Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4123 0 пікір 16 Маусым, 2011 сағат 05:32

Жұмабай Доспанов: « Қажыгелдин қайтып келеді..."

Атырау қаласында жарық көретін  «Алтын ғасыр» газеті он жасқа толып отыр. Осы он жылдың ауқымында өткір сынымен, сергектігімен билікті де бұқараны да өзіне жалт қаратқан апатлықтың құрылтайшысы, әрі бас редакторы Жұмабай Доспановпен сұхбаттасып отырмыз. Жұмағаң «Алтын ғасырдың» алғашқы аяқ алысынан бастаған естелік әңгімесін бүгінгі күндегі нақты оқиғалармен байланыстырып бар ойын ашық айтады. «Интернетті жасы үлкендердің көпшілігі оқи алмайды, «Азаттық» радиосын тыңдауға жұрттың тегіс қолы жете бермейді. Сондықтан біз осы екеуіне назар аударып, қарапайым халықтан билік бүркемелейтін шынайы ақпаратты  апта сайын үзбей жариялап келеміз. Шынымды айтайын, өз басым осыдан рухани ләззат аламын» дейді ол.

- Биыл сіз басшылық ететін «Алтын ғасыр» апталығы 10 жасқа толыпты. Осы мерзім ішінде газет және өзіңіз қандай пайда көрдіңіздер, неден ұтылып. Нені ұттыңыздар?

- Қазақстан жағдайында оппозициялық түгілі, мемлекет қаржысына тәуелсіз газетті 10 жыл шығарудың қаншалықты қиын екенін оқырмандар толық сезіне қоймағандарымен, әріптестерім бастарынан өткеріп жүргендіктен жақсы біледі. Оның үстіне егер өзің сол басылымды дүниеге келтірген, үнемі басы-қасында жүрген болсаң...

Атырау қаласында жарық көретін  «Алтын ғасыр» газеті он жасқа толып отыр. Осы он жылдың ауқымында өткір сынымен, сергектігімен билікті де бұқараны да өзіне жалт қаратқан апатлықтың құрылтайшысы, әрі бас редакторы Жұмабай Доспановпен сұхбаттасып отырмыз. Жұмағаң «Алтын ғасырдың» алғашқы аяқ алысынан бастаған естелік әңгімесін бүгінгі күндегі нақты оқиғалармен байланыстырып бар ойын ашық айтады. «Интернетті жасы үлкендердің көпшілігі оқи алмайды, «Азаттық» радиосын тыңдауға жұрттың тегіс қолы жете бермейді. Сондықтан біз осы екеуіне назар аударып, қарапайым халықтан билік бүркемелейтін шынайы ақпаратты  апта сайын үзбей жариялап келеміз. Шынымды айтайын, өз басым осыдан рухани ләззат аламын» дейді ол.

- Биыл сіз басшылық ететін «Алтын ғасыр» апталығы 10 жасқа толыпты. Осы мерзім ішінде газет және өзіңіз қандай пайда көрдіңіздер, неден ұтылып. Нені ұттыңыздар?

- Қазақстан жағдайында оппозициялық түгілі, мемлекет қаржысына тәуелсіз газетті 10 жыл шығарудың қаншалықты қиын екенін оқырмандар толық сезіне қоймағандарымен, әріптестерім бастарынан өткеріп жүргендіктен жақсы біледі. Оның үстіне егер өзің сол басылымды дүниеге келтірген, үнемі басы-қасында жүрген болсаң...

«Алтын ғасыр» да, мен де материалдық пайда көруден аманбыз. Өйткені біздің қосымша қаржы түсіретін жарнамамыз, не демеушілеріміз жоқ. Биліктің қатаң бақылауында болғандықтан ол екеуіне жол жабылған. Бар көрген пайдамыз - елге танымал болғанымыз, саяси және рухани қоржынымыздың үнемі толығатыны. Негізгі пайданы оқырмандар, қоғамдағы келеңсіздіктерден таяқ жегендер көріп келе жатыр.  Интернетті жасы үлкендердің көпшілігі оқи алмайды, «Азаттық» радиосын тыңдауға жұрттың тегіс қолы жете бермейді. Сондықтан біз осы екеуіне назар аударып, қарапайым халықтан билік бүркемелейтін шынайы ақпаратты  апта сайын үзбей жариялап келеміз. Шынымды айтайын, өз басым осыдан рухани ләззат аламын.

Айтпақшы, «Алтын ғасырдан» оқырмандармен қатар көптеген азаматтар, тұлғалар да жақсылық көрді дей аламын. Солардан тек біреуін ғана мысалға келтірейін. 1960-жылдардың бас жағында, мектеп қабырғасында жүргенімде бір жерден қазақтың Ұлы Отан соғысына қатысқан ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова туралы оқығаным - есімде мәңгі жатталып қалған. Одан кейін 40 жылдай өтсе де, ол туралы еш дерек болмағаны - мені қатты алаңдатқан. Содан 2001-жылдың қаңтарында «Алтын ғасыр» газетін шығару дайындығы жүріп жатқанында, оның тұңғыш бас редакторына тағайындалған, Алматыда тұратын атыраулық жерлесім Нұри Мұфтахқа Х.Доспанова тірі болса іздеп тауып, ол туралы материал жазуды тапсырдым. Нұрекең - 20-қаңтарда Вашингтонда өткен АҚШ Президенті Джордж Буштың таққа отыру салтанатынан оралысымен, батыр апамызды іздеп кетті. Ақыры оны әупіріммен тауып, газеттің 22-наурызда жарық көрген тұңғыш нөміріне ержүрек ұшқыш қыз туралы тұтас бір беттік «Жизнь - легенда» материалын жариялады. Мен өз кезегімде Президент Әкімшілігіне, Парламенттің қос палатасына, соғыс ардагерлері республикалық кеңесіне хат жолдап, оған Н.Мұфтахтың материалын қосып, Х.Доспановаға 2002-жылдың 9-мамыры қарсаңында (сол жылы 15-мамырда 80 жасқа толуына орай) Халық Қаһарманы атағын беруді сұрадым, оқырмандар атынан. Қан майданда 306 рет әскери тапсырмамен әуеге көтерілген оған Кеңес Одағының Батыры атағы ереже бойынша тиіс болатын. Сол атаққа ұсынылғанымен, белгісіз себептермен берілмей қалған. Астанаға жолдаған хаттарымда Х.Доспанованың маған еш туыс емес, оның руы Масқар, менікі Таз екенін де жаздым, әйтпесе фамилиямыз бір болғасын, оппозиционердің әпкесі деп, мәселенің тіптен шешілмей қалуы мүмкін еді.

Хиуаз апайға «Халық Қаһарманы» 2002-жылдың мамырында емес, 2004-жылдың желтоқсанында берілді... Сол «Алтын ғасыр» арқылы ол кісі екінші қайтара өмірге келгеннен кейін, өзге ақпарат құралдары жарыса дерлік материалдар берді, деректі фильм де түсірілді. Бұған ол кісіден кем қуанғаным жоқ. Бірақ, кейбіреулер «Хиуаз Доспанованы мен тауып алдым» деп те жатты, беттері бүлк етпестен...

Неден ұтылдық? Газет ұтылды деп айта алмаймын. Бірақ жеке өзімде ұтылыстар бір басқа «жеткілікті» санаймын.

- Төртінші биліктің тірлігіне көңіліңіз тола ма?

- Бұқаралық ақпарат құралдарының төртінші билік саналуы - тек өркениетті елдерде деймін. Өйткені барлық билік түрлері бір-біріне құлақ асулары керек. Өйтпейінше мемлекетте ілгерілеу мардымсыз жүреді. Бүгінгі Қазақстанда БАҚ-тар бірнеше дәрежеге бөлінеді. Биліктің асырауындағылар - тек мадақтаумен, сосын биліктің тапсырыстарымен оппозиция белсенділеріне жала жабумен, оларды қаралаумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда қарапайым халықтың басын айналдырумен болады. Тәуелсіз БАҚ-тардың көпшілігі шын мәнінде билікке тәуелді. Олар да билікке ақылы қызмет көрсетеді. Сонда бұқараға ақиқатты жеткізетін аз ғана оппозициялық басылымдар қалады. Соңғы екеудің сындары мен әшкерелеулеріне билік барынша көңіл аудармауға тырысады. Кейде сонысымен уақытша болса да ұтып кетеді... «Сын түзелмей - мін түзелмейді» деген қағиданы қазіргі қазақстандықтардың  аға буыны естіп өсті, Кеңес заманында билеуші партия мен атқарушы заң органдарының сол қағиданы қатаң ескеріп отырғанын күнделікті өмірде  көздерімен көрді. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 4 жыл толысымен баспасөз арқылы қоғамды бақылау дәстүрінен айырылып қалдық. Өкінішті.

- Кезіндегі осы басылымның бас редакторы, қаламы қарымды журналист Нұри Мұфтахтың қызмет бабында қастандықпен өлтірілгенін жиі естиміз. Нақты мәлімет бар ма? Ағаны кім, не себепті өлтірді?

- Нұри ағам қастандықтың құрбаны. Оның өлімі қалай болғанын өз көзімен көрген кісі бар. Қазір оны көтергеннен еш нәтиже шықпайды. Өзінің уақыты келеді, соны күтеміз. Сол кезде жоғары билікте болғандардан біреулерге Н.Мұфтахтың өлімі үшін айып тағылады.

Нұри 2002-жылдың қарашасында «жұмбақ жағдайда» өлтірілді. Дер кезінде халық бұған жаппай наразылық танытпағасын, билік пен оның қолшоқпарлары одан әрі оппозиционерлерді, солармен қарым-қатынастағыларды аяусыз жазалауға, дәлірек айтқанда жоқ қылуға еш қымсынбастан кірісіп кеткен. «Жұмбақ жағдайда» 2003-жылдың маусымында Атыраудағы менің оң қолым - екі ауданның прокурорын атқарған Досқали Тасанов, 2004-жылдың шілдесінде талантты оппозиционер-журналист Асхат Шәріпжанов, желтоқсанында «ҚДТ»-ның бұрынғы жетекшілерінің бірі, банк басшысы Ержан Тәтішев, 2005-жылдың маусымында «Алға!» партиясы төрағасының орынбасары Батырхан Дәрімбет, қарашасында биліктің үрейін ұшырушы Заманбек Нұрқаділов, 2006-жылдың ақпанында еліміздің болашақ Президенті санап жүрген Алтынбек Сәрсенбайұлы екі серігімен, бұлардан кейін де саясаткерлер Нұрболат Масанов, Болатхан Тайжан, Құрылыс Сүлейменов, оппозициоер-журналистер Сәкен Таужанов, Саят Шүлембаев, Андрей Климонов, қырғызстандық журналист Геннадий Павлюк өлтірілді. Ал, от ауызды журналист Оралғайша Омаршанова 2007-жылдың сәуірінен бері хабарсыз...

- Қалам ұзын болғанмен, қолыңыз қысқа. Биліктің қолшоқпарларынан қалай қорғанып жүрсіз? Әлде, артыңызда қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ететін біреулер  тұр ма?..

- Иә, қалам ұзын болғанымен, қолымның қысқа екені - шындық. Билікте қанша шенеунік болса, олардың қолшоқпарлары соншалықты емес, еселеп артық санауға болады. Сондықтан деп білемін, біздің қоғамымыздың тасбақа жүріспен келе жатқаны.

Менің оппозицияда жүргеніме 16 жылдан асып барады. Осы мерзім ішінде маған қатысты жалпы саны 44 - әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істер қозғалды. Тергеушілер екі мәрте Атыраудан шықпауым туралы қолхат та алған... Бірнеше рет полиция ұстап әкетті де. Біреуінде Оралда өткен 4 облыс оппозиционерлерінің митингісін ұймдастырды деген айыппен мені сол қаладан Атырауға қайтып келе жатқанымда, 40-шы шақырымда полиция офицерлері автобустан түсіріп алып, кері әкетіп, сот залына жетектеп апарған... Атырауда 11 полиция офицері үйіме баса-көктеп кіріп, компьютерімді тартып алмақшы болып кәмілетке толмаған екі баламның басын зақымдап кеткен.

Мен ешқашанда жалған айтқан, не жазған емеспін. Заңды жақсы білемін. Әскерде 39-армия штабында ерекше бөлімде тергеуші-анықтаушы, кәсіподақтарда 19 жыл басшы қызметте болғанмын. Биліктің тапсырыстарын орындаған көптеген полицияның аға офицерлері, прокурорлар, судьялар оңашада менен кешірім сұрап, демократиялық заман орнай қалса - куәгер болуға дайын екендерін айтып жатады. Менде - бұларға да, оларды айдап салушыларға да «компроматтар» жеткілікті. Артымда  тұрған жоқ ешкім жоқ. Артымда өзім пір тұтқан, ара-тұра аянын беріп ескертетін Бекет Ата бар... Ол кісі туралы жазған «Бекет Ата. Аңыз бен ақиқат» кітабым 4,5 мың данамен таралап кеткен, Қазақстанның 7-8 аймағына. Ата алда болатындар мен болғандардың бәрін біліп, көріп отыр...

- Ел арасында «демократиялық мемлекет болғаннан кейін сіз сияқты азаматтарды әйтеуір бір оппозиция керек деп әдейі ұйымдастырып қойған ғой» дейтін сөздер де бар. Бұған не дейсіз?

- Біріншіден, Қазақстанды демократиялық мемлекет деуге болмайды. Олай деуіме нақты дәлелдерім бар. Қазақстан - авторитарлық режимде. Н.Назарбаев 1990-жылдың сәуірінен бері Президент лауазымына 6 рет сайланды! Өркениетті елдерде Президент екі мерзімнен артыққа сайланбайды. Парламенті бір партиядан ғана тұратын елді демократиялық деп кім атайды? Сайлау комиссиялары құрамдарына оппозиция өкілдері енгізілмеген. Соның салдарынан тәуелсіздік алған 20 жылымызда бір сайлау әділ өткен жоқ. Ылғи дауыс ұрлау, нәтижені бұрмалау.

Иә, Қазақстанда әдейі ұйымдастырылған оппозиция бар. Олар тіркеудегі Коммунистік партия мен «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан өзгелер. Олар жоғары билікке қарсы тұрмақ түгілі, бір ауыз сын айта алмайды!

Арғыларды тізбей-ақ, кеше ғана 28-мамырда Алматыда өткен Қытай экспансиясына қарсы митингке сол партиялардан, не Парламенттен бір адам неге келмеді?! Өйткені елімізге зор қатер төніп келе жатса да, Ақордаға қарап, бұғып қалды олар...

- Сіздің партияңыз нені көздейді? Жалпы көппартиялы Парламентті қолдайсыз ба?

- Қай партияның болмасын қоғамдық қозғалыстан басты айырмашылығы - сайлаумен билікке жетіп, өз бағадарламасын мемлекет, халық игілігі үшін жүзеге асыру. Ондай мақсат қоймағанды - партия, оның мүшелерін Отанының патриоттары деп айта алмаймын. Мен мүшелікке кірген «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялқ партия - салиқалы саяси бірлестік. Оның жетекшілері мен мүшелері ішінде Парламенттің экс-Төрағасы, Премьер-Министрдің бұрынғы екі орынбасары, онға тарта министр болғандар, аймақ басқарғандар бар. Қазақстанда Кеңес Одағының екі тірі Батыры (Тоқтар Әубәкіров пен Николай Кремениш) тұрып жатса, екеуі де біздің партияда! Парламент депутатын, министр мен аймақ әкімінің орынбасарын, департамент бастығын, прокурорлық пен судьялықты атқарғандар, генерал, полковник шендерін, құрметті атақ алғандар ондап саналады. Яғни нағыз мықты партия екенімізді ешкім жоққа шығара алмайды! Билікке жете қалсақ - оны алып кетуге мүмкіндігіміздің толықтай барына көпшілік күмандана қоймас.

Әрине, көп партиялық Парламентті қолдаймын! Бірақ алдағы сайлауда билік «Нұр Отан» қатарына онымен ниеттес екі партияны енгізе қойып, оппозицияны тағы жолатпауы мүмкін. Ондай көзбояушы «көппартиялқытың» халыққа да, мемлекетімізге де пайдасы жоқ. Оппозицияның қатысуынсыз Парламент елді прогреске бастай алмайды.

- Қазір кейбір апталық басылымдар асыраушысына ғана қарап жазатын болды. Мемлекеттік газеттер билікті мақтайды, оппозиция даттайды. Біржақты пікір оқырманын мезі қылмай ма?

- Асыраушысына қарап жазатын апталықтардың екіге бөлінетінін жоғарыда айттым. Ал, мемлекеттік газеттердің, телеарналардың, радионың биліктегілерді сынамайтындары, тек мақтайтындары қарапайым халықты әбден «тойғызып», тіпті жүректерін айнытып жатқандары - ақиқат.  Оппозиция «даттағанда» қасқайып тұрып датын жазады. Өтірікті емес, шындықты жазады. Халықтың қиналысын, билік тарапынан болып жатқан, жол берілген жаппай жемқорлық пен парақорлықты, күнделікті заң бұзушылықты, Конституцияның аяққа тапталуын, мемлекетке төнген қауіп-қатерлерді жазады. Бұдан есі дұрыс оқырман мезі болады деп айта алмаймын.

- Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, төрт құбыласы тең емес. Қан төгіліп жатқан кейбір елдерге қарағанда, біздегі жағдай шүкіршілік деуге болатын шығар?

- Мемлекет үшін басты төрт «құбылаға» нелер жатады? Біріншісі - оның ұлттық, тәуелсіз болуы, яғни өзге де мемлекет атану шарттарының толық сақталуы. Екіншісі - экономикасының, әлеуметтік жағдайының жоғары болуы, сырт қарыздарға молынан батпауы. Үшіншісі - шынайы демократия орнауы, халықтың нақты билікті қолында ұстауы, авторитаризмге жол бермеуі. Төртіншісі - өзге мемлекеттер мен өз елінің болашағын қарпып жейтін жалмауыз жемқорларына «жем» болмауы, байлығын оларға таратып бермеуі, өзге елдер экспансиясына жол бермеу.

Енді осы «төрт құбыланы» өз мемлекетіміз бойынша қысқа ғана талдап көрейік. Біріншіден, «тәуелсіз болуы» күмән туғызып тұр. Қазақстан үкіметі көп жағдайда Ресей, АҚШ және Қытай басшылықтарына жалтаңдаумен, солардың қас-қабақтарына қараумен ұтылыстарға қалып жүр. Бұл - шын тәуелсіздік емес. Екінші, құбыламызды түгелімен жоққа санаймын. Қазақстанның экономикасы жоғары емес: тек өндірілген шикізат түрлеріне қарап отырмыз, өнеркәсіптің барлық түрі, ауылшаруашылығы бұдан 20 жыл бұрынғыдан да төмен. Әлеуметтік жағдай да солай, бағаның сәйкессіздігігінен халық пен шағын, орта кәсіпкерлік сілкіне алмай отыр. Сыртқы қарызымыз 118 миллард долларға жетті. Бұны жан басына шаққанда 7400 доллардан келеді. Посткеңестік мемлекеттер арасында қарызға батудан бірінші орында тұрмыз. Өзбекстанның сыртқы қарызы жан басына шаққанда - 176 доллар... Үшінші «құбыламыз» да жоқ. Бізде шынайы демократия орнамаған, одан билік өлердей шошиды. Халық еліміз тәуелсіздік алғалы билікті қолында ұстамақ түгілі, маңына жуыған жоқ. Қазақстандағы авторитаризм өзінің шырқау шегіне жеткен, әлемдегі 200-ге тарта мемлекет арасында бұл жөнінен алғашқы «жиырмалықта» жүрміз. Төртінші құбыламыз жайлы не айтамын. Қазақстанды шетел компаниялары мен өзіміздің қолдан жасаған алпауыттарымыз, биліктегілердің өздері қомағайлана қарпып жатыр. Әлемде бізден артық ел жоқ шығар, байлығын өзгелерге тым арзанға таратып беріп жатқан... Өзге елдер экспансиясы да зор қауіпін төндіріп келе жатыр... Қазақстанда жыл сайын шамамен 15 миллиард доллар ақша қолды болады екен. Соңғы 15 жылда елімізден сыртқа 190-200 миллиард доллар ақша кетіп қалған көрінеді...

Біздегі жағдай тоғышарлардың бір күндік шүкірлігіне келеді. Адам құқын табанға таптаттырып, елдің Құдай берген орасан зор байлығын әркімге таратып беріп, баға атаулыны бетімен жіберіп, жемқорлықты жаппай өрбітіп, сайлаулардағы дауыстарды ұрлаттырып, жігіттеріміз бен қыздарымызды құл мен күң еттіріп, Қытайдың жаулап алуы алдында дәрменсіз күй кеше отырып - көрсоқырлықпен: «шүкірміз» дейміз. «Иә, заманымыз тыныш, осы шүкірлігімізге ризамыз, айналайын,  билік» деп бүгін мәз болғанымызбен, ертеңгі күн қандай күй кешетінімзді алдын ала ойлау бізде тіптен тапшы. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген, биліктің бір күндік ой мен іс әрекеті халыққа да жұғып болғандай сезінем. Қорқатыным - биліктегілердің отаншылдық патриотизмнен адаланып болғаны белгілі, биліктегілердің сол отанға деген мейірімсіздігі халыққа да жұға ма деген ой.

Мен журналистен, саясаткерден бұрын, кәсіби тарихшымын. Институтта әлемдік тарихты ылғи беске оқығанмын. Араб елдерінің ғасырлар бойғы тарихын жақсы білемін деп айта аламын.  Араб халқы билікке өмір бойы   бас ұрып келген.  Енді міне, жаңа ғасыр келуімен жастары кенеттен серпіліп, диктаторларға қарсы бас көтеріп жатыр. Осы жылдың қаңтарында Тунис халқы жастар күшімен елді 23 жыл билеген Бен Әлиді тақтан тайдырды. Ақпанда Египеттің 29 жыл Президенті болған Хосни Мүбарак халықтық революция нәтижесінде отставкаға кетті. Сол ақпаннан бері Йемен мен Ливияда, сәуірден бастап Сирияда халықтық толқулар жүріп жатыр. Өйткені Йеменнің Президенті Абдалла Салех 33 жыл, ал Ливия басшысы Муамар Каддафи 42 жыл билікте отырып, авторитарлық режим орнатумен халықты езгіге салғандар, мемлекеттерін аяусыз тонағандар. Бүгінге дейін ұрлағандардан белгілі болғаны: Бен Әлидікі - 13,5 млрд. доллар, Б.Асадтыкі (Сирия Президенті) - 18 млрд. доллар, А.Салехтыкі - 27 млрд. доллар, М.Каддафидыкі - 43 млрд. доллар, Х.Мүбарактыкі - 70 млрд. доллар. 5-маусымда ауыр жарақат алған А.Салех - Бен Әли тәрізді  Сауд Арабиясына қашты, М.Каддафи билігі осы айда құлайтыны белгілі болып тұр. Екі ұлымен қамауға алынған Х.Мүбаракқа халқы өлім жазасын беруді талап етуде.

ХХІ-ғасырда диктаторлардың бұрынғыша билеп-төстеулеріне мүмкіндік берілмейді. Араб елдеріндегі жағдайдың посткеңестік мемлекеттерде қайталануы - заңдылық. Алайда, халықты өмір бойы алдап, не қорқытып, өздерінің шексіз биліктерін жүргізу, мемлекетті тесіп сорумен байыған үстіне баи беру мүмкін емес. «Мың асқанға - бір тосқан» деген бар қазақ халқында. Жоғарыда аталған диктаторлар ақыр соңында масқара күйге ұшырайтындарын ойлағандар емес. Ойласа - бұлай болмас еді. Қазір әлемнің қай елінде болмасын халық сауатты, көбі уақытты, оңтайлы сәтті күтіп жүр... Біздің биліктегілердің де осыны ескергендері жөн.

- Қайта-қайта қыспақ көріп, өмірлеріне қауіп төнген кей азаматтар оппозициядан өз еріктерімен бас тартты. Сіздің де билікпен арадағы бітіспес даудан көңіліңіздің құлазыған кездері болған шығар? Болашақтан қаншалықты үміттісіз?

- Билікте болсын, оппозицияда болсын, бейтараптықта болсын - адамның өз еркі. Оларды сол үшін кіналауға болмайды. Адамдар өз көзқарастары мен ұстанымдарын өзгертуге хақылы. Тек сырттан күштеу арқылы өзгертуге жол берілмесін. Мен табиғатымнан оптимист болып жаратылғанмын. Сондықтан түңіліп құлазыған емеспін. Бірақ адам болғасын түрлі ойларды, саралау мен сараптауларды басымнан өткізетінім рас. Әлгінде оппозицияда жүргеніме - 16 жыл дедім. Бұл аз уақыт емес. Бірақ әлемдік тарихта 25-30 жыл тіресіп, күресумен жүріп оппозициялық партиясын әрең дегенде жеңіске жеткізгендер бар.

Болашақтан мыналарды үміт етемін. Алдымен Қазақстан тәуелсіздігін мәңгілік сақтап қалсын. Одан кейінгілері: елімнің авторитарлық режимнен ада болуы; шынайы демократиялық мемлекетке айналуымыз; жемқорлықтан, елді жаппай тонаудан біржола құтылуымыз; кейінгі ұрпақтың «Төрт құбылалары тең» жағдайда ғұмыр кешулері.

Өзімнің саясаткер ретіндегі бір үмітімді айта кетейін. Қазақстанның үлкен тығырыққа тірелгені - ақиқат. Одан шығаратын 2-ші Президент қандай, кім болуы керек. Бұл қазір көзі ашық, көкірегі ояу мыңдаған отандастарымыздың көкейіндегі маңызды сұрақ. Ашық айтарым - бүгінгі билікте ондай адам жоққа тән. Менің пайымдауымша оған лайық - Әкежан Қажыгелдин. Әрине, біреулердің оны есептен ертерек шығарып тастағандарын сеземін, білемін. Сонда оның қандай артықшылығы бар, өзге үміткерлерден?

Біріншіден - оның жоғары биліктен тәжірибесі мол. Еліміз өте қиындық көрген 1994-1997-жылдары ол Премьер-Министр болды. Халық ұмытпаған шығар, 1993-жылдың 15-қарашасында ұлттық ақшамыз енгізілгенде АҚШ-тың 1 доллары - 4 теңге 80 тиынға бағаланған. Арада 11 ай өткенде Әкежан Мағжанұлы С.Терещенкодан Үкімет басшысын қабылдап алғанында 1 доллар - 53 теңгеге жеткен еді. Яғни инфляция тек 11 айда - 1104 пайыз құрады! Оның үстіне С.Терещенко мырза шетелден қарызға алғаннан 2,5 миллиард долларды біреулерге қайтарылмайтын етіп үлестіріп жіберген... 1997-жылдың қазаны ортасында Ә.Қажыгелдин отставкаға кеткенде 1 доллар 67 теңге болатын. Яғни, 36 айдағы инфляция - 26 пайыз ғана! Оған 1996-жылдың қорытындысымен «Жыл реформаторы» деген әлемдік Смит сыйлығы жайдан берілген жоқ, бүкіл посткеңестік мемлекеттердің басшылары арасында бірінші етіп... Бір сөзбен айтқанда ол - экономикаға өте жетік адам.

Екіншіден - Ә.Қажыгелдинді дүниежүзі мемлекеттері басшыларының, ірі саясаткерлерінің тең жартысы біледі. Халықаралық дәрежедегі беделі жоғары.

Үшіншіден - ол 10 жылдың үстінде Ұлыбританияда тұрып, демократия әбден сүйегіне сіңген адам. Адам хақына зор көңіл бөліп, тез арада елімізде әділетті қоғам орната алады. Ә.Қажыгелдин мемлекет, қоғам, халық үшін ауадай қажет бұл құндылықты Құрандай ұстайтынына сенімдімін.

Төртіншіден - Ә.Қажыгелдин темірдей тәртіп орнататын қайраткер. Мұнысымен еліміз бен халқымызды жылдан жылға ойсырата опырып бара жатқан жемқорлыққа, парақорлыққа бұғау салады.

Бесіншіден - Ә.Қажыгелдин әу бастан іргедегі қауіпі зор Қытаймен емес, қияндағы Жапониямен экономикалық ірі серіктес болуды қалаған-ды. Президент болса - сол мақсатына жетері анық.

Соңында айтарым, «мына Доспанов қисыны келмейтінді қиялдағаны қалай?» дейтіндердің шыға келерлерін білгендіктен, мынаны еске салғанды жөн көрдім.

В.Ленин 1898-жылы өз партиясын құрғанда, Ресей империясында 3 ғасыр билік еткен Романовтар монархиясына біржола тосқауыл қойып, Үкімет басына партиясымен өзі келуді мақсат тұтқан еді. Ол мақсатына 19 жыл тынбай күрес арқасында жетіп тынды. Оның 10 жылы эмиграцияда өткені аян.

Нельсон Мандела 45 жыл оппозицияда оның жартысына жуығын түрмеде өткізгенімен, АҚШ-тың жан-жақты қолдауымен Оңтүстік Африка Республикасының Президентіне сайланып, мемлекетіне демократия орнатып берген...

Эмиграцияға кетуге душар болған Хамит Карзай да АҚШ бастаған ірі демократиялық елдер қолдауымен кері оралып, Ауғанстанның Президенті болып шыға келді...

Сондықтан да 1998-жылдан эмиграциядағы Ә.Қажыгелдиннің де Айы мен Күні оңынан туып қалар...

Редакциядан: Жұмабай ДОСПАНОВ 1952- нші жылы Атырау облысында дүниеге келген. 19 жыл кәсіподақтарда басшылық қызметтер атқарған. 1995-жылдан бері ресми демократиялық оппозицияда. 1998-2004-жылдары Қазақстан Республикалық Халық партиясы, 2006-жылдан бері Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалдарының төрағасы қызметін атқарып келеді. 2004-жылдан мемлекетаралық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы.

2002, 2004-жылдары Парламент Мәжілісі депутаттығына түскен. «Линкольн қаласының құрметті азаматы» (АҚШ, 2000), «Азаттық» сыйлығының иегері (2004).

Оппозициялық қызметі үшін 44 рет сотқа тартылған, 5 рет өміріне қастандық жасалынған.

Сұхбаттасқан - Гүлмира Сүйекенова,

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562