135 506 мың қолдаушысы бар кандидат һәм 61 оқырман
Додаға «допуск» алғандар ендігі үгіт-насихат жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Олардың кімдер екенін өздеріңіз де білесіздер. Бюлетенге есім-сойы жазылатын сол жетеуі ғой... Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан ұсынылған бұл жетеуі де өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жұртқа жария етті. Оқыдық, ой сүздік. Енді сол потенциалды «президенттердің» бағдарламаларын рет-ретімен, кезек-кезегімен сараптаймыз. Бүгін әңгімені Коммунистерден бастағанды жөн көрдік.
Неге? Жоғарыдағы жетеудің ішінде Жәкеңнен басқалары бірінші мәрте президенттікке түсіп отыр. Жәкең ең тәжірбиелісі. Ол бұған дейін де сайлау көрген. Анау-мынау емес, Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тақ таласына қатысып, бақ сынаған.
Жамбыл Ахметбеков екінші рет президенттікке таласады
Рас, Жәкең, осымен екінші рет президенттік кресло үшін додаға түсіп отырған жалғыз адам. Ол – коммунист. Ол – гитарист. Ол – каратеден қара белбеудің иесі. Ол – Мәжіліс депутаты. Ол – екі дүркін үміткер. Қазір 58 жаста. 2011 жылы ақпанда президенттікке түсіп, жеңіліп қалды. Ал 2012 жылы Мәжіліске депутат болып таңдалды.
Жамбыл Ахметбековтің биылғы бағдарламасы
Жәкең биыл 5 бөлімнен тұратын бағдарлама жазыпты. Ол компартияның ресми сайтында жарияланды. Cайтқа 12 мамыр күні салынған. Бүгін 15 мамыр. Арада үш күн өтті. Жәкеңнің бағдарламасын қазақ тілінде – 61 адам, орыс тілінде – 270 адам (кеше бар болғаны 31 қаралым болатын) оқыпты. Естеріңізде болса, ОСК-ға тіркелу үшін Жәкең Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 адамның қолын жинаған. ОСК оның 135 506-ын рас деп таныды.
Сайлауалды бағдарлама – ол үміткердің ең басты мақаласы. Үгіт-насихат сол бағдарламаның мазмұны бойынша жасалады. Жұрт ол кандидаттың сырт келбетінің көркемдігіне емес, бағдарламасының мазмұнына қарай дауыс береді.
Сол есеппен өлшейтін болсақ, «Жәкең президент болсын» деген жаңағы 135 мың адамның өзі Ахметбековтің мақаласын оқымағаны ма? Сол өткендегі 135 мың адам қайда? Тым құрығанда өздері дауыс берген кандидаттың бағдарламасына бір мәрте көз жүгіртіп шығуға болатын еді ғой...
Жә, сонымен, бағдарламаға ойысайық. Бағдарламалық мақала 5 бөлімнен, 50 жолдан тұрады. Ұзын-сонар мақаланы түгел көшіріп жатпадық. Оқығыларыңыз келсе, коммунистердің сайтын ақтара жатарсыздар...
Бірінші бөлім – «Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту» деп аталады.
Әуелі тақырыпқа тоқталайық. Жәкең бұ жолы бәріміздің көзімізді бақырайтып қойып, ұрлық жасапты. Идея ұрлаған, сөз ұрлаған. Кімнен дейсіз ғой, өзінің байырғы қарсыласы Назарбаевтан.
2019 жыл. 12 мамыр. Жамбыл Ахметбеков. Компартияның ресми сайты:
«Батыстың ақшаға табынушылық, кез келген жолмен табыс табу және адамгершілікке жат дәстүрі біздің Отанымыз үшін қауіпті. Эгоцентрлі индивидуализм жаңа батыстық дәстүр ізбасарларының мінез-құлқына тән болып табылады. Ол көпұлтты Қазақстан халқының бірегей мәдениетіне, біздің ділімізге, моральдық межемізге жат».
2019 жыл. 23 сәуір. Нұрсұлтан Назарбаев:
«Батыстың артынан жүгіріп, демократиялы ел боламыз дегендер бар. Оны біз көрмей отырған жоқпыз. Бірақ та біздің жағдайымызда, егер де билікті қолдан шығарып алсақ, біз елдіктен айырыламыз, тәуелсіздіктен де жұрдай боламыз. Ең керегі – қазақтың бірлігі, көпұлтты халқымыздың бірлігі».
2019 жыл. 29 сәуір. Нұрсұлтан Назарбаев. Бейжің:
«Қытай ешқашан шарт қоймайды. Батыс бізге ылғи айтып жүргендей, Қытай «біз секілді өмір сүріңдер» деп ешқашан айтпайды. Батыс елдері: «біз сендерге көмектесеміз, «сендер біз секілді болыңдар» дейді. Біз олар сияқты бола алмаймыз. Біз – қазақпыз, олар – неміс. Немесе сендер – қытай, олар – америкалықтар. Сондықтан Қытайдың осы саясаты ұнайды».
2018 жыл. 12 сәуір. Нұрсұлтан Назарбаев. Астана:
«Қанша рет Батыстан келіп, «біз сияқты демократия болыңдар. Америка сияқты, Батыс сияқты болыңдар» дейді. Біз – қазақпыз, америкалық, неміс, ағылшын емеспіз. Біз сол бүкіл әлем келе жатқан демократия жолымен келе жатырмыз. Бірақ, бір күннің ішінде мың күндік шаруаны аттап кетпейміз».
Плагиат па, әлде сәйкестік пе? Өздеріңіз бағамдай жатарсыздар...
Жалпы Батысты жау көру – Кремль қожайынының негізгі идеологиясына айналған. Ресей пропогандасының қаруына айналған орыс телеэфирінен күн сайын, тіпті сағат сайын айтылып жатқан әңгіме. Әбден жауыр болған сөз. Жириновский, Богдасаров, Кисилев, Соловьев секілді "төсектегі теоретиктердің" абалап айтып, табалап көрсетіп жатқаны. Кремль айтағымен ғана үретін әлгілер күніне екі-үш мәрте "Батысты – құбыжық, демократияны – агрессия" деп айтпаса, бастары ауырып, балтырлары сыздайтын хәлге жеткен.
Жәкең де, Кремльдегілер де Батыс құндылықтары, оның демократиясы – Отанымыз үшін қауіпті дейді. Сондықтан, Жәкеңнің бұ бөлімде айтпағы біз үшін жаңалық емес.
Әрі қарай «Халық коммунистері интернационализмнің, еуразияшылдық идеяның және XXI ғасырдағы ұлттың ерекше жолының жақтаушысы» дейді. Осы жердегі "XXI ғасырдағы ұлттың ерекше жолы" дегенге тоқталайық. Ол қандай жол? Жәкең, ол туралы ашып ештеңе жазбапты. Сірә, Нұрсұлтан Назарбаевтың жолы болса керек. Қанша дегенмен, мемлекеттік тіл емтиханында «Рухани жаңғыру» тақырыбында шығарма жазып, комиссияның жоғарғы бағасын алған адам ғой...
Сонан соң, Жәкең өз бағдарламасында «интернеттің белгілі бір контенті жастар үшін қауіпті деп санаймыз» дейді. Қазір елде интернет бұғатталатын әдет пайда болды. Бұл қоғамның наразылығын тудыруда. Дәл осы тұста Жәкеңнің интернетке цензура керек деуі – ол үшін қаншылық тиімді?
Десе де, жұртты шатастыруға хақымыз жоқ. Бағдарламаның бұл бөлігінде дұрыс мәселе көтерілген. Интернеттегі деструктивті ағымдарды насихаттайтын, порнографиялық мазмұндағы немесе суицидке үгіттейтін субмәдениет ағымдарының контенттері бала-шағаға қолжетімді. Осы ретте Жәкеңнің: «Мемлекет біздің балаларымызды интернет-контенттің кері әсерінен қорғауы тиіс, сонымен қатар көркем әдебиет, ұлттық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын оқытуды насихаттауға ерекше назар аударуы керек» деген жазбасына алып-қосарымыз жоқ. Бірақ, Жәкең қазіргі биліктің кеш бата әлеуметтік желіні бұғатайтынын қолдап кетпесе болғаны...
Екінші бөлім – «Барлық қашқын олигархтарды сотқа тарту!» деп аталады.
Бағдарламаның бұл бөлімінде 2 абзац немесе 5 жол мәтін жазылған екен. Ел-халықтың, мемлекеттік қаржысын қалтаға басып, қашып кеткен шенеуніктер аз емес бізде. Олардың барлығын сотқа таруға Ахметбековтің дәті демесек те, дәрмені жете ме? Нұрсұлтан Назарбаев отыз жыл ел басқарғанда қайтара алмаған қашқындарды Ахметбеков қайтарады дегенге сенесіз бе? Мейлі, ақыры өз бағдарламасында айшықтап жазған екен, демек қандай да бір механизмді білетін болуы керек.
Әрі қарай «Президенттікке үміткер ретінде мен бізден ұрланған капиталдарды халыққа, Отанға қайтаруға мемлекет пен қоғамның бар күшін салатын уақыт жетті деп мәлімдеймін» дейді. Қарапайым сөзбен айтар болсақ, шетелдегі қазақ капиталын елге әкелемін дейді. Ол қандай капитал? Ол жаңағы қашқын олигархтардың ақшасы, сосын – Қазақстандағы шенді-шекпенділердің офшордағы ақшасы.
Жәкең, офшордағы ақша туралы айтпапты. Ұлттық банк мәліметінше 100 миллиард доллар, Халықаралық сарапшылардың мәліметінше 140 миллиард доллар шетелде, офшорда жатыр. Ол Қазақстанның ақшасы. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстанның Ұлттық қорының бюджеті – 100 миллиардтың айналасын құрайды.
Үшінші бөлім – «Кедейлікпен күрес» деп аталады.
Бағдарламаның бұл бөлігі жалпылама жазылған десек те, көтерілген мәселе орынды-ақ! «Қазіргі таңда кедейлік жұмыссыздықпен емес, төмен табысқа байланысты болып тұр» деп жазады.
Жәкеңнің бағдарламасында төмен табыс табатын халықтың табысын арттыру, жұмысшы азаматтардың жағдайын жасау, кедейшілікпен күрес бағдарламасын әзірлеу, ұзақ мерзімді стратегия әзірлеу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, отандық тауарға, ауылшаруашылығына көмек көрсету т.б. мәселелер қамтылған екен.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауы бар. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталады. Жәкең, өз бағдарламасында 9 жолға сыйдырып жазған мәселелердің барлығы дерлік Назарбаев жолдауында айтылған болатын. Оның орындалғаны қанша, орындалмағаны қанша...
Төртінші бөлім – «Көрші елдермен экономикалық интеграция!» деп аталады.
Жәкең, жазып отырып жалығып кеткен бе, әлде жазары таусылған ба, әйтеуір, бұл бөлімде 2 абзац немесе 4 жолмен шектеліпті.
«ҚКХП үміткері көрші елдермен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы халықаралық қарым-қатынастың және экономикалық интеграцияның жалғасуын қолдайды» дейді.
Еуразиялық одақ әуел баста экономикалық одақ болып құрылғанымен, бүгінде саяси одаққа айналған. Иә, Жәкең жата-кеп жармасып отырған ЕАЭО саяси мақсатта әм Ресейдің мүддесі үшін құрылған одақ. Ол Ресей монополиясына жұмыс жасайды. Ол – өлі одақ. Ресей өзін еуразиялық емес, еуропалық мемлекет екенін мойындаған күні ыдырайтын одақ. Одақ ортақ емес, орыстікі. Қайсыбір жылы Бішкектегі саммитте одақтағы монополияны сынап сөйлеген Белоруссия президенті Александр Лукашенкоға Владимир Путиннің оң қолы Дмитрий Медведьев ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасағаны есімізде. «Одақтан кетсеңдер, газ бағасын көтереміз» деп шорт кескен. Шындап келгенде ЕАЭО дейтін псевдоэкономикалық одақтың берекесі кете бастаған бүгінде. Бізге бұл одақтан шығу керек. Түптің-түбінде бұл Жәкеңнің өз тілімен айтсақ, Тәуелсіздігімізге қауіпті одақ. Ол туралы саясаткерлер жиі айтып жүр.
Біраздан бері Кремлдегі саясаткерсымақтар одақ аясында ортақ ақша енгізу туралы айтып жүр. Ортақ ақша туралы 2014 жылдан бері Ресейдің түрлі лауазымдағы шенеуніктері айтып келеді. 2016 жылы Владимир Путиннің өзі қарамағындағыларға ортақ ақша енгізу процессін қарастыруды тапсырған.
Алғашқылардың бірі болып, теңгеден бас тарту, ортақ валюта енгізуді қолдаған дәл осы коммунистер еді. Айқын Қоңыров дейтін Жәкеңнің партияласы, Мәжілістегі фракцияласы қолдап сөйлеп, «бұл бастаманы қазақстандық депутаттар да қолдайды» дегені есімізде.
Одан әрі Жәкең Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасын қолдап, сол бағыттағы интеграцияны жалғайтынын айтқан. Қысқа қайырсақ, ЕАЭО – Елбасының идеясымен құрылған, десе де кейіннен Путиннің сыңаржақ саясаты кесірінен Ресей мүддесі үшін жұмыс жасайтын одаққа айналып кетті. Ал «Бір белдеу – бір жол» Қытайдың экономикалық әм саяси жобасы. Бұл жобалармен жұмыс жасау да Назарбаевтың бастамасы болатын. Демек, Жамбыл Ахметбеков бұл бағдарламасының бұл бөлімі арқылы Назарбаев саясатын жалғаушы екенін танытып отыр. Қайталап айтсақ, жаңа ештеңе жоқ. Күнде естіп жүргеніміз, сол.
Бесінші бөлім – «Әділетті салық салуды енгізу!» деп аталады екен.
«Қазақстанда ауқатты және өте ауқатты адамдардың саны өте көп. Мұнымен қатар кедейлік шегінде немесе оған жақын деңгейде өмір сүретін адамдардың саны артып келеді. Қазақстанның салық салу жүйесі байлар үшін елімізді жұмаққа айналдырып отыр. Бұл – әділетсіз!» деп жазады Жәкең. Алып-қосарымыз жоқ. Өте орынды мәселе көтерген. Шындық. Ол шындықтан қашып құтылмайсың, әрине.
Тек «Қазақстанда ауқатты және өте ауқатты адамдардың саны өте көп» деген сөзіне аз-кем дерек келтіруге болады.
Біз білетін 50 бай бар. Қаржысы миллиардпен есептелетін 5 адам бар. Олар: Болат Өтемұратов, Тимур мен Динара Құлыбаевалар, Ким мен Ибрагимов. Бұдан бөлек «Форбс Қазақстан» тізіміндегі тағы 45 адам. Жәкеңнің көп деп көлгірсіп отырғаны осы кісілер болса керек...Басқасын біз білмейді екенбіз...
Салық мәселесіне келгенде кандидат: "ЭЫДҰ елдерінде жеке тұлғалардың табыс салығы 42% құраса, бізде бұл көрсеткіш небары 10% құрайды. Орта тапты қозғамай, үстеме табысқа ие адамдарға табыс салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану қажет" депті. Қарапайым тілмен айтсақ, табысы аз адамдарға төмен салық, табысы жоғарыларға үстеме салық салу керек дейді.
Бұл туралы 2013 жылы Азат Перуашев, былтыр желтоқсанда «Ақ жол» фракциясы, биыл наурызда Мәжіліс депутаты Екатерина Никитинская Мәжілісте депутаттық сауал жолдаған. Біркелкі салық шағын және орта бизнестің дамуына кедергі екенін, азаматтардың табысына қарай салық мөлшерін бекіту керектігін айтқан. Бұл сауалдар Мәжіліс микрофонында айтылып жатқанда, Жәкеңдер де сонда болған. Естіген. Есінде қалған болуы керек, енді соны бағдарламада арнайы жазып, көрсетіпті. Десе де біз Жәкеңнің бұл жазғанын плагиат демейміз. Мәселе орынды көтеріліп отыр.
Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбековтің 5 бөлімнен тұратын сайлауалды бағдарламасының жалпы ауаны осы. Конкретика аз, көбіне жалпылама сөз. Қызыл сөз. Қызылдардың өкілі қызыл сөзге шебер екенін білдік.
Ал бұл Жәкеңнің электоратына қаншалық сенім береді? Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағдарламаны басқасын қойып, сайлауалды жәнігіп дауыс берген өз қолдаушылары да оқымаған секілді.
Жәкең, бұрын да сайлауға түсіп көрген дедік қой. Ол 2011 жыл еді. Ол кезде қалай болды? Аз-кем дерек міне:
2011 жылғы сайлау
- 14 ақпанда коммунистер сьезі Жәкеңді президенттікке ұсынды;
- 17 ақпанда мемлекеттік тіл емтиханын тапсырды;
- 26 ақпанда ОСК Жамбыл Әужанұлын ресми түрде тіркеді;
- 2011 жылы ол 96 557 адамның қолын жинады.
- 1,36% дауыс жинап, 4 адамның ішінде үшінші орын алды.
2011 жылы Жәкең «Жамбыл Ахметбековтің үш халықтық бастамасы» атты сайлауалды бағдарлама әзірлеген. Бірінші бастамасы – төменгі табыс көрсеткішін жақсарту туралы болды. Халықтың тауарлар мен қызметтерге қолжетімділігін арттыру, ең төменгі тұтынушы бюджетін белгілеу болған. Ол кезде Жәкең: "Халықтың ең төменгі айлығы 200 мың, орташа жалақы 300 мың, ең төменгі зейнетақы 120 мың теңге болуы тиіс" деп сөйлеген.
Екінші бастамасында – ЖОО түлектеріне алғашқы жұмыс орындарын тауып беруге мемлекет міндетті екенін айтқан.
Үшінші бастамасында – коммуналдық тарифтер бағасын төмендетіп, салықты азайтуға уәде берген.
Байқасаңыз, Жәкең, халықтың тұрмысы, төменгі табысы, салықты азайту мәселесін қайта көтеріпті. Арада 8 жыл өтті ғой, бірақ... Ол кезде Жәкең халықтың 40 пайыз дауысын жинайтынына сенімді болған. Бұ жолы ше? Бұ жолы жеңетініне сенімді екенін Азаттық арқылы жариялап та қойды.
Ресми деректерге қарасақ, Жамбыл Ахметбековтің партиясында 2012 жылы 94 мыңнан аса адам мүшелікте бопты. Қазір 135 мыңға жуық болса керек. Өткенде ОСК-ға тапсырған 135 мың қолдың иелерін айтамыз... Сол 135 мың Жәкеңнің сенері қазақ елін коммунистік елге айналдырып жібермесі анық. Сөйтсе де, идеологияны Лениннен, идеяны Назарбаевтан ұрлайтын кандидаттың екінші жолғы жорығын сырттай бақылаудың өзі біз үшін қызықты болса керек...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz