Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 14613 54 пікір 7 Сәуір, 2019 сағат 10:48

Қожа әулеттерінің қазақ тарихындағы орны қандай?

Соңғы күндері әлеуметтік желідеге «қазақ» пен «қожа» болып екіге жарылған топтың арасындағы айтыс, шарықтау шегіне жетіп, енді бір-бірінің жағасына жармасуға шақ қалып тұр. Бұл мәселені сонша ушықтырмай-ақ, жаба салуға болар еді. Бір шала сауатты, оңы мен солын тани қоймаған баланың бір сөзіне бола, қазақ арасының алатайдай бүлінуі қазіргі қазақ қоғамын ішіндегі рухани ахуалдың қай деңгейге түскенінен хабар берсе керек.

Біріміз – ханафиміз, біріміз – уаххаби-салафиміз, біріміз – тәңіршілміз, біріміз – мүлде басқа ағымдардың жетегіндеміз. Бірімізді біріміз мойындағымыз келмейді. Әрқайсымыз өз кеудемізді соғып, «менікі дұрыс» - деп, біріміздің біріміз жағаларымызға жармасып жатқан жайымыз бар. Алайда, мұның соңы неге апарып соғарынан хабарсызбыз. Бұл тіке-тірестің соңы мына қазақ деген халықтың тарихтан кетуіне ықпал ететін факторға айналып бара жатқанын түсініп жатқан ешқайсымыз жоқ. Кезінде Абыз Асан Қайғының Алтын Орда мемлекетін сақтап қалу жолындағы күресі нәтижесіз аяқталып, Алтын Орда күйреп тынып еді. Біз сол қасіртетті тағдырды қайталайын деп тұрмыз. Алайда, Асан Қайғының бізге қарағанда жағдайы дұрыстау болатын. Соңына ерген халқы болды. Соңына ерген халықты Жәнібек ханнан бөліп алып, «Алаш» атты мемлекетті құрып, тағына Алаша ханды отырғызған болатын. Сол кезеңде алғаш рет қазақ халқы тарих сахнасына шығып еді. Бізде қазір сондай сөз түсінер, рухани мәйегінен ажырамаған халық бар ма? Жоқ!

Соның салдарынан бір-бірімізге басу айтудың орнына, айтыстың көрігін қыздырып, мәселені одан ары ушықтырып жатқан жайымыз бар. Мұның бәрі неден щығып отыр? Айналып келгенде барлығы бір нәрседен – қазақтың өзін-өзі танымауынан, тәуелсіз тарихи жадының қалыптаспауынан, өз тарихына өзгенің көзімен қарауынан шығып отырғандығын сезіне алар түріміз жоқ. Әйтпесе, Қазақ атаң қазақ қоғамды неліктен «қара, қожа, төре» деп үшке бөлді? Осының негізіне, мәніне үңіліп көрдік пе? Жоқ. Қазақ қоғамындағы «Қараны қара, ақсүйекті – ақсүйек» деп атауының себептеріне үңілдік пе? Жіктелуінің мәніне бардық па?  Жоқ. Оның себебі, тағы да сол тарихи жадымыздан ажырап қалумен байланысты. Ендігі кезекте неліктен Қазақ атамыз, «ақты –ақ, қараны қара» деді? Кие – дегеніміз не?- деген сұрақтарға жауап беріп көрелік. Сонда ғана біз өзіміздің кім екенімізді танырмыз.

Жаратушы Құдірет, Тәңір Тағала әр халықты жаратқанда сол халыққа халықтың тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін, жалпы мәдениетін үйрететін өзінің Өкілдерін жібереді. Демек, пайғамбарларын жібереді. Ешбір халық мұндай жолбасшысыз болмайды және ол туралы Құран аяттарында анық айтылған. Құрандағы «Сендерден әрбір халық үшін шариғат және жол жасап қойдық. Егер Алла қаласа барлығыңды бір үммет жасар еді» (Маида-48) деген аят жер бетіндегі барлық халықтың өзіндік ерекшелігі болуы заңды екендігін көрсетіп тұр. Осы халықтардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастырған, тілін үйреткен пайғамбарлар Жаратушы Құдіреттің сол халыққа жіберген өкілі ретінде Пайғамбар киелі сипатқа ие. Оның әкелген, халыққа үйреткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің де киелілік сипаты бар. Және ол халыққа рухани да, саяси басшылық жасау құқына ие, киелі тұлғаға айналады. Ол дүниеден өткен соң ол киелілік сипат оның ұрпақтарына өтеді. Біздің қазақ халқында осындай киелілік сипатқа ие екі әулет бар. Олардың бірі – саяси билік иесі болған төрелер. Екіншісі – рухани билік иесі болған қожалар әулеті. Саяси билік өз бастауын осыдан шамамен төрт мың жыл бұрын өмір сүрген Оғыз қағаннан алады. Қазақтың бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрі негізінде осы Оғыз қағанның қалдырған мұрасы жатыр және түркілердегі саяси билік Оғыз қағанның үлкен ұлы Күн ханның ұрпағы болып табылатын қият-қаи тайпасына тиесілі. Түркі тарихындағы барлық билеушілер әулеті осы қияттан тарайды. Алпамыс, Алып ЕрТоңға, Мөде қаған, Бумын қаған, Шығыс, Батыс түркі қағандықтарының билеушылері, Түргеш, Қарлұқ, Қарахандық билеушілер, Шыңғыс хан, Түркиядағы Османлылар барлығы түгелімен қият тайпасынан шыққандар. Бұл түрклердің билік жүйесіндегі киелілік сипатқа мәселесіне басымдық бергенін көруімізге болады.

Ал, рухани билік түркілерде, қазақтарда Мұхаммед пайғамбар ұрпақтарында болғандығын қазақ халқы күні бүгінге мойындап келді және Пайғамбар ұрпақтарының киелілік сипатына күмән келтірген емес. Ең бастысы Пайғамбар ұрпақтарының киелілік сипатын мойындаған да, оған ерекше статус берген де түркілер болғандығына тарих куә. Араб түбегіндегі саяси билік үшін күресте Пайғамбар ұрпақтарын өздерінің басты қарсыласы санаған Халифат билеушілері Әзірет Әлі ұрпақтарын араб жеріне сыйғызбады. 766/767 жылы Түркістан жеріне Исхақ баб бастап келген Әзірет Әлі ұрпақтары алғаш рет түркі-ислам мемлекеті-Қарлұқ мемлекетін тарих сахнасына шығарды. Сырдың төменгі ағысында Оғыз мемлекетін құрды. Ислам дінінің прогрессивтік бағыты-Ахл ар-Райды әкелген Әзірет Әлі ұрпақтары Түркістан жерінде ғылым мен білімнің, мәдениеттің қарыштап дамуына мүмкіндік берді. Түркістан жерінен Абу Насыр әл-Фараби бастаған жүздеген ғұламалар шықты. Түркістан осылай Ислам ғылымы мен білімінің негізгі даму орталығына айналды. Халифат орталығында Ислам діні догматикалық сипат алса, Түркістан жерінде Ислам адам баласының ақыл-ойының дамуына еркіндік беретін Құдірет күшіне айналды. 944 жылы Ахл ал-Хадис өкілдерінің карматтармен арада болған күресте жеңіске жетуі, жалпы Ислам әлемін рухани, саяси тоқырауға әкелді. 951 жылы Қарахандық билеуші Сатуқ Бұғра хан Фбд ал-Каримның Ахл ал-Хадис жолын қабыл етіп, Ахл ар-Рай жолына тыйым салуы Түркістан жерінде де Ислам діні мен ғылымын құлдырауға түсірді. Мұның салдары Қарахандық мемлекеттердің құлдырап, халықтарының рухани дағдарысқа ұшырауына ықпалын тигізді. Шығыстан келген қарақытайлардың тегеурініне төтеп бере алмай, олардың билігін мойындауға мәжбүр болды. Осындай ауыр кезеңде тарих сахнасына шыққан Қожа Ахмет Йасауи өзінің тілі мен салт-дәстүрінен, мәдениетінен ажырап, арабтану, парсылану үдерісіне ұшыраған түркілерді бұл дағдарыстан алып шықты. Сопылық жолды дамыта отырып, Пайғамбардан кейін әлсіреп, үзілуге айналған рух әлемімен байланысты қайтадан қалпына келтірді. Сопылық жолды тариқат дәрежесіне көтеріп, түркілердің рухани, мәдени жаңғыру жолын қалыптастырды. Исламнан иманға қатысты бес парызды алып, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүріне берді. Сонымен бірге, сопылық таным негізінде қалыптасқан рух қозғалысына қатысты салт-дәстүрлерді енгізді. Сөйтіп, түркінің, жалпы Ислам әлемінің қайта түлеп, жаңғыруына жол ашты. Қожа Ахмет Йасауи өзінің көзі тірісінде шәкірттерін түркі дүниесінің төрт бұрышына түгел аттандырды. Соның нәтижесінде түркі мәдениеті қайта түлеп, жаңа сатыға көтерілді. Йасауи жолы ықпалының еселеп артуына Шыңғыс хан жорығының басталуы игі ықпалын тигізді. Бұл кезеңде Йасауи шәкірттері Шыңғыс хан жағында болып, қолдау көрсетті. Йасауидің өз шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқи Шыңғыс ханның кеңесшісі болды. Шыңғыс хан жорығы түркілердің әлемдегі ықпалының артуына әкелді. Жошы ұлысының құрылуы түркі мемлекеттігін қайта қалпына келтірудің басы болатын. Бұл мемлекеттің дені түркілер болғандықтан Йасауи жолы халықтың рухани тірегіне айналды. 1320 жылы Жошы ұлысының ханы Өзбек ханға Йасауи жолының ірі өкілі Зеңгі Атаның шәкірттері Саййид Ата, Садр ад-дин шайх-Баба түкті шашты Әзиз, Бадр Ата, Ұзын Хасан аталар барып, Өзбек ханды Йасауи жолына бет бұрғызды. Осы кезден бастап, Йасауи жолы Жошы ұлысының мемлекеттік идеологиясына айналды. Қазіргі қазақ құрамындағы ру, тайпалардың, жүздік құрылымдардың қалыптасуы Йасауи жолының мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілуімен бірге жүргізілген діни-саяси реформаның нәтижесі болды. Бұрынғы қандық негізде топтасқан ру, тайпалар ыдыратылып, олардың орына рухани негізде топтастырылған ру, тайпалар қалыптастырылды. Олардың басына рухани, әрі саяси басшы ретінде Йасауи жолы өкілдері-қожалар тағайындалған болатын. Мемлекеттің құрылымдық жүйесі Йасауи жолының құрылымдық жүйесін қайталады. Мемлекеттегі бүкіл заң шығару құқы, қоғамдық қатынастарды реттеу дін өкілдерінің қолына берілді. Мемлекеттегі бүкіл қарым-қатынас заңға бағындырылды. Сөйтіп, мемлекеттің құрылымдық жүйесі толығымен көне түркілік мемлекетті басқару  жүйесімен сәйкестендірілді. Мемлекеттің құрамындағы рулық, тайпалық жүйелер-қаралар мемлекеттің керегесін құрады. Керегені шаңырақпен жалғастыратын уық қызметін рулар мен тайпалардың рухани жетекшісі Йасауи жолының өкілдері-қожалар атқарды. Ал, щаңырақ – Шыңғыс хан ұрпақтары-төрелердің қолында болды. Осылай біріне - бірі  тәуелді, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын мемлекеттің құрылымдық жүйесі қалыптасты. ХIХ ғ. өмір сүрген Мәделі қожа өзінің Қанай датқаға айтқан мына өлеңінде бұл жүйені былай суреттеген болатын:

Қанке, осы жерде туып едім,

Саған келген жауларды қуып едім,

Шаңрағыңды шайқалтпай ұстайтұғын

Сен кереге болғанда мен уық едім.

Осы бір ауыз өлеңде ортағасырлардағы қазақ қоғамының толық бейнесі тұрған жоқ па? Мұндай құрылымдық жүйесі бар мемлекетте әділдік пен заңдылық қана абсолюттік билікке ие еді. Қоғамның әр бір мүшесі  өзін сол  қоғамның толық қанды мүшесі санады. Біреуге біреудің қиянат жасауға ешқандай мүмкіндігі  қалмады. Себебі, әрбір адамның соңында аталасы, руласы т.б. тұрды. Өздерін Ұлы Жаратушының өкілі санайтын әулиелердің мақсаты орындалды. Олар сол ортағасырлардағы ең әділетті қоғамды орнатты және  сол кезеңдегі Жошы Ұлысы әділдік пен заңдылық билік құрған Пайғамбар дәуіріндегі қоғамға барынша жақындатылған еді. Билік жүйесінің ешқайсысы абсолютік билікке ие емес еді. Қоғамда имандылық, әділдік пен ізгілік басты құндылыққа айналды. Сол себепті, бұл мемлекет «Алтын Орда» деген атқа ие болды.

1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы, тақ мұрагері Тыныбектің Мауараннахрда жорықта болуы, Жәнібек ханға шешесі Тайдуланың көмегімен Алтын Орда тағына отыруына мүмкіндік берді. Ол таққа отырысымен жарлық шығарып, бар халықты басына сәлде орап жүруге мәжбүрледі. Бұл мемлекеттегі діни идеологияның өзгеруінің басы болатын. Йасауи жолының өкілдері билер билік жүйесінен ысырылып, олардың орны парсылық мемлекеттік басқару жүйесін құруды қамтамасыз етеді деген үмітпен шариғат өкілдерінің қолына берілді. Халық арасында наразылық туындады. Асан Қайғының Жәнібекті райынан қайтармақ болған әрекеті сәтсіз аяқталды. Асан Қайғы бастаған халық Еділдің сол жағалауына өтіп, қазіргі Ұлытау жерінде Алаш мемлекетін құрды. Жәнібек хан болса өзі құрған бюрократиялық аппараттың тұтқынына айналып, соңында өзі сол бюрократиялық аппараттың құрбанына айналды. Өз баласы Бердібек өз әкесін өлтіріп, хан тағына отырды. Үш жылдан кейін әкесінің жолын өзі де құшты. Бұл кезең қазақ тарихында «Нар мойны Бердібекте кесілді» деген бір ауыз сөзбен тұжырымдалды. Бұдан кейінгі 20 жыл ішінде Алтын Орда мемлекеті тағына 25 хан келіп кетті.Бірде бірі байыз тауып отыра алмады. Өйткені, ешқайсысы халықпен, билермен санасқысы келмеді. Барлығы абсолюттік билік иесі болғысы келді. Халық қолдамаған хан кезекті сарай төңкерісінің құрбанына айналды. Осы кезеңде билер – Йасауи жолының өкілдері мемлекет билігін одан ары Шыңғыс хан ұрпақтарында қалдыруға болмайтынын түсінді. Өйткені, мұндай жағдай Шағатай ұлысында да, Иранда да қайталанып жатқан болатын. Мемлекеттік билік басына басқа адамды қойып, түркі билігін қайтадан қалпына келтіруді ойлады. Таңдау Мауараннахрдағы барлас тайпасының басшысы Тарағай бектің ұлы Әмір Темірге түсті. Сөйтіп, олар Темірге Шағатай ұлысының билігін берді. Оның алдына Шыңғыс хан империясын қайта қалпына келтіру міндеті қойылды. Алғашында Әмір Темір билердің тапсырмасын бұлжытпай орындады. Тоқтамыс ханды Алтын Орда тағына отырғызу арқылы Алтын Орда мемлекетін қалпына келтірді. Иран мемлекетін қайтадан тізе бүктірді. Алайда абсолюттік билікті аңсаған Тоқтамыс бүлік шығарып, Әмір Темірге қарсы соғыс қимылдарын бастады. Түркі халықтарының рухани тірегі болған Йасауи жолын халық санасынан мүлде ысырып тастауға күш салды. Өзге дін өкілдерінен жасақталған әскермен келіп, Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесін қиратып, мүлкін талан-таражға салды. Әмір Темір 1392 Тоқтамысқа қарсы көп әскер шығарып, әскерін талқандап кері қайтқаннан кейін, қайта әскер жинап, тез арада шайқалған билігін қалпына келтіріп, әскери қимылдарды қайта бастады. Әмір Темір Алтын Ордаға қарсы жорықты қайта бастады. Әмір Темір әскері Алтын Орда жеріне Иран арқылы өтті. Әмір Темір Тоқтамыс билігінің тірегі болған қалаларды қиратпай, Тоқтамыстың қарсылығын сындыру мүмкін еместігін түсінді. Әмір Темір ірі сауда – экономикалық орталық қызметін атқарған ірі қалалардың барлығын талқандап, күйзеліске ұшыратты. Еділ бойы, Солтүстік Кавказ, Қара теңіз жағалауындағы қалалар қиратылып, үйіндіге айналдырылды. Соғыста түскен олжаны қиратылған Қожа Ахмет Йасауи кесенесін қайта тұрғызуға жұмсады. Кесененің бас сәулетшісі Әмір Темірдің өзі болды. Алтын Орда қалалары қаңырап бос қалды. Осы кезеңде Садр ад-дин шайх Баба Туклас – Баба Түкті шашты азиздің немересі  Едіге би Алтын Орда мемлекетін қайта қалпына келтіру жолындағы  ұзақ жылдарға созылған күресті бастады. Әмір Темір 1405 жылы қайтыс болған соң, оның ұрпақтары Йасауи жолынан мүлде бас тартты. Өздерін абсолюттік билік береді деген сопылық жолдың  парсы мәдениетіне негізделген Кубравийа тариқатына мойынұсынды. Едіге би болса, Алтын Орда мемлекетін уақытша болса да қалпына келтіріп, мемлекеттік жүйені жетілдіру жолында шешуші қадамдар жасады. Едіге би жаңа заң жобаларын қабылдады. Олар «Жаса» және «Төре» деп аталды. Хан тағына Шыңғыс ұрпақтарынан отыру қажеттігі бекітілді. Алайда, таққа лайық тұлғаны Жошы ұрпақтары арасынан таңдап қою билердің қолына берілді. Бұл жүйе қазақ даласында « Жеті Жарғыға» дейін қызмет етті. Бұл айтылғандар Йасауи жолы өкілдері-қожалардың ортағасырлық қазақ тарихындағы ролі шешуші мәнге ие болғандығын көрсетеді.

ХIV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққан нақшбандийа тариқатының ХV ғасырдан бастап, саяси күреске араласуы Йасауи жолы өкілдерін қиын жағдайға ұшыратты. Абсолюттік билік көкейін тескен хандар нақшбандийа тариқатына қолдау көрсетіп, Йасауи жолына қарсы шықты. Алтын Орда күйрегеннен кейінгі Йасауи жолы өкілдерінің жан алысып, жан беріскен күресінің арқасында құрылған Өзбек ұлысының ханы Әбілхайырдың 1446 жылы Сығанақты алғаннан кейін, нақшбандийа тариқаты өкіліне қол беруі, өз ордасының беклербегі болған Едігенің ұлы Уаққас биді өлтіртуі, Қобланды батырдың Ақжол би-Дарақожаны өлтіртуі бір халықты үшке бөлді. Бір халық қазақ, өзбек, ноғай халықтары болып жіктелуі осы діни-рухани төңкеріс нәтижесінде іске асты. Йасауи жолы өкілдері-қожалардың соңына ерген халық қазақ атанды. Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбанидің соңына ерген халық өзбек атанды. Едіге би ұрпақтарының соңына ерген халық – ноғай атанды. Қазақты бөліп әкеткен Йасауи жолы өкілдері-қожалар Қозыбасыға барып, Жәнібек пен Керей сұлтандарды шақырып, хан тағына отырғызды. Қазақ  хандығының негізі осылай қаланды. Йасауи жолы өкілдерінің осы кезеңде нақшбандийа тариқатының  өкілдерімен арадағы тіке-тіресі бейбіт жолмен шешпек болған әрекеті сәтсіз аяқталды. Қасына қаншама шәкірттерін ертіп барған Бақсайыс Ата Самарқанд қаласында қарсыластары тарапынан у беріп өлтірілді. Қасым шайх та соңына ерген шәкәттерімен бірге құрбан болды. Одан басқа қаншама Йасауи жолы өкілдері қастандыпен өлтірілді. Бұл қожалардың қазақ халқының рухани тәуелсіздігі жолында қаншамасы құрбан болғандығын көрсетеді. А, Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдап, Йасауи жолы өкілдерін мемлекеттің басқару жүйесінен шығарып тастағаннан кейін, ырқына көнбеген Нығметуллах шайх сияқты қожаларды сонау Ферғанаға дейін қуып барып өлтіртті. Ал, кешегі Кеңес өкіметі де Йасауи жолы өкілдерін нысанаға алғанын, олардың барлығын дерлік айдауға жібергенін немесе атқанын тарих ұмыта қойған жоқ. Олардың қалай қуғындалғанын Мәмбет Қойгелді ағамыз зерттеп жазды да. Белгілі жырау, Алмас Алматовтың ФБ-да жарияланған бір мақаласында мынадай оқиға айтылып еді. Кеңес өкіметі Сыр бойындағы бар ишандарды жинап, бір жерге қамайды. Бір күні НКВД өкілдері келіп, ишандарды қатарға тұрғызып қойып, бір-бірлеп маңдайларына тапаншаны тіреп, «Құдай бар ма?»-деп сұрайды. «Астағфирулла» деген ишандарды атып келе жатады. Сонда бір жасы келген ишан, қасында тұрған жас жігітке «Шырағым, біз кеттік, сен аман қалудың амалын жаса»-деген екен. Сонда, жаңағы жігіт, «Құдай бар ма?-дегенде, «Жоқ» деп жауап беріп, аман қалады. «Сонда сен қалайша жоқ дедің?- дегенде, «Іштей Алладан басқа» дегенді іштей айтып, «Жоқ» дегенді естіртіп айттым деген екен. Демек, бұл деректер, қазақ руханиатының өзегін қолына ұстаған қожалар қазаққа қарсы күрескен дұшпандардың негізгі нысанасы болғандығын көрсетеді. Бұл келтірілген тарихи деректердің барлығы Йасауи жолы өкілдері-қожалардың қазақ тарихында шешуші рол атқарған әлеуметтік топ болғандығын хабар береді. Қазақ халқының рухани- мәдени тұтастығын қалыптастыру, сақтау және оны қорғау жолында құрбан болған қожа әулеттеріне қазіргі күні келіп, біздің «сатқын» деп айдар тағуымыз ешқандай адамгершілікке жатпайды. Ата-бабамыз төбесіне көтеріп, мойынұсынған пірлердің ұрпақтарын, бүгін келіп аяққа таптауымыз, біздің қазақы болмыстан қаншалықты алшақ кеткенімізді көрсетсе керек. Біз бұнымызбен тек, қожаларды ғана емес, ата-бабаларымыздың әруғын да аяққа таптап отырмыз. Кілемнің арқауындай бар қазақты ұйытқан Йасауи жолы өкілдері-қожаларды саяси билік жүйесінен ысыру Қазақ хандығын тарихтан кетіргенін, сол сияқты шайбанилер мемлекетінің, Ноғай ұлысының күйреуіне әкелген негізгі фактор болғандығынан біздің әлі хабарымыз жоқ. Өйткені, осы күнге дейін біз өз тарихымызға қазақтың көзімен, қазақтың дәстүрлі тарихи жады негізінде қарап көрген жоқпыз. Бұл біздің сорымыз. Өзіміз өзіміз бүгін танымасақ, ертеңгі күні қазақты тарих күресінінен іздеуге тура келеді. Үшінші жол жоқ.

Ендігі кезекте қожа мен қазақтың қыз алысып, қыз берісуіне қатысты мәселеге аз-кем тоқтала кеткеніміз дұрыс. Өйткені, бар дау әнші Әбдіжаппар Әлқожаның аузынан шыққан әңгімеден басталғанын бәріміз хабардармыз. Қожа мен қазақ арасында қыз алысып, қыз берісу сол ортағасырлардың өзінде болғандығын тарихи деректер баяндайды. Мысалы, Қожа Ахмет Йасауидің қызы Гауһар ананың ұрпағы-Нұриланың Бәйдібек Атаға тұрмысқа шыққаны, Домалақ Ана атанғаны тарихтан белгілі. Немесе Бекет Ата Назар қожаның қызынан туылғаны да тарихи шындық. Ал, қожалардың қазақтан қыз алуы қалыпты жағдай. «Ата-бабаларымыз қазақтан қыз алып, қанды бұзды» дегені, дым білместің сөзі. Қазіргі қожалардың ата-бабалары сияқты қасиеттерге ие еместігі қазақтан қыз алып, қанды бұзғандығынан емес, ата-бабаларындағы рухани ілімнің қазіргі қожаларда болмауынан екендігін түсінбеу жатыр. Ал, қаралар болса, қожадан қыз алуға тартынған. Себебі, қожадан қыз алсақ, Пайғамбар ұрпағына тіліміз тиіп кете ме? Таяғымыз тиіп кете ме? деген қорқыныш болған. Бұл қазақтың Пайғамбарға деген шексіз сүйіспеншілігін, құрметін білдірсе керек. Бірақ, қазіргі кезде қожалар арасында қазақтан қыз алып, қыз беруге қарсы шығатандар саны көбейіп келе жатқандығы өтірік емес. Бұл қазіргі күні қаншама жастардың бағын байлап, тұрмыс құра алмауына себеп болуда. Өзім білетін қаншама мысал бар. Мұның салдары қазіргі күні айқын сезіле бастады. Бірыңғай қожалар тұратын ауылдарда қанның бұзылуынан кемтар балалардың көбею фактілері бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Бұл жеті ата приципін сақтамаумен тікелей байланысты екендігі белгілі. Қожалардың бұлай «қараға қыз бермейміз, қарадан қыз алмаймыз» деуінің астарында қожа ағайындардың қазаққа деген өкпесі жатыр. Себебі, кезінде қазақпен бірге көшіп-қонып жүрген әулетті қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан статусынан ажыратып,  бөліп тастау қожа ағайындарды ренжіткені, өкпелеткені тарихи шындық. Бірақ, қожалар онымен қазақтан бөлініп кеткен жоқ. Қазақтың бір атасы болып өмірін сүріп жатыр. Қазақтың шотын шауып, елім, жерім деп жүрген қаншама қожалар бар. Солардың барлығын жоққа шығарып, бір жігіттің білімсіздігне бола, қожалардың барлығын құбандыққа шалып, есекке теріс мінгізу «білімпаздыққа» жатпайды. Сондықтан артық кетсек, бір-бірімізді кешіріп, кешірім сұрап, халықтың арасына жік салмайық. Бұл тек, бізге емес, қазақтың болашағы үшін керек.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

 

54 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408