Ғарышына ұшып кетті тым ерте...
1982 жылдың көктемінде отбасылық жағдаймен Егіндібұлаққа оралуыма тура келді. 1978 жылы қарашада, әскерден келісімен, Қарағайлы кентінде Талды аудандық «Шұғыла» – «Восход» газетінің редакциясында тілші қызметін атқардым. Басылымның редакторы, қазіргі белгілі ғалым, Зарқын Тайшыбай – тірі жүрген энциклопедия. Осы ағаның қарамағында журналистиканың тұтас бір университетінен өттім. Әйткенмен, 1981 жылдың қоңыр күзінде Зақаң «Орталық Қазақстан» газетіне ауысып кетті де, біз «жетім» қалдық.
«Біз» деп отырғаным – қазақ тілді журналистер. Аудандағы халық, яғни оқырмандарымыздың көпшілігі қандастарымыз болғанымен, әкімшілік орталық орналасқан Қарағайлы – әр текті жер. Тұрғындарының біразы кәсіп іздеп шеттен, тіпті Ресей мен Кавказдан келген, араларында жер аударылғандар мен «химияға» кесілгендер де бар, орыс тілінде сөйлегенді мәртебе санайтын адамдар. Оның үстіне, Зарқын ағамыздан кейін редактор лауазымын иеленген Жұмабике Жүнісова - орыстілді маман, таралымы 1000 данаға жетер-жетпес «Восход» газетіне үстемдік беруге тырысты. Бұрын материалдар алдымен таралымы 3 мыңның үстіндегі «Шұғыла» газеті үшін қазақша әзірленіп, одан кейін орыс тіліне аударылса, енді жұмыс кері жүре бастады. Бұл қазақ тілді журналистерге ұнамайтыны белгілі.
Оның үстіне, інім әскерге кетіп, Едірейдегі әке-шешем жалғызілікті күй кешкен еді. Сөйтіп, Егіндібұлаққа табан тіреуіме бірнеше себеп табылды.
Наурыздың 14 күні «Ленин туы» газетіне қызметке тұрдым. Кәрім ағам құшағын жая қарсы алып: «Сен Зарқынның мектебінен шықтың ғой. Білетін жаңалығыңды газетке кіргізе бер», – деп толық еркіндік берді. Алғашқы күндері газет тігінділерін қарап отырып, керемет өлеңдерге назарым түсті. Авторы – Тұрсын Жұмашев. Бұрын оқымаған, аты-жөнін естімеген ақыным. Редакциядағы Ғаббас Смағұлов, Қанат Мақышев ағаларымнан сұрастырсам, «осы Егіндібұлақтың жігіті. Мына колхозда диспетчер болып істейді» дейді.
– Бұл жігітті неге редакцияға шақырмайсыздар? Мынадай талант қор болып жүр ғой.
– Осы газетте істеген. Мектепте де, институтта да орысша оқыған болса керек, жазуы қазақшаға көнбеген соң, кетіп тынды.
– Жоқ, болмайды. Мықты өлең жазатын адам газеттің ақпараты мен мақаласын жаза алмауы мүмкін емес, редакцияға шақыру керек, – деймін ғой табандап. Ештеңеден бет-жүзім қайтпаған, жиырма беске де толмаған кезім.
– Онда редакторға бара ғой. Ағаңды көндіре алсаң, біз қой демейік, – деді Ғабекең, «К.Ж.Сауғабаев» деген жазуы бар кабинетті қаламымен нұсқап.
Газет тігіндісін қолыма ұстап Кәкеңе бардым. Әсіресе, өзіме қатты әсер еткен «Балдақты қыз» (кейін ол «Періште» жинағына «Табиғаттың қателігі екен деп» атауымен кірді) өлеңі – «көзірім». Тиып тастағанша айтып алайын дегендей, жеделдетіп-ақ сөйлеп жатырмын.
– Тұрсын ба, осында тұрақтай алмай кетті ғой. «Н» мен «ң»-ды, «ұ» мен «ү»-ні айыра алмайды. Орысша оқығанының пәлесі де. Қой құрттақандай оның «ң»-ы мен «ұ»-сын түзетіп отыратынбыз. Ақыры өзі кетті. Ұялған шығар, – деген Кәрім ағамыз газеттегі өлеңге қоса үңілді, – өлеңі шынында да тамаша. Осындай өлең жазған адамның мақала жаза алмайтынына таңмын.
– Дегенмен, тағы бір көрейік. «Ң»-ы мен «ұ»-сын түзетуді өз мойныма алайын, – дедім Кәкеңнің күле сөйлегенінен дәмеленіп. Редактор басын изеп қалғандай сыңай танытты.
Бірер күннен кейін редакцияға Тұрсын келді. «Мынау – Ермек деген журналист жігіт. Саған сырттай ғашық болып, шақыртып отырған – осы. Бірге жұмыс істейсіңдер», – деді редактор. Таныстық. Мына қызықты қараңыз – мен 1958 жылдың 8 маусымында, ол 1959 жылдың 9 маусымында дүниеге келіппіз. Сөйтіп, біраз жыл қатар қызмет атқардық.
Ұзамай фототілші Сапартай тұрмыстық қызмет көрсету комбинатына ауысып, орнына Ерғали Қатаев досымыз келді. Іссапарға Ерғали екеуміз немесе Ерғали мен Тұрсын бірге, кейде үшеуміз қатар шығамыз. Іссапар – адамның азаматтық, іскерлік қасиеті мен қабілеті танылатын сын. Әсіресе, қазіргідей коммуникация дамымаған, қызмет көлігі жоқ кезде Арқаның қары мен аязы, шілдедегі шіліңгір ыстығы астында көлделең көлік күту оңай емес.
Қолымыз қалт еткенде, Балқантауға шығып, өлең оқимыз. Ерғали өлең жазбайды, бірақ қазақ поэзиясының антологиясын дәл сол жігіттей білетін, оқитын азаматты өте сирек кездестірдім. Әрі музыкант, домбырашы. Оның есесіне Тұрсын екеуміз ешқандай музыка аспабында ойнамаймыз. Бірақ, өте жақсы тыңдаушымыз. Кейде Ерғалидың әніне қосыламыз. Баз-базда Тұрсын кетеді шалықтап:
– «Сүйем» деймін, «сүйем» деймін үздігіп,
– Білеміз ғой – дейді маған қыз күліп.
Қырға шығып кетем сосын қиялдың
Ақ кемесін алыстарға жүздіріп...
...Шұбаркөлге батып кеткім келеді,
Балқантауға шығу үшін ертеңмен...
Тұрсынның өлеңдерінде «орташа кеңес адымы» логикасының қасаң қалыбына сыймайтын ерекшелік, әдеттегі түсінікпен қабылдауға қиын теңеу мен оралымдар кездесіп қалатыны бар. Көп себептің бірі – орысша оқығаны. Ол Абай мен Мағжанға, Мұқағали мен Жұмекенге, Жұматай мен Ақсұңқарға кеш келгенімен, Пушкин мен Есенинді, Ахматова мен Цветаеваны, Ғамзатов пен Вознесенскийді, орыс тіліне аударылған Еуропа ақындарын ерте оқыды.
1990 жылдың соңы болса керек, Бұқар жырау (бұрынғы Ульянов) аудандық «Сарыарқа» газетіндеміз, кабинетіне кірсем, Тұрсын диктофонға (Батыстың озық техникасының үлгілері енді ғана келіп жатқан) жазып алған Огинскийдің «Полонезін» тыңдап, мұңға батып отыр. Көкірегінде саңылауы бар адамның жүрек қылын тербететін музыканы бірге тыңдадық. «Құлпытас па, әлде құлыптас па?» – деп сұрады содан соң оқыстан. «Құлыптас деген сөз жоқ, құлпытас. Қайтыс болған адамдардың қабіріне қоятын ескерткіш қой, оны неге қажеті бар?» – дедім. «Жәй, әшейін» деді де, үнсіз қалды. Огинский ұлы туындысын тағдыр тәлкегімен Полониясынан қара үзіп бара жатқанда шығарған. Отанында жүргенімен, Балқантаудан 200 шақырым Ботақараға қызмет бабымен барып тұру туған жерден мәңгілік қол үзумен бірдей екен-ау Тұрсын үшін. Бұл – бүгінгі пайым.
Кейін, сол Ботақарада жүргенде Тұрсын «Құлпытастағы жазу» деген өлең жазды. Бар болғаны бір-ақ шумақ:
«О, адамдар! Мен отыздан аспаймын,
Тәнім суып кеткен құлпытастаймын.
Қайран өмір, сені көру бір арман
Қара жерді қалай сілкіп тастайын?»
Қазір ойласам, ғұмырының шеті таянғанын ақын сол кезде сезген болса керек. Тек, Балқантауы Тұрсынын тани түссін, талантты ұлының соңында ел-жұрты тамсана еске алатын мұрасы қалсын деп тағы бес-алты жыл тіршілік сыйлаған шығар Жаратушы.
Егіндібұлаққа жол түскенде, Тұрсын мен Ерғали жатқан қабірстанға соқпай, «Құлху Алланы» оқымай кететінім сирек. Сонда, зиратына қойылған ақ мәрмәрға жоғарыдағы төрт жол жазылуын қалады ма екен Тұрсын деп ойлаймын.
Ермек Балташұлы, ҚР Мәдениет қайраткері
Abai.kz