Еркебұлан Әлімханұлы. Ақпараттық соғыс
немесе әлемдегі және Қазақстандағы ақыл-ой орталықтарының жағдайы
Қоғамдық пікір қалыптастыратын, мемлекетте төртінші билік рөлін атқаратын БАҚ, қоғамдық ұйымдар және ақыл-ой орталықтары болып табылады. Әсіресе мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын белгілеп беретін, басқа елдерден жасалған ақпараттық және астыртын шабуылға негізгі тосқауылшы қызметін атқаратын және қоғамдық пікірді сараптап отыратын ақыл-ой орталықтарының маңызы зор. Әлемде осы ақыл-ой орталықтарының жұмысын, беделін зерттеп отыратын көптеген ұйымдар бар. Осындай ұйымдардың бірінің (The Global Go To Think Tank) мәліметіне жүгіне отырып әлемдегі һәм Қазақстандағы ақыл-ой орталықтарының даму деңгейін қарастырып өтсек.
немесе әлемдегі және Қазақстандағы ақыл-ой орталықтарының жағдайы
Қоғамдық пікір қалыптастыратын, мемлекетте төртінші билік рөлін атқаратын БАҚ, қоғамдық ұйымдар және ақыл-ой орталықтары болып табылады. Әсіресе мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын белгілеп беретін, басқа елдерден жасалған ақпараттық және астыртын шабуылға негізгі тосқауылшы қызметін атқаратын және қоғамдық пікірді сараптап отыратын ақыл-ой орталықтарының маңызы зор. Әлемде осы ақыл-ой орталықтарының жұмысын, беделін зерттеп отыратын көптеген ұйымдар бар. Осындай ұйымдардың бірінің (The Global Go To Think Tank) мәліметіне жүгіне отырып әлемдегі һәм Қазақстандағы ақыл-ой орталықтарының даму деңгейін қарастырып өтсек.
2010 жылғы мәлімет бойынша әлемде 6480[1] ақыл-ой орталықтары бар екен. Бұл орталықтардың ең көбі әрине АҚШ-та (1816), одан кейінгі орындарды Қытай (425), Үндістан (292), Ұлыбритания (278) елдері алып отыр. Солтүстік көршіміз 112 ақыл-ой орталығымен Аргентинадан (131) кейін сегізінші орынға жайғасыпты. Жоғарыдағы ұйым әлемдегі ақыл-ой орталықтарының рейтингін де шығарған, көш басында әдеттегідей АҚШ пен Ұлыбританияның орталықтары жайғасқан. Аймақтарға қарай рейтингін шығарғанда Азияда Қытай мен Жапонияның және Үндістанның орталықтары жоғарыда тұрғанын көреміз. Зерттеу алаңы бойынша жасалған бірнеше рейтингте де Батыстың орталықтары оза шауып тұр.
Аталған ұйымның мәліметіне жүгінсек Қазақстанда 8 ақыл-ой орталығы бар екен (бұлардың саны әлдеқайда көбірек, бірақ танымалдарын ғана алған). Бұл жерде біз Армения (14), Грузия (12), Әзербайжан (12) елдерінен артта қалсақ, Өзбекстанмен бір сатыда тұрмыз. Қазақстан ішінде танымал ақыл-ой орталықтарымыз әлем түгілі Азияның ілгері келген 25 орталығының арасында жоқ болып шықты.
Қай қырынан алсақ та біздің ақыл-ой орталықтарымыздың деңгейінің төмен екені анық. Бұл енді ертеден келе жатқан үрдіс. Егер Батыста ХХ ғ. басында алғашқы ой-орталықтары құрылып, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін қарқынды дамыса, социалистік елдерде бұл сала ақсап қалды. Сондықтан «КСРО-ның қырғи қабақ соғыста жеңілуіне осы кемшілік негізгі себеп болды»[2] дейтін пікір де кең тараған. Өкінішке орай тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстандағы ақыл-ой орталықтары кең қанат жая алмады, даму жағынан Ресейдің тіпті жоғарыда көргеніміздей көптеген ТМД елдерінің арқасында қалды.
Қазақстандағы ақыл-ой орталықтарының негізгі кемшіліктері деп төмендегі мәселелерді келтіруге болады:
- Халыққа ықпалы өте төмен, негізінен билік тарапынан берілген тапсырмаларды ғана орындап отырады, орындаған тапсырмаларының қорытындысын, зерттеулерінің нәтижелерін сирек жариялайды;
- Қоғамдық пікірден алшақтау, халықтың (әсіресе ауыл халқының) ойына назар аудара бермейді, көбіне интернеттегі пікірлермен ғана жұмыс жасап отыр.
- Жекелеген компаниялардың тапсырыстары өте аз, көбіне мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасап отырғандықтан қаржылық мүмкіндігі шектеулі, сондықтан шетелдік гранттарға сүйенуге мәжбүр. Біздің жекелеген компаниялардың тапсырысы алдағы уақытта да төмен болып қала береді, себебі бізде басқа алып елдердегідей ірі компаниялар мен олардың арасындағы бәсеке жоқ, сондықтан бар жүкті амал жоқ мемлекет арқалауға тура келеді;
- Орыс тілді ақпараттарды там-тұмдап кездестіруге болады, ал қазақ тілді ақпарат мүлдем жоқ деуге дерлік. Ал қазіргі таңда халықтың басым бөлігі қазақша біледі, орыс тілін білмейтін жастар өсіп келеді, алайда біздегі қазақ тілді ғылымның даму деңгейі халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейінен артта қалып келеді, сондықтан ақпараттардың жетімсіздігі орыс тілін білмейтін жастардың талабын қанағаттандыра алмайды.
- Батыста интернеттің кең тарауы бұл орталықтардың екінші тынысының ашылуына септігін тигізді, ал бізде ақыл-ой орталықтарының сайттары әлсіз, жартылай жұмыс істейді, кейбірін де сайт та жоқ;
- БАҚ-пен байланысы әлсіз, бұл орталықтардың зерттеу нәтижелері халыққа жетпей жатады. Ал Батыста БАҚ-ты емес осы ақыл-ой орталықтарын «төртінші билік» деп санайтындар көбірек. Өйткені ол жақта осы орталықтар билік пен халық арасында дәнекер болып отыр. Биліктің жұмысы халыққа ашып көрсетіліп отырмаса, онда қанша жерден жақсы жұмыс істегенімен халыққа беймәлім болып қала береді.
Бұл ұйымдардың мақсаты, міндеттері, жұмысы қандай болуы керек деген мәселе Алаш айнасы газетінде, «Ақыл-ой орталықтарын құруға не кедергі?»[3] деп аталатын мақалада көтерілгендіктен қайталап жатуды жөн көрмедік.
Жоғарыда аталып кеткен кемшіліктер бізге жан-жақтан жасалып отырған ақпараттық шабуылға тойтарыс бере алмауымызға себеп болып отыр. АҚШ-та тек қана Орталық Азия аумағын зерттеумен айналысатын оннан аса орталық бар, Батыс Еуропада да осы шамада ұйым бізді зерттеп отыр, аспан асты елінде бізге белгілі үш-төрт орталық бар және олардың саны алдағы уақытта артары сөзсіз. Осы орталықтардың барлығы басқан адымымызды қадағалап, ақпараттық қысым жасап отыр.
Ал бұл шабуылдар алдағы уақытта үдемесе кемімейтіні анық. Біздің әлі де ақпараттық тұрғыдан отар ел болып қалуымыздың бір себебі де осы ұйымдардың әлсіздігінде жатқандай. Сондықтан ақыл-ой орталықтарының жұмысын қолға алмасақ, оларды бір ізге салмасақ жақын болашақты ғалымдарымыз тек қана шетелдік гранттарға жұмыс жасап, солардың тапсырмасын орындап, соларға қажет мәліметтер беретін болады, өзіміздің шала-жансар ақпарат кеңістігіміз болса сол мәліметтерге жүгінуге мәжбүр қалады.
«Абай-ақпарат»
[1] www.gotothinktank.com/.../2010GlobalGoToReport_ThinkTankIndex_UNEDITION_15_.pdf
[2] www.kisi.kz/img/docs/110.pdf
[3] http://www.alashainasy.kz/politics/1184/