- Үш күннен бері шекарадан өту үшін кезекте тұрмыз. Алты күн, тіпті он күннен бері осында жатқан жігіттер бар. "Қапланбекте" (шекара бекеті – ред.) де толы. Қазір мұнда тұрған жүк көліктерінің саны жүзден асады, - дейді жүргізуші.
Түркістан облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің өкілі Марат Күлекеев "Қазығұрт" кеден бекетіндегі көліктердің шекарадан баяу өтіп жатқанын растады. Оның айтуынша, Қазақстаннан Өзбекстан жағына қарай күніне жүз шақты көлік өтіп жатыр. 150-дей көлік кезекте тұр. Ол көлік кептелісін өзбек жағындағы жол жөндеу жұмыстарымен байланыстырады.
- Бір аптадан асты. Өзбекстан аумағында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді ол.
Марат Күлекеев облыс аумағындағы қазақ-өзбек шекара бекеттерінде қанша жүк көлігі кезекте тұрғанын мамандар анықтап жатқанын айтты.
Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы "Ақ-Тілек автожол" өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, қырғыз жақтағы тауар тиеген көліктердің Қазақстан жағына қарай өте алмай тұрғаны белгілі болған. Қазіргі кезде бұл мәселені екі ел билігі талқылап жатыр.
Abai.kz