Путиннің саясаты һәм қос азаматтықтың қатері туралы...
Орыс десе жанын беретін Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет – Қазақстан. Бірақ соңғы кезде бұрын сөз етілмеген жаңа кілтипан бой көтерді. Ол осы кезге дейін жасырылып-жабылып келген қазақ елінің кейбір тұрғындарының қос азаматтығы. Әрине, республика азаматтарына қос азаматтық алуына Ата Заңымызда рұқсат берілмеген, дегенмен славян диаспорасының кей өкілдерінің амалын тауып, РФ тұратын не күйеуінің, не әйелінің ата-тегіне өту арқылы әрі РФ, әрі ҚР азаматы атанып жүргендердің санының қанша екенін ешкім білмейді.
Егер жерімізге көз алартып, тарпа бас сала қалса, дәл осы РФ азаматтарының қауіпсіздігін қорғауды солтүстіктегі көршіміз желеу ететіні анық. Иә, осы даулы мәселеге отты әуелі ҚР азаматтарына РФ азаматтығын алуды жеңілдету Жарлығы құйды. Кейін Путин осы Жарлықтың аясын одан да кеңейтіп, өзі оккупациялаған Украинаның Донецк пен Луганск облыстарының тұрғындарына да дәл осындай Жарлық шығарды.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдарды КСРО тараған соң, "бұрынғы одақтас республикалардың ұлттық элиталары азаматтықты, тілді және барыс-келісті саяси қолшоқпарларына айналдырып, ұлттық жаңа мемелекет құруды және ұлттық ерекшеліктерін сақтауды сылтау етіп, орыс ұлтынан шыққан жандардың жалпы гуманитарлық және экономикалық дамуына, гүлденуіне кедергі келтіре бастады" деп қара аспанды төндіретін ақпараттық шабуыл бастады. Осылайша, жаңадан құрылған мемлекеттерде тұрып жатқан орыс адамдары титулды ұлттардың көлеңкесіндегі екінші сортты бұқараға айналыпты-мыс. Оларды қорғау үшін РФ тарапынан жасалатын қадамдар аталған мемлекеттер үшін ұлттық болмысынан айырылу емес, керісінше өзара тиімді әріптестікке шақырады екен. Өзгенің ішкі ісіне онда тұратын орыс ұлты өкілдерін пайдаланып, қол сұғуды "өзара тиімді әріптестік" деп ақтаудың артында не тұр!?
Ресей саяси серкелерінің сөзіне сенер болсақ, Кавказ республикаларының тұрғындарына бизнес жүргізу үшін, жұмыс пен тұрғылықты орын үшін еркіндік жетіспейді екен. Сол себепті бұрынғы КСРО халықтары үшін неге біз қос азаматтықты ұсынбаймыз деп осы елдердегі тәуелсіздікке төндірер жаңа қатердің шетін қылтитты. Әрі Ресей саясаткерлері ұлттық ерекшеліктен гөрі, бодандық қамытын қайрыра кигізетін қос азаматтық барша бұрынғы бауырлас республикалар үшін маңызды деп ескі мазмұнды жаңаша әнге басты.
Егер ҰҚК біздегі «қос азаматтығы барларды» нақтылап жазаға тартпаса, осы уақытқа дейін тек қазақтың тәубешілдігімен ғана шешіліп келген ұлтаралық қатынасқа терең сызат түзеді. Әрі ресми биліктің «көпұлттық елміз» деген мифінің күлі бір-ақ күнде көкке ұшады. Ресей басшылығы әр бұрынғы одақтас республикада тек екі ғана ұлттық топ бар: титулды және жәбір көруші орыс ұлтының өкідері деген аксиоманы өмірге әкелді. Қос азаматығы бар ел тұрғындары қазақ мемлекетіне шынайы қатер төндіре бастады. Оларды елден шететту билік құзырындағы дүние. Бұл істе жайбасарлыққа орын жоқ.
Әбілсерік Әлиакпар
Abai.kz