Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3484 0 пікір 14 Маусым, 2011 сағат 02:31

Амангелді ЖҰМАШҰЛЫ. Мұрат Есжанның мойындаулары

Мойындау да ерлік. Иә, «Хабар» арнасы көрсеткен «Ақиқатты» айлап ел аралап жүріп, ықыласпен түсірген тележурналист Мұрат Есжан өзінің тапсырыс алғанын мойындады. Бірақ кімнен алғанын айтпады. Дұрысы, оған айтуға болмайды. «Мен білетін Исматулла» деп жеке блогына бір емес, екі бөлім етіп жазған мойындауы еріксіз мойныңды бұрғызады. «Тапсырыс болған, болмағанында тұрған не бар? Иә, тапсырыспен жасалды десе, фильмде айтылған фактілердің салмағы кеміп қала ма?» дейді ол өз блогында. Мұраттың мұнысы "ТЕЛЕКИЛЛЕР" МҰРАТ ЕСЖАНННЫҢ МОЙЫНДАУЛАРЫ" деген кітапқа сұранып тұрған фактілер емес пе?.. Мұндай мойындаулар тарихта жиі қайталанып тұратынын айта кетейік, 1737 жылы «уаххаби» ағымын құрып, айрандай ұйыған мұсылман әлеміне пітнә салған ағылшын тыңшысы Хемфер Лондоннан «Сенің міндетің қайшылықтарды қоздыру. Олардың арасында сүйіспеншілікті, бірлікті орнату емес» деген тапсырма алып отыратынын мойындаған екен. Бұл туралы «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» («Хемфердің мойындаулары») деген еңбек те жарық көрген. Мойындаудың басы, «көкесі» осы шығар. Жақында «Халық сөзі» жариялаған «Асыл арна» діни арнасының директоры Мұхамеджан Тазабековтың сұхбатында да бірқатар «мойындаулар» кездеседі. Мұрат пен Мұхамеджанның арасындағы «ізгі де рухани» байланысты ескере отырып, осы екі жарияланымдардағы мойындаулардың мәнісіне бойлағанды жөн көрдік.

 

Мойындау да ерлік. Иә, «Хабар» арнасы көрсеткен «Ақиқатты» айлап ел аралап жүріп, ықыласпен түсірген тележурналист Мұрат Есжан өзінің тапсырыс алғанын мойындады. Бірақ кімнен алғанын айтпады. Дұрысы, оған айтуға болмайды. «Мен білетін Исматулла» деп жеке блогына бір емес, екі бөлім етіп жазған мойындауы еріксіз мойныңды бұрғызады. «Тапсырыс болған, болмағанында тұрған не бар? Иә, тапсырыспен жасалды десе, фильмде айтылған фактілердің салмағы кеміп қала ма?» дейді ол өз блогында. Мұраттың мұнысы "ТЕЛЕКИЛЛЕР" МҰРАТ ЕСЖАНННЫҢ МОЙЫНДАУЛАРЫ" деген кітапқа сұранып тұрған фактілер емес пе?.. Мұндай мойындаулар тарихта жиі қайталанып тұратынын айта кетейік, 1737 жылы «уаххаби» ағымын құрып, айрандай ұйыған мұсылман әлеміне пітнә салған ағылшын тыңшысы Хемфер Лондоннан «Сенің міндетің қайшылықтарды қоздыру. Олардың арасында сүйіспеншілікті, бірлікті орнату емес» деген тапсырма алып отыратынын мойындаған екен. Бұл туралы «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» («Хемфердің мойындаулары») деген еңбек те жарық көрген. Мойындаудың басы, «көкесі» осы шығар. Жақында «Халық сөзі» жариялаған «Асыл арна» діни арнасының директоры Мұхамеджан Тазабековтың сұхбатында да бірқатар «мойындаулар» кездеседі. Мұрат пен Мұхамеджанның арасындағы «ізгі де рухани» байланысты ескере отырып, осы екі жарияланымдардағы мойындаулардың мәнісіне бойлағанды жөн көрдік.

 

Мұратжанның «мойындауларының» ішіндегі екі тезиске баса назарыңызды аударамыз: 1.«Ақиқаттың» ақыры дауға ұласары о бастан-ақ белгілі болыпты». 2. М.Есжанның өзі де ««Хабар» арнасының журналисі ретінде фильм дайындау барысында куә болған кейбір нәрселерді айта кеткенді жөн санапты».

Жақында «Ақиқат» фильмінің ел ішіндегі ауызбіршілікке залалын сынап, зиялы қауым өкілдері Елбасыға ашық хат жолдағаны белгілі. Көп ұзамай, «Abai.kz» ақпараттық порталында арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, фильмдегі жалған айыптаулар мен жалаларды заңдық, ғылыми тұрғыдан дәйекті дәлелдермен жан-жақты әшкерелеген болатын. Сонда журналистиканың табалдырығын кеше аттап шыққан жас бала адамшылық пен заңды белден басатын қадамға қалайша қорықпай барды деген ойда қалдырды. Мұратты көзсіз ерлікке итермелеген кімдер? Міне, өзі де тапсырыс алғанын (соған сәйкес ақысын алғанын), фильмді дайындау жұмыстарына қатысқанын да жасырмайды. Бірақ, «Ақиқат» авторларының бірі менмін!» деп жұлқынып шықпайды. Кейбір мақалаларда аты аталса да, арнайы жауап жазбай, өз блогында сыпайы «жауаптасумен» шектеледі. Мұнша сыпайылықтың сыры неде?

 

«Ақиқаттың «заказщиктері» кім деген сауал фильм шыққаннан бері айтылып келеді. Баспасөз мәслихатында да «тапсырыс берушінің» ықпалды, құқық қорғау органдарына сөзі жүретін құзіретті сипаттамасы да айтылды. «Тапсырысшының» буын дәл осы Есжанның да терісіне сыймай «тапсырыс болғанда тұрған не бар» деп қалам тербеуінен де түсінген боларсыз. «Ақиқатқа» сіңірген еңбегі ерекше еленген де болар. «Арсыз болмай, атақ қайда?» (Абай) «Ақиқаттың» арқасында «телекиллер» деген атаққа жақындау қалды. Сүйкімді көріне ме, жоқ па, Мұратқа бәрібір емес пе? Әйтеуір, атақ болса болды. Жалпы құрамы әр кез өзгеріп тұратын сопылыққа қарсы лагерь штатындағы «киллер» журналистер туралы бұған дейін де жаздық. (Оқыңыз: «Экстремизммен» кім бір бауыр немесе Ораз Әлімбектің жаңа «заказы» алғаны туралы», «Жұмадағы жүздесу», «Жас қазақ» газеттері). Ал Мұрат та сол штатқа еніпті. Бірақ бұл «жұмысқа» жаңадан қосылған және тапсырыс берушілер, оның идеологтарының өз қолынан тәрбиеленген тың, әрі алып-ұшып тұрған албырт «өнім».   «Қызба мұсылманшылықтың» (Мақсұм ағаның теңеуі) жастар арасындағы көрінісі өз алдына жеке тақырып.

 

Адамның көзін шел басса қиын. Өйткені Мұраттың көзіне бәрі лағып жүргендей көрінеді. Ол: «Авторы неге айтылмайды?» «Неге анау сөйлемейді?» «Осы күнге дейін неге үндемеген?» «Тапсырысты берген кім?»... деген сықпыттағы лағулар», - дейді. Көкек өз атын өзі шақырыпты. Заңсыздықты заңдай қылған, істе жоқ айыптарды айтып, жала жапқан сенікі лағу емес те, сенің сауатсыздығың мен жалақорлығыңды дәлелдегендердікі нағыз лағудың өзі болып шыға ма сонда? Дін ғұламасындай пәтуа айтып көсілгенін қайтерсің. Осы уақытқа дейін сопылардың «Ақиқатқа» қарсы айтқан дәлелді ой-пікірлері «тақырыпқа қатыссыз қарсылықтардан», «дәлел-дәйексіз айыптаулардан құралған» деген де қойғансың. Қай жері дәйексіз, неге ашып көрсетпейсің, Мұратжан? Дым таппағасын «Ақиқатты» айыптаған «комментерге» тиісіпсің. Құдды пікір жазушылардың қасында тұрғандай, қаптаған «комменттерді» бес-алты сопының «шаруасына» телуің «сасқан үйректің артымен сүңгігенінің» көрінісі емес пе? «Ақиқатты» әшкерелегендерді салмақты, сауатты, дәйекті әшкерелей алмаудың өзі шарасыздықтың, мойындаудың тағы бір белгісі.

 

«Өзі ұры, өзгені де ұры көреді»

 

Сонда да қаңсығыңды кейбір оқырмандар таңсық көріп қалар деген сақтықпен мойындауыңдағы бір-екі жайтқа тоқталғанды жөн көрдім. «Өзі ұры, өзгені де ұры көре береді». Сенің Ысматолла қариды өзіңше танитының белгілі. Өйткені, тесік етікпен су кешкенің мына мақалаңда да байқалып қалды.

«Мақсұм - пайғамбарларға айтылатын сипат. Күнәдан сақтаулы деген мағынаны береді. Ал өзге бірде-бір пенде мұндай мәртебеге ие емес», - дей келіп, Ысматолла қари өзін жұртқа «Мақсұм» ататқызған дейді. Сосын «тақсыр» дегенді де тіліне тиек етеді.

Қазақ халқының ұғымында да әкесі ишан, дамолла, дін ұстанған адам болса, ата-бабасының жолымен баласы да жүрсе, оны «мақсұм» атау ежелден бар. Мұны қарапайым қаймана қазақтың бәрі біледі десек артық айтқандық емес. Әлде, сен қазақ емес сартсың ба? Мақсұм атауын халық береді. Ысматолла ақсақал өзін ешқашан «мені «Мақсым» немесе «тақсыр» атаңдар» демеген, демейді де. Қаримен аралас-құралас болған шетелдегі қандастарымыз да оны «Мақсұм», «Тақсыр» дейді. Тарихқа оралатын болсақ, қазақта Ыбырайым ахун Құлбайұлының да баласының аты Исматулла болған, ел әулие әкесін құрмет тұтып Ысматолланы «Мақсұм» деп атап кеткен. Ал, айтулы ақын, жырау Сәттіғұл Жанғабылұлының (1876-1966жж):

Осылардай жақсымнан,

Абдолладай Мақсымнан,

Хазіреті-ишан Тақсырдан

Ізденіп Хақтың жолдарын,

Мүрид болып қолдарын

Зәкіржан пірге тапсырған («Аманат» кітабы. Алматы, «Ердәулет» баспасы. 1994 ж. 255-бет), - деген жыр шумағынан өзін автор санап жүрген «телекиллер» «терминнен» жаңылысып, «лағып» кеткені анық болды. Бірақ, сен дүлдүл данышпан Сәттіғұл жаңылысты деуден де тайынбайтын шығарсың.

 

Сонымен қатар, Мақсұмның «әулиенің ізіне татымаймын», «қотыр итпін» дегендері кішіктігінен хабар беріп тұрған жоқ па? Оның қасында кеудесіне нан піскен «телекиллер» де өзін автор сезініп жүрген жоқ па? Өркөкірек, ұлық болсаң кішік болуды білмейтін адам сынықтық дегеннің не екенін қайдан білсін?! Қожа Ахмет Ясауи «Топырақ болғыл, әлем сені басып өтсін» дегендегі мақсаты да кішіктік пен нәпсіні өлтіруге саяды.

Енді мына қызыққа қараңыз, «Әулиенің басқан ізіне татымаса, неге медреседегілерге мені әулие деп айтпаңдар деп ескерту жасамаған?» деп, адамның күлкісін келтіреді. Сонда Ысматолла жер шарының әр қиырындағы шәкірттерін жиып, әр сәт сайын мен әулие емеспін деп «ескерту жасамағаны» үшін айыпты екен ғой...

 

Сәтсіз «сценарий»

Мен Ысматолла Мақсұмды 1992 жылдан бері танимын, әрі қариды зерттеп, баспасөз бетіне талай мақала да жазғанмын. Сол уақыттан бері Мақсұмның бір жаманшылығын естімеппін. «Патша Құдайдың жердегі көлеңкесі, кім Патшаға қарсы болса, ол Құдайға қарсы болғаны» деп, көпшілікті Елбасын құрметтеуге, халыққа риясыз қызмет етуге шақырды, Ысматолла қари "Адам ұрпағының екі бақыты бар. Оның біреуі - осы дүниеде, екіншісі - ахиретте... Бұл екі бақыттың қауызы, яғни қабы бар... Ол - еліміздің тыныштығы..." деп, сол тыныштықты сақтау "ер болсын, әйел болсын, әрбір азаматтың міндеті" екенін тынбай айтып және сол міндетті өзі жан-тәнімен орындап келе жатқан үлкен тұлға.

Ал балақтағы битке дейін басқа шығуына не себеп болды? Сырттан келген дін атын жамылған ислам ағымдарының идеологиясы елімізге келгенде ясауи жолының өкілі, Ақиқаттың анығын ұстап қалған Ысматолла қари мен шәкірттерінің тойтарысына ұшырады. Дүмбілез догмалық дертіне олар теологиялық, конфессионалдық тұрғыда диагноз қойып, жерсінуіне кедергі келтірді. Бүкіл лаңкестік әрекеттерге үгіттейтін және «Хизбут тахрир», «ал Қаида», «Өзбекстан ислам қозғалысы» т.б.-ларының идеологиялық платформасы ваххабизм екенін ашып айтты. Қазақстандағы ваххабиттердің ісі үнемі әшкере болып қала берді. Мұсылман елдерінде, көрші елдерде алдын ала ойластырылған жоспар сценарий бойынша өтіп, көтеріліс, төңкеріс болып жатса, Қазақстанда процесс баяу жүріп жатыр. Өздерінің басты жауы сопыларды ығыстыру үшін қазақстандық ваххабиттер «Асыл арна» телеарнасы және «ISTINA» блогы арқылы лаңкестік жейдесін сопыларға кигізіп, өздерін судан таза, сүттен ақ етіп шығарғысы келді. Мұнысы да нәтиже бермеді. Өйткені суфизм мен терроризм бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын көзіқарақты адам түйсінді. Ал, керісінше, ваххабизм мен терроризм егіз ұғым екенін талай ғылыми еңбектерде жазылды. Әрі «Асыл арна» атынан сопыларға жасалған шабуыл өз дәрежесінде болмады. Сөйтіп, «діншілдер» бұрын ҚМДБ, «Асыл арнаны» пайдаланып, миссия атқарса, қазір құзырлы органдар мен мемлекеттік теларнаның пәрменін пайдаланды. «Хабар» сөйлесе, ел тыңдайды. Өйткені ел телеарнаны мемлекеттің мүддесінен қарайды деп біледі. Тазабеков: «Ақиқат» фильмін көріп шыққан соң, бұл мемлекет мүддесі тұрғысынан дайындалған фильм екенін таныдым», - депті («Халық сөзіне» берген сұхбаты). Алайда оның шәкірті Мұраттың мойындауы «Хабардың» қолжаулық болып қалғанын, өзінің бағытынан айнып, қате басқанын көрсетті. Расында, «Хабардан» «Ақиқатты» көрсеткенде көпшілікке қатты әсер етті де. Бірақ көзі ашық адам немесе фильмді екі-үш қайталап көрген адам фильмнің аттан мен қиқудан құралғанын жазбай таныды. Осылайша, бұл «Ақиқат» та әшкереленді. Керісінше, өздерінің бет-перделері сыпырыла бастады. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым «сопылардан «шайтан» жасап, нағыз «шайтандарды» тайраңдату мемлекетшілік саясатқа жатпайтынын» ескертті.

Осы арада айта кетерлік бір мәселе: ол Мұхамеджан Тазабековтен сұхбат алған Өркен Кенжебек бауырымыздың шектен тыс өткір сұрақтарының сыры. Өз блогында Астанада өткен бір бас қосуды, онда «Ақиқат» фильм сөз болғанын талдап жазған Өркен осы сұхбатты алу барысында да өзінің көп нәрседен хабардар екенін байқатыпты. Өркеннің өткір сауалдарының астарында «Ақиқат» фильмінің авторларының арасында Тазабеков те бар ма деген күмәннің сұлбасы көлегейлейді. Бұрынғы айтыскер қанша қашса да, журналист оны фильмге қатысты мәлімдемелер жасауға «мәжбүрлеген». Атап айтқанда сұхбаттан «Ақиқат» фильміне Тазабековтың «ешқандай материалдық та, «осындай фильм шықса екен» деген идеялық та ой-пікірі болмағанын», «бұл жерде оның еш қатысы» жоқ екенін білдік. Бұлардан бөлек, Мұхамеджан қабір талқандағыш әруақ аттағандарға, өзін-өзі жарғыш лаңкестерге қатысты бұрын-соңды болмаған ашықтық байқатып, пікірін ортаға салған. Өркен «өкшелеп» қуған сыңай байқатқанмен, Мұхамеджанның сұхбаты айтыскердің өз қалауымен, қоғам алдында ақталу мақсатында ұйымдастырылған сияқты. Өйткені, «Ақиқат» фильміне Мұхаңның жанама қатысы   Атыраудағы әумесерліктің де, Ақтөбедегі жарғыштың (ресейлік интернет құралдары қазақстандық «тұңғыш шахид» Махатовтың ұстазы Дарын Мұбаров екенін ашық жаза бастады) әрекеттерінің бір ұшы Тазабековке соғатыны бесенеден белгілі. «Асыл арна» директорының аталмыш сұхбат арқылы сондай «зиянды» байланыстардан арылу мақсаты болғаны рас сияқты. Бұдан, Тазабековтерге де тықыр таянған ба деген түйін келеді...

 

Мұраттың мұраты не?

Асылы, ит - асыраған қожайынының құлы. Айтақ десе, әлгі ит кімнің де болсын балағына жармасады екен. Құтырған ит болса, тіпті жаман... Сөз сірағасына орай ғой. Ысматолла Мақсұмның сақалына жармасқаны былай тұрсын, елдігіміз бен мемлекеттілігіміздің темірқазығы, ата-бабадан ұстанып келе жатқан дәстүрлі діни танымға қатысты «телекиллеріміздің» мұраты тіпті айқындалып қалғандай. Қараңыз: «Сопылар» көп екен»; «Жетпіс жеті атамыздан тартып, осы күнге дейінгі қазақтардың бәрі зікірді қолдайды екен»; «Жұрт айтып жүрген Исматулланың далалық исламы осы ма?»..

Міне, оның бұл тіркестерінен дәстүрлі дінге деген салқындық пен кекесін көлбеңдейді. Одан әрі: «Біздің ұстазымыз Әзіреті Сұлтан Ахмад Яссауи Қадрия құтып болған. Мекке мен Мәдинені билеген». Бұл деректі ешбір жерден естімеген екенбіз», - депті. Ау, сонда сен білмеді екен деп, ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі діннен бас тартамыз ба? Дәл осы байламының өзі Мұрат Есжанның  «Ақиқат» фильміне авторлығына дәлел болғандай. Өйткені, фильмнің орысша нұсқасында қаһарлы дауыс: «В народе говорят, что они часто расказывают небылицы. Действительно в их историях пристуствуют вымысел иногда неприкрытая ложь. Некотрые из них распростроняются, чтобы привознести господина, а некоторые носят откровенный националистический характер. Исматулла Максум расказывает о Ходжа Ахмете Ясауи: «Вообще Хазрет Султан Ахмет Ясауи был святым человеком. Наш учитель правил Меккой и Мединой» - дейді. Сонымен Ясауиді қастерлеу ұлтшылдық екен! Сонда қалай, «Хабар» арнасында үстіміздегі жылдың 11 наурызында Елбасымыз Н.Назарбаев: «Дініміз мұсылман, біздің өз жолымыз бар, өз жолымызға түсу үшін біз осы Қожа Ахмет Ясауидің іліміне табан тіреуіміз керек. Егер де зерттейтін болсақ, қазақ үшін нағыз Конфуций болып шығады. Конфуцийдің ілімімен қазір Қытай, Корея, Жапон барлығы отыр. Үлкенді сыйлау: ағаң - ағаң, інің - інің, әйелің - әйелің, патша - патша, барлығы өз орнында болуы керек. Біздің Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін қарап отырсаң, бір дастарханда отырғанда жаныңда әр діннің өкілдері отыратын болса, олардың барлығы бауырың деген сөз бар. Біздің саясатымыз сол емес пе?! Ең алдымен елге бірлік, одан кейін еңбеккерлік керек деген, одан кейін бір адамның төңірегіне топтассаң, сонда ғана халық боласың, жұрт сыйлайды, болашағың болады деген. Бізге одан артық қандай діни философия керек?!» - демеп пе еді?! Мұрат Есжан және «Ақиқаттың» басқа авторлары Елбасының осы  ұстанымын ұлтшылдық деп айыптап отырған жоқ па?! «Ақиқатшылардың» көксегені олай емес деуге негіз жоқ. Өйткені, «Ақиқат» фильмі Елбасының осы сөзінен аттай бір айдан соң (21 сәуір) көпшілікке ұсынылғаны мәлім.

Ясауитанушылар арасында (жалпы сопылық мәселелерімен таныс оқырман білер) танымал 13-ғасырға тән «Ламахат мин нафақатуль құдс» атты кітапта Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің қаламынан туған шығармаларының атауларының өзі бірнеше бетті алып тұр. Ал қазір ғалымдар қолында «Диуани хикмет» пен «Миратуль қулуб» (Жүректің айнасы) кітаптары ғана бар. Ясауи іліміне жасалған кешенді қастық әрекеттері өз «нәтижесін» беріп, ілімнің шамын жаққан көл-көсір рухани мұра көзден кетіп, көңілден тасаланды. Мұрат Есжанды дилетант деуге тіліміз бұралмайды. Дегенмен, Мұрат ініміз ясауия ілімінің тарихынан том-том монография жазған мұхиттың ар жағындағы американдық ғалым Девин Девистен (Блумингтон қаласы) сұрауға арланса (тегі де, танымы да бөтен деп), осындағы талантты ғалым ағасы Досай Кенжетайдан (Түркістан қаласы) неге сұрап алмаған?! Дәлел керек деп тақ ете қаларсың. Ендеше тыңда. Әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидың Мекке-Мәдинаны билегені туралы Қаныш Сәтбаевтың рухани ұстазы болған ғұлама Балмағамбет Балқыбайұлы:

«Ил-Аллаһу күндіз-түн,

Тапсырғаны пірімнің.

Ықылас еткен кәміл пір,

Мысыр мен Шам, Ұрумның.

Қадірін білген Мәдина,

Інжу-меруерт дүрімнің.

Денеге жұққан күнәдан,

Шәйілсе бәрі кірімнің.

 

Он сегіз жыл Раузатқа,

Имамлық қылған еріміз,

Жүзіндегі дүниенің,

Қасиетті жеріміз.

Айталық тәһлил үн салып,

Тарқар ма іштен шеріміз.

Қарлығып дауыс, маңдайдан

Сорғаласын теріміз», - дейді.

Ал, қадария мен ясауияның ілімі бір болғандықтан екеуін қосып айту бұрыннан қалыптасқан. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы Құнанбай жөнінде: «Ғайры бұзықшылық іс қылғандарға деп ауыр жаза салып, халыққа ауыл басы молда ұстатып, қадари хал ғылымының жолын көрсетіп, үлгі салған еді...» - дейді. Бұдан да Мұраттың қадария тариқаты жөніндегі білімі таяз, көзғарастарының шындықтан шалғай екені көрінеді.

Пайғамбарымыздан бастау алған Ясауидің ілімі күллі түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, рухани кәусар бұлағына айналды. Қажы Бекташ, Жүніс Әмре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінде Ясауидың сарыны бар. Сол сарын Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіпке, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапты емес пе?

Елбасымыз да Қазақ хандығы мен қазақ халқы Ясауи жолының идеологиясы негізінде қалыптасқанын үнемі айтып келеді. Ал, зерттеуші Болат Қорғанбек «Исматулла Мақсұмның көзғарасында, ұстанымдарында, негізгі принциптерінде Ясауи жолынан ешқандай айырмашылық жоқ екенін, оны қаралаушылардың өзі Ясауи жолынан бөлек деп осы кезге дейін дәлелдей алмағанын» айтады.

Олай болса, жазушы Шерхан Мұртазаша айтқанда «Исматулланы қаралайтындай, ол саған не істеді? Қай қазақтың баласына қастық қылды? Ол адам баласы ара түспейтіндей халық жауы ма еді? Мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды ма? Ханның тағына таласты ма? Не істеді ол? Діннің адамы, діні - мұсылман. Бар кінәсі сол. Барлығың жау көріп, жақыннан дұшпан тауып алып, түрмеге апарып тықтың. «Ойран салды» дейді. Не қылған ойран ол? Нені бүлдіріпті Исматулла? Кімді өлтіріпті? Алдымен анық-қанығын неге білмейсіңдер? Мұхаммед пайғамбар негізін салған мұсылман дінін бөлектеп, бөлшектеп, тас-талқанын шығарып жатқаны мынау. Сіз қарсы болып отырған Исматулла соған қарсы. Дінді өзінше түсіндіретін біреулер пайда болды. «Солар жасасын!» деп отырсыңдар. Ал олар қазаққа, ұлтқа не жақсылық жасады?». Көмейіне күн еңкейтсең де, арғы ішіне иненің жасуындай сәуле түспейтін ессіз тірі жандарға, дәл сендейлерге қаратып айтылған Шәкәрім қажының сөзі бар:

Жолама, қулар, маңайға,

Не қылмадың талайға?

Кiм жағады сендерге

Тартқызған азап Абайға?

Соның да тiлiн алмадың‚

Сабадың‚ сөктiң‚ қарғадың.

Көрiне қашан кiргенше

Арсылдап иттей қалмадың.

Сендерден белгi нең қалар?

Жемтiгiң, жеген жем қалар.

Ақылы дария Абайдан

Таусылмас қоры кен қалар.

Жақсыдан қазына пұл қалар,

Солмайтын жасыл гүл қалар.

Сендердей арсыз қулардан

Желге ұшатын күл қалар.

 

Қарғыс алғанын да мақтан тұтатындар бар екен!

«Телекиллердің» тақуалығына тәнті болдым, Ысматолла Мақсұм «расында, тәуір қарғайды екен», «сүннет бойынша мұсылман көркем мінезді болуы тиіс» деп, ғұмырын ақжүректілік пен Құран іліміне арнаған ақсақалға «көркем мінезден» дәріс оқыпты дерсің. Шынымен білгің келе ме, иә, Пайғамбарымыздың да қарғаған кезі болған. Мәдина кезеңінде 70 сахабаны (асхабы суффа) өлтіргенде Пайғамбарымыз 25 күн ұдайы намаздан соң қарғыс дұға оқыған. «Адырна.кз» сайтында жарияланған «Мен әнұран айтпаймын» дінсіздікпен күрес бітіп, енді діншілдікпен күрес басталды ма?» деген мақаласымағыңда ата-ана борышына қатысты айтқаныңда қарғыс туралы бір емес, бірнеше хадис келтіргенсің. Соның бірі «Пайғамбарымыз (Ғ.С.С.): «Олар - сенің жәннатың не тозағың. Яғни олардың ықыласын алсаң жәннатқа кіресің, қарғысын алсаң тозаққа түсесің», - деді» деген хадис. Ата-анадан алған қарғыс осынша қасіретті екенін біледі екенсің, ал Ақиқатты ту еткен, Құдайдың сүйікті құлы, Елдік пен Тәуелсіздіктің қандай нығмет екенін насихаттаған, Елбасшысын қалай құрметтеуді үйреткен, тірі жанға қиянаты жоқ ақсақалдың қарғыс тілінің зілі қандай болатынын ойладың ба? «Маған тиіскен адамның ешқайсысы оңған емес!» «Жайыңа жүр, құрисың» деп айтатыны - ескерту. «Құдаймен ойнама, шапаныңды шұрқ-тесік қылады» деп те жиі ескертеді. Ақты қаралаған адамның қайсысы ұшпаққа шықты? Әйтпесе, Мақсұмның дос түгіл жауына да жақсылық ойлап, дұға тілегеніне бір емес, мыңдаған адам куә. «Айтпақшы, 7 емес, 77 ұрпаққа қатысты шартты қарғысты бұл пақырыңыз да естіп қалды» дейсің сен. Ең қорқыныштысы, аузы дуалы болсын болмасын, жасы үлкен адамнан қарғыс алғанына мақтанған қазақ баласын бірінші рет көріп, жағамды ұстап отырмын! Алла сенің кейпіңнен де, сөзіңнен де сақтасын!

Қышымаған жерді қасыған өзің ғой, жеке блогыңдағы "қызғылықты" материалдарға көзімізбен сүзіп өттік. Бұл да жұртқа ақпарат жариялаудың бір түрі ғой. Біреуіне тоқталмай кетпеуге болмас. «Не жұмыс, не намаз...» деген шағын мақалаңда адамға керекті жайттар көп екен: намаз оқитын адам «істемегенін істедім, істегенін істемедім демейді», «Ол ғайбат сөйлемейді», «Ішкі интригалардан аулақ жүруді жөн көреді» т.б. дейсің.

Молданың айтқанын істе, істегенін істеме деген осы да. Сен торда отырған Ысматолланы жау көріп, шамаң жеткенше табалапсың... Сенің «намазың» осындай көргенсіздікті жөн көрсе, не шара?! Сонда, Мұрат, шынымен де өзіңді «Ақиқаттың» авторы санайсың ба? Айтшы, «Ақиқаттың» тапсырысын кімнен алдың?..


Редакциядан: Автордың мақаласын, сөз саптауын барынша сақтай отырып, мақала барысында эпстолярлық жанрды да пайдаланғанына шектеу қоймадық. Соған орай Мұрат Есжан мырза «Абай.кз» ақпараттық порталының бетінен сөз аламын десе, еш қарсылығымыз жоқ екенін ескертеміз.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536