«Театр көктемі» фестивалі биыл «ҚАРА ШАҢЫРАҚ – 2019» атауымен өткізілмек
Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен «Жастар жылы» аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сәуір айының 17-20 аралығында дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі жаңа «ҚАРА ШАҢЫРАҚ – 2019» атауымен өткізілмек.
«QARA ShAŃYRAQ – 2019» фестивалі аясында, 4 күн қатарынан, театр ұжымы көрермендерге 2018 жылғы жаңа қойылымдарды ұсынады.
Олар:
- А.Чехов «Сүйікті менің ағатайым» (Режиссері – А.Маемиров)
- Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» (Режиссері – Д.Жұмабаева)
- Л.Толстой «Анна Каренина» (Режиссері – Е.Обаев)
- Б.Беделхан «Ұлым, саған айтам...» (Режиссері – А.Маемиров)
Фестивальдің ашылу салтанаты 17-і күні 17.00-де және жабылуы 21-сәуір 11.00-де. Спектакльдер әдеттегідей 18.30-да басталады.
Фестиваль бағдарламасы негізінен театрдың 2018 жылғы жаңа қойылымдарын көрсету және ол қойылымдарды қазылар алқасы мен фестивальге қатысушылардың талдауынан тұрады.
Жоғары руханиятты орнықтыруға ұмтылуды, сахна өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттыру мен дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеуді көздейтін фестиваль аясында Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Танат Жайлыбековтердің шығармашылық ғұмырына арналған арнайы көрмесі көрсетіледі.
«Қара шаңырақ – 2019» фестивалі аясында 20-сәуір күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры фойесінің «Сырласу бұрышында» театр артистері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс және жас актер Мейрамбек Тағановпен кездесу ұйымдастырылады.
Abai.kz