Әлемнің табысты қазақтары Нұр-Сұлтанда бас қосты
«Отандастар Қоры» КЕАҚ арнайы шақыртуымен әлемнің түкпір-түкпіріндегі табысты қазақтар елордаға жиналды. Осылайша, төл мереке Наурызды Франция, Украина, Ресей және Қытай елдерінен келген қандастарымыз тарихи отанда, бір шаңырақ астында атап өтті.
Қазақ диаспорасы өкілдерімен «Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков кездесті. Жүздесу барысында «Отандастар Қоры» басшысы елге келген қонақтарға мерекелік лебіз-тілегін арнап, Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар Қорының» мақсат-мүддесін түсіндірді.
«Әлемге тарыдай шашылған қазақ баласын біз еш уақыт ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да. Барлық қандасты тарихи отан төңірегінде бірлестіру, қолдау үшін Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайындағы Елбасы тапсырмасымен «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Елге оралған және шетелде тұратын қазақтарды қолдау мақсатындағы жобаларымызды қазір жүйелеп, әзірлеп жатқан жайымыз бар. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты да сол – қиырдағы қандастарымыздың шоқтығын асыру, сондай-ақ олардың ұлттық болмысын сақтап қалу жолында өздеріңізбен күш біріктіру», - деді Нұртай Әбіқаев.
Отандастар кездесуіне әйгілі қазақ боксшысы Қанат Ислам қатысты. Ол әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарды қазақтың бірігуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Өз кезегінде, кәсіпқой спортшы боксты қазақ балалары арасында дамытуға бағытталған жобаларды қолға алып, жүзеге асырып жатқандығын баян етті.
Кездесу тағы бір себепкері – қобызшы, Тараз қаласының тумасы Әйгерім Ерсайынова Франциядағы «Қорқыт» қазақ мәдениет орталығын басқарады. Айтуынша, оның негізін құрбысы әрі аттасы Әйгерім Матаева екеуі үш жыл бұрын қалаған. Тұңғыш қазақ мәдениет орталығын ашуға Франциядағы асыранды қазақ балалары себеп болыпты.
«Тарихи отанға, ата-аналарына біршама жақын болғысы келгендіктен, асырап алынған қазақ балалары орыс мәдени орталықтарына барып жүрген екен. Осы нәрсе біздің намысымызға тиді. Сол үшін өз қаражатымызды құйып, тұңғыш қазақ мәдениет орталығын аштық. Алғашқы екі жылы, тар болса да кішкентай ғимараттың бір бөлмесін жалға беріп, түрік ағайындар қол ұшын созды. Қазіргі таңда Франциядағы Қазақстан елшілігіндегі мәдениет, ғылым және білім бөліміндеміз. Қазақ диаспорасы көп шоғырланған Франция мемлекетінде біздің өнеріміз бен ана тілімізге деген құштарлық өте зор. Қазақтың ұлттық аспаптары мен фортепианоны, ана тіліміз бен қолөнерді тағдыр тәлкегімен француз шаңырағында өсіп-өніп жатқан өзімнің қаракөз бауырларымнан бөлек, француздарға да үйретіп жатырмыз. Қазіргі уақытта қазақ әдебиетіне көп көңіл бөлгіміз келеді. Ол үшін бізге латын әліпбиіндегі кітаптар қажет», - дейді Әйгерім Ерсайынова.
Елорда төрінде өткен кездесуге Украинадан кәсіпкер-қандасымыз Нұртай Кенжебеков қатысты. Ол өз сөзінде қандастарымыздың арасындағы жағдайы нашар отбасылардың балаларын мамандандыру жобасын қазақстандық тараппен бірігіп жүзеге асырып жатқандығы туралы айтты. Мальтаның жоғарғы оқу орны негізінде маманданатын түлектер жоба аяқталған соң Қазақстанда жұмыспен қамтылады екен. Сондай-ақ, кәсіпкер тарихи отанда «Үміт» Қорының негізін қалап, «Отандастар» Қорымен серіктесу арқылы «Астана Хаб» негізінде IТ-мамандарын оқыту мектебі деп аталатын жаңа жобаның тұсауын кеспек ниеті туралы да айтып өтті.
Ресейден келген Торғын Әшенова – Омбы қаласының тумасы. РФ ІІМ қарасты Омбы академиясында Құқық және мемлекет тарихы мен теориясы кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет ететін қандасымыз заң ғылымдарының кандидаты, сондай-ақ идеолог әрі белсенді қайраткер екен. Өзі негізін қалаған жергілікті «Омбы қазақтары» ұйымын басқарады. Айтуынша, ресейлік қандастар үшін туған тіл мәселесі өткір болып тұр. Осыған «Отандастар Қоры» мен Қауымдастықтың көп көңіл бөлуін сұрады. Торғынның басқаруындағы ұйым да қазір қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында еңбектеніп жатқандығын айтты.
Ал Қытай еліндегі қандасымыз Талапхан Пәтіханұлы сол тіл мәселесін шешудің ұтымды жолын ойлап тауыпты. Ол кездесу барысында балалардың қазақ тілін оңай үйренуіне арналған авторлық жобасы «Қастерлі қалам» оқу құралымен таныстырды. Айтуынша, ол арқылы бала қазақтың ертегі-аңыздарын, мақал-мәтелдерін, өлең-жырларын, есеп-қисабын, жаңылтпаштарын, тіпті Алаш ардақтыларының суреті, аты-жөні, еңбегіне дейін меңгеріп шығады.
Кездесу аясында «Отандастар Қоры» шақырылған қонақтармен екіжақты серіктестік меморандумдарға қол қойып, шетелдегі қазақ диаспоралары мен елге оралған отандастарды қолдау, қандастарды тарихи отан төңірегінде бірлестіру бағытында күш біріктіруге келісті.
Abai.kz