Еуропарламент қолдаған Еспаева – тұңғыш әйел үміткер
Енді тұп-тура бес күннен соң кезекті рет кезектен тыс президент сайлауы өтеді. ОСК-ға ресми тіркелген жеті кандидат қазір аймақтарды аралапы жүр. Ел-жұртпен кездесіп, өздерінің үгіт-насихаттарын жасап жатыр. Кімнің қайда барғанын, не айтқанын ақпарат құралдарынан естіп біліп жүрген боларсыздар, қайталап жатпайық.
Біз бүгін жарыс жолындағы жетеудің ішіндегі жалғыз әйел кандидат Дания Еспаева туралы, оның сайлауалды бағдарламасы туралы тарқатып жазамыз.
Еуропарламент депутаттары Еспаеваны қолдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау күнін 9 маусымға белгілегеннен кейін, өзге саяси партиялар секілді «Ақ жол» партиясы да сәуірдің соңына қарай сьезд өткізді. Оған 300-ге жуық делегат қатысты. Сьезде 6 үміткер шықты. Делегаттар сол алтауға дауыс беру арқылы партия үміткерін анықтады. Демократиялық тәсілмен таңдалған адам – Дания Еспаева болды. Еспаева ОСК талаптары мен тапсырмаларын орындап, ресми тіркелді. Сөйтіп, Тәуезсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел үміткер атанды.
Еспаеваның сайлауға түсетіні туралы хабар Еуропарламент құлағына жетіп, олар президенттікке түсіп жатқан әйел кандидатқа қатысты пікір білдірді.
Еуропарламенттің өкілі, Еуроодақтың либералдар мен демократтар альянсының мүшесі Ивета Григуле былай депті: «Сіз Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне жол ашып, Республика тарихының жаңа парағын аштыңыз. Біз, Еуропарламент депутаттары, «Ақ жол» партиясының съезінен соң сіздің ұсынылуыңызды аса үлкен қызығушылықпен бақыладық. Өткен дебат пен құпия дауыс беруден кейінгі жеңісіңіз – мемлекетіңіздегі саяси тәжірибеге Еуропалық дәстүрдің енуінің тамаша үлгісі болды. Сіз өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру жолында Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне үлкен мүмкіндіктерге жол аштыңыз».
Әлемдегі әйел басшылар кімдер?
Шын мәнінде бұл кісі қазірдің өзінде Тәуелсіз Қазақстанның сайлауи тарихына есімі жазылған адам. Ол – тұңғыш әйел үміткер. Бұрын ОСК-ға ресми тіркеліп, додаға түскен, Қазақстан президенттігіне үміткер атанған әйел азамат болған жоқ. Бұл есепте Еспаева сөзсіз – бірінші адам. Еспаева секілді әйел азаматтардың президенттікке түсуі бізді айтпағанда, Орталық Азия елдерінде сирек кездесетін жағдай. Ал әлемдік практикада бұл қалыпты процесс.
Мысалы, Германияда 64 жастағы Ангела Меркель канцлер, Ұлыбритания 62 жастағы Тереза Мэй премьер-министр, Грузияда 67 жастағы Саломе Зурабишвили президент, Хорватияда 51 жастағы Колинда Грабар-Китарович президент, Эстонияда 49 жастағы Крести Кальюлайд президент, Сингапурда 64 жастағы Халима Жақып президент. Басқасын айтпағанда, көршілес қоныстанған қырғыз туғандардың өзінде Роза Отынбаеваның 1 жыл президент болып, ел басқарғанын білеміз...
Жалпы осы уақытқа дейін 53 әйел президент атаныпты. Қазіргі уақытта әлемде 2 патшайым, 9 президент, 4 премьер-министр және бір канцлер әйел затына шыққан мемлекет басқарушы екен.
Әйел адамның президенттікке түсуін қазақ қоғамы қалай қабылдайды?
Қазақстан әйел құқығы жөнінен әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіреді. Қазақстан армиясында 1000-ға жуық әйел офицер болса, елдегі кәсіпорындардың 3/1-ін әйел азаматтар басқарып отыр. Қазақстан халқының 52 пайызын әйелдер құрайды. Парламенттің 30 пайыз депутаты әйелдер. Үкіметте де әйел басшылар жоқ емес. Қайсыбір жылы жергілікті басқару органдарындағы әйел басшылардың үлесі 10 пайызды құраған. 300-ден астам ауыл әкімі – әйел, аудан басқарып отырған әйелдер де болған.
Саяси сарапшылардың пікірінше әйел адам қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті тез шеше алады, конфликтіге жол бермейді. Оның мысалы Құрманбек Бакиевтен кейін Қырғызстанда уақытша ел басқарған Роза Отынбаева. Отынбаева – Орталық Азияда әйелдердің жоғары билікті атқара алатынының мысалы. Осы тұрғыдан қарағанда, Дания Еспаеваның Қазақстан президенттігіне үміткер атануы – логикаға әбден саяды. Қазақстанның саяси өміріне белсенді араласып жүрген әйелдер аз емес. Әйел – кәсіпкер. Әйел – директор. Әйел – министр. Мектеп мұғалімдерінің 80-90 пайызы әйелдер. Қазақтың арғы-бергі тарихында Томиристей, Айғанымдай дуалы сөзімен елді аузына қаратқан, халық бұқараны соңынан ерте білген аналар аз ба еді? Ал биылғы президенттік сайлауға «Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан Дания Еспаеваның түсуі – сайлау көркін қыздыра түсетіні сөзсіз. Бұл демократиялылықтың көрінісі. Бұл еуропашылдықтың бір элементі.
Дания Еспаеваның депутаттық қызметіне шолу
1961 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Мамандығы – экономист. Банк саласында 34 жыл қызмет еткен. Оның 17 жылында басшылық қызметтерде болған. 2008-2016 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болған. 2016 жылдың наурызынан бері Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. «Ақ жол» Демократиялық партиясының өкілі. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың жерлесі, әрі рулас сіңілісі екен.
Ол кандидаттыққа тіркелу үшін Қазақстанның 17 өңірінен 144 мың адамның қолын жинаған. Мемлекеттік тіл емтиханынан жоғарғы баға алды.
Жоғарыда Мәжіліс депутаты деп қалдық қой. Еспаева депутат болған үш жылда қандай ұсыныстар айтты, не мәселе көтерді, не шешті? Көз жүгіртейік, есімізге түсірейік...
Көп балалы аналарға кезексіз үй беру
Қазіргі уақтағы ең өзекті әлеуметтік проблема – көп балалы аналардың мәселесі екені даусыз. Дания Еспаеваның дәл осы мәселеге қатысты өз позициясын ашық жеткізгенін білеміз. Еспаева көп балалы аналарды, батыр аналарды тұрғын-үй немесе жалдамалы пәтер алуға кезексіз өткізуді ұсынған. Яғни, көп балалы аналарға кезексіз үй беру туралы бастама көтерген.
61 миллиардтың шаңғы трамплині
2017 жылы депутат Дания Еспаева ҚР Мәдениет және спорт министріне депутаттық сауал жолдап, Щучинскідегі шаңғы трамплинінің құрылысына қатысты мәселе көтерген.
Алғашқыда трамплин 2008 жылы қолданысқа берілуі керек болған. Ал оның бастапқы шығыны 9 миллиард теңгены құраған. Кейін бұл шығын 15 миллиард теңгеге өсіпті. 2016 жылы дәл осы трамплиннің бағасы 38,5 миллиард теңгеге жеткен. Ал шындап келгенде бұл трамплиннен секірумен айналысатындардың саны бар болса 10-15 адамды құрайды екен. Бұл Қазақстандағы ең ұзақ мерзімді әм шығыны көп құрылыстардың бірі екені анық.
Еспаева педиаторларды қайтару туралы
Қайсыбір жылы Денсаулық сақтау министрлігі реформа жасап, емханалардан педиатор мамандығын алып тастаған. Еңіріген бала да, еңкейген кәрі де бір дәрігердің кезегінде тұруға мәжбүр болған.
Осыған байланысты Дания Еспаева депутаттық сауал жолдап, емханаларға педиаторларды қайтару керектігін талап еткені есімізде. Оған қоса, еліміздегі медициналық оқу орындарында педиаторлық факультеттерді ашу туралы да ұсыныс айтқан.
Еспаеваның қаржы саласындағы көптеген түйіткілді мәселелерге қатысты өз пікірін ашық әрі батыл айта алатынын көріп біліп жүрміз. Мысалы, Перуашев, Қазбекова, Дүйсенбинов,Еспаева бастаған Мәжілістегі Ақ жол фракциясы оффшордағы ақшалар мәселесін Үкіметбасы Асқан Мамин мен Бас прокурорға айтып, депутаттық сауал жолдағаны белгілі.
Қазіргі уақытта Қазақстанның шетелге заңсыз шығарылған ақшасы 167 миллиард долларға жеткен екен. Бұл Қазақстанның Ұлттық қорының қаржысынан екі есе көп сома. Дәл осы ақшаны елге қайтару мәселесін көтерген депутаттардың бірі – Дания Еспаева еді. Дәл осы ақшаларды елге қайтару арқылы – елдегі әлеуметтік проблемаларды шешуге болатынын айтқан.
Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы
Сонымен Дания Мәдиқызы Еспаева – Тәуелсіз қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел үміткер. Еспаева Орталық Сайлау комиссиясына ресми тіркелген кейін өзінің сайлауалды бағдарламасын жариялады. Бағдарлама 3 бөлімнен тұрады екен. Өзінің сайлауалды бағдарламасында «лайықты өмірдің кепілі – шенеуніктер емес, нарықтық экономика, демократия және әлеуметтік әділдік» дейді.
1. Тұрақты дамудың негізі – бәсекелестік пен жаппай кәсіпкерлік
Халық әл-ауқатының негізі – тұрақты қарқынды даму, мықты жеке бизнес, адал бәсекелестік.
Мен әрдайым жеке кәсіпкерліктің, соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдаудың, тұрақты жақтаушысы болып келдім. Бүгінгі күні Отан алдында жаһандық сын-тегеуріндер тұр, оларды еңсермей бұдан әрі даму мүмкін емес.
Осы қауіптерді жаңа мүмкіндіктерге айналдыру үшін келесі іс-шараларды жүзеге асыру қажет:
- Ұлттық банк және екінші дәрежелі банктер несиелер бойынша мөлшерлемелерді төмендетуі тиіс.
- Шағын және орта бизнестің құлдырауына және халықтың кедейленуіне әкелетін тұрақты девальвация тәжірибесін тоқтату.
- Егер министр немесе Ұлттық банк басшысы девальвация болмайды деп мәлімдегенімен, ондай жағдай орын алса – шенеунік қызметтен кетуі тиіс.
- Қор құралдары арқылы баламалы, банктік емес қаржыландыруды дамыту керек. АХҚО шеңберінде құрылатын кәсіпорындарды қаржыландыруды осы әдістермен мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету.
- Салықты әкімшілендіру мен есептілікті жеңілдету, шоттарға тыйым салу және бизнестің шығыс операцияларын тоқтатудан бас тарту; егер кәсіпкерлердің мемлекетке немесе басқа тұлғаларға залалы тимеген болса, кәсіпкерлер үшін айыппұлдарды жою;
- кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін күшейту;
- басым салалар үшін (ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылық өнімдері, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау саласы) төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесін енгізу; немесе каскадсыз әдіспен алынатын салыққа ауыстыру;
- мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, олардың ашықтығын қамтамасыз ету, келісу және пара беру мүмкіндігін болдырмау;
- Отандық компаниялардың ішкі рыноктағы басымдығын қамтамасыз ету
- ұлттық компаниялардың және даму институттарының қызметіне парламенттік мониторинг енгізу, мемлекеттік қаражаттарды пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету.
- Шекаралық және салықтық тәртіппен қатар мемлекеттік органдар мен бизнестің арақатынасын цифрландыру жүйесіне көшіру; айла-амал мен бопсалаушылықты жою.
Мемлекет өздігінен табыс табатын, бюджетке салық төлейтін және басқаларға жұмыс беретіндерді қолдауға міндетті!
2. Ұлттық Тәуелсіздік
Тәуелсіздік және ұлттық мүдде – әрқайсысымыз үшін басты құндылық. Тәуелсіздік жолында құрбан болмайтүғын еш нәрсе жоқ – бұл заманауи Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Өз кезегінде «Алаш» көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық» деп атап өткен.
Сол себептен Қазақ Республикасының Тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау – әрбір азамат үшін маңызды міндет. Тәуелсіздік – құр бос сөз емес. Бұл – біздің еліміз, жеріміз, бабаларымыздан қалған мұра, бұл – мемлекеттік тіл, бұл – біздің көпұлтты халқымыздың бірлігі.
- Тәуелсіздік, жер тұтастығы және ұлттық бірегейлік те – әрбір адамның құқықтары және бостандықтарымен қатар тұратын Республиканың басты құндылықтары.
- Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі – біздің елде өмір сүретін барлық этностардың тілі мен мәдениетіне деген өзара сыйластығы; азаматтардың тең құқықтары мен ұлттық сезімдеріне құрмет.
- Мен Қазақстанның ұлттық тарихына, мемлекеттік тілі мен қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың мәдениеті мен тілдеріне деген сыйластықты қолдаймын;
- «Ақ жол» партиясы Республикамыздағы географиялық нысандардың, көшелер мен елді мекендердің атауларындағы тарихи әділдікті қалпына келтіру, де-советизация және де-коммунизация бойынша жұмысын жалғастырады.
- ҚР азаматтығын беру талаптарын, яғни Республика Конституциясының негізгі баптары, мемлекеттік тіл және Қазақстан тарихынан емтихан тапсыру, заңды түрде бекіту.
- Қазақстан халықтарының дәстүрлі діндерін қолдау және қоғамның рухани саласын бөтен секталар мен теріс ағымдардан қорғау қажет.
3. Жемқорлықпен күресу және де-оффшоризация
Қоғамды алаңдататын және билікке наразылықты туғызатын негізгі проблемалардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімсіздігі, сот және құқық қорғау органдарына сенімсіздік.
Бұл проблеманы шешу үшін «Ақ жол» партиясы:
- әр қазақстандықтың меншігін және жеке бизнесін жемқорлар мен олардың сыбайластарынан қорғауды;
- басшылардан олардың қызметкерлерінің жемқорлығы үшін жауапкершілігі жөніндегі талаптардың орындалуын міндеттеуді;
- азаматтардың билік өкілдеріне қарсы дауларының әділ және жария қарастырылуын;
- әшкерелінген жемқорлар үшін жүріп тұруын шетелге шығу және меншігін басқару құқығының заңнамалық шектелуін;
- соттың шынайы тәуелсіздігін, олардың жұмыстан тыс уақыты мен зейнетке шығуынан кейінгі жеке қауіпсіздігі мен жоғары әлеуметтік қорғалуын;
- барлық ашық сот отырыстарының Интернет бойынша трансляциялануын;
- сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мәлімдеген жағдайда бопсалаушылық құрбанын жауапкершіліктен босатуын талап етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің маңызды құралы – билік іс-әрекетінің жариялылығы мен оның қоғам алдындағы есеп беруге міндеттілігі болмақ. «Ақ жол» партиясы журналистердің әшкерелеп беретін басылымдары үшін қудаланудан қорғалуын, әрбір мемлекеттік қызметкерінің сот тәртібінде БАҚ-да кері басылымдардың пайда болуы жағдайында өзінің абыройы мен қадір-қасиетін қорғауын қолдайды. Баспасөздың аузына құлып салуға болмайды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресудің басты бағыты, сондай-ақ, оффшорлық аймақтар мен шетелдік банктерден миллиардық қаражаттарды Қазақстанға қайтару болмақ, бұл қаражат қара ниетті жемқорлар мен алаяқтардын халықтан ұрлаған ақшасы.
Халықаралық мамандардың есебі бойынша жемқорлар мемлекетімізден заңсыз түрде 160 млрд-тан астам ақша шығарған. Бұл ақшалардың ұрланып, Қазақстаннан кетуі себепті елдегі кейбір азаматтар жұмыс таба алмай жүр.
«Ақ жол» партиясы шенеуніктердің оффшорлық шоты туралы банктік құпиялылықтың алынып тасталып, өздері қайдан алғанын түсіндіре алмайтын ақшаның анықталуын және қайтарылуын талап етеді.
Бұл талап заң аясында жұмыс істейтін адал кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға қатысы жоқ.
*ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылдың 8 мамырдағы №31 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткерге бөлінген республикалық бюджет қаржысынан төленді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz