Тұлғасыз халық болмайды
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сағат 14:05-15:00
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сағат 14:05-15:00
Есмұқан Обаев, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, ҚР Халық әртісі, профессор:
- Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде орыстілді облыстардың көбінде қазақ театрлары ашылғаны белгілі. Мысалы, Петропавлда Сәбит Мұқанов театры, Қостанайда Ілияс Омаров театры, Ақтауда Нұрмұхан Жантөрин атындағы театр т.с.с. ел аймағында көптеген театр көрермендеріне қызмет етіп келеді. Мұны біз ел егемендігінің жемісі десек болатын шығар. Осы 20 жыл ішіндегі театрлардың қызметі көңіл көншітерлік пе? Сіздің қазақ театрының қара шаңырағы - М.Әуезов атындағы театрды басқарып отырғаныңызға да көп жылдың жүзі болды. Оның үстіне, басқа театрлардың бастауы - осы әкемтеатр. Тәуелсіз 20 жылдағы қазақ театрларына шолу жасап өтіңізші.
- Бұл сұраққа жауап беру үшін кешенді, ауқымды әңгіме айтуға тура келеді және оған көп уақыт кетеді. Сондықтан қысқа да нұсқа тоқталуға тырысайын. Бүгінде Қазақ мемлекетінде профессионалды 53 театр бар. Оның көбі - қазақ тіліндегі театрлар. Қазақ өнерінің қара шаңырағы - Әуезов театрының құрылғанына 85 жыл толса, ең соңғыларына төрт жылдың жүзі болды. Кеңес өкіметі кезінде де біз театр жағынан құралақан емес едік. Әр облыста бір театрдан болған. Әрине, ол кезде кеңестік партияның саясатына репертуар бағынатын. Режиссерлердің өз дегені мен ойлағаны болмады. Театрлар бет-бейнесін көрсету үшін келелі бір мәселелерді қозғап, күн тынысындағы әңгімелерге биік талғаммен қарап кірісіп кетуге қызыл империя мүмкіндік бермеді. Ал қазіргі театрлар - тәуелсіз, егеменді елдің еркін театрлары. Өзге елдерді, бөтен жерлерді аралап, басқа мемлекеттерде жиі болып тұрамыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, қазақ театрының бүгінгі халі , құдайға шүкір, көш ілгері, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмендерді айтпағанда. Кеңес өкіметі тарағанда бізде театрлар қосылмаса, кеміген жоқ. Театрлар толық сақталып қалды. Кейбір облыстарда белгісіз себептермен жабылып қалған театрлар егемендіктің арқасында, Елбасымыздың өнерге деген көзқарасының түзулігінен орыстілді облыстарда театрлар қайта жұмысқа кірісіп кетті. Қазақ театрының ашылуы - тарих, дін, тіл, мәдениетіміздің қайта оралуы деген сөз. Петропавлдағы театрға биыл 10 жыл толды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашылуында болған. Қазір Қостанайда, Өскеменде қаланың қақ ортасынан жаңа театрлар бой көтеріп келеді. Шымкент қаласында үш театр болса, Қарағанды қаласын қазақ театрларының Меккесі деуге болады. Ол қалада бес театр бар. Бесеуі де іргелі, үлкен театр. Міне, осылар арқылы Қазақстанды театры өркендеген мемлекет деп есептеуге болады.
- Осы аталған театрлардың хал-ахуалы, жалпы жағдайы қалай?
- Менің түсінігімде бүгінгі таңда театрда режиссурадан басқа проблема жоқ. Қазақ театрларында режиссер мамандығы өте тапшы. Аймақтарға режиссерлер керек-ақ. Әрине, режиссерлер жоқ емес. Бірақ олар Алматы мен Астананың маңайынан шықпайды. Режиссерлікті бітірген балалар телеарналарда, киностудияларда жұмыс істеп жүр, шет аймақтарға барғысы келмейді және қазақ елінде режиссура - кешеуілдеп дамып келе жатқан мамандық. Сол себепті тым болмағанда Ресейден оқытып, шетелдермен тәжірибе алмасатындай жағдай туғызып, жылына жеті-сегіз білікті режиссер дайындасақ, құба-құп болар еді. Өңірлердегі он шақты театрда бас режиссер жоқ. Ал, жалпы, театрлар бүгінгі күннің талабы мен көрермен көксейтін үдеден шығып жүр деп айтуға толық негіз бар. Өйткені біз гастрольдік сапарларда, есеп беру науқандарында араласып-құраласып тұрамыз, бұл - бір. Екіншіден, театрларда өзіміздің шәкірттеріміз және етене жақын әріптестеріміз қызмет істейді.
- «Өнер дегеніміз - ықшамдалып берілген өмір» деген екен Роллан Сейсенбаев. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ театры бүгінгі қоғамның шындығын қаншалықты бейнелеуде?
- Театрларда қойылымдар үлкен-үлкен тақырыптарға арналған. Күллі қазақ театрларының сахнада көтеретіні - адам проблемасы. Адамның мұңы, қайғысы, қасіреті, құқығы, болмысы, махаббаты, бостандығы, еркіндігі т.т. болып кете береді. Қысқасы, адам және қоғам тақырыбы сөз болады. Бұл - бүгінгі күнде керек тақырыптар. Сол себепті де «Айман-Шолпанды», «Қарагөзді», «Қозы Көрпешті» қайталап қойып, зарлай беруге болмайды. Бірақ олар да бізге керек. Мысал үшін, «Қарагөзде» бүгінгі Тәуелсіздікті аңсаудың көріністері бар. Ұлы Мұхаң сонау өткен ғасырдың 26- жылы: «Ұлына - бұғау, қызына тұсау болған зар заманға лағынет!» - дейді. Бұл - заман мен қоғам тақырыбы. Демек, театрдың репертуарындағы 44 қойылымның 60 пайызы бүгінгі күннің Тәуелсіздік тақырыбы болса, қалған 40 пайызы адам мен қоғам жайлы. Бұрынғы кеңес кезінде партия туралы, Ленин, Сталин сияқты көсемдерді сахналайтынбыз. Мәселен, 7 ноябрьге арнайы спектакль қойылмаса, жұмыстан алып тастайтын. Ол саясат егемендіктің арқасында келмеске кетті. Сондықтан театр халықпен бірге. Өйткені қуанышы мен қайғысы, тілі, діні, ділі - барша мақсаты ортақ.
- Кез келген қазақ рухани қажетін ұлы Абайдан табады. Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің «Абай» трагедиясы алғаш рет Асқар Тоқпановтың режиссерлігімен 1940 жылы қойылған екен. Араға біраз жыл салып, 2002 жылы Әзербайжан Мәмбетовтің режиссерлігімен қойылғанын білеміз. «Абайды» сіз де қойдыңыз. Арада біраз жыл өтті. Заман өзгерді. Асқар Тоқпанов, Әзербайжан Мәмбетов және Есмұқан Обаевтың сахналаған «Абайларында» айырмашылық бар ма?
- Әрине, бар. Әр режиссер өзінше қояды, біріне-бірі ұқсағысы келмейді. Мысалы, Асқар аға Тоқпановтың Қаллекимен қойған тұңғыш «Абайы» - философиялық қойылым. Үлкен, дана, дара, ғұлама, ұлы Абай. Әзекеңнің 1962 жылы қойған бірінші «Абайы» - күрескер, батыр Абай. Ал 2002 жылғы қойған «Абайы» - халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы, ағартушы Абай. Мен қойған «Абай» - жастарға арналған қойылым. Ғұламаның тағы бір қырын ашуға тырыстық. Абайдың ақындығына, композиторлығына, махаббатына ой жүгірттік деп ойлаймын. Қойылымның соңында Абай: «Алдымнан бір ерекше күн көрем. Ол - жарық күн. Болашақта ерекше бір ұрпақ келеді. Заңдар шығарылады. Мен ол жақсы ұрпақты көре алмаспын. Бірақ «Сәлем!» деңдер сол ұрпаққа, «Сәлем!» деңдер сол достарға» деп айтады да, спектакль бітеді. Қойылымның негізгі идеясы - осы. Яки Абай халықпен, жас ұрпақпен қай заманда да бірге. Абай рөлінде театрымыздың жетекші әртістері Ерлан Біләл мен Азамат Сұрапбаев ойнайды. Бұларды Абаймен салыстырғанда жас әртістер деп есептеуге болады. Бұрынғы Абаймен салыстырғанда киім үлгісінен бастап, заманға лайықталған, тіпті бұрынғыларға қарағанда денелері де ықшам. Яғни сізбен сырлас, сізді ұға білетін, өзіңізге дос ете алатын Абай. Көп жағдайда музыкаға сүйендік. Абайдың классикалық әндері пайдаланылады. Бірақ опера емес. Операның жанры басқа.
- Рөлдердегі актерлер, сіздің ойыңызша, Абайдың бейнесін аша алды ма?
- Әрине, әттеген-айсыз болатын дүние аз. Бірақ негізгі бағыты, бастан-аяқ ой-тұжырымы, образы Абайға жақын. Дегенмен қызуқандылыққа салынып кетеді, кейде ырғақ жетпей жатады, кейде ішкі толғаныс кемшін түскен тұстары болды. Спектакль - бір түсіріп, қайталай беретін кино емес. Әр қойған сайын актерлер шыңдалады. Осы уақытқа дейін үш-төрт облыста 20 шақты қойылым қойылды. Актерлер енді-енді толығып келе жатыр. Әрине, бұған дейін оларды сахнаға шикі түрінде шығарған жоқпыз. Пісіріп барып шығардық. Десек те, Абайдың бейнесін ашу, Абай әлемін аз уақытта меңгеріп шығу оңай емес. Әлі де толықтыру үстінде.
- Өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін қазақ театрлары өте бір қиын жағдайларды басынан кешіргені белгілі. Бірақ заман өзгерді. Жылдан-жылға жетіліп келеміз. Бүгінгі театрға келуші көрермендердің ықыласы қандай?
- Рас, бір кездері жалақы аздау болып, ол берілмей, экономикалық жаңа бетбұрыстарды бағдарлай алмай жатқан кездегі халықтың жағдайы мен театрдың ахуалы бірдей еді. Театр тұрмақ, жеке басының қамын күйттеп, театрға келмек түгіл, өзінің фамилиясын шатастырып жүрген кездер болды, жасыратыны жоқ. Құдайға шүкір, Қазақстан осы Тәуелсіздіктің арқасында әлемдегі мемлекеттердің алдыңғы легіне ұмтылып, көптеген жетістікке жетті. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы екенін айтуымыз керек. Қазір рухани аштық жоқ. Ол кезде қалта қағылды, дүние тарылды. Ал бүгін киім бүтінделді, көңіл мен қарын тоғайды, жағдай жақсарды. Көңілі көтерілген халық рухани кемшілігін толтыру үшін театрға барады ғой. Қазір алпыстан асқан ақсақал мен немересі қатар отырғанын көргенде көңілің көтеріледі. Олар ұлы Мұхтардың, Ғабеңдер мен Сәбеңдердің, Сұлтанмахмұттың тілін, сөзін, ойын тыңдау үшін келеді. Олар театрдың мәдениет, әдебиет, ұлттық болмыс екенін ұқты. Сондықтан театрда «көрермен келмей қалады-ау» деген проблема жоқ. Мәселен, Әуезов театры бір айда 30 қойылым қояды. Қай күнде де зал лық толы. Қазір жаз мезгілі. Ел аяғының саябырлап, адамдардың саяжай мен саябақтарда жүретін кезі. Соның өзінде көрермен көп. Театрға деген қызығушылық халықта бар. Мәдениетті ұлт болу үшін әр халық өз өнерін сыйлауы керектігін қазақ біледі. Мысалы, бүгін-ертең болатын Опера және балет театрындағы қойылымдарға бару үшін сіз билет таба алмауыңыз мүмкін. Облыстарда да солай. Бұл - халықтың сұранысы. Демек, қазақ халқы мәдениетке, өркениетке ұмтылуда.
- Ал театр сыны туралы не айтасыз?
- Сынсыз театрдың дамуы мүмкін емес. Театр сыны туралы талай кітап жазылды. Бүкіл өмірін осы театр сынына арнап, бала-шағасынан безіп, «театрды қайтсем ілгерілетем, қайтсем ел қатарына көтерем, қайтіп көркейтем» дейтін азаматтар көп. Қазақ театрының тарихын жазған Бағыбек ағамыз өмірден озып кетті. Қазіргі күні нөмірі бірінші деп айтуға болады, беткеұстар театр сыншысы Әшірбек Сығай бар. Ол театрларды қалт еткізбейді. Өзі пойызға отырып алып аймақтарға барып, театрын көріп, кем-кетігін байқап, сабағын беріп, бағыт-бағдарын айтып, мүмкіндіктерін айқындап қайтады және кітап жазады. Театр үшін қандай да болсын әрекеттерге баратын осындай жігіттер бар. Режиссураның жетпей жүргенін, оның қартайып, тозып бара жатқанына дабыл қағып, жан айқайға салып жүрген - тағы осы азаматтар. Мәселен, Асанәлі Әшімовтің «Ымырттағы махаббат» спектаклі, әрине, жоғалмайды, жазылып сақталады. Бірақ соны халыққа жеткізу, насихаттау, тереңіне үңілу, шеберліктің сырын ашу, театр драматургиясы, актерлік мектеп, режиссерлік мектепті халыққа кітап арқылы жеткізетін - театр сыншылары.
- Театрдың тәрбиеге қаншалықты ықпалы бар?
- Қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаған. Театрда бұрын болмаған адам қойылымды көру арқылы санасы өзгеруі мүмкін. Кейбір кездері сахнадағы ойындарға қарап отырған көрермен жанының түршігіп отырғанын байқаймыз. Демек, ол одан сабақ алады, нәр алады немесе жиренеді. Сахна ешкімді бейжай қалдырмайды. Мысалы, сахнадан алған әсері сонша - қойылымдағы халық жауын атқан жауынгерлер болған, соғыстан кейінгі кездері. Сондай-ақ залда егіліп, ағыл-тегіл жылап отыратындар болады. Театрдан тебіреніп, ой түйіп шығады. Театр - ойды тәрбиелеуші құрал. Бүгінгі күнгі рухани әлемге жазылған Серік Асылбековтің «Күзгі романс» пьесасы бар. Осы қойылымдағы кейіпкер режиссердің әйелі: «Әй, сенің өнеріңнен не пайда? Маған сенің «Қарагөз», «Қозы Көрпеш...», «Ақан серіңнің» көк тиынға керегі жоқ. Сен маған табатын ақшаңды айт», - дейді. Міне, осындай рухани азғындаған адамды көрген көрермен тәубесіне түсіп те қайтады ғой.
- Есаға, өзіңіз басқарып отырған театр дәл қазір немен айналысуда?
- Мен осы сұхбатқа ұжымымды Астанаға шығарып салып келіп отырмын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнайы есептік қойылымдармен елордаға аттанып бара жатқан жайымыз бар. Күләш Байсейітова атындағы театрға үш спектакльмен 60-қа жуық адам Астана көрермендеріне қойылым қояды. Одан келгеннен кейін жазушы-драматург Медеу Сәрсекеевтің «Тендерге түскен келіншек» пьесасын Оразхан Кенебаевтың режиссерлігінде қойылымды алматылықтарға ұсынамыз. Арасында театрдың күнделікті күйбең тіршіліктері жетеді. Мысалы, жаңа келген шәкірттерді дайындау, жас актерлердің шеберлігін шыңдау, еңбегі сіңген театр майталмандарының кешін өткізу секілді шаруалар шаш етектен. Сөйтіп, маусым айында біздің театр кезекті демалысына шығады.
- Сіз бір сұхбатыңызда: «Біздің театрдың әртістері бүтін қазақ театрының, қазақ киносының, қазақ телевизиясының, қазақ дубляжының, қазақ радиосының әртістері. Сондықтан театрдың көтеріп жүрген жүгі өте үлкен», - деген екенсіз. Кино мен театрда әртістердің жүргеніне талас жоқ, жүруге тиіс. Бірақ телерадиодағы әртістердің жұмысына көпшіліктің көңілі толмай жатады. Түрі әдемі болғанмен, тілі дұрыс емес деген секілді. Сіздің бұған көзқарасыңыз...
- Өте дұрыс. Тележүргізушіні дайындау керек. Ол - актер сияқты емес, ерекше мамандық. Көрерменмен қарым-қатынас дегеніміз - бөлек дүние. Титтей «теледидардан» дүние-әлемді көріп отырады. Мәселен, Қазақстанда 16 миллион халық болса, соның 10 миллионы теледидар көріп отырады делік. Егер тележүргізуші пәтуасыз адам болса, бір минутта өзін-өзі жоқ қылады. Ал егер жүргізуші ойлы, талантты болса, бір-ақ минутта әлемге өзін-өзі паш етеді. Міне, телерадиоңыздың құдіреті. Демек, театр мен телерадионы салыстыруға келмейді. Бұл - өте үлкен ауқымдағы құрал. Сондықтан тележүргізушілер өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, өте сақтықпен жұмыс істеуі тиіс. Мәселен, менің күнделікті тележүргізушілердің кейбіріне көңілім толмайды. Менің байқайтыным, көпшілігі дайындықсыз шығады. Тіпті ойына не келсе соны айтатындар бар. «КZ» дей-ме, ау, «казаша» дей-ме, ау, қылжақтап келсін-келмесін, ойына келгенін айтып, күлдіргісі келетіндерді жақтырам деп айта алмаймын. Мысалы, біздің елді білмейтін, қонаққа келген бөгде біреу қонақүйде жатып, КТК-ны қосып қалса, алатаяғын шошаңдатып, жалмаңдап ақша сұрап, дарымаған, санасыз қазақтың кейпін көрсе, қандай ойда болуы мүмкін?! Бұл не сонда? Халықты мазақ қылғысы келе ме? Әлде қазақтың характері, мінезі сондай ма? Әрине, ондайлар бар. Бірақ жалпы халыққа таратып, көпшілікке уағыздайтын «мешкей қазақ, жегіш қазақ, алғыш қазақ, жүргіш қазақ» дегенді тоқтату керек.
- Қазіргі заманда интернет арқылы көп нәрседен хабардар болып отырамыз ғой. Сол интернетті ақтарып отырып байқадым, 2010 жылы «Ең ықпалды тұлғалар» тізіміне кіріпсіз. Бұдан хабарыңыз бар ма? Болса, қандай қағидаларға сүйеніп тізімдеді екен?
- Білмейді екем... Қазір сыртыңнан бәрін кесіп-пішіп қоя беретін болды ғой. Дегенмен ықпалды тұлға дегенге жауап беріп көрейін. Отбасыңда бала-шағаңа ықпалың болуы керек. Белгілі бір ортада, жұмыс барысында, қоршаған адамдардың ішіндегі ерекшелеуі, ой-өрісі, дүниетанымы, өмірге көзқарасы, қандай болсын қағидасы халыққа жақын болуы керек деп ойлаймын. Ол тазалықтың, алғырлықтың, білгірліктің, шыдамдылықтың, ұлтжандылықтың символы бола алса, ықпалды тұлға болып шықпай ма? Мен, мәселен, өз елімнің патриотымын. Сыртқа шықсам, екі күннен кейін Алматыны сағынып, жылап, күн шығысқа қарап тұратын адаммын. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді ғой қазақ. Қазақстандағы жастар, менің ойымша, өте патриот. Әртүрлі әңгіме айтыла береді. Қазіргі жастардың, анықтап байқасаңыз, өзінің тіліне, ұлтына деген құрметі, болашаққа деген көзқарасы биік. Міне, осындай адами қасиеттерді бойына мол жинаған адам тұлға болуға лайық. Біз, қазақтар, азбыз, сондықтан тұлға көп болса, жақсы еді. Кімнің аузына қақпақ боласың?! Кейде «бізде тұлға жоқ» деп жатады. Бірақ бұл - жай сөз. Тұлғасыз халық болмайды. Бірден ауызға түскендерді атай берейін: Олжас Сүлейменов тұлға емес пе? Ғарышты меңгеріп жатқан ғалымдар ше? Қазақтың «брэнді» болып, қазақты шетелдерге танытып жүрген өнер адамдары тұлға емес пе? Қазақ мемлекетін күллі әлемге танытып жүрген бір ғана Президенттің тұлғалығы жетіп жатыр, қазақ үшін. Әрине, зеректікпен қарау керек, бірақ «тұлға жоқ» деп айтуға болмайды. Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтер ше?
- Бір кездері сіз мемлекеттік жауапты қызметтер атқардыңыз. Биліктің тыныс-тіршілігінен толық хабарыңыз бар. Мейлі кешегі кеңес заманы болсын, мейлі Тәуелсіз жылдары болсын. Әрине, барлық саланы айту, қамту мүмкін емес. Сондықтан өз салаңызға қатысты айтсаңыз. Бүгінгі мәдениет саласына көңіліңіз тола ма? Тың идея, ұлағатты ұсыныстарыңыз бар шығар?
- Мәдениет саласын басқарып жүрген тұлға жетерлік, олар бар. Бір ғана музыка әлемінде біз - дүниежүзіне танылған қазақтармыз. Мысал үшін айталық, консерваторияны бітірген балаларымыз сонау Санкт-Петербургте, сонау Миланда, сонау Берлинде оркестрлерде жұмыс істеп жатыр. Украинада дирижерлер жүр. Пианист, скрипкашыларымыз Франция, АҚШ-тан бастап, алыс-жақын шетелдерде қызмет етеді. Бұл «мәдениеттің жеткендігі» деп есептеймін. Бізде балет жақсы дамыған. Мәселен, Эифман деген азамат жақын күндері Опера және балет театрында прьемерасы болады, балет қойып жатыр. Григоровичтеріңіз келіп жатыр. Осының бәрі өнердің өскендігін көрсетеді. Григорович екінің біріне бара бермейді. Эйфманыңыз дүниежүзімен 10 жылға келісімшарт жасасып қойған.
- Бұл қазақ театрларының алыс-жақын шетелдермен, аймақтағы ағайынмен байланысының барлығын көрсететін мысалдар ғой.
- Иә, байланыс бар. Жыл сайын Каирда эксперименталды театрлар фестивалі өтеді. Ол жерге облыстық, күллі Қазақстанның театрлары барады.
Әуезов театры Түркияның Кони қаласында өтетін фестивальға дәстүрлі түрде қатысады. Биыл үшінші рет қатысып отыр. Әуезов театры Италияда, Германияда, Францияда, Ресейдің барлық жерінде болған. Бұлай араласу жай ғана гастроль емес. Қазақ театрының әлемін, қазақ драматургиясын, қазақ режиссурасын, қазақтың актерлік шеберлігін танытудағы мақсаттар. Алыс- жақын шетелдер қазақты білуі керек, ұлтты тануы керек. Қасымыздағы Құлжа мен Үрімжідегі жігіттер біздің театрды «пленкасы» арқылы көреді. Мысалы, жиналып отырып көреді. Ал, жалпы, Қазақстанның барлық қалаларында театр есептік гастрольмен қарым-қатынаста... Көріп өсу, біліп өсу, оқу, үйрену, мастер-кластар өткізу - театрдың күнделікті шаруасы. Әуезов театрын жалғыз Алматының ғана театры деп есептеуге болмайды. Әуезов театры - қазақ ұлтының, қазақ халқының театры. Сондықтан халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз, борышымызды ақтап жүрміз деп ойлаймын.
- Есаға, елге тілегіңіз...
- Ел аман, жұрт тыныш болсын! Алдымызда қасиетті ораза айы келе жатыр. Барлығыңызға қабыл болсын! Бүгінде қазақтың шыққан биігі өрлеп, бейбіт болайық! Іргеміз бүтін, мемлекетіміз аман болсын! Аллаһу акбар!
- Әумин! Әңгімеңізге рақмет.
http://alashainasy.kz/person/24100/