Сәкен Есіркепов. «...Өз қолтырауынын күткен сауын сиыр»
Соңғы жылдары қоғамда «Қытай экспанциясы» жайлы пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл үдеріс Қазақстан-Қытай тауар айналымның 2010 жылы 20 млрд. АҚШ долларынан асуы мен энергетикалық саладағы қатынастардың тереңдей түсуіне байланысты ерекше қарқын алды. Үстіміздегі жылдың 14-15 маусымында ШЫҰ 10 жылдығына келген ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао мен ҚР Президенті Н.Назарбаев екі жақты тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 млрд. АҚШ долларына жеткізуге уағдаласты. Сондай-ақ, екі ел басшыларының энергетикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді ойластырып отырғандықтарын мәлімдеуі мен ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетовтың келешекте еліміз алтын валюта активтерін қытайлық юань валютасына өткізілетінін тілге тиек етуі де көпшілік арасында қызу талқыланып үлгерді. Мұндай қарқынды даму динамикасы қоғамда тағы да дүрбелең туғызатынын және түрлі алып-қашпа сөздерге себеп болатынын қазірден болжау қиын емес.
Соңғы жылдары қоғамда «Қытай экспанциясы» жайлы пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл үдеріс Қазақстан-Қытай тауар айналымның 2010 жылы 20 млрд. АҚШ долларынан асуы мен энергетикалық саладағы қатынастардың тереңдей түсуіне байланысты ерекше қарқын алды. Үстіміздегі жылдың 14-15 маусымында ШЫҰ 10 жылдығына келген ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао мен ҚР Президенті Н.Назарбаев екі жақты тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 млрд. АҚШ долларына жеткізуге уағдаласты. Сондай-ақ, екі ел басшыларының энергетикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді ойластырып отырғандықтарын мәлімдеуі мен ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетовтың келешекте еліміз алтын валюта активтерін қытайлық юань валютасына өткізілетінін тілге тиек етуі де көпшілік арасында қызу талқыланып үлгерді. Мұндай қарқынды даму динамикасы қоғамда тағы да дүрбелең туғызатынын және түрлі алып-қашпа сөздерге себеп болатынын қазірден болжау қиын емес.
Қазақстан үшін Қытай қауіпті ме? Аталмыш көршіміз былай тұрсын, оңтүстік көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан және Түркменстаннан да еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне сызат түсіруі мүмін қатерлер жоқ емес. Ал, әлем елдері жаппай зерттеп, келешекте әлемнің бірінші экономикасына айналады деп сәуегейлік танытқан Қытайдың тәуелсіздігін жаңа алып, сүйегі бекіп келе жатқан Қазақстанға ықпал етуін жоққа шығару артықтық болар еді. Сондықтан еліміздің арнаулы органдарының алдында қыруар шарулар күтіп тұр. Бұл шаралар жайлы жазбас бұрын Қытай фобиясы жайлы пікірлерге талдау жасап көрелік.
Қытай әлемдегі екінші ірі экономика. Елдің ЖІӨ қазіргі таңда 5,8 трлн. АҚШ долларын құрайды. Бұл өзімен халқы деңгейлес Үндістанның ЖІӨ-нен шамамен 4 есе жоғары. Бірақ Қытайда халық санының жоғары болуынан ел тұрғындарының жан басына шаққандағы табысы әлемде 100-дікке кіреді. Сондай-ақ, теңізбен шектесетін аймақтағы халықтың әлдеқайда бақуатты, ал орталық шығыс және солтүстік аудандағы қытайлықтардың кедей қалыпта өмір сүріп жатқанын ескеруіміз қажет. Жыл сайын 10 пайыз дамуды бағындырып келе жатқан Қытай экономикасы кешегі өткен қаржы дағдарысында да сыр бермеді. Мамандар бұл дамудың келешек он жыл шамасында жалғаса беретінін болжауда. Сондықтан Қытай экономикасы әлі көптеген асуларды бағындаруды мақсат етуде. Индустриясы жолға қойылған Қытай елінен ағылған тауарлар әлем нарығын жаулауда. Бұл Қазақстанды да айналып өтпейтіні заңды болатын. Біз бұған Қытайды айыптауға тиісті емеспіз. Өйткені экономиканың заңына сәйкес индустрия дамыған сайын қосымша нарық іздей бастайтыны жасырын емес. Еліміздегі қытайлық тауарлардың қаптауын отандық тауар өндіру мен индустрияның кенже қалуынан деп қарауымыз қажет.
Қытай экономикасының дамуы оның «әлем шеберханасы» болуымен тығыз байланысты. Әлемнің озық фирмаларымен келісімшартқа отырған қытайлықтар сол фирма тауарларының «made in China» деген нұсқасын шығарып, әлемді арзан бірақ сапасыз тауармен қамтамасыз етуде. Ал «ақылмен жұмыс істеуші» батыстықтар өмірге әкелген бағдарламасы мен жобаларын жұмыс күші арзан Қытайда жүзеге асыруда. Сәйкесінше ғылымның арқасында өзі де келісімге сәйкес қыруар қаржы тауып отыр. Қытай өнертапқыштары мен ғалымдарының еңбегі арқасында бүкіл әлемді тәнті етіп, жаһан нарығын жаулаған айтулы маркаларды атауымыз қиын. Бұл аспан асты елінде ғылым мен білімнің кенже қалып отырғанын көрсетеді. Ал ғылымға негізделмеген индустрияның өміршеңдігіне күмәнмен қарауға болады.
«Қытай фобиясының» астарында елімізде мүддесі бар Ресей, АҚШ және батыстық елдердің пиғылы жатқанын да жоққа шығармауымыз керек. Өйткені бұл елдер өзіне айтарлықтай бәсекелес Қытайды барынша «жау» етіп көрсетуге тырысары анық. Ал еліміздің ресейлік және батыстық медианың ықпалында отырғаны бұл мәселеге айтарлықтай оң ықпал етуде. Қытай да өз кезегінде аймақтағы статус-квоны өзінің «бейбіт мақсаттағы» саясатын насихаттауға күш салуда.
Қазақстан-Қытай қатынастарында әлі де нақты шешімін таппай келе жатқан және стратегиялық маңызды мәселелер баршылық. Солардың бірі трансшекаралық өзендер мәселесі. Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекараны уақытша жабуымызға жауап ретінде қырғыз ағайындардың елімізге келетін өзендердің алдын бөгегені әлі есімізде. Қытайдың да келешекте өзіне тиімді келісімшартқа отыруы үшін осы «қаруды» қолданбасына кім кепіл? Тіпті, «Батысты игеру саясаты» бойынша 2050 жылға қарай Шыңжан аймағының халқы 50 миллионға жетеді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде Қытайдың өзінде ағын суға деген қажеттілікті арттыратыны сөзсіз. Сол кезде Қазақстанның ең үлкен су серіктесі Қытайдың елімізге келетін ағын судың бір бөлігін бөгеуі әбден мүмкін. Ал бұл Қазақстанның экологиялық жағдайына теріс ықпал етері анық.
Қазіргі таңда «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолы қарқынды салынуда. 2013 жылы құрылысы толық аяқталады деп жоспарланған бұл жолдың бойымен Қытай мен Еуропаның арасында саудаланатын тауарлар тасымалданады деп күтілуде. Бұл жоба Қазақстанның транзиттік маңызын арттырып отыр. Қытай мен Еуропа арасындағы жылдық тауар айналымының 500 млрд. АҚШ долларына жуық екенін ескерсек, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жобасы Қазақстанға да қыруар қаржы әкелері сөзсіз. Бұл жоба Қазақстанның да әлем елдеріне тауар экспорттауына кең мүмкіндік берері анық. Еліміздің ендігі мақсаты әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатын салалар бойынша өндірісті дамыту және шикізаттық емес секторды дамыту болуы тиіс. Қ.Келімбетов Қытаймен қарым-қатынаста ұлттық қауіпсіздік бірінші орында болуы тиістігін айтып, келешекте Қытайға Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдерін саудалауы мүмкін екендігін және бұл жолда дайындық жасалып жатқанын хабарлады. Бұл өте құптарлық жәйт. Біз қаласақ та, қаламасақ та әлем елдерімен экономикалық қарым-қатынасқа кіре беретінімізді мойындауға тиіспіз. Сондықтан Қазақстанның бұл салада белсенді қимылдауы және қауіпсіздік мәселесін жіті қадағалауы қажет.
Қазақстанның Қытай үшін транзиттік маңызды ел және энергетикалық тұрғыдан қажеттілігінің болуы кейбір мәселелерді шешуде өз ықпалын тигізуі де қажет. Сондай-ақ, Қытай Шыңжан ауданының әлеуетін көтеру үшін Қазақстанның қолдауына көп сүйенеді. Өйткені екі жақты сауда қатынастары Шыңжан аймағының экономикасын көтеруге оң ықпал етуде. Сонымен қатар Қытай Қазақстан территориясында шоғырланған 200 мың ұйғыр халқының да бақылауда ұсталуын қалайды. Бұл жөнінде екі жақты келісім-шарттар жасалынған. Осы аталған мәселелер Қазақстанның шығыс көршісі алдындағы стратегиялық маңызын арттырып отыр. Біздің арнаулы өкілдеріміз де екі жақты қатынастарда осындай нәзік дүниелерді негізге алғаны пайдалы болмақ.
Қазіргі таңда Қазақстанда Қытайтану бағытында ғылыми-зерттеу институттары құрылуы кезек күттірмес жәйттердің бірі. Ғылыми негізі болмаған дипломатияның жетістікке жетуі қиын. Сондықтан Қытай бағытында экономикалық, саяси, мәдени салаларда терең зерттеу жұмыстарымен айналысып, еліміз дипломатиялық арнаулы өкілдеріне ұсыныспен шығып отыратын орталықтар ашылса құба-құп болар еді. «Тышқан мысықтың қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстауы тиіс» деген тұжырымның жаны бар. Өйткені мысық тышқанның өміріне кез-келген уақытта қауіп төндіруі әбден мүмкін. Ал мысыққа бұл тек қарны ашқанда қажет болады. Ащы да болса аталған мысалға сәйкес Қазақстанның Қытаймен салыстырғанда мүмкіндігі аз рас. Сол үшін де Қазақстанның әрбір қадамын ғылыми тұрғыдан елеп-екшеп барып басқаны дұрыс. Аталмыш ғылыми-зерттеу орталықтары халық арасында Қытай тақырыбында түсінбеушіліктер туа қалған жағдайда түсіндіру жұмыстарымен де айналысатын болады. Өйткені соңғы екі-үш жылда қоғамда осы бағытта пайда болған дүрбелеңге ғылыми негізде халықтың көңілін орнықтыратын жауап берілмеді. Қытайдың өзінде кейбір деректерге сәйкес тек Қазақстанды зерттеуге арналған 5-6 ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейтін көрінеді. Ал тек әлемдегі Қытайтануды зерттейтін бірнеше институттар бар. Олардың кейбірі әлем бойынша Қытай бағытында жарияланған ғылыми еңбектерді қытай тіліне аударумен шұғылданады. Қазақстанға осы бағытта шараларды қолға алу өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. 30-40 зерттеушіге лайықты жалақысы беріліп, тек қытайтану бағытында (мәдениет, саясат, экономика т.б.) тынбай жұмыс істейтін болса, еліміз үшін үлкен пайда әкелері сөзсіз.
У.Черчилль 1919 жылы «Орталық Азия өз қолтырауынын күткен сауын сиыр» деген екен. Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан тарихта алып мемлекеттердің талай теперішін көрді. Тарих әрқашан келешектің бағдары болуы тиіс. Сондықтан бізге қазіргі азаттығымызды сақтап қалып, өзгелерге бұл аймақтың шын қожайынының кім екенін ұғындыру қажет.
«Абай-ақпарат»