Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Тұлға 8319 18 пікір 30 Наурыз, 2019 сағат 15:38

Қожакеев...

«Қожакеевтен дәріс алдық...», «КазГУ журфагының дүрілдеп тұрған кезі Қожакеев басқарған жылдар еді», «Сонда Қожакеев айтқан екен...», «Темкең айтпақшы, журналист деген былай болу керек», «Қожакеевтің шарапаты сонда бір тиіп еді»… Аға буын журналистердің қай-қайсысы да журналистика немесе студенттік өмір туралы әңгіменің әлқиссасын осылай бастайды. 

Қазақ журналистикасының және сатирасының тарихын зерттеп, бір жүйеге түсірген Темірбек Қожакеевті білмейтін жан кемде-кем. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін жиырма жылдам астам уақыт басқарып, темірдей тәртіп орнатқан Темаға қазақ әдебиеті мен баспасөзінің теориясын қалыптастырған ғалым. Қарымды публицист, шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз.

Темірбек Қожакеев 1926 жылдың 17 желтоқсанында Жамбыл облысы, Меркі ауданына қарасты, Ойтал ауылында дүниеге келген. Дүниеге шыр етіп келіп, көзін ашқанда бір жағынан қуанып, бір жағы сол кезде қиын өмірдің тауқыметінен өздері үшін емес, балалары, болашақтары үшін қорқып, ата - анасы жас сәбидің құлағына қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша темірдей берік болсын деген ниетпен үш қайтара «Темірбек» деп дауыстапты. Бала күнінен сол кезеңнің ауыр күндерін көрсе де, ешқашан мойымады. Әрдайым алға жылжып, өмірге деген сүйіспеншілігін дәлелдеп, үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын айқындып берді. Ата-анасының ақ тілегі қабыл болып, өмірдің ыстық суығына төтеп беріп, бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, ұзақ жылдар бойы республикамыздың баспасөзімен бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқаратын журналист кадрларын дайындауға атсалысып, қарапайым оқытушылықтан ғылым докторы, профессор дәрежесіне көтерілген Темірбек Қожакеевтің еңбегі ерен екендігі даусыз.

Темірбек Қожакеев 1953 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, сонда оқытушылық  қызметке тағайындалғаннан бастап, саналы ғұмырын сол білім ордасына арнады. 1970-1986 жылдар аралығын­да журналистика факультетінде декан болды. Темкең туралы небір аңызға бергісіз қызықты әңгімелер де осы тұс­тарда өрбіді. Көз көргендер оның, алдымен, өте қатал басшы болғанын, факультетте темірдей тәртіп орнатқа­­нын айтады. Ол жөнінде белгілі журналист Ғазизбек Тәшімбай Темірбек Қожакеев туралы былай еске алады: «Алғашқы күннен-ақ үзілді-кесілді шарт қойған: «Сабаққа кешікпейсіңдер, түгел қатысасыңдар, берілген тапсырманы уақтылы орындайсыңдар. Өйтпеген жағдайда оқумен қош айтысасыңдар». Айтты – бітті, кесті – үзілді.

Тіпті, басқа лекцияларға бірде  келсе, бірде келмей жүретін бір жігітіміз бар еді. Біз оқитын факультетте қамқор­шысы, қолдаушысы  болғандықтан өзін еркін ұстап, еркін жүретін.  Соның өзі Темірбек ағайдың лекциясынан қалмайтын болды. Суыртпақтап сыр тартқанымызда «ұстаздың үрметі үшін» ғой деп жауап беретін». [1]

Әсіресе, Темірбек Қожакеев­тің әділдігі мен әрбір студентінің аты-жө­нін, отбасылық жағдайын, қиын­дықтарын, мінез-құлқын, бәрін біліп жүретін адамгершілігін ерекше тебіреніспен әңгімелейді. «Кезіндегі журфакта мек­теп бітіріп, студент атанғандарға бірер курс бойы «Қазіргі қазақ тілі» деген пән жүретін. Талғат Сайрамбаев сынды керемет ғалымдар оқытатын. Бір үтір қоймай кетсеңіз – «екі», бір сөйлемді синтаксистен дұрыс құрмасаңыз – «екі». Міне, бізді сауатты журналист еткен сол кездегі деканымыз Темірбек Қожакеев жарықтық еді», – деп жазады елімізге танымал, қаламы қарымды журналист Қайнар Олжай. [2]

Ғазизбек Тәшімбай тағы бір естелгігінде, ағайдың тапсырмаға берген курс жұмысын көбі орындамай келіпті. «Ал, сөйлеңдер!» депті Темірбек ағай. Батылдау бір жігіт тұрып: «ағай, уақытымыз жетпейді. Шаршап жүрміз, кешіріңіз» демесі бар ма!. Мұны бекер-ақ айтқан екен. Ағайымыз салған жерден «Пышақты сұғып алып, кешірім сұраудың қажеті жоқ!» деп  жер-жебірімізге жетіп сыбап берсін. «Бесіктен белдерің шықпай жатып шаршайсыңдар, ә? Уақыт таппайсыңдар, ә? Ал анау 50-ге келгенде докторлық диссертация қорғаған Хайыр­жан Бекқожин ағаларыңның  шықпай жүрген жаны-әй, ә!» деп  омыраулатып барып  тоқтапты. Сөйтсек, журна­листика бөлімін­де жалғыз ғылым докторы Хайыржан Бекқожин ағайымыз екен. Соны меңзеп тұрғанын аңғардық. [3]

Белгілі сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлының «Темірбек Қожакеевті сатып та ала алмайсың, атып та ала алмайсың» деп жазуы көп нәрсені аңғарса керек. Оған себеп жазу­­шы Қадыр Әлімқұлов  мынадай бір қызық жәйтті айтқаны бар екен: «Курстарында бір жігіт Темірбек ағайдың сабағынан   емтихан тапсыра алмай жүрсе керек. Содан бір қу: «үйіне бір қойдың етін  апарып берсең болды, қойып береді»,  ғой депті әзілдеп. Оны анау шын көріп, айтқанын істепті. Үйдегі жеңгей Темкең тапсырыс берген шығар деп ойлап, кім әкелгенін сұрап алыпты. Ертеңіне лекция үстінде Темкең: «ал, Пәлен­шеев, тұр орның­нан» дейді.  Содан әлгі пақырды  тұрғызып қойып елу студент­тің алдын­да: «міне, мынаның сықпытына қараңдар, сабақ оқудың орнына бағаны сатып алмақ. Біздің үйге ет алып келіпті. Профессордың үйінде ет жоқ деп кім айтты саған? Өйткенше сабақ оқысаң етті», — деп жер-жебіріне жетіп, жұрттың көзінше әбден ұялтыпты. Бұдан кейін ол кісінің сабағын оқымай көр!» [4].

1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтың көптеген нарқасқа ұлт зиялылары үшін ауыр күндер басталып, бұл қуғын-сүргінді профессор Темірбек Қожакеев те көріп, партия қатарынан шығарылды, қызметінен шеттетілді. Бір өзі ғана емес, бүкіл ұлт зиялыларына төнген қара бұлтты ауыр кезеңдер қайсар профессордың сағын сындыра алмады, өршелене аққан асау өзенге қарсы жүзіп, ғалым ретінде көптеген құнды еңбектер жазды. Қазақстан Жазушылар одағының жанынан ашылған сықақшылардың «Найзагер» қауымдастығын ашып, ұлттық сатира-юмор жанрын дамытуға елеулі үлес қосты.

Иә, Темірбек Қожакеев –  қайталанбас тұлға. Ол қазақ журналистерінің мақтанышы, үлгі тұтары, журналистік жолындағы шамшырағы. Сатираның да дамуына тың жол ашқан ғалым. «Қазақ сатирасы», «Қазақ совет сатириктері», «Сатира және дәуір», «Адам. Қоғам. Сатира», «Сатира – күштілер қаруы» тағы басқа еңбектері қазақ сатирасына қосқан зор үлесінің бір парасы ғана. Оның еңбегі жазған туындыларымен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерімен, сол шәкірттерінің қазақ сатирасына, баспасөзіне қосқан үлесімін де өлшенеді.

«Қазақ университетінің фило­логия, журналистика факультетінде қырқыншы, елуінші жылдары оқыған адамдар эстетикалық ілім жағынан өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын мамандар... Неге десеңіз, олар әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар. Дәл осы ұлы мектепте пісіп жетілген менің талантты достарымның бірі – Темірбек Қожакеев!», – депті қазақтың марғас­қа азаматтарының бірі Зейнолла Қабдолов.

Отанына адал қызмет еткен жайсаң жан, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», Темірбек Қожакеұлы 16 жыл журналистика факультетінің деканы, 25 жыл кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарып, талай талантты шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстан ғылымының өркендеуіне өз үлесін қосып кетті. Ол кісі декан болған кезінде журналистика факультеті сабақ үлгерімі жағынан, студенттердің үлгілі тәртібі жөнінен университтеттің көш басында жүрді.

Қазақты бағы жанған халық деуге болады. Өйткені алдыңғы құрсақ аналар дүниеге алып келген ұлдардың бізде осалы жоқ. Темірбек ағамыз бір ананың емес, тұтас елдің үмітін ақтаған азамат. Атамызға қанша таңданып , дарынына, адамдық келбетіне тәнті болғанымызбен туған жері туралы сөз болғанда ешкім таңырқамайды. Өйткені, талай алыптарды өсірген қасиетті топырақта бұндай тау тұлғаның өмірге келуі де заңдылық еді. Атамыз туралы деректерді оқыған сайын сананың бір түкпірінде өкініш қылаң беріп, көңілде қыжыл пайда бола бастайды. Өйткені, біздің буын Қожакеевті көрген жоқпыз, оның мектебінен өткен жоқпыз. Қожакеевті танып, тағылым алған әрбір жас Темірбек ағамыздай Тау-тұлға болып өссе деп тілейміз. Өйткені, біздің қоғамымызға Қожакеевтей ұлы тұлғалар аса қажет-ақ…

 Пайладанған әдебиеттер тізімі:

  1. Тәшімбай Ғ. Темірдей тәртіп орнатқан Темірбек. //Алматы ақшамы, 16 қаңтар 2015.
  2. Камал Н. Қазақ журналистерінің мақтанышы. //Талас тынысы». 5 қыркүйек, 2015. 7 б.

Алмабек Ибрайымов

Abai.kz

 

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963