Қызылорда облысында бірқатар денсаулық сақтау нысандары салынады
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 орындық көпбейінді облыстық аурухана және Қазалы ауданындағы орталық аудандық емхана, Қызылордада қан орталығы салынады. Бұл жобалар 2022 жылға дейінгі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарына енгізілген.
Бүгін Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарын таныстырды. Жоспар 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады.
Облыстың кешенді даму жоспары шеңберінде әлеуметтік салада 15 жобаны іске асыру жоспарлануда.
"Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 төсектік көпбейінді облыстық аурухана және 5,7 млрд. теңгеге Қазалы ауданында орталық аудандық емханасы мен Қызылорда қаласында қан орталығы салынады ", - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыстың елдімекендерінде (Жосалы, Ақай, Жалағаш, Шиелі, Тасбөгет) 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда.
Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.
Өңірді дамытудың кешенді жоспары құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Кешенді жоспар 12 бағытты қамтиды.Олар - өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.
Abai.kz