Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
5287 0 пікір 29 Наурыз, 2019 сағат 21:16

Қобда ауданында Елбасының әлеуметтік саясаты табысты жүзеге асырылуда

Ақтөбе облысының солтүстік-батысында орналасқан Қобда ауданында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің әлеуметтік бастамалары мен сарабдал саясаты табысты әрі сәтті түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтің Ақтөбе облысына сапары кезінде белгілі болды.

Сапар барысында партия Төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев Қобда ауданына арнайы сапармен барып, Елбасы ақпан айының соңында өткен партияның кезекті XVIII съезінде анықтап берген «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» әлеуметтік ірі жобалары аясында атқарылған жұмыстармен танысты.

Атап айтқанда, ол Қобда ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Заман талаптарына сай салынған бұл спорт нысанында бассейн, фитнес және жаттығу залы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үнемі салауатты өмір салтын ұстану жайлы айтып жүреді. Қазақстан халқының сау денелі әрі салауатты өмір сүруі үшін спортпен айналысу ауадай қажет. Елбасының осы бастамасына сай, мемлекетіміздің әр өңірінде түрлі спорттық нысандар салынып, өңірдегі тұрғындардың өзі қалаған спорт түрімен алаңсыз айналысуына жағдай жасалған. Сол секілді, Қобда ауданында да жергілікті тұрғындардың тұрмыс өресін өсіріп, салауатты өмір салтын ұстануына негіз қалау мақсатында жоғарыда біз атап өткен спорттық нысандар салынып, пайдалануға беріліп отыр.

Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары И.Тайманов атындағы Қобда гимназиясына ат басын бұрып, ауданның «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде, партиялық жобасы аясында ашылған ІТ-сыныпта және мектеп асханасында болды.

Одан бөлек, кәсіпкерлікке бет бұрған белсенді ауыл жастарымен кездескен Мәулен Әшімбаев елдің болашағы жас буынның қолында екенін айтты. Партия Төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, "елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы - бүгінгі жастар қауымы". Сол үшін елімізде жастарға жоғары деңгейде көңіл бөлініп отыр. Оның айқын мысалы, 2019 жыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің ұсынысымен "Жастар жылы" болып жарияланып отыр.

– Жастар арманшыл болуы керек. Көздеген мақсатқа жету үшін қажырлы еңбек пен табандылық қажет. Елбасы жастардың заманға сай дамуына барлық жағдайды жасап берді, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев Ақтөбе қаласындағы ерекше талаптарды қажет ететін жандарға арналған «Coworking space» орталығында болды. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ашылған бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді.

Орталық жұмысын үйлестіруші, «Алаш» мүгедектер қоғамының төрағасы Әлібек Елеусізовтің айтуынша, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылықпен айналысып, өз мүмкіндіктерін дамытуға және түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық жағдай жасалған. Бұдан басқа, орталықта қамкөңіл жандардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне арналған кітапхана жұмыс істейді. Тіпті шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойнап, музыкалық аспаптармен көңіл көтеруге де мол мүмкіндік бар.

Мұндай орталықтардың кез келген қоғам үшін маңызы зор екенін айтқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыру Елбасының тікелей тапсырмасы екенін жеткізді.

– «Nur Otan» партиясы бұл салада мүмкіндігі шектеулі жандардың инклюзивті білім алуына, олардың жұмысқа орналасуына, саяси-қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына және қоғамда кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты басымдықтар бойынша жұмыс істеуде. Бұл істе Ақтөбеде ашылған осындай орталықтардың тигізер әсері мол. Сондықтан оны еліміздің барлық өңіріне үлгі ретінде көрсетеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сапар барысында «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» жобалары бойынша да өңірде қолға алынған жұмыстармен танысты. Аталған әлеуметтік жобаларды Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның кезекті XVIII съезінде анықтап, нақты тапсырмалар берген болатын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963