"Ауыл - ел бесігі" - үш жылда 1,5 мың ауылдың тұрмысын жақсартатын жоба
Қазақстан халқының 42 пайызы ауылдық жерлерде тұратыны белгілі. Бұл ресми статистика. Ал енді сол ауыл тұрмысын көтеру үшін мемлекет тарапынан "Ауыл - ел бесігі" атты арнайы жоба қабылданған. Бүгін сол жоба туралы сөз етеміз.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынған "Ауыл - ел бесігі" арнайы жобасы елді мекендер мен ауылдық аймақтардың тұрмыс әлеуетін дамытуға бағытталған. Осы мақсатта Үкімет тарапынан перспективасы бар деген 1500-ден астам елді мекен анықталған екен. Алдағы уақытта ауылдық жерлерді көркейту үшін жыл сайын мемлекет қазынасынан 30 миллиард теңге бөлінбек. Осышайша, айналасы үш жылдың ішінде ауылдарды қаржыландыру жобасы қолға алынатын болады. Инжинерлік коммуникациялық инфрақұрылымдар, әлеуметтік нысандар бой көтереді деп жоспарлануда.
Бюджет 2019-2021 жылдарға есептелген. Жоба түзілген. Енді бұл жобаны Мәжіліс мақұлдауы керек.
"Ауыл - ел бесігі" арнайы жобасы былтыр, яғни 2018 жылы басталған. 2018 жылы Қазақстан халқына Жолдау жолдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуды тапсырған. Осы мақсатта "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында арнайы жоба қолға алынған.
"Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты "Ауыл - ел бесігі" атты арнайы жобаны жүзеге асыру керек. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз қажет. Бұл әкімшіліктердің міндеті", деген еді Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі мол деген 1781 елді мекен іріктелген. Бюджеті 90 миллиард теңгені құрайтын арнайы жоба да әзірленген. Енді оны жүзеге асыру үшін Заң жобасы Мәжілісте, сонан соң Сенатта мақұлдануы қажет.
Ауыл – Қазақ Елінің жүрегі. Ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көз, алтын бесігі. Киелі қазақ даласы ғасырлар бойы халықтың өзегін талдырмады. Өсіп-өнуіне мүмкіндік берді. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Ал Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Ауыл - ел бесігі" арнайы жобасы сол ауылды көркейтуге жасалған нақты қадам болмақ.
Болашағы зор ауылдарды дамыту үшін "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы қаржыландырылады. Үш жыл ішінде 90 млрд теңге бөлінеді. 1,5 мыңға жуық перспективалық ауылдар қамтылатын болады. Перспектива көлемі, орналасуы, даму әлеуеті және т.б. негізінде анықталады. Бұдан басқа, моноқалалар мен шағын қалаларды дамытуға жылына 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл өңірлерде 100-ге жуық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу немесе қайта құруды қамтамасыз етеді.
Abai.kz