Тұрғын үй алу үшін жеңілдікпен несиелендіру: критерийлері және шарттары
Жеңілдікпен несиелендіру тұрғын үй алу үшін көп балалы отбасыларға ұсынылады. Бұл туралы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов айтты.
Жеңілдікпен несиелендіру аз қамтылған, көп балалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған.
М. Жайымбетов атап өткендей, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үш жыл бойы 50 млрд теңгеден бөлініп отыратын болады. Барлығы 18 мың займ бөлінеді.
«Үш айналым болады деп жоспарлап отырмыз. Сонда 25 жыл ішінде 56 мың займ бөлінеді. 56 мың займ – бұл тиісінше, 56 мың пәтер. Пайыздық мөлшерлемесі – 2%. Несиелендіру мерзімі –20 жыл. Бастапқы жарнасы –10%. 18 мың займға 150 млрд теңге бөлінді», — деді Комитет төрағасы.
Оның айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғын үй алу кезегінде 487 мың адам тұрды. Оның ішінде халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарынан 220 мыңға жуық адам бар. Көп балалы, аз қамтылған отбасылар — 28 126 адам. І тоқсанда олардың саны 3 мың адамға артты. Қазір бұл кезекте 31 700 астам адам тұр.
«7 жыл бойы жыл сайын әкімдікте кезекте тұрғандар үшін 40 мыңнан астам жалға берілетін тұрғын үй салынады. Жыл сайын 6 мың пәтер пайдалануға беріледі. Көп балалы аналар мен “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері және “Батыр ана” атағын алғандар үшін жеке кезек болады. Олар жалға берілетін тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығына ие», — деді М. Жайымбетов.
Сонымен қатар, көп балалы отбасыларға тұрғын үй алу құқығын беретін тұрғын үй сертификатын енгізу жоспарланған.
«Біз қазір тұрғын үй сертификаты бойынша ережелерді әзірлеп жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдар арқылы 5 жыл ішінде 85 млрд тг бөлінеді. Әрбір әкімдік өз мүмкіндігінше қаражат бөледі. Егер бұған дейін осындай қаражаттар дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер үшін “Нұрлы жер”, “7-20-25” бағдарламалары бойынша бөлінсе, енді көп балалы, толық емес және мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілсін деген ұсыныс бар», — деп түйіндеді Комитет төрағасы.
Abai.kz