Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8473 5 пікір 27 Мамыр, 2019 сағат 11:58

Халықтың жады

Cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген 31 мамыр қарсаңында арнайы бір ой түйіп қою сұранып тұр. Аталған белестердегі қасіреттер еңсені езгенмен, жұрт санасын биліктің триумфтары, салтанаты мол зор жеңістері жаулап жатты, сондықтан да тоталитарлық дәуірде өкімет қаламайтын қайғыны ресми түрде ұмыт қалдыру оп-оңай жүзеге асып келген. Бірақ оларды адами жадтан өшіріп тастау мүмкін болмаған-тын. Баршаға мәлім, халқымызды сол нәубеттерге ұшыратқан – өзіміздің кеңестік өкіметіміз еді. Шаңырақ көтергенде мемлекеттілігіміз жаңғырды деп барша қазақ шаттанған өз Республикамыздың билігі болатын. Билік қаралы жылдарды ауызға алуға тыйым салды, өйткені ол, шындап келгенде, орталыққа бас шұлғыған жәй ғана  қуыршақ өкімет боп шықты. Сол себепті халықтың емес, орталықтың намысын жыртты. Мұндай жағдайдың енді келмеске кеткеніне тәубе деп, сол ретте өткен жолымызға көз жүгіртіп қою абзал...

Баршаға мәлім, патшалық дәуірде ұзақ жылдар отар боп келген халқымыз елдігін ХХ ғасырда жаңғыртып, заманауи тәуелсіз мемлекет құрды. Қазақтың мемлекеттілігін қайтаруға бастайтын саяси мүмкіндікті монархияның тарих сахнасынан кетуі тудырған. 1917 жылғы Ақпан революциясының Ресей империясындағы самодержавиелік құрылысты жоюы отарлық езгідегі барлық халықтардың ұлт-азаттық қозғалысына соны серпін берді. 4-ші Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы Ұйымдастыру бюросы іс жүзінде империя мұсылмандары үшін  ұлттық орталық ретінде танылған-тын. Сол Бюро  1917 жылғы 1 мамырға Бүкілресейлік мұсылман съезін шақыруды қолға алды.  Жер-жерде ағымдағы жағдайды талқылайтын, Мәскеуде ашылмақ күллі мұсылмандар съезіне делегаттар сайлайтын жиналыстар болуын назарда ұстады. Дала және Түркістан өлкелеріндегі облыстарда съездер негізінен сәуір айында өтіп, жалпықазақтық, бүкілресейлік жиындарға қатысатын өкілдерін, облыстық  қазақ атқару комитеттерін сайлады. 21–26 шілдеде Орынборда өткен І Жалпықазақ съезі жаңа Ресейдегі мемлекеттік құрылым түрін анықтауға тиіс Құрылтайшы жиналысқа делегат болатын кандидаттар тізімін бекітті.

1917 жылғы 25-ші қазанда Петроградта большевиктер төңкеріс жасап, жұмысшы және солдат депутаттары советтерінің ІІ Бүкілресейлік съезінде  кеңес үкіметін – Халық комиссарлары Кеңесін (Совнарком, Халкомкеңес) құрды. Артынша Ташкентте большевиктер мен эсерлердің біріккен күші Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне қарсы қарулы көтеріліс жасап, совет өкіметін орнатты.  28 қазан – 1 қарашада өткен  ІІІ Өлкелік кеңестер съезінде Түркістан Халық Комиссарларының Кеңесін құрып, оның құрамына жергілікті халық өкілдерінен бірде-бір мүше енгізбеді. Осыған жауап ретінде 24 қарашада Қоқан қаласына IV Төтенше өлкелік мұсылман съезі шақырылды да, 1917 жылғы 28 қарашада (10 желтоқсанда) «Ресей федеративтік демократиялық республикасымен бірлесетін» Түркістан автономиясын (мұхтариятын) жария етті және автономияның билік органдарын   сайлады. Ал 1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқсанда Орынборда болған ІІ Жалпықазақ съезі 12 (25) желтоқсанда Алаш автономиясын құрып, үкіметін – «Алаш-Орда» Халық Кеңесін сайлады. Бұлар ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту жолындағы ең ірі алғашқы тарихи қадамдар еді.

Осы тағдыршештілік мәселені 1918 ж. 6–9 (19–22) қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі талқылап, Түркістан мұхтариятының үкіметі мен Алаш-Орда арасында одақтастық шарт жасалғаннан кейін Алаш автономиясына кіруге шешім қабылдады. Алайда 1918 ж. 19–22 ақпанда Ташкенттегі советтік билік қызыләскерлер мен дашнактарды жауып, Қоқан қаласын талқандады, халқын қырғынға ұшыратты. Түркістан мұхтарияты құлатылды, автономияның үкіметі қуылды. Халыққа теріс әсер еткен бұл оқиғадан екі ай өткен соң, 20 сәуір – 1 мамырда Ташкентте Кеңестердің өлкелік 5-ші съезі жұмыс істеді. Түркістанның Советтік автономиясы жарияланып, 30 сәуірде Түркреспубликаның Түркаткомы мен Халкомкеңесі құрылды. Сол 1918 жылғы сәуірде Оралдан шыққан Алаш-Орда делегациясы Мәскеуге барып, Совет үкіметі басшыларымен келіссөз жүргізді. Алаш автономиясы мойындалды, Кіші Халкомкеңесте оны кеңестік рельске аудару жобалары жасалды. Алайда алаштық делегация Мәскеуден аттанысымен, «буруазиялық автономияны еңбекшілердің мойнынан түсіріп тастау» бағыты ұсталды. Түркреспублика аумағында 1917–1918 жылдары үлкен ашаршылық орын алды. «Большевиктердің аштық саясаты» (Мұстафа Шоқай) салдарынан жылқылары қызыләскер пайдасына тартып алынған миллионнан астам көшпенді аштан өлді. Сол кезгі әсіре большевиктердің бірі «мұсылмандар, қолдарына қару ұстап шайқастарда қаза тапқан қызыл жауынгерлер секілді, революция ісіне өздерінің өлімімен өз үлестерін қосты» деп жазды, яғни осындай тұжырыммен көшпенділердің аштықтан қырылып, өлкедегі азық-түлік мәселесінің шешілуіне «көмектескені» үшін ризашылық білдірді.

1919 жылғы 10-шы шілдеде Ресей Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ өлкесін басқару бойынша әскери-революциялық комитет құрып, өлкені автономияландыруға дайындық жасай бастады. 1920 жылғы наурызда Алаш-Орда қызметін тоқтатты. Содан қазақ мемлекеттілігін таптық негізде жаңғырту жолы ашылды. 1920 жылғы 26 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) Төрағасы М. Калинин, Халық Комиссарлары Кеңесінің (СНК) Төрағасы В. Ульянов (Ленин),  ВЦИК хатшысы А. Енукидзе «Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің декреті. Автономиялы Киргиз Социалистік Советтік Республикасын құру туралы» делінген құжатқа  қол қойды. Онда жоғарыда аталған мемлекеттік органдар «Киргиз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» содан бұрынғы, «Халық Комиссарлары Кеңесінің 1919 жылғы 10-шы шілдедегі декретін дамыта отырып», «Р.С.Ф.С.Р. бөлігі ретінде, Автономиялы Киргиз Социалистік Советтік Республикасы құрылсын»  деп қаулы алды. Республика құрамына бұрынғы әкімшілік шекараларымен Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Закаспий облысының Маңғыстау үйезі, Красноводск үйезінің 4-ші және 5-ші болыстары, Астрахан губерниясынан Синемор болысы, Бөкей ордасы және 1-ші, 2-ші Примор округтеріне түйісіп жатқан бұрынғы қазыналық жерлер берілді. Сондай-ақ теңіз жағалауы жолағы мен Сафронов, Ганюшин және Николаев болыстары Кирревком қарамағында қала беретіні, Түркістан Республикасындағы қазақ территориясын қосу сондағы халықтың ерік-жігер білдіруі нәтижесінде шешілетіні айтылды.

Осы құжат қазақ мемлекеттілігінің 1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқсандағы екінші жалпықазақ съезінде нобайланған іргесін шындап қалауға жол ашты. Декрет негізінде 1920 жылғы 4–12 қазанда Орынборда Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезі өтті. Қазақ елі Ресейдің құрамындағы советтік автономия болды. Съезд Орталық Атқару Комитетін, Халық Комиссарлары Кеңесін сайлады. ҚазОАК Мәскеудің 26-шы тамыз Декретінде көрсетілген аумақты шаңырағы астына біріктіру үшін күрес жүргізді. Азамат соғысы жылдарындағы «соғыс коммунизмі» саясатының солақайлықпен жүргізілуі салдарынан 1921–1923 жылдары қазақ республикасы миллиондай жанның өмірін әкеткен ашаршылық зардабын шекті. 1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу науқанынан кейін Қазақ АКСР-іне Сырдария, Жетісу облыстары, Қарақалпақ автономиялық облысы қосылды. Қазақ халқы мен жер-суы бір шаңырақ астына жиналды, 1925 жылғы 16–25 сәуірде Ақмешітте жаңа аумағымен, халқының санымен Үлкен Қазақстан болған республика Кеңестерінің кезекті 5-ші, іс жүзіндегі 1-ші съезі өтті. Бұл жаңғыртылып келе жатқан қазақ мемлекеттігінің туын асқақтата көтерген тарихи ұлы оқиға еді. Осы 1-ші съезде Ұлттық Республика атанған елдің мүддесіне жауап беретін маңызды қарарлар қабылданды. Орыс тілінде «киргиз» деп бұрмаланып келген халық атауының  төл атымен «казак» деп жазылуы ресмиленді («қазақ» деп қазақша естілуіне үндесетіндей етіп орысша «казах» деу кейінірек, сталиндік конституциямен рәсімделді). Ақмешіт қаласының атауы республика астанасы болған жаңа мәртебесіне лайықталып Қызылорда  деп аталды. Орынбор қаласы маңындағы қазақ ауылдарымен қоса және Қарақалпақ автономиялық облысы Ресейге тікелей қаратылды.

1926 жылдан Қазақстанда «Қазан революциясы қазақ ауылдарына соқпай, айналып өтіп кеткен» деген бұрмалаулы желеумен «Кіші Октябрь революциясын жасау», яғни ауылдарда жұртшылық арасына таптық сына қағып, бай мен кедейді жауықтыра түсу сынды солақай саяси науқанды өрістетілді. 1928 жылы байлардың дүние-мүліктерін тәркілеу, салық түрлерін қисынсыз түрде көбейту, ұжымдастыру мен отырықшыландыру науқандарын асқан солшылдықпен күштеп жүзеге асыру, ал солақай реформаға қарсылық көрсеткен халық көтерілістерін қарулы күшпен қырғынға ұшыратып басу, солармен қатар көзі ашық азаматтарды репрессиялау («Алаш ісі») орын алды. Бұлардың бәрі  халықты 1931–1933 жылдарғы алапат ашаршылыққа – ұлттық апатқа душар етті.

1934–1936 жылдарғы мәдени революция көшпенділердің тірі қалған бөлігінің еңсесін көтерді. Оқу-ағарту істеріне ерекше көңіл бөлу, көркемөнерпаздар ұйымдарын көбейтіп, жұмысын жандандыру, кәсіби өнер ошақтарын ашу күллі республика халқын рухани тұрғыда жаңартып, жаңаша даму белесіне шығарды.  1936 жылы мамыр айында Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігі зор табыспен өтіп, «мешеу елді күрт дамытқан социализмнің жетістігін» күллі әлемге паш етті. 1936 жылғы 5 желтоқсанда Кеңестердің VIII Бүкілодақтық төтенше съезінде қабылданған КСРО Негізгі Заңы (Сталиндік Конституция) бойынша Ресей Федерациясы құрамындағы Автономиялы қазақ республикасына  одақтық мәртебе берілді.  «Социализм толығымен жеңген» совет елінде жаңа Конституция жасау жөніндегі комиссияны басқарған СОКП ОК Бас хатшысы И.В. Сталин автономиялы республикаларды одақтас республика қатарына ауыстыру үшін  үш шартты негізге алу керек деген: бірінші шарт – автономиялы республика, одақтық тәж кигеннен кейін «оның КСРО-дан шығып кету мәселесін қоюға мүмкіндігі болу үшін», жан-жағынан КСРО территориясымен қоршалмай, шетелмен шекаралас шеткі аймақ болуы керек; екінші шарт – советтік одақтас республикаға атын берген ұлт біршама тығыз шоғырланып отырған көпшілік болуы керек; үшінші шарт – республика халқы саны жағынан «өз мемлекеттік тәуелсіздігін қорғай алатындай,  тым болмаса миллион»  болуы керек. Бұл шарттарға Қазақ АКСР-і 1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу науқанынан кейінгі жаңа аумағымен, халқының санымен, т. б. маңызды көрсеткіштерімен әбден жауап бере алатын еді, алайда оған одақтық тәж кию пұрсаты бір мүшелге кешіктірілді, турасын айтқанда, халықтың жартысына жуығын құрбан еткен ұлттық апаттан соң ғана беріліп, қазақ халқына қарсы жасалған мемлекеттік қылмысты біржола жасырғандай болды.

Үлкен террор басталар қарсаңда, 1937 жылғы 26 наурызда, Қазақстан Кеңестерінің Төтенше 10-шы съезі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясын бекітті. Осы Конституцияда одақтас республикамыздың «жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекеті» екені атап көрсетілді, сондай-ақ Қазақ Республикасы өз аумағында «өз егемендік құқтарын толығымен сақтап, мемлекеттік билікті дербес жүргізеді» деп нақтылап жазылды. Алайда Советтік Ресей Федерациясы құрамындағы Қазақ автономиялық республикасы енді онымен тең дәрежедегі одақтас республика мәртебесіне көтерілгенмен, оның өзінің Негізгі заңында «өз егемендік құқтарын толығымен сақтап, мемлекеттік билікті дербес жүргізеді» деген тұжырымын коммунистік режим елең қылмастан,  өзге одақтас республикалар тәріздендіріп, біртұтас алып мемлекеттің ешқандай дербестігі жоқ құрамдас бөлігіне айналдырды. Жалпақ елді бекем шырмаған тоталитарлық жүйе бір кездері ақгвардияшылар аңсаған «біртұтас және бөлінбейтін Ресейді» жаңа түр мен мазмұнда жасап шықты. Идеология арқылы біртұтастандырылған совет елін бастапқы кезеңде уағыздалған  кеңес өкіметі емес, қатаң бір орталықтандырылған коммунистік партия биледі.

Республиканың негізгі халқы сол кезгі санының жарты миллионға жуығын Екінші дүниежүзілік соғысқа жіберді, оның үштен екі бөлігі майдан далаларында қалды. Ұлы Отан соғысы деп аталған жаһандық шайқастағы ұлы жеңіске қазақ халқы талап етілген мөлшерде мал-жанын майданға беруімен, күндіз-түні аянбай еңбек етіп, күллі маңдай терінің жемісін арнауымен, жеріне көшірілген жұртқа достық құшағын ашуымен өлшеусіз зор үлес қосты. Жеңістен кейінгі жылдарда соғыс зардаптарын жою, ел экономикасын қалпына келтіру, дамыту және нығайту, ғылым мен мәдениетті өркендету, халықтың білімін көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени өмірін,  тыныс-тіршілігін жақсарту жолында көп іс тындырылды.

Сонымен бірге, жылдан жылға күшейе түскен тоталитарлық мемлекет қазақтың ұлттық мүдделерін елеусіз қалдырып, баршаға ортақ стандартты өмір сүру салтын жаппай енгізуге бет бұрды. Ал бұл бағыт жұрттың ішкі наразылығының әбден пісіп-жетілуіне, сөйтіп, түптің түбінде шешуші қарсылық көрсетуіне апарған еді. 1954–1960 жылдары Қазақ Республикасының жері тың көтеру желеуімен жаңаша отарланды. Қазақ халқы өз елінде барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін (29%) деңгейге түсірілді. Көптеген қазақ мектептері жабылды, «коммунизмге орыс тілімен барамыз!», «орыс тілі – екінші ана тіліміз!» ұрандарымен орыстандыру саясаты жан-жақты және пәрменді жүргізілді. СОКП ОК-нің  сол кездегі басшысы Н.С. Хрущев «патшалықтың жүздеген жылдар бойы жасай алмағанын аз ғана жылда жүзеге асырдық» деп мәлімдеді, коммунистік идеология көрігі «түрі ұлттық, мазмұны (пролетарлық) социалистік» негізде «жаңа адам қалыптастыру»   бағытымен салтанат құрып, өмірдің бүткіл қырын шарпыды.

Мұндай келеңсіздіктер мен жалғандықтар республиканы жергілікті ұлт өкілі басқарып тұрғанда, «ұлт мәселесі шешілген» деп дәріптелетін кезеңнің өзінде орын алған. Сондықтан,  1986  жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан КП Орталық Комитетін басқаруға СОКП ОК-нің ел үшін мүлдем бөтен кадры тағайындалғанда, ұлттық мүдделердің елеусіз қала беретіні жұртшылық үшін аныққа айналды.  Себебі биліктегі партия «совет елінде ешқандай да ұлт мәселесі жоқ» деген жалған желеуді бетке ұстайтын. Ал қолданыстағы ҚКСР Конституциясы бойынша – Қазақстан өз аумағында өз бетінше дербес мемлекеттік билік жүргізетін егеменді кеңестік социалистік мемлекет (68-баб) еді. Кеңестер Одағын құрысқан, одақтан еркін шығып кете алатын тәуелсіз мемлекеттердің бірі ретіндегі құқтары КСРО Конституциясының 70-ші және 72-ші бабтарында мойындалған-тын.  Заң жүзінде солай бола тұра, Қазақ Республикасының егемендігі де, өзін өзі билейтіндігі де, ұлттылығы да мәскеулік билік тарапынан аяққа тапталды. КСРО-ның Негізгі Заңындағы: Қазақ Республикасы «...еңбекшілердің ерік-жігері мен мүддесін қорғайтын социалистік жалпыхалықтық мемлекет» делінген 1-ші баб көзалдаушылық, жәй ғана формальділік болып шықты. КСРО және ҚКСР Конституцияларының 6-шы бабтарына сәйкес, Совет Одағының Коммунистік партиясы «қоғамның жетекші және бағыттаушы күші» еді, сол «...күштің» қатаң идеологиялық торымен одақтас республикалар да, олардағы халық депутаттарының кеңестері де бекем шырмалғандықтан, кеңестер одағы біртұтас  унитарлық мемлекетке айналған. Яғни КСРО іс жүзінде, өмір көрсеткендей, басында монарх тұрған Ресей империясының аты өзгертілген, төбесінде Саяси Бюро  тұрған жаңа түріне айналдырылды. Міне осы кеңестік-коммунистік неоимперияда әділетсіздік және көпе-көрінеу жалған сөйлеу әдеттегі құбылысқа айналған болатын.

СОКП-ның Қайта құру саясаты  жария еткен демократиялық жаңаруға сеніп, 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан басшылығында жасалған өзгерістің мәнісін түсіндіруді талап еткен жастарға совет өкіметі «нашақорлар, маскүнемдер» деген жалған айып тақты және оларды тоталитарлық шоқпардың астына алды. Қасаң тоталитарлық жүйеге бүкіл КСРО бойынша бірінші болып қарсы шығып, жанкештілікпен азаттық үнін көтерген қазақ жастарының саяси көтерілісі басқаларды да оятты. Мәскеу озбырлығына қарсылықтар Кавказдағы, Балтық жағалауындағы одақтас республикаларда орын алды. Ұзамай, коммунистік режим тұтастырған тоталитарлық алып мемлекетте тегеурінді демократиялық өзгерістер жасалды. Кеңестік бір елге біріккен одақтас республикалар КСРО Конституциясының 72-ші бабында көзделген одақ құрамынан еркін шығып кете алатын құқтарын пайдаланып, мемлекеттік тәуелсіздікке жетуге ұмтылды.

Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 25 қазанда – Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі хақында Декларация, ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі жайында Конституциялық заң қабылдады. Осылай тәуелсіз мемлекетіміз дүниеге келді. Алғаш рет өз этностық атауымен тарих сахнасына XVI ғасырда шыққан қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігі ұзақ жылдарғы отарлық ахуалдан соң, XX ғасырдың екінші он жылдығында қалпына келу жолындағы тұңғыш қадамын жасаса, соңғы онжылдығында мүлдем қайта түлеп, заманауи сипатта жаңғырды. Ұзақ күткен мемлекеттік тәуелсіздіктің  арқасында елімізде тоталитаризм деформациялаған санамызды идеологиялық қоқыстардан аршу, ұмыттырылған, бұрмаланған тарихымызды жаңаша тану, қылмысты саясат ұрындырған қасіретті кезеңдердің шындығын ашу, жазықсыз жазаланған жандардың адал есімдерін қоғамға қайтару жолында айтарлықтай іс тындырылды, әлі де атқарылуға тиіс жұмыс шаш етектен. 31 мамыр 1992 жылы Ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді, бес жыл өте, 1997 жылы – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, ал 2017 жылдан – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп аталып келеді. Дегенмен қазақстандықтар  үш дүркін – 1917–1918, 1921–1923, 1931–1933 жылдары соққан ашаршылықтан тікелей 4,5 млн., ықтимал табиғи өсімді есепке алғанда 10 млн.-дай адам өмірін әкеткен ұлттық апатты шын мәнінде біліп болған жоқ. Большевизм билікке келгелі 300 мыңнан астам, тек Үлкен террорда 120 мыңнан астам (оның 25 мыңы атылған) жан жазықсыз жазаланғанына мән бере қоймайды. Өйткені осынау 31 мамырдағы іс-шаралар шағын топтың қатысуымен ғана жұмыс күндері өте шығатындықтан, 31 мамыр Еске алу күні ретінде барша жұрт тағзым ететін бүкілхалықтық сипатқа ие бола алмай тұр.

Егер осы Күні өткенгі бұрмалаулардың құрбандарын күллі қазақстандық болып аза тұтатын ахуал орнатылса, сөйтіп арнайы бағдарлама жасалып,  мақсаткерлікпен нақты жұмыстар ұйымдастырылса, онда оның халық бірлігін одан сайын арттырудағы және демократия құндылықтарын бекем сақтаудың маңызын дәл ұғындырудағы маңызы арта түсер еді. Ал мұндай жұмыстардың алғышарты –  Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген 31 мамырды демалыс күніне айналдыру. Мемлекетіміздің жоғарғы билігі тиісті шешім шығарар деп үміттенеміз. Қасіреттермен шорланған халық  жадының  мәңгі өшпейтінін құрметтеп, арнайы демалыс күні ретінде әр жылғы 31 мамырды бұқаралық қаралы-салтанатты іс-шаралар жүргізуге арнау – перзенттік парызымыз.

Бейбіт Қойшыбаев, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364