Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4212 0 пікір 1 Маусым, 2011 сағат 06:41

Ақайдар Ысымұлы. Күте-күте көз талды, атқарылмай іс қалды

(Тіл бағдарламасы хақында)

Ата Заңмен бекітіліп, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін ілгерілетуге серпін беретін іргелі міндеттер белгіленген Тілдерді дамытудың он жыл мерзімге арналған кезекті бағдарламасын күткенімізге де көп уақыт болды. Бағдарлама атауы Тілдерді дамыту деп жалпы аталғанымен, бұл құжат біз үшін  (ана тілімізді дамытуға ат салысып жүрген барша мамандар үшін) қазақ тілінің келешегін айқындаудағы жолашар, жоспарлы істердің өрісін кеңейтер басты бағыт-бағдар. Бағдарламаның қабылдануы кешіккендігінен қай мекемеде болсын мемлекеттік тілді дамыту (енгізу) жұмысымен айналысатын құрылымдар биылғы жыл басынан бері «ескексіз қайық» тәрізді күн кешіп отыр.

(Тіл бағдарламасы хақында)

Ата Заңмен бекітіліп, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін ілгерілетуге серпін беретін іргелі міндеттер белгіленген Тілдерді дамытудың он жыл мерзімге арналған кезекті бағдарламасын күткенімізге де көп уақыт болды. Бағдарлама атауы Тілдерді дамыту деп жалпы аталғанымен, бұл құжат біз үшін  (ана тілімізді дамытуға ат салысып жүрген барша мамандар үшін) қазақ тілінің келешегін айқындаудағы жолашар, жоспарлы істердің өрісін кеңейтер басты бағыт-бағдар. Бағдарламаның қабылдануы кешіккендігінен қай мекемеде болсын мемлекеттік тілді дамыту (енгізу) жұмысымен айналысатын құрылымдар биылғы жыл басынан бері «ескексіз қайық» тәрізді күн кешіп отыр.

Мемлекеттік бағдарлама тіл дамытуда қай жерге, қандай деңгейге келдік, енді оны одан әрі өрістетудің бағыттары қалай болмақ деген сұрақтарға жауап беруі тиіс еді және тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне лайық нық орнығуы алдымыздағы онжылдықта нақ осы құжат негізінде түпкілікті жүзеге асар деген үмітіміз де жоқ емес. Осы үмітімізді үкілей жүріп, басты құжатқа сүйеніп жасалатын салалық, өңірлік, мекемелік бағдарламалар мен кезеңдік жоспарлар, жыл ортасына жетіп те қалдық, әлі күнге дейін әзірленбей қарайлап отыру, атқарылуы тиіс шараларға қаржы бөлуге кедергі де келтірді. Мемлекеттік бағдарлама тез қабылдана қалған күннің өзінде жер-жерде әркім өздерінің салалық, өңірлік, мекемелік бағдарламалары мен кезеңдік жоспарларын жасап, бюджетте қаржы қарастырамыз дегенше жылдың аяғына да барып қаламыз. Сонда он жылға арналған бағдарламаны, жоспарды іске асырудың бір жылы осылай  күтумен, биік мінбелерден айтылар саясатшылдық маңғаз сөздердің артын бағып жалтақтаумен міне, маңызды істің бір жылы өте шыққалы отыр. Мұны мемлекеттік маңызды іске мемлекетшілдік көзқарас деп қалай айтарсың. Қазақ тілін енгізу он жылға шегіріліпті деп алақанын ысқылап жүрген, басқа басқа, өз ағайындарымыз да табылып жатыр. Ұзын сонар сөзбұйдаға салудың осындай салдарлары бар.

Игіліктің ерте-кеші жоқ дейміз де. Үкімет былтыр күзге дейін қабылдап, Елбасының бекітуіне ұсынуға уәде еткен құжаттың қабылдануы кешігіп жатқанына қарап, «асығатын не бар, алдымызда он жыл» деп, әлі иін қандырып бола алмай жатқан шығар деген де ой келеді, олай болса, ой үстіне ой қосу ниетімен бірер ұсынысымызды да айта кетейік.

Ел бірлігі доктринасында тұжырымдалған «Қазақ тілін білу Қазақстанның әрбір азаматының міндеті» деген қағида енді қолымызға тиер Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында басты темірқазыққа айналуы, заңдық тұрғыдан бекуі қажет.

Бағдарлама әзірлеудегі басшылыққа алатын маңызды мәселе - алдымыздағы онжылдықтың және одан арғы заманның бұған дейінгі кезеңдерден бірнеше негізгі ерекшелігі ескерілуі тиіс. Ол ерекшеліктер мыналар:

1) тәуелсіздік заманында дүниеге келген, мектепте ана тілімізде тәлім-тәрбие алғандар саны жыл сайын артып келе жатқан, билік тарапынан қысымшылықты, өзге елдерге жалтақтауды сезінбей өскен, рухы еркін, ойы тың, шет елдермен тайсақтамай тікелей қарым-қатынасқа кіріскен, яғни өзге жұртта мемлекет құраушы халықтардың рухы, ділі мен тілі қалай ардақталатынын өз көздерімен көрген, өз еліндегі тілдік ахуалды өзгелермен салыстыруға қабілетті, намысты жаңа ұрпақтың мектептен кейін арнаулы орта және жоғары білім алған мамандар ретінде қоғамдық өмірге тікелей белсене араласуының басталуы және жыл сайын олардың үлес салмағының артып отыруы;

2) осыған керісінше - бұған дейін кеңестік дәуірдегі ұлтсыздандыру саясатының жемісі - орыс тілінде тәлім-тәрбие алған, ой-өрісі орысша, қазір жаппай іс басында отырған буын өкілдерінің саны жыл сайын кеми беруі;

3) он жылдай уақыттан кейін қазақ халқы өз жерінде, өз елінде қайтадан сан жағынан талассыз басым халықты құрайтыны.

Қазақ жұртында болып жатқан осындай эволюциялық тұрғыдағы сапалық сипаттағы өзгерістер жаңа Бағдарламаның алдыңғылардан өзгеше тың құқықтық және ғылыми негізін жасауға мүмкіндік туғызады. Сондықтан да бұл Бағдарлама мемлекеттік тілімізге деген қажеттілікті бұлтара алмастай орнықтыруы тиіс.

Бағдарламада және заңнамада орыс тілін басқа этникалық топтар тілдерінен бұрынғыдай айрықша бөлектеп атамай, солардың бірі ретінде ғана жалпылама алған жөн. Бағдарламаны іске асырудың соңғы кезеңіне қарай заңнамадан орыс тілін мемлекеттік тілмен ресми түрде қатар қолдануды бекіткен конституциялық норманы алып тастау қажет.

Сондай-ақ, бұған дейінгі екі Бағдарлама мен оның жоспарларының орындалуы сараланып, мемлекеттің тіл саясатында қол жеткен жетістіктер ғана санамалап көрсетілмей, орындалмаған мәселелердің де себептері толық талдануы керек. Жетістік - мемлекет тілдерді дамытудың құқықтық, ғылыми, қаржылық жағдайын мүмкіндігінше жасады, ал сол мүмкіндікті пайдалануға негізгі кедергі - адамдық фактор болып қалып отыр. Жетістік түсінікті.

Ал адамдық фактор дегеніміз не? Қазір қуанарлығы - барлық деңгейдегі басшылықта, мемлекеттік қызметте, кеңес заманында армандағанымыздай, басым көпшілік қазақтардың өздері. Өкініштісі - кеңес дәуіріндегі ұлтсыздандыру саясатының қазір нағыз өз жемісін беріп тұрған шағы, сондықтан мамандардың көпшілігі орыс тілді, тиісінше - басшылық тұтқаны жаппай ұстап отырғандар да солар. Осы орайда байқалған бір құбылыс - қазақ тілін үйренуге, енгізуге ықылассыздық, кедергі көбінесе сол ұлттық рухынан айырылған, болмысы жаттанған іс басындағы қазақтар тарапынан болып келеді. Адамдық фактор дегеніміз осы. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Сөзі бұзылған адамның ойы да бұзылады»,- деген данышпандық тұжырым алдымыздан шығып отыр.

Қазақстанды мекендеп отырған өзге ұлт өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді білу талабына наразылық жоқ десе де болады, қайта оларда психологиялық бетбұрыс бар. Егер қазақ қоғамында ұлттық мәселеде, оның ішінде тілге байланысты әлдебір текетірес туындай қалса, ол қазақтардың өз арасынан шығуы мүмкін. Ал олардың бойында рухани сілкініс жасап, енжарлығын еңсеру мемлекет тарапынан жалтақсыз, үлкен саяси ерік-жігерді және ұйымдық шараларды табандылықпен мақсатты іске асыруды талап етеді.

Бағдарлама және одан туындайтын заңнама меншік нысанына қарамастан барлық заңды тұлғамен болатын қоғамдық қатынастарды тереңдей қамтуы тиіс. Осыған дейін тіл саясатындағы бар күш-жігер мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге жұмсалды да, өзге салаларға назар жеткіліксіз бөлінді. Мысалы, халықпен күнделікті етене араласатын, қызмет көрсететін бизнес саласы сияқты тұтас қабаттар көбінесе бірыңғай орыс тілін қолданып отырғаны да сондықтан. Балтық елдерінің тәжірибесінде тіл заңнамасы қоғамдық өмірдің барлық саласын тегіс қамтыған, талап баршасына бірдей. Қайда бас сұқпаңыз, алдымен сол елдің тілінде ең құрығанда сәлемдесу міндет.

Келесі кезекте, бұған дейін талай айтылып жүргеніндей, Президентке қойылатын мемлекеттік тілді білу талабы мемлекеттік қызметтің барша санатына, әсіресе саяси тобына қойылуы, қызметі өскен сайын қазақ тілінен біліктілік емтиханын тапсырып отыру міндетті тәртібін орнату керек-ақ. Ата Заңның талабына сәйкес мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Бірақ, неге екені белгісіз, мемлекеттік тілді әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің меңгеруі қажет екені міндеттеліп отырған жоқ. Міне, бұл - мемлекеттік тілді меңгеруге сұранысты қалыптастыра алмауымыздың басты кемшілігі.

Тағы бір маңызды жайт - қазақ тілінің бүгінгі күні аударма тіл ретінде қолданылып жүргендігі. Мемлекеттік бағдарламада іс жүргізуде аударманы қазіргідей жаппай қолдануды шектеу амалдарын көздеу қажет. Қай ұжымда болсын аудармашының, аударма бөлімінің болуы орыс тілді түгілі, қазақ тілді дейтін басшы-қосшы мамандардың өзінің масылдық пиғылын туғызатынын өмір көрсетіп отыр. Қазақшалау, қазақша жазу аудармашының жұмысы, міндеті деген ұғым нық енген. Бұл үрдістің белең алып бара жатқаны өткен Бағдарламада атап көрсетілді және аудармашыға сүйену тек уақытша шара ретінде ғана қарастырылуы тиіс деген ой да айтылды. Бірақ өткен онжылдықта бұл жағдай өзгере қойған жоқ.

Іс қағаздарын қазақша жүргізуге көштік деп отырған мемлекеттік органдардың баршасы аудармашыға сүйеніп отырғаны жасырын емес. Тілді білетін адамның өзі қағазды бірден қазақша жазуға ықылассыз, қазақша сүрлеуге түсуден гөрі, үйреніп қалған орысша даңғылмен тарта бергенді қош көреді, «уақыт жоқ, асығыс шаруа» деп, аудармашыға ысыра салуға бейім. Ұжымда 100 адам еңбек етсе, соның 99-ы жалғыз аудармашыға сүйенетін жағдай жаппай кездеседі. Өзің қазақша жазып байқа, төсел деген талап қойылса, онда аудармашы ұстап не керек деген сөз шықпай қалмайды.

Осы психологияны өзгерту оңайға түсейін деп тұрған жоқ, соның бір жолы «аудармашы» мамандығы атауын Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің мамандар тізбесінде қазақ тілінің сарапшысы деген атаумен ауыстыру керек. Басқа тілдердің аудармашыларын «тілмаш» деп бөлек атаған жөн болар.

Тіл саясатын насихаттау, түсіндіру  жұмысы көбінесе қазақ тілді басылымдар мен телерадио хабарларда, яғни онсыз да қазақша сөйлейтін, ойлайтын адамдарға арналып жүр. Ал орыс тілді басылымдарда, телерадио хабарларында ол жоқтың қасы. Сондықтан орыс тілді БАҚ-та орыс тілді қауымға арнап тіл саясатын насихаттаған, қазақ тілін үйренудің қажеттілігі туралы тартымды, заманауи хабарлар мен басылымдар қажет-ақ, сондай өнімдерге мақсатты түрде мемлекеттік тапсырыс берілгені дұрыс.

Тіл бағдарламасы - кеуек құжат емес, рухымызды асқақтататын, мемлекеттілігімізді нығайтатын, елдігімізді айғақтайтын өміршең, өзекті, пәрменді бағдарлама болуы тиіс. Сондықтан да Мемлекеттік бағдарламада осы айтылғандардың ескерілуін қалаймыз.

 

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

«ҚазТрансОйл» АҚ

Мемлекеттік тілді дамыту секторының

бас менеджері,

Қазақстан мәдениет қайраткері,

Қазақ тілінің жанашыры

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333