Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2343 0 пікір 17 Маусым, 2009 сағат 14:45

Аймақтық интеграция тереңдеген сайын Ресейдің империялық амбициясына жол беріп жүрмейміз бе?

Посткеңестік кеңістікте интеграциялық үрдістердің өрісі кеңейген сайын Ресейдің баяғы империялық пиғылы тағы да ояна бастағандай әсер береді. Интеграциялық игіліктерімізге империялық амбиция қолбайлау болатын жайттармен жиі бетпе-бет келіп қаламыз. Кедендік одақтың құрылып бітуіне бар-жоғы 4 пайыз қалған кезде Ресей әлдебір желеумен Қазақстан мен Белоруссиядан келетін ет және сүт өнімдеріне шұқшия қалды. Кеңес кезінде «Союзмясо», «Москвамясо» кәсіпорындары арқылы вагон-вагон етімізді тұтынған Мәскеудің бұл қылығы түсініксіздеу болып тұр. Осы арада «Аймақтық деңгейде қоян-қолтық интеграция тереңдеген сайын Ресейдің империялық амбициясына жол беріп жүрмейміз бе?» деген сауалды мамандардың талқысына салғанды жөн көрдік.

01121

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Посткеңестік кеңістікте интеграциялық үрдістердің өрісі кеңейген сайын Ресейдің баяғы империялық пиғылы тағы да ояна бастағандай әсер береді. Интеграциялық игіліктерімізге империялық амбиция қолбайлау болатын жайттармен жиі бетпе-бет келіп қаламыз. Кедендік одақтың құрылып бітуіне бар-жоғы 4 пайыз қалған кезде Ресей әлдебір желеумен Қазақстан мен Белоруссиядан келетін ет және сүт өнімдеріне шұқшия қалды. Кеңес кезінде «Союзмясо», «Москвамясо» кәсіпорындары арқылы вагон-вагон етімізді тұтынған Мәскеудің бұл қылығы түсініксіздеу болып тұр. Осы арада «Аймақтық деңгейде қоян-қолтық интеграция тереңдеген сайын Ресейдің империялық амбициясына жол беріп жүрмейміз бе?» деген сауалды мамандардың талқысына салғанды жөн көрдік.

01121

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Иә
- Ресейдің империялық амбициясы ашық түрде қадам басқан сайын байқалып келеді. Ресеймен сауда-саттықтағы оң сальдодан теріс сальдо басым, яғни бұл көрсеткіш бізге аса қолайлы емес. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үрдісі аяқталып қалған кезде Кедендік одаққа өтеміз деп онымен келіссөздерді тоқтатып қойдық. Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге екі-үш мемлекет қана ыңғай бермеген болатын. Ресей, Беларусь, Қазақстан Кедендік одақ атынан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіреді екенбіз. Мұндай жағдай - Дүниежүзілік сауда ұйымының тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Оның үстіне, Ресейден өш алғысы келетін Гүржістан, Украина, Балтық елдері, Польша сияқты жаулары көп. Ресейдің жауы да оңай емес қой. АҚШ, Еуроодақ, Балтық елдері...

Біз көпвекторлы саясатымызда олармен де қоян-қолтық ынтымақтастыққа мүдделіміз.  Орыстар жағы «Дүниежүзілік сауда ұйымына кірсеңдер, Кедендік одаққа кіре алмайсыздар» дегендей сес байқатып отыр. Тіпті Ресей Кедендік одақта біздің атымыздан сөйлейтін болып алды. ҰҚШҰ-ны да баяғы Варшава шарты ұйымы сияқты НАТО-ға балама ұйым ретінде қарастырып, интерпретация жасап жүр. Қазір біз сол ҰҚШҰ-ға 4000 әскер шығармақпыз. Ресейлік мамандардың сөзін бақсақ, Қазақстанның НАТО-мен екі бірдей келісімшартынан бас тартып, одан бойды аулақ салуы керек екен. Меніңше, алдымен Дүниежүзілік сауда ұйымына еніп алу керек еді, кейін Кедендік одақ ешқайда қашпайтын еді. Осы арада қолайсыз жайдың шеті қылтияды. Біздің «Миттал Стил Теміртау» мен ресейлік «Северсталь» әлемдік деңгейде бақталас кәсіпорындар. Әлгі Кедендік одақ сияқты орыстың оң жамбасына келетін интеграция арқылы «Северстальға» көзірді беріп қойып, «Миттал Стил Теміртауды» қан жылатып алмаймыз ба? Инвестициялық климатты нашарлататын орыстың ауруы бізге жұғуы мүмкін. Белоруссияның 100 пайыз еті мен 90 пайыз сүт өнімдері және тракторлары Ресейге экспортталады. Қазір Ресей өз нарығымызды қорғаймыз деген желеумен өзінің одақтасын қысып тастады. Ресей осылайша одақтас республика Белоруссияны аямаса, бізді қайтіп аяйды деген күдік-күмәнім бар. Орыстар газ мәселесінде транзитор ел емес, сатып алушы ел ретінде боламыз деп отыр. Орыстың бітпейтін державашыл өктемдігі мемлекетаралық қатынастарға салқынын тигізуі мүмкін. Меніңше, Ресей жағының империялық тізеден басушылығына мінез көрсетіп қою керек. Мен бұл жағынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенемін.

02210

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Жоқ
- Біріншіден, ТМД немесе Орталық Азия шеңберінде болсын аймақтық интеграция қажет. Өйткені халықаралық аренада түйткілдерді күш біріктіре отырып, топтасып шеше аламыз. Бұл барлық жағынан әлдеқайда ұтымды. Екінші жағынан, интеграциялық ұйымға мүше үлкенді-кішілі мемлекеттер болады. Әрине, Ресейдің ҰҚШҰ, Кедендік одаққа аймақтық интеграцияда мүмкіндігі, потенциалы, тетіктері, ықпалы басым болғандықтан, инициативаларды өз қолына ала бастады. Кедендік одаққа ниет білдірген әр мемлекет жеке дара Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруден бас тартты ғой. Бірақ интеграциялық одақта мүдделердің ескерілуі - көбінесе өзімізге байланысты жайт. Біздің мүддемізге қарсы болатын интеграциялық одаққа сүйрелеп жатқан ешкім жоқ.

Келесі жылы Кедендік одаққа кіргелі тұрмыз. Бірақ Ресей мен Беларусьқа қарағанда, біздің отандық тауар өндірушілердің көптеген салада, мәселен, тамақ өнеркәсібі, машина жасау саласында бәсекелестігіміз төмен. Олардың тауарлары біздің рынокты жаулап алады. Сондықтан Кедендік одақ оларға көбірек пайда әкеледі. Сол себепті интеграцияға мейлінше мүдделі бола отырып, өзіміздің ішкі есебімізді мықтап ойластыруымыз керек. Кедендік одақтан бізге қаншалықты пайда-зиян келетінін толығымен зерттеп жатқан ешкім жоқ. Қазіргі дағдарыс кезінде АҚШ пен Қытай сияқты алпауыт елдер біздің аймаққа ықпалын бәсеңсітіп алды. Әсіресе, АҚШ сан соғып қалды. Олардың уақытша әлсіздігі нәтижесінде Ресей Қырғызстандағы «Манас» мәселесінде, Украинамен «газ соғысында» бұрын жіберіп алған ұпайын түгендеуге көшті. Әрине, Ресей «аға ұлтпыз, сіздер артымыздан жүресіңдер» деген ашық амбициялардан аулақ. Ондай әңгімеге баратын болса, өзгелер одан ат-тонын ала қашар еді. Ресейдің барлық әскери, сыртқы саясат, сауда-экономикалық салаларда посткеңестік кеңістіктегі ықпалын қайтаруға беталысы анық байқалады. Әлбетте, Ресейдің ұлыдержавалық мәртебесін қайта көтеру мәселесінде ресми билік те, өзара бақталас саяси күштер де, шовинистік топтар да бір тудың астынан табылары сөзсіз. Қайталап айтамын, Ресей бізді интеграцияға мәжбүрлеп отырған жоқ. Сан ғасырлардан бері Ресеймен саяси, сауда-экономикалық қарым-қатынасымыздың тамыры тереңге кетеді. Мәселен, көлік дәліздеріміз, мұнай-газымыз, бидайымыз Ресей арқылы өтеді. Сөйтіп, олар баяғыдай айғайламай-ақ, ұзақ мерзімді, жоспарлы түрде, мысықтабандап ықпал етудің тетіктерін іске қоса бастады. Ұжымдық интеграцияда шешім қабылдауда Қазақстанда проресейлік лоббилік топтар барын ескеруіміз керек. Қателеспесем, Еуразиялық экономикалық одақта Ресейдің жарналық үлесі - 40 пайыз, Қазақстандікі - 20 пайыз, басқаларының да үлесі осымен қарайлас. Мысалы, 200-ге жуық мемлекеті бар БҰҰ құрамында халқы 1 миллиардтан астам Қытай мен 20 мыңдай халықтан тұратын ұсақ елдер бар. Бұларды геосаяси жағдайда қалай тең дәрежеде деп айтуға болады? Сол сияқты ТМД-дағы Ресей мен Тәжікстанды қалай салыстыруға болады? Сайып келгенде, Ресейді империяшыл деп күстаналап араздасудың қажеті шамалы, өзіміздің мүддемізді қызғыштай қорғай білуіміз қажет.

 

 

Бір анық
Қайшыласқан тараптардың бірінің пікірі «алпауыт Ресейді сабасына түсіріп қою керек» десе, екіншісі, бар кілтипанды өзіміздің ішкі рыноктық әлеуетімізден, саяси-экономикалық қауқарымыздан іздеуге тырысады. Бір анығы, қазақты игілікке жетелер интеграцияны да, ұлттық мүддені де тең ұстау қажет.

 

 

Әзірлеген Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ

«Алаш айнасы» газеті 16 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5604