы арқылы туған тілдің тынысын ашу. Ал бұл  қазақ тілін өзге тілдің, нақты айтқанда орыс тілінің тіл бұзар ықпалынан босату  арқылы ғана мүмкін болатыны анық. «Біз орыс тілінің ықпалынан арылуымыз керек. Мәселе, тілдің тәуелсіздігін алуда тұр» ( Ғ.Есім,  №16, «Ана тілі», 2018).  Б.Нұржекеұлы ағамыз «Жаңа әліпби тіл бодандығын жалғастыра бере ме?» («Ана тілі», 18.10.2018 ж) деген сұрақты да тектен-тек қойып отырған жоқ. Мәселе қазақ тілінде шет тілдерден келген сөздерді қолдануға, әліпби құрамындағы жат әріптерге байланысты болып отыр.

Шет тілдерден келген сөздердің жазылымына байланысты ұсынылған емле жобасында 22 параграф берілген, ал  нақты тұжырым жоқ. Жеке әріптердің жазылымына байланысты ережелерден бұрын жалпы өзге тілдерден алынатын сөздердің қолданылуына байланысты басты қағида, тұжырымды айқындап алмаймыз ба?

Жаңа әліпбидегі жат әріптер мен өзге тілдік сөздердің жазылымы мәселесі жалпыхалықтық талқылаулар барысында  жиі сөз болды. Бұл мәселелердің туындауы да заңды. Өйткені біз жазу реформасын бастадық, бірақ күні бүгінге дейін халықаралық термин сөздерді қолдануға қатысты  бірыңғай ережеміз бен ұстанар нақты қағидатымыз болмай отырғандықтан қиындықтарға ұшырап жатырмыз. Нәтижесінде екіұшты ережелер мен қосамжар емле тағы алдымыздан шықты. Сондықтан да қазақ тіліндегі жат тілдік заңдылықтар және халықаралық сөздердің қазақ тілінде айтылымы мен жазылымы мәселесі қазіргі жағдайда тіл болашағымен тікелей байланысты ең қиын, күрделі мәселеге айналды. Бұл мәселені түбегейлі шешпей, ұлттық жазу туралы айту да қиын.

Қазақ сөзінің саздылығы мен әуезділігі жұтаңдап, бояуы кете бастауының басты себебі де осы тіл бұзар жат тілдік заңдылықтарда жатқаны анық. ХХ ғасыр басында осы мәселе көтерілгенде Алаш зиялылары бекер дабыл қақпаған екен. Өз тарихымызда өзге тілдің дыбыстық-әріптік  құрамы мен жазу ережесін түгел алған тәжірибеміз бар және оның арты неге әкелгені де белгілі. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тәсілінің ана тілімізге ықпалы қандай болғанын бүгінде қазақ ғалымдары ашық айтып отыр (Ә.Қайдари, Ө.Айтбайұлы, Ә.Жүнісбек, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Б.Қапалбек, Б.Ихсан т.б).Ал жаңа әліпби мен емле  арқылы осы тас бұғау тіл бұзар ережелерден құтыла аламыз ба?  «Русизмдерді Құран сөзіндей кие тұтып, сол күйінде бұлжытпай алу ауруынан» (Ө.Айтбаев  «А.Байтұрсынұлының өнегесі мен Ә.Қайдар қағидасы»,«Ег Қаз»,  25.09.2017 ж)  арыла аламыз ба?

Бұл  аурудың  бізге өтіп кеткендігінің бір дәлелін жаңа әліпбидің емлесінен  көруге болады. Туған тілдің мүмкіндігіне сенбей, шет тілден енген сөздердің басым бөлігін түпнұсқа үлгісіне жақындатып жазамыз деп отырғанымызды басқаша қалай түсіндіреміз?

Қазақ тілінің жаңа емлесінде өзге тілдерден енген сөздер кірме және шеттілдік сөздер деп ажыратылған, яғни кірме сөз - қазақ тілі заңына бағынған, игерілген сөздер (самаурын, кәстөм, рөл), ал шеттілдік сөздер - «жазба тұрпаты түпнұсқасынан үлкен айырмасы болмайтын өзге тілден енген сөз».

Келесі пікір бұл түсінікті толықтырып тұр.

Шеттілдік сөздер негізінен әліпби шегіндегі әріптермен қазіргі донор тіл – орыс тілінің орфографиясымен таңбаланады: akvarel, stil, lager, artıkl, kegl, fılm; moderator, marker, vaýcher, sýpervaızer, blokbaster» (Қ.Күдеринова  «Жаңа емле – сындарлы қадам»,«Ег.Қаз»,22.01.19 ж).

Жоғарыдағы «жазу, оқу санамыз қандай да бір тілге байланбайды, толық тәуелсіз болады» деген сүйінші сөзіміз қайда қалды? «Донор тілге» күні қалған тіл қалай тәуелсіз болады? Орыс тілі қазақ тіліне қашанғы донор болмақ?

Шеттілдік «сөздің жазба тұрпатының түпнұсқа тілге жақын болуы мен көзшалымға қораш болмауы». Шеттілдік сөздерді таза қазақы үлгімен жазуға қарсылар осындай да уәж айтып жүр.

Бұл уәждер мен тұжырымдарды қалай түсінуге болады? Жазу реформасының өзі санада жатталып қалған кирилл жазуының тіл бұзар ықпалынан құтылу үшін қолға алынған жоқ па?  Қазақ тілінің төл заңынан туындайтын айтылым, жазылым үлгілері сол тіл иесіне көзге қораш көрінетін болса, қазақ тілінің жаңғыруы, табиғи болмысын сақтау туралы не айтуға болады?  Бұл сол ұлттық сананың жаңғыруынан гөрі өзгені зор, өзін қор санайтын бодандық сананың, керітартпа психологияның мысалы сияқты.

Жаңа емле ережесінде «Шеттілдік бірқатар сөздер түпнұсқасына ұқсас жазылады»(§76) деп көрсетілген.  Бұл арада түпнұсқа тіл ұғымы нақтылықты қажет етеді. Қай тілді айтып отырмыз? Осы уақытқа дейін біздегі термин сөздердің басым бөлігі халықаралық сөздердің орыс тіліндегі нұсқасы болып келгендігі  аян. Жаңа емле де осы жолды жалғастыратыны көрініп тұр. Емле ережелерінің он жеті параграфында мысал ретінде   берілген  мына  сөздердің таңбасы өзгергенмен жазылым ережесі сол күйінде, дәлме-дәл орыс тілі емлесімен алынған.  Мысалы: stepler, vaýcher, sýpervaızer, banknot, bıznesmen, dızaın, chempιon, avtor, pop-mýzyka,breın-rıng, kofe-breık, market-meıker, shoý-bıznes т.б. Ал  жекелеген әріптер ауыстырылды деп берілген сөздер жазылымының тұпнұсқа орыс тіліндегі жазылымынан көп айырмасы жоқ. Мыс: Fılologıa,  kvars, ýchılıshe, stil, sýbekt, poetıka т.б. Сонда «жаңа әліпби тіл бодандығын жалғастыра бере ме?» деген сұраққа қалай жауап береміз? Өкінішке орай, осы жолмен жүрсек, тіл бодандығы жалғасатын түрі бар, «тіліміздің болашағын бұлдыр нәтиже күтіп тұрғаны даусыз» (Б.Нұржеке).

Сол сияқты біздің айтылым-жасалым (акустика-артикуляциялық) жүйеміз бұл шет тілдік дыбыстар мен сөздерді айтуға дағдыланды, бұл сөздер қазақ тіліне сіңісіп кетті деген де пікір бар. Қазақ тіліне сіңісіп кеткен  деп тек қазақ тілі заңдылығына толық бағынып, игерілген сөздерді айтпаймыз ба? Мысалы, «самаурын, болыс, көпес, тұрба» т.б. Ал өз заңдылығын өзімен ала келген сөз тіл басқыншысы есебінде, тіл болмысын бұзушы ретінде бағаланатынын білеміз ғой.

Біз жеке дыбыстарды ғана емес, сол дыбыстармен айтылатын тұтас сөздерді өзге тілдің заңдылығымен айтуға, жазуға дағдыланып қалдық. Ал ол дағдының тіл бұзар сипатын бүгінде біз айқын сезініп отырмыз. Жат тілдік сөздердің жазылым, айтылымына қарай тілін икемдеп өскен ұрпақ өзінің ана тілінде сол өзге тілдің мақамымен сөйлей бастағаны, өзінің төл сөздерін өзген тілдің заңымен жазып жүргені жасырын ба?

Жаңа емледегі шеттілдік сөздердің жазылымына қатысты тағы бір пікір:

«Шеттілдік сөздерді ұлттық тіл заңдылықтарына сәйкес игеріп жазу тіліміздің сыртқы әсерге қарсы тұру имунитетін қайта қалпына келтіретін тетік болмақ» (А.Фазылжан «Жаңа емле ережесі туралы бірер сөз»,«Ег.Қаз», 18.01.19 ж).

Айтылған пікір дұрыс, бірақ сол қазақ тілінің шеттілдік сөздерді тіл заңдылығына сәйкес игеруін біз жаңа емле ережелерінен көре аламыз ба? Тұтас шеттілдік сөздер жазылымына арналған сегізінші тараудың жиырма екі параграфының біреуінде ғана бұл сөздерге мысалдар келтірілген. «Taýar, nómir, poshta, kástóm, pálte, poıyz, sıez, slesir, vedimis, vedimistik, ketchúp[6]. Бұлардың ішіндегі «slesir, vedimis, vedimistik, ketchúp» сөздерін толық игеріліп тұр деп айту қиын, жат дыбыстар таңбасымен (в,ч), сөз басы тіл табиғатына жат дыбыс тіркесімен жазылса (сл), қалайша қазақы болмақ?

Ал сол тараудың қалған емле ережелерінде қазақ тілінің шеттілдік сөздерді игеруі ретінде келтірілген сөздердің кирилл әрпімен жазылымын, айтылымын салыстырып көрейік. «Мanо́vr- манөвр, kompúter- компүтер, knáz – кнәз, аnsámbl –ансәмбл, batalón – баталөн, vestıbúl – вестибүл, parо́l – парөл, álbom – әлбом, brıfıń – брифиң, narád – парәд, búldog– бүлдог т.б». Игеріп жазуымыздың түрі осы ма? Шынын айтсақ, бұл сөздерді қазақ тілі заңдылығын керісінше бұзып тұрған сөздер ретінде мысалға алуға болады. Сөздерді толық қазақ тілінің заңдылығымен жазуға, айтуға не кедергі? Мыс: «мәнебір, кәмпүйтер, кінәз,әнсәмбіл, бәтәлөн, бестебүл, пәрөл, әлбөм. Әлде біз өзімізге өзіміз сенбей, қазақ тілінің мүмкіндігіне күмәнданып отырмыз ба? «Легионер дыбыстар» мен «донор тілсіз» қазақ тілі күн көре алмай ма? Әлемнің кез келген тілінен келген сөзді қазақ тілінің заңына толық бағындырып айтуға, жазуға қазақ тілінің шамасы келсе де, осы тілдің иесі болып отырған біздің шамамыз келмей отыр, нақты айтсақ, батылымыз бен санамыз жетпей отыр деп ашығын айтқан дұрыс болар.

Әрине, тап осы күйде, кирилл жазуымен бергенде орыс тілі заңына бауыр басып қалған  қазіргі ағайынға  ерсілеу, көзге қораш көрінуі мүмкін.  Ал латын әліпбиімен  жазсақ, жазуда  ешқандай қораштық байқалмайды. Мыс: mnо́bir, kámpúıter, kináz, ánsámbil, bátálón, bestebúl, páról, álbóm, birepiń, parat, bóldók».Тілдің айтылым нормалары да біртіндеп қалыптасар еді. Ең бастысы, келешек ұрпақ қазақ тілінде өзге тілдің ықпалынсыз таза сөйлеу, жазу мүмкіндігіне ие болар еді. Жазу реформасының өзі тіл болашағы үшін қолға алынғаны анық қой.

Бұл арада басты мәселе жаңа әліпби құрамына, әліпбидің емлесіне байланысты болып тұрғаны анық. Қазақ тіліне жат дыбыстар таңбалары әліпбиден орын алса, олардың жазылымын реттейтін ережелер де жазылатыны сөзсіз.

Жаңа әліпби құрамында «я,ю, ё, э, щ,ц, ь,ъ» таңбаларының болмауы  туған тілді өзге тілдің ықпалынан арылту мақсатына сай келеді.  Өте дұрыс. Заңды сұрақ туындайды. Бұл бағыттағы шаралар неге жартылай жүргізіледі?  Әліпбиде ұсынылған «ch- (ч), v –(в), f –  (ф). Һ – (х) » әріптері мен «кино, инженер, институт, курс» сөздеріндегі «и, у» әріптері де қазақ тіліне жат дыбыстардың таңбалары емес пе? Осы жат дыбыс таңбаларын әліпбиде қалдырудың өзі өзге тілдің ықпалына қайта көнуді, тіл бодандығының жалғаса беруін білдіріп тұрған жоқ па?

Төл сөздерде жазылып, көп сұрақтар тудырып келген и [ый], [ій] әрпі мен сөз басында және дауыссыздардан кейін жазылып келген у [ұу], [үу] әрпінің жазылымы емле ережелері концепциясы жобасында төмендегідей түсіндірілген, жаңа емледе осы үлгімен берілген.

«Ерін қатысы жағынан [ұу], сондай-ақ езу қатысы жағынан [ый, ій] түрінде бір-бірімен кірігіп кеткен тел дыбыстарды (қосар дыбыстарды) бір әріппен орфографиялау орынды деп танылады».

Біріншіден, бұл дыбыс тіркестерін бір-бірімен кірігіп, бір бүтінге айналған дыбыстар деп тану қаншалықты орынды? Қазақ сөздері буынға бөлінгенде бұл дыбыстар әр буын құрамында айтылатыны анық қой (қы-йын, құ-уат, ұ-уақ, і-йін, кі-йім). Cол «ту» сөзіне тәуелдік жалғауын қоссақ (тұ-уы), бір бүтін деп отырған дыбыстар екі буында айтылмай ма?  Сол сияқты «ый» тіркесінің «сыйлық, тыйым» сөздерінде жазылып, тап сол үлгімен айтылатын  «жиын, миық, қиық, тиын т.б» сөздерде жазылмауын түсіндірудің өзі оңай емес. Ал осы сөздерде  және «жиі, ие, суы, қуан, биі» сияқты сөздерде қос дауысты қатар келеді деп тіл бұзар ережемен түсіндірген кезең де болды.

Осы мәселеге қатысты бұрынғы ережені қалдыру арқылы емлемізге басы артық, керексіз ережелер қайта келді. Бұл арада бізде  бұрын бірде дауысты, бірде дауыссыз  деп келінген «у» (сөз басында және дауыссыздан кейін)  мен қазақ сөздерінде (жиі, қиын, иық) дауысты дыбыс деп түсіндіріліп келген «и» дыбыстары мен әріптеріне  қатысты «тіл бұзар ережеге» нүкте қойылғаны дұрыс. Ғалым пікіріне құлақ ассақ, «и, у» әріптерінің қазақ сөздерінде жазылымына  қатысты шешуші сөзді академик Р.Сыздықова айтты деп ойлаймыз («Қазақ әдебиеті», 14.09.2018 ж ).

Ал бұл дыбыстардың (й,у) жаңа әліпбиде таңбалануына келсек, фонетист-ғалым Ә.Жүнісбек пікіріне тоқтағанымыз жөн. «Әлеми жазу дәстүрі мен жазу теориясына лайық  қазақтың У (дауыссыз) дыбысы  [w] таңбасымен, Й дауыссыз дыбысы [y] таңбасымен міндетті түрде белгілену керек».

Екіншіден, бұл әріптер өзге тілден енген (орыс тілінен) сөздерде қалай оқылады? Емленің қазанда (2018 ж) ұсынылған жобасында « ı (и), ý (у) әріптері шеттілдік сөздерде дара дауысты дыбыс ретінде таңбаланады:ınstıtýt, kıno, granıt; ýnıversıtet, fýtbol, resýrs» (§8) деп берілген еді, ал кейінгі нұсқасында («Егемен Қазақстан»,17.01.2019) бұл ереже алынған. Оған да шүкір.  Сөйтсе де осы емле ережелерінде берілген мына «ýnıversıtet, sýpervaızer, skrınshot hımıa, gımnazıa,  komýna, sılabýs, týnel, kýrs» сөздерінде  ı, ý әріптері дауыссыз дыбыс таңбасы ма, дауысты дыбыс таңбасы ма? Бұл сөздерге дыбыстық талдау жасағанда қалай түсіндіреміз? Дауыссыз болса, қалай буын құрап тұр? Дауысты болса, қай тілдің дауысты дыбысының таңбасы, орыс тілінің бе? Бұл қазақ тілінің емле ережелері емес пе? Егер орыс тілі дауыстыларының таңбасы десек, онда біз тағы да «жартыкеш жазу, қосамжар орфографияға» қайта ораламыз ғой.

Шеттілдік сөздердегі «и,у» (сөз басында және дауыссыздан кейін) дыбыстарын «ый, ій, ұу, үу» әріптерімен жазсақ, шұбалаңқылыққа ұшыраймыз деген де  уәждер айтылуда. Өзге тілден алынған сөздерде бұл дыбыстарды барлық жағдайда қос әріптермен жазу міндетті емес. Орыс тілінде (ал біз терминдерді «донор тіл» арқылы алып келдік) бұл әріптер (и,у) қос дыбыстарды емес, дара дауысты дыбыстарды таңбалайды. Сондықтан бұл дыбыс әріптерін қазақ тіліндегі ұқсас дара дауысты дыбыс әріптерімен берген дұрыс және бұл біздің жазу тарихымыз үшін жаңалық емес.  Ертеректе тілімізге енген кірме сөздердің жазылымын қарайық. «Бәтеңке (ботинка),керзі (гирза), тұрба (труба),орыс (руский), әртіс (артист), кәрзеңке (корзина), кірпіш (кирпич), сот (суд), пұт (пуд), көшір (кучер), рөл (роль) шенеунік (чиновник), көпес (купец), бөтелке (бутылка),дүнген (дунган) немесе Мемтерминком бекіткен Ыстамбұл (Стамбул), Бейжін (Пекин), режім (режим), станса (станция),  Ұлан – Батыр (Улан – Батор) т.б.

Осы тәсілмен  кірме сөздерді қазақ тілі заңдылығымен жазып, «и» әрпін келген орны мен айтылымына қарай «е, ы,і» әріптерімен (enstetót,derektir, enjener,minister, depozet), «у» әрпін «ұ,ү,o,ө» әріптерімен (únibersetet, pakúltet, bópet, potbol,Ulan-Úde) таңбалауға әбден болады ғой.

Сол сияқты «ch- (ч), v –(в), f –  (ф). Һ – (х) » әріптеріне де қазақ тілінде баламалар бар. Сһ – ш, v – б,у,п, f – б, п , x – қ, к. Мысалы: шот, пошта, тауар, зауыт, пітір, дәптер, қылор, рақым т.б. Тілге тек өз заңымен өмір сүруге толық мүмкіндік берсек болғаны. Шеттілдік сөздерді қазақ тілі заңдылығына бағындырып айту мен жазу, ең алдымен, тіл болмысын сақтайтын, тілді өзге тілдер ықпалынан қорғайтын ең қуатты құрал екендігін ұмытпайық.

Жазу реформасының басты мақсаты – қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тілдегі «тіл бұзар ережелерден»  арылу деп түсінеміз. Сондықтан да     жат (кірме) дыбыс пен таңбалардың, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты  түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды.  Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес.  Қазақ жазуы мен емлесінде шешімін күткен осы мәселелер болашаққа жүк болмауы үшін бүгін шешілгені дұрыс. Өзге тілден сөздерді біз қазақ тіліне қызмет етуі үшін алдық қой. Ал тілімізге қызмет етсе, сол тіл заңына бағынуы керек.

Бүгінде осы әліпби мен емле ережелеріне қатысты өтпелі кезеңдегі нұсқа деген де уәждер айтыла бастады. Сонда ертең өтпелі кезеңнен кейін қыруар қаржы жұмсалған оқулық, сөздік, анықтағыштар мен көмекші құралдар қайтадан шығарыла ма? Ең бастысы, бұл кезеңде осы жартылай ұлттық жазумен сауат ашқан  ұрпақ алдында кім жауап береді?

Қазақ орфографиясы ережелерінің тұжырымдамасы мен емле ережелерінен біздің күтетініміз - қазақ жазуының негізі мен ұлттық сипатын  анықтайтын  нақты да анық тұжырым мен қағидалар. Жалпыұлттық маңызы бар ұлттық жазу, оның емлесі туралы асығыс шешім де, қателіктер де болмауы тиіс. бұл мәселеде «біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек»және «бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды» (Н.Назарбаев). Сондықтан да, ең алдымен, ұлт пен ұлт тілі  болашағы алдындағы жауапкершілік пен міндетті түсіне де түйсіне отырып, шешім қабылдаған дұрыс.

Ұлттық санасы, рухы күшті халық қана өз мақсатына жететіні анық. Туысқан түрік елі тарихынан бір сабақ. Өткен ғасырдың 30 жылдары Түркияда жазу реформасын жүргізген М.Ататүріктің  басты мақсаты түрік тілін өзге тілдердің ықпалынан босату болды. «Өз отанының биік азаттығын қорғай алған түрік ұлты тілін де өзге тілдердің бұғауынан босатуы тиіс».  Тәуелсіз қазақ ұлты да туған тілін жат тілдік ықпалдан босатуы керек.

Бүгін тарих ұлт пен ұлт тіліне даму мен өркендеуге жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанда тіліміздің ата заңына өріс беру арқылы ғана біз тілімізді табиғи таза қалпында сақтап қала аламыз.  Ол  - жаңа ұлттық әліпбидің қазақ тілінің сөздік қорындағы барлық сөздерді (кірме сөздерді, терминдерді қоса) сингармонизм заңы, яғни үндесім нормалары бойынша қолдануға мүмкіндік беруі. Қазақ тілінің 9 дауысты, 19 дауыссыз дыбыс, барлығы 28 дыбыстан тұратын дыбыстық қоры арқылы әлемнің барлық тілдерінен келген сөздерді айтуға, сол дыбыстар таңбалары арқылы жазуға болады. Бұл жазу мен әліпби  үлгілерін ғалымдар (Ә.Жүнісбек) ұсынып та жүр. Ә.Жүнісбек ағамыз ұсынған әліпби жобасының (34-1.01.2019 ж, «Ана тілі») артықшылықтары:

- төл дыбыстар таңбалары ғана қамтылған;

- тілдің басты заңы үндесім арнайы жіңішкелік белгі (қоснүкте немесе акут) арқылы әріп, буын, сөз таныту қызметін атқарып тұр;

- «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымының  сақталған;

- туысқан түркі тілдес халықтар әліпбилеріне жақын.

Әрине, бұл арада қалыптасып қалған көзқарас, дағды бар екені, белгілі бір кезеңде қиындықтар туындайтыны аян. Бірақ «қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес» (Н.Назарбаев). Қазақ тіліне де тіл тынысын ашатын, тілді бодандықтан құтқаратын тәуекелшіл қадам қажет. Бүгінде біз туған тілімізді шын мағынасында жаңғыртамыз, азып-тозудан сақтап қаламыз, болашақ ұрпаққа асыл қалпында жеткіземіз десек, осы тәуекелшіл қадамды жасауымыз керек деп ойлаймыз.

Ең алдымен, үкіметтің тиісті органдарына А.Байтұрсынұлы ат.Тіл білімі институты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен, басқа да мүдделі мекеме, ұйымдармен бірлесіп, осы жылдың 1 жартысынан қалдырмай қазақ жазуының өзекті мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі жалпыұлттық арнайы жиын өткізу туралы ұсыныс түсіреміз. Басты мақсат - ұлттық жазу мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, ұлттық мүдде тұрғысынан ортақ пікірге келіп, шешім қабылдауға қол жеткізу. Сонымен бірге  жазу реформасы арқылы ұлттың рухани жаңғыруын жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің барлық өркениетті елдердегі сияқты конституциялық мәртебесіне сай қолданылуына қол жеткізу, қуатты ұлттық идеологияның негізі болатын мемлекеттік тіл идеологиясын қалыптастыру мақсатында   «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау мәселесі талқыланып,   Елбасына, ел сенаты мен мәжілісіне арнайы ұсыныс түсірілсе, «ұлт үшін деген ұлы іс» (А.Байтұрсынұлы) түзу де, даңғыл жолға түседі деп ойлаймыз.

Болат  Жексенғалиев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы, тілші-маман

Abai.kz

 

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475