Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 10348 0 пікір 27 Мамыр, 2011 сағат 06:27

Әсел Рзаева. Қайран қазақ қыздары-ай...

Ертеде ата-бабаларымыз, әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Қыр гүліне тән нәзіктік пен батылдық бір бойына жарасқан қазақтың қыздарына тәнті болған жазушыларымыз шығармасына арқау етсе, ақындарымыз инабаттылығы мен нәзіктігін әнге қосып, өлең өрнектерімен көмкерген. Сонымен қатар, қазақ қыздарының бойындағы ерлігі, тапқырлығы, төзімділігі, қайраттылығы талай әндерге де арқау болғаны жасырын емес. Айталық, Біржан сал, Ақан, Мұхит, Балуан Шолақ, Естай сынды сал-серілер және белгілі тұлғалар қазақ қыздарының парасаттылығын дәріптеумен өткен. Оған дәлел: әйгілі «Гауһартас», «Жасал қыз», «Айттым сәлем Қаламқас», «Қорлан» әндерін айтуға болады. Мұнда да қазақ қызына деген шексіз махаббат суреттелген.

Ертеде ата-бабаларымыз, әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Қыр гүліне тән нәзіктік пен батылдық бір бойына жарасқан қазақтың қыздарына тәнті болған жазушыларымыз шығармасына арқау етсе, ақындарымыз инабаттылығы мен нәзіктігін әнге қосып, өлең өрнектерімен көмкерген. Сонымен қатар, қазақ қыздарының бойындағы ерлігі, тапқырлығы, төзімділігі, қайраттылығы талай әндерге де арқау болғаны жасырын емес. Айталық, Біржан сал, Ақан, Мұхит, Балуан Шолақ, Естай сынды сал-серілер және белгілі тұлғалар қазақ қыздарының парасаттылығын дәріптеумен өткен. Оған дәлел: әйгілі «Гауһартас», «Жасал қыз», «Айттым сәлем Қаламқас», «Қорлан» әндерін айтуға болады. Мұнда да қазақ қызына деген шексіз махаббат суреттелген.

Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Оны мынандай мақал-мәтелден анық аңғаруға болады. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған және еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. Мысалы, «Қыз өріс, ұл-қоныс» деп білгендіктен халық өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөліп «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» деген оймен, қыз тәрбиесіне аса көңіл бөлген. Әрбір ата-ана қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз деп санаған және қыздың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақытта есінен шығармаған. Алайда, бүгінгі таңда көптеген ата-аналарға қарап отырып, жағаңды ұстайсың. Қыздарының белі бесіктен шықпай жатып, ашық-шашық киіндіріп, сән қудырып, мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ сәнқой болып шыға келеді. Есіл-дерті киім болып тұрған баланың ойында оқу, білім алу деген ой қайдан болсын. Осылай өсірген қыздарымыз, ертеңгі күні қандай ана болмақ, солардың бір сарынын күнделікті көзімізбен көріп жүрміз. Қыз баланың ең қасиетті жері, әрине ол құрсағы емес пе? Дегенмен көптеген аруларымыз өздеріне сән етіп, осы кіндік тұсын ашып жүруді сәнге айналдырған. Әр адамның көзі түскен, ер азаматтарымыздың ойы бөлінген кіндік тұсындағы құрсақта пайда болып, жетілген баладан қандай азаматты, қандай қазақ қызын күтеміз? Сонымен қатар, қыз-келіншектеріміздің арақ ішіп, темекі тартуы - бұл үлкен қасірет. Өйткені, ана бойымен, балаға дарыған жағымсыз қасиеттен ұрпағымыз уланары жасырын емес. Әйел болудың, ана болудың Алланың сыйлаған баға жетпес бақыт екенін, қаркөздеріміз қашан түсінеді екен?

Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз - ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, салиқалы әже болары табиғат жолынан белгілі. Сондықтан иманы мен ибасы жүзінен байқалатын қазақ қыздарына ата-бабаларымыз қырық үйден тыйым салып, көзінен таса қалдырмай, тәрбиесіне үлкен мән берген. Әйел - шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы, тұрмыстың сәні мен салтанаты. Дүниедегі мейірім мен махаббат ана сүтінен дарып, әйел жүрегіне ұялаған дейді. Бірақ, бүгінгідей жалаңаштанып, езулерінен темекенің түтінін будақтатып, қаланың түнгі қонақтарына айналған аруларымызға қараған сәтте, бүкіл қазақ қыздарының болмысы өзгергендей болады. Тіпті, мектеп табалдырығындағы қыздарымыздың өзі тым еркінсіп кеткен. Мәселен, сабақтан қайтып келе жатқан екі қыздың әңгімесіне құлақ түрсең «Ой, қойшы, ол маған ұнамайды, ауылдан шыққаны көрініп тұр. Анау өзі бүгін жынды киініп алыпты, шақырып алып сабасына түсірейік, ұрып кетейік, кешке клубқа барайық» деген сөздерді еститініміз рас. Ал, осылай өсіп келе жатқан қыздарымыз, жастық шаққа тән махаббат деген сезімді қайдан түсінсін. Жұдырықтай ғана жүректің дегеніне көніп, «ол мені сүйеді» деген сеніммен өмір сүріп, үкілі үмітті кеудеге іліп, сондай бір үмітпен ұйықтап, сонымен ояну бір бақыт екенін бүгінгі қыздарымыз сезінбейді де.

Халқымыз ертеден-ақ қызды қонақ деп санап, төріне шығарып күткен. Бұл үрдіс жойылған жоқ, әлі де болса өз жалғасын табуда. Бірақ көптеген қазақ қыздары сипағанды білмей, секіріп-ақ жүр. Олай дейтінім, Қазақстаннан басқа қай елдерде қыздарға арналған жоғарғы оқу орны бар. Бұны мұсылман мемлекеттерінің қызды ұлдан бөліп оқытуының белгісі емес, бұл қазақ дәстүрінде қыз баланы сыйлаудың ерекше нышаны деп бағалау керек. Ертеде аналарымыз, отбасы ошақ қасында, балаларының тәрбиесіне, ерінің қабағына қарап, сол үйдің түтін тұтатып отырған. Сол аналарымыздың арқасында еліміз ел болып, тәуелсіздігіміз тұғырына қонып, бүгінгідей ұрпақтың яғни, қазақ халқының жер бетінде өмір сүріп жатқандығы деп білемін. Әрине, қыздарымыздың білім алып, жұмыс істеуіне ешкімнің қарсылығы да, дауы да жоқ. Дегенмен, көпшілік қыздарымыздың шектен шығып бара жатқандығы қатты қынжылтады. Онымен қоса, қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы қалыпты жағдайға айналған сыңайлы. Ұлты басқа адамдармен шаңырақ көтерген бойжеткендеріміздің көпшілігі материалдық байлықтың жетегіне еріп, ертеңгі күнін ойламауы. Жарайды, өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жатыр, оған да көндік. Бірақ, сол ұзатылған қыздарымыздың барлығы бақытты болып, барған жеріне тастай батып, судай сіңіп жатыр ма? Әрине, жоқ. Бір жылдан кейін-ақ баласын арқалап, жылап, еңіреп келіп жатады. Кім өз баласын сыртқа тепсін, кезінде жұртқа масқара болған ата-анасы қызын қайтадан үйіне кіргізіп жатады. Қарапайым халыққа кешіріммен қарағанымызбен, елдің тізгінін ұстап отырған беткеұстар зиялыларымыздың, қалам ұстаған қаламгерлеріміздің ішінде де өзге ұлт пен құдаласып, «құда мың жылдық» деп, ұлан-асыр той жасап, қыздарын ұзатып жататындары да аз емес. Мұның өзі қыздарымыздың ата-анасын тыңдамайтындығын білдірсе керек. Бұрындары әкенің қабығына қарап сөйлейтін қыз, әкенің қабағы түгілі атаның қабағына да қарамайды. Қазақта «әкенің сөзі - оқ» деген жақсы сөз бар, алайда біздің қоғамда бұл сөздің мәні де, қадір-қасиеті де қалмаған-ау шамасы. Қазақ қыздарының ішкі жан дүниесінің сұлулығына, мәдениеттілігіне, әдептілігіне өзге жұрттар таңдай қағып қарап, өздеріне үлгі етер күн қашан туады екен.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме? Әйтеуір осынау алмағайып заманда еріне бағынбайтын бетінен алып беттеңдейтін әйел, кесапат қыз, кесірлі келін пайда болды. Онымен қоймай, әйел затының билікке қол салғаны қашан, енді билікті бағындырмақшы. Әрине, қыздарымыз оқысын, өз саласын игерсін, жұмыс істесін. Бірақ билікке, саясатқа араласу әйел затына сай қылық емес. Қазақ халқы еліктегіш келеді ғой. Батыстың жағымсыз әрекеттерін өзімізге дұрыс етіп көшіріп алудан алдымызға жан салмаймыз. Айталық, гендерлік саясат яғни, әйел қауымының саясатқа араласуы сияқты бізге жат қылықты өзімізге аман-есен көшіріп алдық. Дегенмен біздегілер мұны әйел теңдігі деп қабылдап алды. Жо-жоқ, бұл әйел теңдігі емес, бұл үлкен саясат. Шын мәнінде, бұл өзінің билік кұмарлығын саясаттың көлеңкесінде жасырғысы келетін әйелдердің ісі. Негізінде әйел биліктегі саясаткер емес, отбасындағы саясаткер болуы керек. Жалпы қоғамда әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттері, жаратылыс құбылыстарымен ерекшеленеді. Негізінде әйел сырттан гөрі, ішкі шаруаға бейім болып келеді. Егерде әйел билік қуып, бір мансаптың соңында жүріп, есіл-дерті дала, саясат болса, ол отбасындағы бала тәрбиесі, күйеуімен арадағы байланысы қандай болмақ? Мұндай әйелдердің бір сарынын көріп те жүрміз. Тіпті біреулері, бесіктегі баласын күйеуіне тастап, өзі «мен ақша тауып жатырмын» дегендей күйеуіне билік жүргізіп отырады. Сірә, бұдан асқан сорақылық, бұдан асқан қасірет жоқ шығар.

Бүгінге көз жүгіртіп қарасақ, әйелдер қауымы еркектердің барын алды емес пе? Мысалы, жаулықтың орнына, еркектің басындағы қалпағын, қос етек көйлектің орнына шалбарын, еркектің езуіндегі шылымы мен шарабына дейін тартып алды. Енді қалғаны билік еді, оны да алуға тырысып бағуда. Сонда ер азаматтардың несі қалды?

Түптеп келгенде әйелдер биліктегі саясатпен емес жанұяның саясатымен айналысса. Сол отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауынан жетім балалар көбейіп, ерлі-зайыптылардың ажырасуы жиілеп кетті. Егер қолынан келіп жатса екеуімен де айналыссын. Бірақ екі кеменің басын ұстаған суға кетеді дейді. Өзі ғана суға кетсе мейлі ғой, отбасын ойрандап, шаңырағын шайқалтып, билікті есеңгіретіп тынады емес пе? Гендерлік саясат бала тәрбиесіне де, демографиялық ахуалға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Оған дәлел қыздарымыздың жұмыс басты болып «карьерасын» жалғастырып, тұрмысқа шыққанның өзінде бала аяққа тұсау деп, бала тууға қарсылық танытады. Осы орайда әйел затының орнын анықтап көрейікші. Құран кәрімде айтылғандай еркектің әйелден артықшылығының сыры еркектің мал тапқыштығында яғни мал табуға жаралғанында делінген. Бүгінде керісінше «менің еркектен қай жерім кем, өзімді өзім асырай аламын, еркектің маған қажеті шамалы, ғылым дамыған заманда еркексіз-ақ балалы бола аламын «деп жүрген қыз келіншектеріміз көп-ақ. Мұндай әйелдердің күйеуіне бағынбақ түгілі, шаңырақ көтеруге деген ниеті де жоқ екені анық. Жұмыс басты болып, үйдің тірлігінен қол үзіп, басы байлы даланың адамына айналады. Әрине, мұндай отбасылардың ажырасып тынары сөзсіз. Кешке жұмыстан шаршап келгенде алдынан күлімдеп әйелі, еркелеп балалары шықпаған отбасында қайдан береке болсын?! Қай жағынан алып қарасақта әйелден еркек артық жаратылған. Оны мойындағымыз келмесе де, мойындауға міндеттіміз. Ақылмен ойлаған адамға «Жәннат - ананың табанының астында» деп айтылған сөздің өзі жеткілікті емес пе?

Тарих беттерін парақтайтын болсақ, бұрынғы ғасырларда өмір сүрген текті аналар мен әйел адамдардың есімдері еріксіз ойға оралады. Ел билеген Томиристің ақылдылығы, есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі - Домалақ ананың әулиелігі, батырлығы баршаға аян. Ұлы отан соғысына қатысқан мыңдаған мұсылман әйелдердің ішінен Әлия мен Мәншүктің «Шығыстың қос жұлдызы» ретінде мәңгі жарқырап қалуы тегіне тартқандықтың белгісі болса керек. Ал бүгінгі біздің сұлуларымызға қарасақ, осы ойымызға кірбің түскендей. Олай дейтінім, «Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін» аналарымыздың көбі, өз отбасыларын тастап, өзгенің шаңырағына ойран салып, өзге еркектің етегіне жармасып, күн кешіп жатқандығы. Ата-бабаларымыз «тіршіліктің бастауын - әйел» деп санаған. Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді» деген, бірақ бүгінгідей қыздарымыздың ұсақталып жатқанына қарап, бұлай ойламақ түгілі сенгің де келмейді. Батырлық пен қайраттылықты өн бойына қатар жинап, биязылығымен өзін бағалата білер қазақ қызының таза да тұнық болмысы - тектілігіміздің айнасы. Сондықтан да қыздарымыз қоғамдағы алатын өз орнын біліп, көңілге қаяу түсірмесе екен дейміз.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371