Жұма, 22 Қараша 2024
Тарих 13694 15 пікір 29 Сәуір, 2019 сағат 12:22

Вермахт обер-лейтенанты Әлихан Ағаев десантының келте тарихы

Осыдан тұп-тура 75 жыл бұрын, 1944 жылы мамыр айының басында қазіргі Атырау облысының Жылой ауданының жеріне Абвер барлаушысы, обер-лейтенант Әмірхан Тілеумағамбетов (оперативтік есімі – Әлихан Ағаев) басқарған неміс әуе десанты түсірілген еді. Белгілі эссеист-жазушы Мақсат Тәж-Мұрат Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына “Ағаев авантюрасы” деген атпен енген десантты жою-ұстау операциясы жүргізілген жерлермен жүріп өтті. Төменде осы экспедициялық жазбаны ұсынып отырмыз.

Бұл уақиғаның жай-жапсары алғаш рет Серік Шәкібаевтың 1968 жылы жарық көрген «Үлкен Түркістанның» күйреуі» дейтін деректі повесінде кеңірек баяндалды. 1980-жылдардан қазірге дейін Г. Аксельрод, Б. Демегенов, И. Ермекбаев, Ө. Әлімгереев, Р. Хамитов, К. Сейтмұханбетов, М. Сүмесінов, Ж. Нұрмаханов, А. Надымов, Д. Матвеев сияқты авторлардың бір топ мақаласы шықты. Олардан басқа уақиға куәгерлері Т.Декеевтің, Қ.Сәдуақасовтың өз қолдарымен жазған екі жазбасы және Ы. Өтеуовтың айтуынан өлкетанушы Нұрдәулет Ақназаров жазып алған бір қолжазба бар. Бұлардың деректері ішінара пайдаланылып жүр. Сондай-ақ уақиға өткен ауылдың тұрғыны Тасым Бектұрлиев және атыраулық тарихшы Қабибек Мұхитов осы жолдар авторына жіберген жазбалар бар. Архив құжаттары бойынша Интернет-ресурсқа орналастырылған Л. Берияның жоғары басшылыққа арнайы хабарламасын және Қазақ ССР НКВД-сы мен НКГБ-сының КСРО НКВД-сы мен НКГБ-сына жолдаған есебін атауға болады.

Айтылмыш уақиғадан бері жетпіс жылдан астам уақыт өткенін, осы аралықта одан мүлдем бейхабар ұрпақ өсіп-жетілгенін, тіптен бүгінде тоқсанды алқымдап, жетпісті желкелеп отырған куәгер яки естіміш буын үшін де мөрі өшіп, малталанып қалғанын ескере келіп, жоғарыда келтірілген дереккөздер негізінде алдымен десант тарихын хронологиялық тәртіппен егжей-тегжейлі баяндап алу автордың жүгін жеңілдетіп, оқырманға да ұғынықты болар еді.

Ескерту: тақырып бойынша ілгерілі-кейінді жарық көрген және жарияланбаған дереккөздерде уақиғаның өткен-өрістеген күндері әрқилы аталатындықтан, Қазақ ССР НКВД – НКГБ басшылығының уақиғаның ізі суымай тұрып, яғни 1944 жылдың мамыр айының аяқ шенінде Мәскеуге жолдаған ресми ақпаратындағы даталарды негізге алдық.

Сонымен, 18 күн бойы облыс халқын дүрліктірген атышулы десант уақиғасы қалай өтіп еді?!

 

АСПАННАН ТҮСКЕН ОН БЕС

3-мамыр, 1944 жыл. Шамамен түнгі 2-ге таман Мемлекет қауіпсіздігі халық комиссариатының (НКГБ) Гурьев облыстық басқармасының кезекшісі аға лейтенант Шармайға Астрахан НКГБ басқармасының кезекшісі хабарласып, сондай-ақ Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) Гурьев облыстық басқармасының бастығы Забелевке НКВД Астрахан облыстық басқармасының жауапты кезекшісі телефон соғып, жаңа ғана Астраханның үстімен Гурьевке қарай белгісіз ұшақ өткенін хабарлайды. Шармай дереу Гурьев әуежайына телефон шалып, кезекші Степановтан аэропорттағылар Астрахан жақтан самолет күтіп отыр ма, жоқ па деген мәселені анықтайды. Қандай да бір ұшақ шығуы тиіс емес екендігін білгеннен кейін кезекшіге келе жатқан ұшақты байқастап қарап отыруды тапсырады және болған жайды НКГБ Гурьев облыстық басқармасының бастығы, подполковник Гончаровқа мәлімдейді. Гончаров та, Забелев те дереу кеңсеге келіп, жиналып күтіп отырған қызметкерлермен шұғыл бас қосады. Аудандық бөлімшелерге шығып, сақтықты күшейтуді, жергілікті тұрғындарға сұрау салуды тапсырады. Соның артынша баяғы аэропорт кезекшісі Степанов НКГБ облыстық басқармасына телефондап, жергілікті уақытпен 2.30-да Гурьев қаласының үстімен (бір деректерде – шетімен) Маңғыстау ауданына қарасты Форт-Шевченко қаласын бағытқа алып ұшып бара жатқан бір белгісіз ұшақты көргенін хабарлайды. Авиамеханик самолетті бортындағы жылтыраған жарығынан байқап қалған.

Гончаров дереу төте желімен Мәскеумен байланысады, Әуе флоты бас басқармасына шығып, айтылған уақыт мұғдарында Астрахан-Гурьев бағытында ешқандай ұшақ жіберілмегенін анықтайды. Сол аралықта қырағылығы адам айтқысыз Степановтан түнгі 16.10-да 1500 метр биіктікте Гурьевтің оңтүстік шетін басып  Астраханға қайтқан белгісіз ұшақты көргендігі жайлы және бір хабар келеді. Чекистер беймәлім самолеттің Гурьев аумағымен бір сағат қырық бес минут ұшқанын есептеп шығарды. Соның негізінде ұшақ облыс территориясынан қайтқан дейтін тұжырым жасалды. Сөйтсе де қауіпсіздік органдарының басшылары мұның не жау ұшағы екенін, не адасып кеткен өз самолетіміз екенін айыра алмай, бөгелді.

Бұлар осылай тұра тұрсын, енді жұмбақ «жолаушы» маңдайға алған жақта не болып жатыр екен, соған келейік.

Сол мамырдың 2-сінен 3-іне қараған түні, сағат тілі 3-тен кеткен шамада Жылой аудандық милиция бөлімі бастығының орынбасары, бөлімдегі жауапты кезекші Меңдіғали Жүсіповке аудан орталығы Қосшағыл поселкесінің батыс бетіндегі ашық мұнай резервуарының түнгі қарауылы, әскериленген вахталық күзет жауынгері Иманәлі Боздаев телефон соғып, жаңа ғана аспанда шығыстан батысқа қарай найзағайша ағып өткен көкпеңбек жұлдыз сияқты зат көргенін хабарлайды. Жүсіпов естігенін тікелей басшысы – аудандық милиция бөлімінің бастығы, милиция капитаны Тотай Декеевтің үйіне телефон арқылы мәлімдейді. Декеев дереу кеңсеге жетіп, Жүсіповке болған жайды аудандық НКГБ бөлімі бастығы Петр Кочинге, аудандық НКВД бөлімі бастығы Хамза Шоқановқа хабарлауды тапсырады да, өзі кезекші шофер Айдынғали Маңғыбаев пен кезекшінің көмекшісі Жақа Нұрғалиевты жұмсап, резервуар басындағы Боздаевты кеңсеге алдыртады. Сол екі арада Кочин мен Шоқанов та жетеді. Декеевтің жазуынша жіберсек, «әкесі мен ағасы бірдей майданға кетіп, жалғыз шешесімен қалған соң, күнкөріс қамымен оқуды тастап, жұмысқа шыққан он сегіздегі жас жігіт, орта бойлы, толықша, сөйлеп тұрған ашық та пысық комсомол мүшесі Иманәлі» телефонмен айтқанын қайталап, хабардың растығын шандыра тиісті қағазға қолын қойып, қызметіне қайтқаннан кейін, түнгі 3.45-те Кочин мен Шоқанов болған жайды Гурьевтегі басшыларына мәлімдейді. Олардан «Дереу оперативтік топ  құрып, Құлсары мен Ұялы жаққа жөнелтіңдер. Қаладан Шармай бастаған топ барады, бірақ оларды күтпей қимылдай беріңдер» деген тұжырымды тәртіп алады.

3-мамыр түніндегі белгісіз ұшақ дерегі ілгеріде айтылған милиционер Қойман Сәдуақасовтың жазбасында да кездеседі. Сол түні көмекшісі Смағұл Қарамолдиевпен бірге аудандық милиция бөлімінде кезекшілікте отырған ол (Декеев басқаратын милиция бөлімінде емес, НКВД бөлімі болуы керек) таңғы сағат 3-тің шамасында ұшақтың «салдыр-гүлдір» ұнамсыз дауысын естіп, әлденеге сезіктеніп, кәсіпшіліктің мұнай айдау учаскесіне телефон шалады. Ондағы байланысшы (телефонистка) орыс қызы жаңа ғана бір нән самолет келіп, май (мұнай) жиналған амбарға шүйіліп барып терістік-батысқа қарай ұшып кеткенін, ұшақ біздің самолетке ұқсамайтынын айтады. «Мен дереу НКВД бастығы Кочинге, НКГБ бастығы Бабичке және Муташов деген бастыққа телефон соғып, естігенімді жеткіздім, – деп жазады Қойман Сәдуақасов. – Олар келіп, «Гурьевтегі бастықтар жер-жерге екі кісіден іздеуші жіберуді тапсырды» деп, мені кезекшіліктен босатты да, НКВД бөлімінің аға уәкілі Жақа Нұрғалиев екеуімізді Қарақұмға атпен жіберді. Қарашүңгіл, Ұшқан, Есекжал арқылы 6-мамыр күні Аралтөбе ауылдық советіне жетіп, аудан орталығымен байланысқа шығуды тәртіп етті».

Тотай Декеевтің айтуынша, облыстан берілген жарлыққа сәйкес сол түні жеке оперативтік топ құрылған. Оның құрамына Декеев (топ басшысы), НКГБ бөлімі оперативтік уәкілі, кіші лейтенант Жақа Нұрғалиев, паспортшы, кіші лейтенант Амандық Аязбаев, учаскелік милиционер, кіші лейтенант Биаш Аманжолов кіреді. Топ шұғыл жолға жиналады. Үш органда да автомашина болмағандықтан, басшылар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шапқат Ғазизов пен аудандық кеңес төрағасы Кәлен Доcшақовтан ат-көлік және адам көмегін сұрайды. Нәтижесінде Қосшағыл кәсіпшілігінің директоры Сары Юсуповтың тікелей араласуымен кәсіпшіліктен төрт адам бөлінеді. Күндізгі сағат 12-ден кете жедеғабыл топ Қосшағылдан батысқа қарай 25 шақырым жердегі Құлсарыны бетке алып, жолға шығады.

Ал енді бұлар осылай жүре берсін, Гурьевтегі қапылыс не болып жатыр екен, соған оралайық.

Гурьевтегілер күндіз (кейбір деректерде – кешке) Жылойдағы Кочиндерден Жем өзені бойындағы Жылой ауданына қарасты колхоздардың тұрғындары беймәлім ұшақтың жер бауырлап төмен ұшып, Ақмешіт деген жерден қайтқанын көргені жайлы қосымша хабар алғаннан кейін десант түсірілуі мүмкін деген жорамал беки түседі. Десантты қуған топтың ішінде болған Г.Аксельрод пен кейін тергеу материалдарын пайдаланып кітап жазған С. Шәкібаевтың келтіруінше, сол 3-мамырда Жылойға Гурьевтен Шармай бастаған оперативтік топ аттанады. Шармай тобының алдына «аудан орталығына жеткен соң партия, совет органдарымен байланысып, жауды аудан активімен бірге іздеу» міндеті қойылады.

1944 жылғы 3-мамырда Ағаев бастаған әуе десанты түскен Сарықасқа жайлауының қазіргі көрінісі

4-5 мамыр. 3-мамырда Қосшағылдан сегіз атпен шыққан Декеев тобы сол күні Құлсарыға жетіп, кәсіпшілік директоры Сафи Өтебаев алдын ала ат-көлігімен әзірлеп қойған алты адамды қосып алады (арасында кәсіпшіліктің жоспарлау бөлімінің қызметкері, 19-20 жастағы комсомол мүшесі Жанша Таңқыбаев бар). Сондай-ақ топқа құрамына ол заман НКВД жүйесіне қараған өрт сөндіру командасынан взвод командирі Ермек Көрпеков пен бөлімше командирі Аманқұл енгізіледі. Барлығын қосқанда, жедел қимыл тобының саны 16 адамға жетеді.

6-мамыр. 5-мамырдан 6-мамырға қараған түнгі сағат 3-те Гурьев аэропортының кезекшісі НКВД облыстық басқармасына беймәлім самолеттің тағы да пайда болғанын хабарлады. Ұшақ Гурьев қаласын екі айналып, теңіз жаққа кеткен. Сағат аралатып әлгі ұшақ теңіз жағалауынан 40-50 км жерде зәкірде тұрған «Диктатура пролетариата», «Калинин» және «Роза Люксембург» кемелерін жанамалай ұшып өтіп, оларға оқ жаудырды. Былтыр, яғни 1942 жылы Каспий теңіз флотилиясы мен Волга өзен флотилиясы кемелерінен жасақталған әскери-теңіз базасына кіретін кемелердің ішінен қазандығын оқ тесіп өткен «Роза Люксембургтен» басқа кемелерге дым да болмайды, тек «Пролетар диктатурасы» капитанының көмекшісіне оқтың жарықшағы тиіп, жеңіл жараланады. «Роза Люксембургті» бу қазандықтарын сөндіріп, Гурьев портына сүйреп жеткізеді. Теңізшілердің айтуынша, оқ атқан – айырым белгісі жоқ, төрт моторлы бомбалағыш ұшақ. Мамандар ірі калибрлі пулеметтің оғының жарқыншақтарын тексеріп қарап, оқтың неміс зауытында жасалғанын анықтады.

Жергілікті жерлерден түскен мәліметтер екінші ұшақтың да Жылой жаққа барып қайтқанын көрсетті. Ұшақ түнгі 1 шамасында 100 метр биіктікте Қосшағылдың үстімен өтеді де, түнгі 3-тің кезінде 200-300 метр биіктікте осы кәсіпшіліктің үстімен Гурьевке қарай кеткен (аэропорттағылар оны осы кері сапар кезінде ғана байқайды).

Гурьевтік арнаулы қызмет басшылығы екі ұшақтың ұшу трассасын зерттеп қарағаннан кейін бүкіл агентураға облыс елді мекендерінде пайда болған күдікті адамдарды анықтау жөнінде нұсқау беруді, жол бойында құжат тексеретін патруль, тосқауыл топтар ұйымдастыруды, «Каспий-Орск» мұнай құбырының, Қазақ мұнай комбинатына қарасты электр стансасының, «Ширина» мұнай базасының күзетін барынша күшейтуді және десант түсірілуі ықтимал аймақты сүзіп шығу мақсатында УНКГБ – УНКВД қызметкерлерінен қарулы жедел қимыл тобын құруды тәртіп етті.

Сол күні түс ауа сағат 5-тің шамасында Декеев тобы Ұялыға қарай жолға шықты. «Ішімізде Жылой жерінің ой-шұқырын тапжылтпай айтатын, түнде тас қараңғыда атынан түсе қалып, жердің топырағы мен шөбіне қарап бағдарды ажырата беретін қосшағылдық мұнайшы Сана деген жершіліміз бар, – деп жазады Декеев. – Бұл Сананың бастауымен 1942-1943 жылдары Қарақұм, Алтыкөл, Бейбіттен талай дезертирді топтап-топтап ұстағанбыз».

Десантшылар жүктерін көмген Сарықасқамола. Елтану экспедициясының мүшелері жергілікті малшылармен бірге

 8-мамыр. Екінші ұшақтың сапары мәлім болған күннің ертеңіне жедеғабыл жасақталған сегіз топ іздестіру жұмыстарына кіріседі. Бұл жерде Шармай, Декеев топтары сияқты ірірек отрядтар, сондай-ақ Қойман Сәдуақасов пен Жақа Нұрғалиев сияқты жекелеген ізкесерлер айтылып отырса керек. Қойман мен Жақа Кочиндер айтқан жерлерді – Қарашүңгіл, Ұшқан, Есекжал сортаңын сүзіп, айналасы 200 шақырымдай жер жүріп, 8-мамыр күні кешке Маяжал арқылы Айнымас деген жерде отырған табынай адай Досмағамбет деген шалдың үйіне келеді. Сол күнде Айнымаста «Жаңа таң» колхозының жылқы фермасы отырады екен. Іздеушілер ертесіне қартты ертіп алып, Ұшқан атаның үстімен Аралтөбе ауылына қарай жүреді. Жолда Жақа Нұрғалиев қарақұйрық атып алады, Досмағамбет қарт оның терісін мес қылып сойып, етін салып алыпты. Кешкі сағат 7-нің шамасында жолаушылар Аралтөбедегі колхоздың Жыңғылдытоғайда отырған егінші ауылына жетіп, Жақаның әкесі Талпаштың үйіне түседі.

9-мамыр. Бұл кезде Сана ізкесер бастап келе жатқан Декеев тобы түнделетіп «Молотов» колхозының орталығына жетеді. Колхоз кеңсесіне ат басын тіреген топтың басшысы дереу кісі жіберіп, колхоз басқарма Айтбай Бөлтековты алдыртады. Ауылдағылар ұшақ жайынан бейхабар болып шығады. Топ Киров колхозына жүретін болып, сол жерде түнейді.

10-мамыр. Ұялы мен Есекжал арасында, Қазыбек қыстауына таяу Нұржанқора деген жерде Аманбай тоғайда отырған егіс бригадасынан келе жатқан Берденбай Жолжанов дейтін соқыр шал Ұғыбай деген баласымен (қасында Өтеулі Дәденов, оның кішкентай баласы Наурызбай және Қадыр Жаулыбаев, Бөртебай Қазыбаев деген ауыл тұрғындары бар) алдарынан үш қарулы кісіні кездестіреді. «Ақтөбе жақтан келе жатырмыз, құдықтан су алайық деп түнде жолдан бұрылып едік, машинамыз құмға тығылып қалды. Далада қонып шықтық. Көмек сұрайық деп жолға шыққан бетіміз еді», – дейді әлгілер. Сосын Аманбай тоғайды, ондағы бригаданы, Ұялыны, ондағы Киров колхозының жай-жапсарын мұқият біліп алады. Наурызбай балаға шоколад береді. Кетерде: «Сіздерден жасырмай-ақ қояйық, біз әскерден қашқандарды іздеп жүрміз. Бізді көрдік деп ешкімге айтпаңыздар», – дейді. Екі жақ та жөндеріне кетеді. Былай шыққасын Ұғыбай кәмпиттің жазуын оқып қараса, немісше екен.

Өтепберген Әлімгереевтің мәліметінше, ауыл адамдары одан әрі жарты шақырымдай жер жүргенде тағы сондай үш кісіні кездестіреді. Біреуі капитан шенінде, өңгелері погонсыз. Бірақ олар ауыл адамдарын тоқтатпай, өтіп кетеді.

Сол күні Декеев тобы Ұялы ауыл советінен Аманбай тоғайына және егіншілер ауылына жүрейін деп тұрғанда ішінде Кочин мен Шоқанов бар Шармай бастаған гурьевтік жедел қимыл тобы келіп жетті (Декеев жазбасы бойынша). Есен Құдайбергеновтың хабарын ала салысымен асығыс аттанған беттері екен. Келген бойда топ басшылығы «Сендер осы бағыттарыңмен жүре беріңдер, қосымша тағы да аттылы кісілер шығарамыз, бізді егіс бригадасының басынан күтіңдер» деген нұсқау берді.

Қазыбек қыстауы маңындағы, 1944 ж. көктемде егіс ауылы отырған Жем өзенінің мүйісі

11-мамыр. Декеев тобы Киров колхозын бетке алып шығып, сол күні кешке колхоз орналасқан Ұялы ауыл советіне келді. Ауылдық кеңестің төрағасы Есен Құдайбергенов Декеевтің «Осы маңға жау десанты түсуі мүмкін» дейтін күдігін қуаттап, аса маңызды тың мәлімет береді. Айтуынша, кеше, яғни 10-мамыр күні колхоздың егіс бригадасының басқарушысы Байжан Атағожиев келіп, егінші бригада мен сиыршы ауылда солдатша киінген үш адам бой көрсеткенін, далада мәшинелері батып қалып, азығы таусылып, ел іздей шыққандарын айтқандарын хабарлаған. «Не алсаңдар да бір қой, ірімшік-май сатыңдар» деп, Ботақара дейтіннен 3000 сомға бір қой және Аманбай тоғайдағы сиыршы ауылдан құрт-ірімшік сатып алып кетіпті. «Осы жағдайды айтып аудан орталығына әдейі адам аттандырып едім, сіздерге қалай кезікпеді екен?!» – дейді Құдайбергенов Декеевке.

Сол күні Аралтөбедегі Жыңғылдытоғайда, Талпаш үйінде Айтмұқан Жұмыров дейтін қарттың десанттың Сарықасқаның суына түскені жайлы әңгімесін тыңдап отырған Қойман мен Жақа Ақмешіт жақтан келе жатқан екі автомашинаны көреді. Сәдуақасов пен Нұрғалиев шайға қарамастан аттарына мініп, автокөліктердің алдынан шығады. Машинадан Кочин түсіп, Сәдуақасовқа Амангелді, Чапаев, Молотов және Киров колхоздарының бойдақ жылқыларын еріксіз жинап, ертең сағат 10-да «Есенбайдағы штабқа» жеткізу жөнінде бұйрық береді де, машинаға Жақаны мінгізіп алып одан әрі жөнеледі.

Күндіз «Қазыбекте, қырқым пунктінде отырған ауылға» Ақмешіт жақтан үш кісі келеді. Әйелдер соңдарынан шұбалған шаңға қарап, әуелде аттылы екен деп қалған екен, жақындағанда жаяу адамдар болып шығады. Үшеуі шеткі ағаш (киіз) үйге кідіреді. Жұрт шұбырып сонда барады. «Біз де бардық» дейді Ыбырай Өтеуов. «Жер қарап жүрген инженерлерміз. Машинамыз Жем бойындағы құмаққа батып қалды» деді әлгі үшеу.

Ботағара:

– Қай жерлермен жүрдіңдер?

Үшеу:

– Есекжалмен, Қоңырорпамен келдік. Ал өзің кімсің?

– Киров колхозының егіншілер бастығымын. Мал ауылдарды жиі аралаймын, – деді Ботағара әлгілердің жер ыңғайын шатастырғандарына шамалы таңданып.

– Соғысқа бардың ба?

– Аяғымнан жараланып, қайтып келдім. Сол аяғымды осколка жырып кетті.

– Онда сіздің үйге барайық.

Ауыл адамдары еріп, Ботағараның үйіне келді. Күн батты. Үшеуі шалдарға темекі берген, әңгімелескен. Ботағара:

– Қонақ болыңдар. Бір тоқтым бар еді, сояйын.

Үшеу:

– Сен военный адамсың. Жұмысқа кесел жасауға болмайды. Сен сол қойыңды бізге бер. Түздегі төрт қойдың сүтінен ұйытқан айраннан бер. Табақ, ағаш ожау, оймақ тостаған, ағаш қасық керек.

Ауылда Ботағара үйінен басқа Байжанның, Ыбырайдың, есепші Қарабай Мекеевтің үйі бар еді. Байжанның үйінде адам болмады.

Ауыл адамдары біртіндеп жинала бастады. Алдымен Оспан шал келді. Тізерлеп отырған «Ағаев» тұрып, қалтасынан аттылы адамның сүгіреті бар «Казбек» шығарып, бір түйірін берді, шал уқалап-уқалап аузына салды да:

– Әй, құдай тілектеріңді берсін, үйге жүріп ағарған ауыз тиіңдер, – деп, аналарды алып кетті.

Мен малға кеттім. Ымырт үйірілген шақ еді. Әр үйден ірімшік, құрт сатып алыпты. Сыдиық деген ағайға сатып алған қойын сойдырып, алған заттарын құрттай маяға тиетіп, апарғызып тастады.

– Мен үйлерін көре алмадым, жақындағасын айрандарын құйып алды да, қайтарып жіберді, – деді Сыдиық.

Ағаевтың ұзын қоныш былғары етігі бар. Киімі қатып тұр. Өңді. Аш беліне бәрі жарасып тұр.

Атыраулық тарихшы Қабибек Мұхитовтың жазуынша, осы екі аралықта Ағаев өзі туып-өскен жерге жақын, ағайындары тұратын Доссор мұнай кәсіпшілігіне жасырынып барып, поселкі түбіндегі 3-ші ауылда отырған туысы, Қабибектің атасы Мұхитқа түнделетіп жолығып, кейін қайтқан.

Жанбикедегі кездесуді Серік Шәкібаев өз кітабында былайша жеттіктіреді.

Жазуынша, Закиров, Бастаубаев, Дінішев деген үш десантшыны егінші ауылға Ағаевтың өзі жібереді. Ауыл адамдары өздерін «дезертир іздеушілерміз» деп таныстырған әскери формалы адамдарды қызық көріп, қоршап алады. Жасы отыз бестерге келіп қалған жылпос көсе жігіт топты жарып келіп, қарулы адамдарды үйіне шақырады. Алдында сенегі бар бір бөлмелі аласа үйдің оң жағында ағаш төсек, сол жақта үлкен сандық, оған жалғаса биік үстел тұр. Үй иесі өзін Ботағара деп, ал Закиров өзін Хасен деп таныстырады.

Ботағара:

– Мен де өздерің сияқты әскерге барып, майданға кіріп қайттым. Мына оң аяғыма осколка тиіп жаралы болдым. Үйге келгелі тоғыз ай боп қалды. Біраз тынығып дем алған соң колхоз басқармасы бригадир ғып қойды. Көп ұзамай әскерден бұрынғы бригадир қайтып келді. Сонан соң мен тарыға шықтым.

Бұдан кейін қой саудасы басталады. Ботағара мұны өздігінен шеше алмай, бригадир Байжан Атағожиевты шақырады.

Үйге қырық бестер шамасындағы, бойшаң, денелі, мұртты кісі кіреді.

– Жақында соғыс заемына жазылып, артық малымызды сатып жіберіп едік. Бойдақ қойы бар Ботағара сатпаса, – дейді ол.

Ботағара біраз қобалжып отырып, қойын сатуға көнді. Қайтер екен деп үш мың сом сұрап еді, сатып алушы сөзге келмеді, сонша қып-қызыл банк билетін суырып тастады. Ботағара өрістегі малға адам жібермек боп сыртқа кеткенде, Закиров Байжанға шетел сигаретін ұсынды. Қарулы адамдар үстелдегі жергілікті газеттерді құныға оқи бастайды. Мұның бәрі Атағожиевты күдіктендірді.

Күн еңкейе қарулы үшеу ауыл әйелдерінен аздаған құрт, ірімшік, айран сатып алып, қойды бас жібінен жетектеп кетіп қалды.

Бұл әңгіменің және бір нұсқасы Г.  Аксельрод мақаласында баяндалған.

Ол бойынша, қызыләскер формасын киген алты қазақ ауылға тура қырдан келіп, Байжан Атағожиевке қашқындарды іздеп жүрміз дейді. Іштерінде аласа бойлы, қара торы капитан бар. Сосын олар сатып алатын қой сұрайды.

– Колхоздың малын сатуға болмайды. Ал өз малымды, бәлкім, сатуыма болар, – дейді Байжан.

– Қанша сұрайсың?

– Үш мың.

Байжан қайтер екен деп жорта қымбат сұрады. Бірақ капитан саудаласпастан, аспалы сөмкесінен бір бума ақша суырды.

– Бес мың, ал. Жақсы адамның садағасы кетсін ақша.

Байжан құдды бір кәнігі саудагерше ақшаны қойны-қонышына тыққыштай бастады. Бригадирдің дүниеқұмарлығын бұрын көрмеген бригада адамдары аң-таң.

Күдікті үшеу қойды жетектеп, өз жөндерімен кеткеннен кейін Байжан сол арада тұрған ересек балалардың біреуіне:

– Ауылдық советке шап. Көргеніңнің бәрін қалдырмай түгел жеткіз. Қырда жат адамдар жүргенін айт! – деді.

Бұл жайды Серік Шәкібаев біраз басқаша сипаттайды.

Сол 10-мамыр күні түнде Ұялы ауыл кеңесінің төрағасы Есен Құдайбергеновке Киров колхозы жылқы фермасының меңгерушісі Байшыған Бектұрлиев келеді. Айтуынша, үйіне егіс бригадасынан бес кісі келіп түсіпті. Бесеудің бірі – Наурызбай деген төрт жасар бала шай үстінде шоколад жей бастайды.

– Қарағым, мынау тәттіні қайдан алдың? – деп сұрайды Бектұрлиев.

– Әскер берді, – дейді бала.

– Жолда үш қарулы кісі кездестірдік, мәшін іздеп жүрген көрінеді, – деп сабақтайды бұл әңгімені Берденбай қарт.

Осыдан кейін колхоз орталығына Байжан Атағожиев келеді. Айтуынша, егіс бригадасына автомат асынған, әскерше киінген бөгде үш қазақ келіп кеткен. «Қой, ірімшік, айран сатып алды, ақша деген пішен, шетелдің «сары көтен» темекісін тартып жүр» дейді ол.

11-мамыр. Ұялыдан 45 км жердегі Киров колхозының еңбеккерлері Қазыбек тауының маңында екі автоматы бар, қызыләскер киімді 6 қазақты көргендігі жайлы тығыз депеша жазып, оны Қосшағылдағы Кочинге арнайы шабарманмен жібереді. Сол күні Ұялыға төрт оперқызметкер жетіп, әлгі әңгімені анықтады.

Бұл кезде Декеев отряды Аманбай тоғайдағы егінші ауылға жетіп, бригадир Байжан Атағожиевтан бейсеубет қарулы адамдар жөнінде толық мәлімет алады. Байжан өзінің соғыста жараланып, елге келіп, колхозда жұмыс жасап жатқанын, ылғи әйел адамдармен өгіз, сиыр жегіп, жер жыртып, шығыр салған ауыр еңбектерін баяндайды. «Тіпті колхозда мал бағатын ер адамның қалмағанын, колхоздың сауын сиырын қария кісінің бағып отырғанын, сол қарт алдыңғы күні кешке сиыр ауылға бейтаныс үш кісі келіп, ірімшік, құрт сатып алып кеткенін бізге айтып берді», – депті Тотай Декеев өз жазбасында.

– Егер осы маңға диверсанттар тасталған болса, бұл жерде олар паналайтын қандай орындар бар, ашық далада жата алмайды ғой, құдық бар ма? – деп сұрайды ол.

Байжан осы арадан 30-35 шақырым жерде бұзылған там барын, ол өзі Жем өзеніне тақау тұрғанын айтады. «Ал одан әрі – Сарықасқа құдығы. Суы тұщы, айналасы шағылтақ, қияқ, құланқұйрық шыққан қапырықтау жер. Одан арғы жерді Ақтөбе облысы Байғанин ауданының «Теректі» колхозының малшылары жайлайды, – деп жер жағдайымен толығырақ таныстырады бригадир. – Осы жерлердің қай-қайсысы да Жемді жағалай, өзенге жақын орналасқан. Өзеннің бойы сулы жарқабақ, көп жерінде қалың қамыс шыққан. Жем шығыс беттегі Алатауға қарай өрлей береді».

12-мамыр. Гурьевтен Қосшағылға отрядымен келіп отырған Шармай Құдайбергенов жазған хат бойынша Ұялыға кеткен қызметкерлерден хабардың шын екенін естісімен, дереу оперативтік тобын жинап, оған Кочинды, Шоқановты қосып, «ГАЗ-51» машинасымен Ұялыға суыт жүріп кетті.

13-мамыр. Бұл кезде Қойман Сәдуақасов жергілікті тұрғындар – Молдаш Жанбозовтың, Әбіш Қожасовтың, Құрмет Тайпозовтың, Ботағара Берденбаевтың, Мамыр Байбатыровтың және Қорабай Мекеевтің көмегімен, Кочин айтқан үш колхоздан алпыс ат жинап, өз айтуынша «Есенбайдағы штабқа» қарай жүргізеді

Күндіз Аманбай тоғайдағы егінші ауылдың сыртына «кукурузник» ұшақ келіп қонды. «Жанында ВОХР-дың бір жауынгері, екі ұшқыш бар Қойман Сәдуақасов келді» дейді Ыбырай Өтеуов. Әскерилер ауылға сырттан кімдер келгенін сұрастырады. Ауыл адамдары көрген-білгендерін айтып береді.

Ал Қойман Сәдуақасовтың өзіне айтқызсаңыз, ол тобымен аттарды айдап отырып, штабқа (яғни егінші ауылға) таң ата жетеді. «Барсақ, алдыңғы күні түнгі сағат 10-да дұшпандар келіп, Атағожиев Байжанды алып кетіпті» деп жазады ол.

Сол күні Шармай бастаған топ Киров колхозының орталығына соқпастан егіс бригадасы отырған Аманбай тоғайға кеп бір-ақ тоқтайды. «Түс қайта судобеккер машинамен көп милиция келді, – деп хабарлайды Ыбырай Өтеуов. – Көп отряд. Бастығы – подполковник Шамонов екен. Мыжырайған орысқа көп ұқсамайды. Старший лейтенант Амандық Аязбаев штаб бастығы болды. Судобеккерге жол көрсетіп келді. Ауыл белсенділері түгел жиналды. Аязбаев Ыбырайды «шабарман етем» деп малдан босатып алды. Бір нән өгізді тамаққа сойғызды. Бөшкемен айран тасытты. 19 колхоздан 3 аттан штабқа жинатты. Ауылда тамақты ұйымдастырған Құлсары Байгөбенов».

Шәкібаевтың дерегінше, Шармай бригадаға келісімен Атағожиевпен, оның көршісі Ботағарамен әңгімелесіп, қарулы адамдар ауылға қай кезде келіп-кеткенін, түр-тұлғасын, сөйлеген сөздерін түгел жазып алады. Сосын Ботағараны машинаға мінгізіп, қарулы адамдар кеткен жаққа жылжиды. Ізбен жүріп отырып, Жем өзенінің жағасындағы бұзылған үйдің тұсынан келіп шығады. Тамның айналасынан мүжілген сүйек-саяқ, сигарет тұқылдарын, немісше жазуы бар қарындаш тауып алады. Осы маңға парашютті десант тасталғанына көздері анық жетеді және төңіректегі малшы ауылдарды аралай жүріп, кеше осы маңда он шақты қарулы қазақ жігітін кездестірген бір бақташы шалдан қосымша мәлімет алады. Шал әлгі топтың мана өздері көрген ескі тамда жатқандарын қуаттайды.

Республикалық НКВД – НКГБ басшылығының хабарламасынан: Аталған күні УНКВД ОББ бастығы жетекшілігіндегі топ Киров колхозы фермасының батыс бетінде, 3 км жерде тұрған иесіз жертөледен темекі тұқылдарын, неміс қарындашын, қаңылтыр примус, мүжілген қой сүйектерін және былғары аяқ киімнен түскен адам іздерін кездестірді.

Декеевтің дерегінше, Шармай тобы өздерімен бірге колхоздан алып келген он шақты адамды қосып, сол жерде 25 атты адамға қару-жарақ (винтовка, оқ) беріп, «диверсант бандыны іздеу, тапқан жерде қоршауға алып, тірілей қолға түсіру» міндетін қояды. Декеевті топтың басшысы, Ермек Көрпеков пен Амандық Аязбаевты жәрдемші етіп тағайындайды. Аманқұл, Жанша Таңқыбаев байланысшы қызметін атқаратын болды. «Жер жағдайын біледі» деп колхозшы Байшыған Бектұрлиевты жол бастауға береді. Банды жасырынды-ау деген жерлерге тек түнде жақындауды тапсырады.

Түс қайта, бесін кезінде 17 атты кісі Байшыған Бектұрлиев пен «жер-су бөлімінің» маманы Сана Қалмұратовтың (Ыбырай Өтеуовтың айтуы) жол көрсетуімен Сарықасқаға қарай жүріп кетеді. «Содан Аманбай тоғайына жетіп, одан екінші күні Жемнің жағасындағы бұзылған тамды қоршап, ертемен барсақ, ешкім жоқ, – деп жазады Т. Декеев. – Бірақ адамдар болған, ас ішкен, тамақтың қалдығы, темекінің көтегі, конфет қағазы жатыр. Оларды жинап алып, кешке связной Амандық пен Жанша арқылы арттағы опергруппаға жібердік. Екеуі опергруппадан жаңа тапсырма әкелді. «Енді Сарықасқа құдығына жетіңдер. Сол жерде бекінуі мүмкін. Сақ болыңдар, оққа ұшып жүрмеңдер», – деген тәртіп болды».

Алматылық чекистердің хабарламасынан: Сол 13-мамыр күні Шармай тобы атпен және ұшақ арқылы із кесуін одан әрі жалғастыра отырып, әлгі жертөледен 10 шақырым жердегі Сарықасқа құдығы маңынан парашютшілер аялдаған орынды, пулемет ұяларын, консервінің бос қалбырларын, темекі тұқылдарын тапты. Сол күні кешке жедел қимыл тобы жертөледен 25 км жердегі Сарықасқаның екінші құдығына таяп келіп, парашютшілермен қақтығысып қалды. Опертопқа пулемет пен автоматтан оқты қарша боратқан десант түн қараңғылығын пайдаланып, сытылып кеткен.

Ал Сарықасқаға беттеген Декеевтер құдыққа таң қараңғысында таяп келеді. Декеев қасындағыларға араны бір метр қашықта ұстау жөнінде бұйрық береді. Көрпековты Байшығанға жақын ұстап, Аязбаевты оң қанатқа қояды. Және Жанша Таңқыбаев екеуіне шөп арасымен еңбектеп барып, адам тірлігі білінсе дыбыстап белгі беруді тапсырады. Өзі Аманқұлмен сол жақ – өзен бетпен жүріп отырады.

Осылайша қанатын жайып келе жатқан отряд таң қараңғысында құдыққа 400-500 метрдей жақын келгенін абайламай қалады. Жау жалма-жан «қарулы тұрған автоматтан» оқ жаудырды. Сол жерде Бектұрлиевтың аты оққа ұшып, өзі құлап, жау қолында қалады. Бір оқ Көрпековтің оң жақ санына тиіп, жеңіл жарақат алады. Аязбаевтың да аяғына оқ тиді.

Отряд бастығы кейін серпіліп шыққан жігіттерді жинап, жауды алыстан қоршап, құдықтан шығармауды бұйырады және болған жағдайды баяндаған депешамен Амандықты ауылға, жедеғабыл топқа жіберді.

Ал енді осы уақиғаны Шәкібаев қалай жеткізген, соған көз салайық.

«Күн батып, ымырт жабыла бастады. Ағаевтың тобы шай ішіп, орындарынан жаңа тұрған кез еді.

– Мырза! Бізге қарай бір топ атты адамдар келе жатыр, – деді Закиров алқынып.

Ағаев жалт қарағанша болмады, аттылардың бірі көкке мылтық атып жіберді.

– Жата қалыңдар! Бірде біреуің берілуші болмаңдар! Шамаларың келгенше күресіп бағыңдар! – деп, Ағаев та аттыларға қарай бір оқ атып жіберді.

Бәрінен бұрын окопқа түсіп үлгерген Закиров қол пулеметтен оқты жаудыра бастады. Аттылар дөң астына түсіп ғайып болды. Атыс тоқтала қалды. Біраздан соң салт атты адам желіп құдық жанына келді.

– Ей, көнетін болсаң мылтығыңды тастап шық! Көнбесең кеңге шығып соғыс! – деді салт атты айғай салып.

Ешкім көрінбеген соң салт атты қамысқа жақындай түсті. Тұсынан өте бергенде Бом Бахи аттың шылбырына жабыса кетті.

– Сен кімсің? – деді Ағаев қараңғыда аттылы адамның бетін анық көре алмай.

– Мен елшімін, – деді атты адам.

Ағаев аттыны жұлып жерге түсірді де, бетіне фонарь жарығын тосты. Жерде шоқша сақалы бар сары шал жатыр еді.

– Қайдағы елшісің? – деп түйіле түсті Ағаев шалға.

– Мені НКГБ-ның қызметкерлері жіберді, қан төкпесін, берілсін дейді сіздерге, берілмесе құртып жібереміз дейді.

– Жаның барда шыныңды айт! Қанша адам тұр әне жерде?

– О жерде жиырма шақты адам атқа мініп тұр, ал барлығы жетпіс-сексен кісі болады-ау деймін. Түгел қарулы. Машиналары бар, – деп жауды үрейлендіргісі келіп елші асыра сілтеп айтып салды.

– Өзгелері қайда?

– Фермада қалды.

– Қасыңдағы кісілерің қайда: тосып тұр ма, кетіп қалды ма?

– Тосып тұр».

Ал, Аксельродтың сипаттауынша, Сарықасқада жаумен Шармай тобы атысады. Чекистер өткел арқылы Ембінің (Жем) сол жағалауына шығып, көп кешікпей таяуда адамдар болып кеткен жұртқа кезігеді. Өзектегі шөбі тапталған жерде неміс темекісінің тұқылдары, қарындаш, сынған примус жатыр екен. Бұл атырапта Сарықасқа қыстауында ғана аялдауға болатынын Шармай білетін-ді. Онда бір-бірінен жиырма километрдей жерде екі құдық бар. Тап сол маңда шақырылмаған қонақтардың үстінен түсу мүмкін екенін ол сезді. «Сол бір ымырт үйіріліп келе жатқан шақта чекистер даланың ой-қырын шолып, сүзе жүрді, – дейді Г. Аксельрод. – Алғашқы кездескен құдықтың жанынан олар жаңа ғана ашылған зеңбірек ұясын көрді, ал араларын алшақ ұстап, ептеп басып екінші құдыққа таяна бергенде қарсы алдарынан зеңбірек пен автоматтардан оқ қарша борады».

Осы кезде қараңғылық түсіп кетті де, атыс тоқтады, жедел қимыл тобы қарақшылардың төңірегін ұзақ уақыт шарлады. Серік Шәкібаевтың жазуынша, осы аңдысу сәтінде чекистер Байшығанды десанттармен тілдесуге жұмсайды. Сондағы ой – елші боп барған Бектұрлиев десантшыларға чекистер санының мол екендігін, қарсылықсыз берілуден басқа амалдың жоқтығын жеткізеді, егер дұшпан жағы бұған сеніп берілсе, қарусыздандырып, отрядқа алып келеді. Берілмесе, оның да хабарын жеткізеді. Тіпті екеуіне де келіспей, елшіні ұстап қалса, Байшыған десантшылар арасында алауыздық отын тұтатып, іріткі салады.

Осыған дейін Байжан Атағожиевтің чекистерге хабар бергенін ауылдағы жеңіл ауыз біреулер арқылы естіген Ағаев, деп жазады Ө.Әлімгереев, Байшығанға да күдікпен қарап:

– Сен шал, ешқайда бармайсың, жазаң – өлім ғана, – деп наганын оңтайлай бастады.

Жаны қысылған Бектұрлиев кейінгілердің тапсырмасына сай жандәрмен қулыққа көшіп:

– Інім, мені өлтіргеннен нең көбейіп, нең азаяр дейсің. Одан да аз күн болса да қастарыңда жүріп жол көрсетейін. Осы араның жер жағдайы бес саусақтай қолымда, – деп жылдырмалата бастайды.

Ағаев ойланып қалады.

Ыбырай Өтеуов болса, ауылдан отряд шығып кеткеннен кейінгі жағдайды былай баяндайды:

«Ауылда қалғандар (опергруппа басшылары болса керек – М.Т-М.) бинокльмен қарап тұр. Бір уақытта бәрі «Автомат, пулеметтен атты» деп қашып келді. Бектұрлиев Байшығанның атына оқ тиіп, оны ұстап қалыпты. Ауылда тұрған 2 судобеккерге тиеліп алып, Қосшағылға кетіп болды». Киров колхозының тұрғыны Яр Тағамбаевтың айтуынша, арнаулы отряд жау қолына Байшығанды тастап, өздері кейін шегініп кетеді. Отыз шақырымдағы орталыққа келіп орнығады. Тіпті дұшпан іргесіндегі ауылды да қорғансыз тастап кетеді.

Олар (опертоп – М.Т-М.) кетісімен, дейді Ыбырай, 5 адам десантшы келді. Салдыр-гүлдір әңгіме шықты. «Байшыған мен Байжан қатты араз. Сол айтуы мүмкін» депті Ы.Өтеуов. Бір тобы үй сыртында қалған. Сол жерде тағы бір қой сойдырып алады. Атағожиевті алып кетеді. Қатты қорқытып, «Ешкімге тіс жармаңдар» деп ауыл адамдарына сес көрсетеді.

Жоғарыда Байшығанның ұсынысы Ағаевты ойлантып тастады деп едік. Одан әрі десант басшысы: «Ендеше қазір бізге жол бастайсың. Бірақ байқа, құрттай күдіктенсем атамын, өз обалың өзіңе, бағытымыз – Алатау, Жем бойы. Алдымен Атағожиевтердің бригадасына баруымыз керек» деп, желкесіне мылтық ұңғысын тақаған күйі елші шалды алдарына салады.

Қойман Сәдуақасовтың жазуынша, қарулы топ егінші ауылға түнгі 10-да келген.

С.Шәкібаевтың жазуынша да қарулы он төрт адам егінші ауылға атыс болған күні түн жамылып келеді. Ағаев үш-төрт жігітін ертіп Атағожиевтың үйіне кіріп барса, бригадир әйелімен аласа дөңгелек үстелді жағалай шай ішіп отыр екен. Әйелі Жәмила шошынып атып тұрды.

– Бригадир сенбісің? – деді Ағаев төрде отырған адамға оқты көзімен қадала қарап.

– Мен, – деді Атағожиев.

– НКГБ-ның қызметкерлері қайда?

– Білмеймін, бұл ауылға ешкім келген жоқ.

– Байлаңдар мынаны, алып жүріңдер! – деп жігіттеріне бұйрық беріп,

Ағаев үйден шықты. «Екі ат, бір түйе таптық. Бір қойды байлап түйеге арттық», – деп, Бам Бахи сыбырлады.

Ауыл адамдарын Ботағараның үйіне жинайды.

– Біз жау емеспіз, – дейді оларға Ағаев. – Қазақтарды большевиктердің тырнағынан босатып, кең өмірге бастағымыз келген азатшылармыз. Көліктеріңді уақытша алып кетуге мәжбүр болдық. Кейін қайтарып береміз...

Жылап тұрған Жәмилаға қарап:

– Жылама, күйеуің ертең қайтып келеді, – деді. Ол үйден шығып кеткенде Бектұрлиев ауылдың қатындарына: «Тез хабар жеткізіңдер. Бет алысымыз – Алатау. Жемді бойлап жүреміз», – деп сыбырлап үлгерді. Яр Тағамбаевтың дерегінше, парашютшілер Байшығанның үйіне келіп, өздерімен кездескенін айтып берген бесеудің бірі – сиыршы Бөртебай Қазыбаевты да іздеген екен, бірақ ол тығылып қалады.

Байшығанды алға салып, Байжанның екі қолын артына қайырып байлап, десантшылар жолға шықты. Ағаев бригадирдің торы атына мінді.

14-мамыр. Шармай тобы ауылға таң ата оралды. Түнде мұнда десантшылардың болып кеткенін, Атағожиевтың хабарын естіп білді. Ауылда тосқауыл қалдырып, өзі жедел қимыл тобының негізгі күшімен Сарықасқада атыс болған жерге барды. Сол маңда жүрген Декеев тобын алып, құдықтың басын қарап шықты. Десантшылар құдықты түскен бойда тауып, пулемет әкеп орналастырып, басқа да қару-жарақтарын жинаған екен. Қысылтаяң туа қалса Жемнің жарғабағына түсіп, бой тасалап кету үшін солай қарай сай-саланы қуалап траншея қазып қойған. «Біздермен атыстан кейін Бектұрлиевті алып, ат-көліктерге оқ-дәрілерін артып, таң қараңғысын пайдаланып, қазған сайдың бойымен Жемге апаратын қойнау-қолатқа түсіп, таң атқанша Жемді өрлей қашып кеткен екен», – деп еске алады Т.Декеев. Сол жерде Шармайдан жауды өкшелей қуып, Алатауға кіргізбей ұстау туралы тапсырма алған Декеев тобы Жемді жағалап жолға шығады. Жігіттер жолда оқ даусынан дүркірей қашып кеткендеріне намыстанып, өзара жігер жаниды.

– Шіркін, енді бандыларды кезіктіре қалсақ, ешқайсысын аттатпаспыз! – деп кіжінеді орта бойлы, толықша келген қара торының өңдісі Ермек Көрпеков. Өжет мінезді, шапшаң қимылды, қазақша-орысшаны араластыра сөйлейтін жиырма үштегі албырт жігіт екен ол кезде.

– Бұлар бақайшағына дейін қаруланған топ. Олар саған қашып-пысып жүрген қарусыз дезертир емес, – деп сақтандырады оны ізкесер Сана Қалмұратов шалғайы миығын жапқан ұзын мұртын ширатып қойып.

– Байшекең-Байшыған бізді жауға жақсы кезіктірсе, ұстау деген не, тәйірі! – деп сөзге араласты ұзын бойлы, аққұба, қыр мұрын, қалың қабақ, 21-дегі шапшаң мінез қызба Амандық. – Ермек дұрыс айтады, былтыр қыста Бейбіт көлінің қалың қамысына тығылып алып, құс мылтықпен қарсылық білдірген, Бозша бастаған он бес қашқынды қолға түсірген біз емес пе едік!?

Осы кезде Жақа Нұрғалиев:

– Істің мәнісі бандыларды қолға әбден алғанда белгілі болады ғой, қазір несіне басымызды қатырамыз, аман болайық, – деп әңгімені тұжырды.

Бұлар осылай Жемді өрлеп жүре берсін, егін ауылда не болып жатыр екен, соған келейік.

Сарықасқаның құдығынан оралған Шармай жедел қимыл тобын екіге бөліп, бірін өзі басқарып, екіншісін Кочиннің қарауына берді. Республикалық НКГБ – НКВД басшылығының хабарламасынан: Парашютшілермен алғашқы қақтығыстан кейін опертоп 17 адамға көбейтіліп, оған басшылық жасау УНКГБ 2-бөлімі бастығының орынбасарына (Шармайға – М.Т-М.) тапсырылды. Жедел қимыл тобы десантшыларды іздеуге кірісті. Жергілікті тұрғындарға сұрау салу арқылы олардың 14-мамырда ферманы тонап, бригадирді алып, белгісіз бағытқа кеткенін анықтады.

Сол күні Ақтөбе облыстық НКГБ басқармасына Жылойға неміс парашютшілері түскені жайлы хабар келді. Жедел қимыл тобын құру шарасы жүргізіле бастады.

15-мамыр. Жедел қимыл тобы Жемді өрлей жүріп, із кесті. «Таңертеңгі сағат 8-де Есенбайдан, яғни ауылдан 2 километр шыққасын майор Шармай жолдас тәртіп етті, – деп жазады Қ.Сәдуақасов. – «Милиция лейтенанты Қойман Сәдуақасов, колхоз мүшесі Ботағара Берденбаев, екеуің отрядтан 1 километр алда жүріп отырыңдар. Себебі, дұшпандар тасада жатып ата қалған жағдайда жиырма кісіден екі кісі шығын болады, қалған он сегіз кісі толық қоршап алады» деді». Орындамасқа жай жоқ, екеуі бір-біріне қарап алып, алға түсті. Күндізгі сағат 12-нің шамасы еді. Екі шолғыншы Жемнің терістік бетіндегі Есенбай шағылға жетіп, аралап жүріп, бір жартақ шағылда десанттардың тамақ ішкен жеріне тап болды. Қарындаш, сухар нандар жатыр екен. Шағылдан үш метр жерден Байжан Атағожиевтың өлігін көрді екеуі. «Дереу отрядты шақырдық, – депті Қойман. – Олар жеткенше өлікке жақындап барып қарасақ, марқұмды жүресінен отырғызып, маңдайдан атқан екен». Отряд сол жерде десант тобының ізі Жемнен өтіп, Байғанин ауданына қарасты «Теректі» колхозының Құлақшиде отырған сиыр фермасына қарай кеткенін анықтайды.

Ал Аксельродтың жазуынша, десантшылар егін бригадасынан шыққан күні Жаңасеке дейтін қыстауға, «жусанның ащы иісі бұрқыраған» шағын өзекке таяғанда жаңбыр құйып кетеді. Жел бұлттарды айдай, аспан ашылып, Күннің көзі жерді қайтадан қуырып, күйдіре бастады. Үсті-бастары малмандай су болып, шөпке қисая кеткен арандатушылар Ағаевтың Байжанды қыстаудың қырқасына ертіп апарғанына үнсіз қарап жатты. Олар Ағаевтың не айтқанын, сәтен көйлегі дал-дұл боп жыртылып, қолы артына байланған шалдың оған не деп жауап бергенін естіген жоқ. Сағыммен бұлдыраған қырқада қарайған екі нәрсе көрінеді. Қарттың Ағаевтың бетіне түкіріп жібергенін жатқандар байқап қалды, ал анау жайлап пистолетін кезене берді. Осы сәт тарс еткен мылтық даусы құлақты тұндырды.

Серік Шәкібаевтың баяндауынша да, Ағаев тобы өзен жағасындағы құмға таң атқанда келіп жетеді. Жігіттер суға түседі, қой сойылып, қазан асылады. Байжанның қолын шешеді. Бригадир өзеннен су ішіп келіп, құмға жата кеткен кезде Ағаев оны тұрғызып, оңаша жерге алып шығады. Оныншы май күні түнде қайда болғанын сұрайды. Байжан Ұялыға бармағанын, фермаға барғанын айтып, десант жөнінде хабар жеткізгенін мойындамайды. Бұдан соң Ағаев оны бауырына тартып, Германиядағы тірліктерін әңгімелейді, большевиктерді жеңіп, Қазақстанда үкіметті өз қолына алмақ ниетін жеткізеді. Байжанды өз жағына шақырады. Бұған шыдай алмаған Атағожиев зығырданы қайнап, Ағаевты қылғындыра бас салады. Астында қалған Ағаев мықты қолдан оңайлықпен босай алмайтынын сезіп, қалтасынан суырып шығарған пистолетпен Атағожиевтың өңменінен атып жіберді. Өлікті итеріп тастап, түрегелді.

Бұл оқиғаға қысқа ғана тоқталып өткен Өтепберген Әлімгереевтің дерегінше, «еліне шүбәсіз берілген Байжан ауылдан аулақта, өзге облыспен шекаралас Қаражар деген жерде қаза табады».

Байшыған Бектұрлиевтің баласы Тасымның айтуынша, 1963 жылы елге келіп, әкесі Байшығанның әңгімесін жазып алған Серік Шәкібаев Ағаевтың Байжанды өлтіруі туралы жоғарыдағы әңгімені өз жанынан қосып жіберген.  Г.Аксельродтың мәліметінше, Байжан өлген күннің кешінде «арандатушылар қосынан» екі десантшы – Бастаубаев пен Қалиев қашып кетеді.

Күндіз Есенбай шағылда десант тобы аялдаған орынды, Байжан өлігін тапқан Шармайдың опергруппасы, Қ.Сәдуақасовтың жазуынша, «дұшпандардың ізімен Тоғалайдың қалың құман аралап, іздің кейін, Құлақшидегі фермаға қарай оралғанын анықтаған соң, кеш түсіп кеткендіктен Құлақшидегі сиыр фермасына келіп, сонда қонбақ болды».

Топ үй басына 5-6 кісіден түсіп, шайды алдарына енді ала бергенде «Ферманың Жемнің шығыс бетіндегі бір бөлек ауылына дұшпандар келді» деген хабар жетті. Сағат тілі түнгі 10-нан асып тұр еді. Оперативтік топ ауылды қоршай, «қарудың аузын ашып» жатады. Осы кезде батыс бетте, ең шетте орналасқан Сәдуақасовқа ту сыртынан Кочин келіп, Берденбаев екеуін арттағы штабқа қосымша отряд сұрап хабар жеткізуді әмір етеді. Бұйрық алған соң Ботағара екеуі 50-60 шақырым артта қалған штаб ауылға жөнеледі. Бұл – сағат 11.30-дың шамасы еді.

Шәкібаевтың жазуында осы оқиға біршама толығырақ сипатталған. Қисындауынша, десантшылар Есенбай шағылынан қас қарая аттанады. Осы кезде тамшылап басталған жаңбырдың соңы нөсерге айналады. Жемді бойлап, Құлақшидегі мал ферманың тұсына келгенде ас ішіп, киімдерін кептіріп алуды ойлаған Ағаев қасына Бом Бахи мен Дінішев дейтін десантшыларды ертіп ауылды барлап келуге шығады. Бірақ ауылға кіре берісте қарауылға ұрынып, үшеуі кейін қашады. Қалған жігіттер ауылда отряд бар екенін біліп, Ағаевқа көмекке ұмтылады. Осы қарбалас сәтте Бастаубаев пен Қалиев сытылып қаша жөнеледі. Түн ішінде амалдары құрыған топ терістікті бетке алып, кете береді. Бұл кезде Жемнің суына түсіп кеткен Бастаубаев пен Қалиев арғы бетке шығып, киімдерін сығып алғаннан кейін манағы мал ауылға келіп, тосқауыл отрядтың қолына беріледі.

Ал енді бұл түнгі оқиғаны Декеев қалай жеткізеді екен, соған келейік.

Оның жазуынша, Сарықасқадағы қашудан соң өзара жігер жанысып, шарқайрақтай болып келе жатқан жігіттер де түнде сіркіреп басталып, сосын селдете жөнелген қалың жаңбырға ұрынады. Топ басшысы паналайтын жер іздегенде, ауылдан ала шыққан Оспан деген кісі мен Сана ізкесер Жемнен бір шақырымдай жерде «Теректі» колхозының мал фермасы тұрғанын айтады. Топ әлгі айтылған ауылға жетіп, үйлердің ығын паналап тұрғанда, анадайдан сылпылдаған адам жүрісі естілді. Ермек Көрпеков шыдамсызданып:

– Кімсің? Тоқта, атамын! – деп дауыстап жіберді. Әлгі адам қаша жөнелді. Топ соңынан қуды. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Аспанды торлаған қорғасын бұлт. Қашқандардың десант тобынан екенін білген бұлар: «Беріліңдер! Босқа атысып, қан төкпеңдер!» деп айқайлап келеді. Жауап болмады. Қашқандар Жемнің жарқабағына, ну қамыстың арасына сіңіп кетті. Қуғыншылар екі-үш рет қуалай атып жіберді. Қарсы жақ дүркін-дүркін автомат оғымен жауап берді. Қуғыншылар Жемнің жағасына келгенде судан малтып шыға алмай жүрген екі кісіні көрді. Декеев үстерін бойлата бір-екі рет атып жібергеннен кейін әлгі екеуі қолдарын, мылтықтарын көтеріп, берілді. Таң қараңғысында фонарь жарығымен бет-ауыздарын көрді.

Осы кезде Биаш Аманжолов деген топ мүшесі: «Ойбай, мыналар қазақтар ғой!» – деп айран-асыр болды. Бұдан кейін қуғыншылар десанттың негізгі тобының соңына түскенде олар винтовкадан оқ жаудырып жақындатпады.

Сол күні 14-мамырда алынған хабарға сәйкес жедел құрылған Ақтөбе НКГБ облыстық басқармасы бастығының орынбасары Лебедев пен рота командирінің орынбасары лейтенант Овсиенко бастаған 11 солдат жүк машинасымен Каспий-Орск мұнай құбырын бойлап Гурьев жаққа аттанды. Байғаниндік өлкетанушы Ибрагим Ермекбаевтың жазуынша, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының орталығы Жарқамыстан Құлақши ауылына қарай Жем өзенінің бойымен оперативтік топ жіберілген.

16-мамыр.Таң атты. Жаңбыр басылды. Қуғыншы топ аттарының ер-тоқымдарын алып, малмандай су болған киімдерін кептіруге жайып, бөлініп-бөлініп тамаққа кірісті. Декеев жанына Көрпековты, Нұрғалиевты және Аязбаевты алып, қашқындарды жауаптады. Семізше келген толық қара өзін Әлжан Бастаубаевпын деп, ал орта бойлы, дембелше, көз жанары шатынап тұрған екіншісі Сыдық Қалиевпын деп таныстырды.

– Қалай келдіңдер? – деп сұрады Қалиевтен жауаптаушылар.

– Самолетпен келгенімізге 12-13 күндей болып қалды. Парашютпен түстік. Барлығымыз 15 адамбыз. Бастығымыз обер-лейтенант Әлихан Ағаев. Ибрагим Ермекбаевтың жазуынша, барлығы он бес адам түскен, оның біреуі түнде белгіленген квадраттан әдейі қашықтау түсіп, парашютын жерге көміп, түн жамылып Ақтөбе облысының Қарауылкелді ауылына қарай кетеді.

– Фермаға неге бұрылдыңдар? — деп сұрады одан әрі тергеушілер.

– Ат үстінде келе жатқан бастығымыз Ағаев оң жақтан жарық көрінген кезде жол көрсетушіден: «Бұл жерде не бар?» деп сұрады. Жол көрсетуші: «Бұл маңда Ақтөбе облысының Теректі колхозының ферма орталығы болуы керек» деді. Сонда Ағаев: «Біз Гурьев облысының жерінен шығып кеткеніміз бе?» деп ойланып қалды (негізінде Жем өзенінің оң жағлауы, атыраулық еңбеккерлер отырған Жанбике бейітіне дейінгі жер, тіпті десант түскен Сарықасқа жазығы да Ақтөбе облысының аумағына қарайды). Сосын «Фермаға соғып, дем алып, кептірінейік, тамақтанып, жолға азық алайық» деп, Бом Бахи үшеуімізді барлауға жіберді. Бір мезгілде Бом Бахи: «Ойбай, мына ауылда отряд бар екен, жүріңдер тезірек, қашайық» деген соң қашып барып Жемнің жарының астына түскенімізде қараңғыда байқамай суға қойып кеттік.

– Қару-жарақтарың қандай?

– Жеңіл екі пулемет, сегіз автомат, тоғыз винтовка, он маузер-пистолет, бес-алты граната, азын-шоғын оқ-дәрі бар. Көп затты түскен жерімізге көміп кеттік. Ішінде барлық керектерімен үш радиоқабылдағыш, үш мыңдай антисоветтік листовка, толтырылған әртүрлі советтік документтер (әскери билеттер, паспорттар, орден-медальдар), сағаттар, төрт мешок совет ақшасы, каучукті мөрлер, штамптар, бұдан басқа әйелдің, ер адамның әртүрлі киім-кешектері бар.

Алғашқы жауап алу осымен бітті де, Декеев Аязбаевты, Нұрғалиевты және Аманжоловты айдауыл етіп, тұтқындарды «50-60 шақырым артта қалған, «Теректі» колхозы жерінен құрылған штабқа» табыс етуге жіберді. Өздері десант тобының ізімен жүріп кетті.

Штабта тұтқындардан екінші рет жауап алынады. Шәкібаевтың жазуынша, бұл жауаптауда Кочин мен Шәріпов десант тобының қарамын, келген мақсатын, бара жатқан бағытын анықтайды. Екінші түскен десант тобының керек-жарағының жасырылған орнын біледі. Бірақ алғаш, 3-мамырда түскен топтың заттары қайда екендігі белгісіз күйінде қалады.

Алматылық чекистер анықтамасынан: Киров колхозының фермасында тосқауылға қалдырылған жедел қимыл тобына 16-мамырда Басшыбаев, Жақыпов деген екі парашютші келіп, өз еріктерімен берілді. Олар топтың жалпы санын, басшысын атады және Сарықасқа құдығының жанынан база жасап, әкелген заттарын екі жерге көміп кеткендерін хабарлады. Топтың ендігі бағыты шығыс бет, Жем өзенін өрлеп жүру. Ағаевтың ойы – іздеріне түскен гурьевтік топтарды қалайда адастырып кету. Қашқындардың айтуынша, қалған парашютшілер Ағаевтың нұсқауына сәйкес өліспей беріспеуге, соңғы оқтары қалғанша атысуға, тақа болмаса өздеріне қол жұмсап өлуге бекінген.

Ыбырай Өтеуовтың дерегінше, 18-мамыр күні (16 мамыр болу керек) сәскеде егін ауылына десант тобынан жырылып қалып қойған екі адам келеді. «Мыналар екі адамды қарсы жіберді, – дейді естелік иесі. – Ана екеуі қол көтерді. Қол көтергесін мына екеуі жабыла шауып жетіп, екеуін түйгіштеп ауылға айдап әкелді, жұлқылап, киімдерін жыртып шешіндірді, тінтті. Екеуін екі машинаға отырғызып, Сарықасқаға алып кетті. Қопыраған төрт қап ақшаны көрдік. Заттарын – 14 штук парашют, ер-тоқым, т.б. екінші машинаға тиеді. Қызыл былғарымен тысталған сандық-рация болды. Парашют ақ жібектен, қалың, жуан арқандары бар».

Сол түні егіс бригадасында қалған Волковқа Атағожиевтің отқа ұшқан жерін хабарлауды және қосымша отряд келтіру жайлы сұранымды жеткізуге жіберілген Сәдуақасов пен Берденбаев не күйде еді?

Бұлар бригадада орналасқан ілкі штабқа 19-мамырда, таңертеңгі сағат 7-де жетеді. Штаб бастығы Волков өзіне қажет мәліметті алғаннан кейін жаушыларға екі сағат демалыс берді. Қойман мен Ботағара шамалы тынығып алған соң Киров колхозының басқармасы Ықсан Атшыбаевты қастарына алып, Байжанның үйіне естіртуге барды. Сол күнде оның Жақан деген інісі, тоғыз жасар ер баласы және алты жастағы Шайы дейтін қыз баласы бар екен. Жаманат хабарды естірту оңай болсын ба. Ботағара одан-бұдан хал сұрап, жан-жағынан орағыта берді. «Мен де “фашистер әскерінің беті қайтқанымен, жау әлі де көп болып тұр ғой” деп айнала сипай берем», – деп әңгімелепті Қойман. Жігіт шағында үлкендерден естіген, Тоғыс деген байдың жалғыз баласы өліп, соны естіртуге барған Едіге бидің сөзімен: Ақсұңқар ұшты ұядан, / Қол жетпейтін қиядан. / Ақсұңқар қолдан ұшты, / Алланың әмірі күшті. / Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, / Қияғы бүтін сұңқар жоқ, дегенінше сезімтал әйел жүрегі жағдайды бірден сезіп, дауыс ете бастады. Оған бала-шағаның жылауы қосылып, үй-іші у-шу боп кетті. Сондағы Байжанның бәйбішесінің жоқтауы: Қайғы деген қатты дерт, /Оқтан осал батпайды. / Қанша қапы шексем де, / Туралай құрық келген күн, / Срокты күннен аспайды. Азалы дауыспен зар еңіреп, отырған үшеуінің сай-сүйегін сырқыратты. «Қолдан келер жәрдем жоқ, тездетіп жол жүріп кеттік, соңымыздан зарлы дауыс көпке шейін естіліп жатты», – дейді Қойман.

Көп кешікпей екеуі Волковтың бастауындағы 20 кісілік отрядтың құрамында ауылдан шықты. Бағыт – Ақұшан, Қанжыға таулары...

(жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322