Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2437 0 пікір 24 Маусым, 2011 сағат 10:11

Өміржан Әбдіхалықұлы. Кірдік...

Кеңес одағынан кедендік одаққа

Кеңес одағынан кедендік одаққа

Кеңес одағынан Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл толғанда Кеден одағына кірдік. Біздің билік елдегі кәсіпкерлердің, бұқара халықтың, қоғамдық ұйымдардың қарсылығын үрген ит құрлы көрмей кеден одағына кіру туралы келісімге келісті. Келіскені -  біздегі қаржылық кландар мен биліктің бақылауындағы және оған зор пайда әкеліп тұрған ірі бизнес ел экономикасының шынайы бәскелестікпен дамығанын қаламайды. Егер Қазақстан шын мәнінде мемлекет игілігін ойласа, ДСҰ-на кіруге ынталы болуы тиіс еді. Алайда, мемлекет мүддесін баяу ойлайтын біздің билік 2012-ншы ДСҰ-ға кіріп қалатын шығармыз деп әлі отыр. Бірақ, жоғарыда айтқан ел байлығын атасынан қалған мұрадай көріп, билеп төстеп онымен қоса ірі бизнеске иелік етіп отырған үркердей биліктегі топқа ДСҰ-ға кіру тиімсіз. Ондағы себеп - бәсекелестік артады да, қаржылық кландар пайдадан қағылады. Сөйтіп, ақыры бүтін елдің экономикасын кедендік одақтың ауы мен бауын, бар билігін уыстап ұстаған Ресейге көшке ерткен жетім тайлықтай байлап берді. Қазақстан экономикасы соның ішінде бизнесі, өндірісі, шетелден келетін арзан тауарлар түрлері тағы басқа экономика салалары бас бүтін жекелеген топтардың бас амандығы мен байлығының қауіпсіздігі үшін құрбандыққа шалынды. Осылайша, Ресей Қазақстанды экономикалық неоотарлауға бел шешіп кірісті. Ресейдің мұратын көздейтін билік бұтағында талай жансыз бар екенін әрі Мәскеудің ел саясатындағы  елеулі ықпалын, ақпараттық кеңістікті отарлап алғанын ескерсек, саяси неоотарлықтың да ауылы алыс емес екенін Ресейдің іші сезетін секілді.

Кедендік одаққа кірудің тағы бір кілтипаны бар екен. Ол батыс елдеріне қарағанда, Ресей Қазақстан билігіндегі қаржылық-кландық топтардың билікте ұзағынан отыруына қолайлы көрінеді. Себебі, қалай десек те батыс - қоғам санасына «бостандық, таңдау, құқық, ашықтық, жариялылық» деген ұғымдарды сіңіреді әрі соны орнықтыруға күш салады. Ал, кедендік одаққа кіндігін байлаған билікке қоғамның санасына демократия сәулесінің түспегені, оның тұтанбағаны керек.

Ақыр аяғы, Ресейдің мен деген экономикалық сарапшылары Ресейге қарағанда, Қазақстанның экономикалық дамуы әлдеқайда жоғары екенін, кедендік одаққа енгеннен кейін Қазақстан баяғы экономикасы тұралаған кездерімен қайта қауышуы мүмкін десіп жатыр. Мысалы, Қазақстан экономикалық дамуы жағынан 36 ншы орында болса, Ресей 49-ды иеленіп қыр астында жатыр.  Әлбетте, кедендік одақтың тиімсіздігі туралы біздің экономистер айтудай-ақ айтты. Бірақ, оған құлақ асар билік қайда!

Жанар неге жылады?

Саяси тұрғыда, Қазақстан билігі бүгінгі қоғамға сорлап қалған ел ретінде көрсететін Қырғызстан экономикасы ДСҰ-ына енгендіктен елдегі өзгерістерге қарамастан, тәуір күй кешіп келеді. Тіпті, біз тұтынатын Қырғыз тауарларының тізімін ойша жасап шықсаңыз да көзіңіз жетеді. Ал, біз аясы тар, астарында Ресейдің өткенді көксейтін империялық саясаты жатқан кедендік одаққа кірдік. Әуелгі қадамы 1-нші шілдеден бастап кедендік одаққа кірген үш елдің мемлекеттік шекараларындағы кеден қызметтері алынып тасталады. Кеден кеткен соң кедергі жойылады. Кеденсіз елді әркім кереді. Егер бақшаңызға қорсылдақ кіріп кетсе, таң қалмаңыз, ол кеденсіз шекарадан өткен келімсек.

Біз не десек те, билік қол алысып, келіскен бітімінен таймайды. Бәрі өзінің қауіпсіздігі мен баянды билігі үшін. Және ең негізгі қауіп кедендік одақ яғни біріккен экономикалық кеңістік уақыт өте келе саяси одаққа ұласуы бек мүмкін. Сонда көреміз...

Кедендік одақтың екі тізгін бір шылбырын ұстаған Мәскеуде өткен кезекті бір жиналыста экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова кедендік одақ бойынша келісімде мемлекеттің есесі еселеніп кетіп жатқанына күйіп, жылап шығыпты деп ұзынқұлақтан естіп едік. Шынында, жылайтын жөні бар екен. Оның үстіне Кәрім Мәсімов Мәскеудің қолайына жаққан үкімет басшысы деген сөз шынға айналса, еңірегенде етегің жасқа толар әлі-ақ.

Қош бол, кеден, қайырын берсін орысқа!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445