Сенбі, 23 Қараша 2024
3769 0 пікір 18 Наурыз, 2019 сағат 21:03

Елді газбен қамтамасыз ету қызметі қарқынды жүргізілуде

Нұрсұлтан Назарбаев бір жыл бұрын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» деп аталатын үндеу жариялаған болатын. Елбасының қазақстандықтарға арнаған осы үндеуінде елімізді дамытудың жаңа бағыттары нақты көрсетілген. Үндеудегі бесінші бастама – елді одан әрі газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселесі. Бұл бастама жариялана сала халық тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында елді-мекендерді газбен қамту жоспарын әрі қарай жалғастыруға ерекше ден қойған болатын.

Тәуелсіздік кезеңінде елімізде газ өндіру жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артқан. Ал, қазір ел тұрғындарының 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 9 облысқа газ тартылған. Алайда, орталық және солтүстік өңірлерге әлі де газ жоқ.

Президент өзінің бес бастамасында Астанаға магистаральді газ құбырын салуды жүзеге асыру керектігін айтты. Ол үшін құбырды Қызылорда облысынан бастап – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау  арқылы тарту жоспарланып отыр. Бұл – 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік береді. Астанаға тартылатын газбен ең алдымен қаладағы жылыту қазандықтары мен Оңтүстік – Шығыс ауданының тұрғындары қамтылатын болады.

Осы мақсатта «Сарыарқа» газ магистралінің 1-ші кезеңін іске қосу ісі қолға алынды. Бұл жобаның ұзақтығы 1061 км болады және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар. «Сарыарқа» газ магистралін салудың маңызы жоғары. Қараөзек газ компрессорлық станциясынан 44 шақырым жерде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бойынан бұрып салынатын жоба аясында мың шақырымнан астам магистральды желі тартылады. Құрылыс аяқталғанда ел орталығы мен солтүстік өңірлеріндегі 171 елді мекенге көгілдір отын жетеді. Оның ішінде Астана қаласы маңы мен Қарағанды облысының 119 елді мекені және Ақмола облысының 51 елді мекені табиғи газбен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.

Аталған ірі жоба жайлы «Астана Газ» ҚМГ бас директоры Сағидолла Мақашев газ құбырының бүгінде қаржыландыру кестесі мен шарттары әзірленіп Үкіметтің тиісті шешімдерімен бекітілгенін айтады.

Оның айтуынша, биыл наурыз айында Елбасы жариялаған 5 әлеуметтік бастаманың бірі елдің орталық және солтүстік аймақтарын газдандыруға арналған болатын. Қолға алынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағдары бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 1 061 шақырымға тартылады және бір жылдағы газ өткізу мүмкіндігі 2,2 млрд текше метрге жетеді. Аталған жобаны іске асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады екен.

«Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жүргізу ісіне Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ерекше көңіл бөліп, басты назарда ұстап отыр. Ол кісі осы ірі жобаның жүзеге асып, арқа жұртының көгілдір отынмен қамтамасыз етілуін асыға күтуде.

- Бұл біздің ең ірі жобамыздың бірі. Мұнай мен газ шығаратын мемлекет ретінде Қазақстанның орталығын газдандыру мәселесіне енді ғана назар аудардық. Енді бұл ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Біз келесі жылы осы маңызды газ құбырының құрылысы аяқталып қалды деп айтатын боламыз. Бұл газ құбыры біздің елордамызға дейін жетіп, әр үйге барады. Осылайша, өнеркәсібіміз өркендей түседі. Сіздерге сәттілік тілеймін», - деген болатын Елбасы.

Министрліктің есебіне сенсек, қазіргі таңда халықты газдандыру деңгейі 47,38% құрайды. Бұл дегеніміз 8,5 миллион тұрғын газбен қамтылған. Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан газдандыруға 18,4 миллиард теңге, ал ұлттық оператор тарапынан 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындар саны тағы 129 мыңға артады деп күтілуде. Бүгінде еліміздегі 17 өңірдің 11-і табиғи газбен қамтылған.

Көгілдір отынның көпшіліктің тұрмысна тигізер пайдасы мол. Сол үшін Елбасының тапсырмасын тиянақты орындап, ел халқын мүмкіндігінше газбен қамту кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Бұл жұмыс қазіргі таңда шындап қолға алынуда. Демек, жақын болашақта барша қазақстандықтар үшін көгілдір отын қол жетімді болады деп есептейміз.

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475